Шоңмұрын. Мен жазып та қойып ем. (Оқиды.) «Большевик Баян мен Соколовқа! Егер жарты сағатта қаруларыңды тапсырып, өздерің қолға түспесеңдер, Ташкенттегі қырғынның көшірмесін көресіңдер... Андреев, Әлібаев қолға түсті... Атаман Беляев.»
Жақып. Тез жіберт... Бәлкім... Ал қалаға сақ болыңдар! (Телеграмманы Айбалаға береді. Айбала алып шығады.)
Ғарыпжан. Осы қаланың өзі көтерілмесе жарар... «Киргизский ордадан» қашан құтыламыз деп ауыздарын жаппайды.
Жақып. Кімдер айтады?
Ғарыпжан. Бүкіл вокзал, кеше, бүкіл базар – бәрі осыны айтады. Ірі байлар болмаса, қаланың өзге халқы ат-сайманын алып, әлде қашан далаға шығып кетулі...
Кенжеғара. Қазақтар қалай екен?
Ғарыпжан. Қазағың да желігіп алыпты, өмірінде мылтық ұстап көрмеген қазағың осы күнілек-легімен большевикке қосылып жатыр. Болыстарың мең-зең, сең соққан балықтай, елден айырылып қалыпты...
Телқозы, Төреғазы, Кәртай, Айбала, Әбіш кіреді.
Жақып (келгендерге). Хал ауыр, жау қамап тұр... Ерленіңдер!.. Төреғазы, Телғозы,–екеуің әскер командованиесін өз қолдарыңа алыңдар!.. Жиып ұстаңдар. Әр минутта атысқа әзір болсын! Кәртай, Әбіш екеуің түрменің күзетін күшейтіңдер!.. Кішкене десін бұйрық аласыңдар, жөнеліңдер.
Төреғазы.
Телқозы.
Әбіш (шығып бара жатып). Дайынбыз! Дайынбыз!
Жақып (телефонды алып). Ия! Бұ кім? Баян! (Телефонды түсіріп алады. Жұртқа қарап.) Баян! (Қайта алады.) Не, не? Не дейсің? (Сасқанынан күліп.) Денің саума, ей?.. (Қайта түсі бұзылып.) Біз де қорықпаймыз... Атаман Беляев екі мың әскерімен осында тұр. Жақындасаңдар, күлдеріңді көкке ұшырамыз... Не? Қолға түсіңдер? Тимейміз?.. Өздерің қолға түсіңдер! Біз де тимейміз. Әй, бұзылған! Аз ғана қазақты көкпардай созғыламай, келіп бізге қосылсайшы... Әуелі қазақтың теңдігін әперейік те.. Большевик ұлт теңдігін береді дегенге кім иланады. Әуелі өзі, теңеліп алсын... (Тыңдап.) Өзін жауызсың!.. Қазақтан бөлініп... Сен, сен! ( Телефонды тастай береді. Жүріп кетеді. Аздан соң.) Рас, рас... Күш оларда. Олар қазір қаланы алады... Жүгір, Ғарыпжан! Әскерді көшеге тізсін!.. (Тарыпжан шығады. Телефон шылдырайды.) Бұ кім? Төреғазы? Әскерді төртке бөліп қаланы айналдырады, шеп құр! Қазір өзім барам. Мұнда отыз әскер жібер, Өмірбектің бастатып!.. (Даладан айқай, шу естіле бастайды.)