24-3-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету 1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған іздеудегі адамның тұрған жері туралы ақпарат беру немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты анықтау, оның жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру үшін маңызы бар (кейіннен болған) өзге де жәрдем көрсету мақсатында адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпараттың құпиялылығын тиісті мемлекеттік органда не ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсетілген жағдайда осы адам жұмыс істейтін мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысы және (немесе) басшылығы, келісу комиссиясының немесе алқалы органның мүшелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді. 2. Өзі жұмыскері болып табылатын мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау не осы мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсету мақсатында адам осы мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына жүгінген кезде мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысы және (немесе) басшылығы аталған адаммен оның ниеті болған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті. Адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау не сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылға өзге де жәрдем көрсету мақсатында уәкілетті мемлекеттік органға жүгінген кезде уәкілетті мемлекеттік орган аталған адаммен оның ниеті болған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті. 3. Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген, жұмыскермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасқан, жұмыскердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы келіп түскен хабары бойынша шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жүгінген басшымен және тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасалады. 4. Адам осы Заңның 24-4-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген құқықты іске асыру үшін осы Заңның 24-4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген құпия ақпаратты беруге жазбаша келісімнің негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган осы адаммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның осы Заңның 24-4-бабының 2-тармағында көзделген хабарламасы келіп түскен мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы, егер бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен адам мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында осындай келісім жасалған болса, осы адаммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға міндетті.
5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасу тәртібін және оның нысанын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Ескерту. 3-тарау 24-3-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.