ЖОҒАРЫДАҒЫ ҮЗІНДІ БОЙЫНША СҰРАҚТАР: Жорықта жүрген ұлы әміршіге деген өзінің қаяусыз махаббатын, тұңғиық сағынышын бейнелейтін мұнараның қандай ерекшеліктері бар?
Мұнараны салдырған кім? Салған кім?
Әмірші мұнараны не есебінде көреді?
«Күндесі де қызғаныштан басқа айтар ештеңе таба алмай дымы құрыр еді» дегенде, «күндес» деп кімдерді беріп тұр?
Автор ұлы ханшаны қалай сипаттайды?
Оның өзі жоқта ханшаның терезесіне дәл мынадай боп жәудірей төніп тұрған сиқыр мұнараның сырын неге жоруы мүмкін?
Төртінші бөлім Аңыздың ақыры Дария артта қалды. Әлгінде анталай қарап түрған қара тобыр да алыстай берді. Құба шөл, құла түз басталды. Шөлдің қақаған қапырық ыстығы қайтадан қайратына мінді. Қарақұрым қалың қол толарсақтан құм кешіп жүріп келеді. Шақырайған талма түс салт аттылардың құрдым көлеңкесін де жалмап жұтып қойыпты; енді өздерін біржолата жоқ қып жібергісі келгендей өртеніп түр.
Өкпек аптап бірте-бірте күшейе берді. Қайнаған ыстық бұл отырған күймеге де баса-көктей кіріп кепті. Барған сайын тынысы тарылып барады. Қабынған өкпесіне біржүтым ауа іздегендей пердені ысырып, сыртқа көз салады. Сол баяғы құба шөл. Құла шағылдар шақырайған күн көзіне қарсы шығар қайрат таба алмай, қорғасын боп балқып жатқандай. Аттың бәрі малтығып келеді. Шөлден қашқақтаған бір кішкене түз құсы шарықтап ұшып
та кетпей, жер бетіне түсіп жорғаламай да, ұшып-қонып, күйменің құрдым көлеңкесіне тығылып, секектеп еріп келеді.
Әмірші дүниеде осы бір шынашақтай құстан басқа ештеңе қалмағандай, шегір көзін соған қадап апты. Бармақтай құстың мына жанталасы қандай мағыналы. Тамағы бүлк-бүлк етеді. Жер апшысын қуырып бара жатқан қызыл жалын аптаптан жанын қоярға жер таппай
шыр-шыр етеді. Бәлкім, мына тірлікте одан басқа ешқандай мағына да жоқ шығар. Одан асқан әрекеттің бәрі мәнсіздене түсетін болар. Әрекет неғүрлым алапаттана түскен сайын бар мән, бар қасиетінен адалана түссе керек. Мынау алапат аптаптың арғы атасы - жібекше желпитін майса самал емес пе еді? Әуелде дүниені шаң-тозаңнан арылтсам деп ескен ұялшақ леп өз құдіретіне еліге-еліге, еліре-еліре жер бетіндегіні түгел күйдіріп-күйрететін мүңкір-нәңкірге, демінен ажал шашыраған қызыл аптапқа айналмады ма… Әне, бейшара құстың табанын шок боп қарып, қанатын жалын боп шарпып, көрер көзге құртып жіберер түрі бар. Әмірші тажал тасқынына қылар қайраны болмай, жан ұшыра секектеген кішкене мақұлықтың ақтық азабын көргісі келмегендей. көзін тарс жұмып алды.
Дүниені құйқадай қуырып бара жатқан от леп оның да тұла бойын қари бастады. Мынау құтхана шатырын өңшең жендет басып алғандай, ол тырп етерге дәрмені болмай, сұлқ отыр. Тозақ отына шыжғырылғандай өн бойын өрт жайлап барады. Жан-жағынан жүздеген мүңкір-нәңкір жаныңды бер деп жаланып түрғандай. Бәсе, манағы ойда жоқта қолынан сусып түсіп кеткен сақинасы оның осы сапардан тірі қайтпасына көрінген екен ғой. Ұзақ жолға аттанарда алдынан суқаны сүймейтін кісінің қарсы жолыққаны да жақсы нышан болмаса керек-ті.
Әміршінің көз алдынан соқыр жігіт кетпей қойды. Ол есек арбасын дария жағасына тастап, өзі мұның күймесіне көшіп кеп, қарсы алдына қасқиып отырып алғандай. Нүр жайнаған жаутаң жанардан айырылған соң, жүзіндегі баяғы мейірім жым-жылас жоғалып кетіпті. Әдемі жас жігітке лайық ізет-ибадан да еш жұрнақ қалмапты. Үңірейген-үңірейген екі көздің түбіне тажал тығылып тұрғандай. Өндіршегі сорайып, танауы қусырылып, екі беті күлдей боп-боз боп кетіпті, өңінен кісі шошығандай. Міне, ол бұған қарай қозғалғандай болды, бірте-бірте жақындап келеді. Сүйекпен сүйек боп қалған сүп-сұр беті бүлк етпейді. Ол мұның соңындағы қарақұрым қолдан да сескенбейтіндей. Шаршы әлемдегі әрбір тірі пенденің құлағына көк найзаның сүңгісіндей суық естілетін айбарлы Алмас хан атағынан да тайсалатын түрі көрінбейді. Күс-күс қос шеңгелі кеңірдегіне тақап қалыпты. Бұл шегіншектеп шалқая берді. Оны бір жұтпа батпақ астынан обып барады. Ол ең бол- маса жантәсілім алдында тұяқ серпетіндей дәрмен таба алмай тырбанып жатыр…
Әлдебір уақыттарда барып көзін ашып алды. Шілде күні шыжғыра күйдірген шатырдың іші ысып кетіпті. Құс мамық төсекке үйелеп қалған екен, ыстық мамық өне бойын жандырып барады. Бұл жан дәрмен басын көтеріп, есік жаққа қарап еді, ешкім жоқ. Әлгі тықыр бас соқыр әлдеқайда ғайып бопты. Ол шыжыған шілде мен пәлен күннен бергі бебеулеткен тымырсық ойлардан қайнап-қайнап, балдыр батпаққа айналған дәрменсіз мидан санасы тұмандана бастағанын, әлгінде ғана қарсы алдында жаланып отырған манағы өткел басында қалған соқыр да, мұның жанын алуға келген мүңкір-нәңкір де емес, жәй әншейін қорыққанға қос көрінген сандырақ елес екендігін енді аңғарды. Бірақ көңіліне біржола орнығып алған осы бір озбыр күмәннің бөрібір мүңкір-нәңкірдей бүның басын жүтпай тынбайтынына да көзі біржола жеткендей болды.
Ол қайтадан есеңгіреп кетті. Енді жан-жағын шетсіз-шексіз құла түз жайлап алды. Білем-білем, шағылдар да әлдеқандай шимай жазуларға толып кеткен сияқты. Бұл сөніп бара жатқан жанарының соңғы қуатын шым-шым сарқып, қадалып келіп оқиды-ақ. Әлдебір уақыттарда барып зорға-зорға ажыратқандай болды. Күллі дүниені «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген шимай жазу қаптап кетіпті.
Ол тағы да көзін ашты. Төбесінен қара қоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ әмірші бұл жолы өзінің үйреншікті алтын күйме, атылас шатырында жатқанын әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жат- қанын анық ажырата алмады.
ЖОҒАРЫДАҒЫ ҮЗІНДІ БОЙЫНША СҰРАҚТАР: Шөлден қашқақтаған бір кішкене түз құсының мына жанталасы қандай мағына береді?
Ханның есімі кім? Оның мінезі қалай, қандай болып көрініс тапқан?
Үзіндіден түсінгеніңді өз сөзіңмен жаз:
Шығарманың идеясы неде?
Шығармада кездесетін психологиялық ойларды теріп жаз; мәнін аш: