Нуфтулаева Хазина
Тобы:ЖХМ-911
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуы мен дамуы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуы мен дамуы Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік билік органдары қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне зиян келтіре отырып, ел экономикасына кері әсер етеді, адамгершілік қағидаттарына зиян келтіреді, азаматтардың мемлекетке деген сенімділігін азайтады және әділ сот төрелігінің қағидаттарын бұзады. Сыбайлас жемқорлық, әрине, мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамудың тоқтап қалуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде, «Меритократия қағидаттарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қою маңызды» деді.
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік қайта құруды және ұлттық экономиканы жаңғыртуды жүргізуге кедергі келтіреді, қоғам ішінде мемлекеттік институттарға деген сенімсіздік пен үрейдің пайда болуына әкеледі. Осыған байланысты, Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл институттары мен тетіктерін қалыптастыруды мақсатты түрде кезең-кезеңмен жүзеге асырып келеді. 2016 жылдан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 6) тармақшасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық әрекетіне «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу» жатады.
Сыбайлас жемқорлық себептерін, шарттары мен салдарларын анықтау кезінде жергілікті менталитет, ұлттық және діни ерекшеліктер, құқықтық мәдениеттің деңгейі секілді факторлар ескерілуі тиіс. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» бойынша жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады және мемлекет пен қоғам осындай жағымсыз құбылысқа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ерекшелігі – сыбайлас жемқорлықтың қылмыстық жағымен қатар, ол мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық салаларымен де тығыз байланыста болуында. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде алғашқысы болып, кең көлемді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық базаны қалыптастырды, нәтижесінде Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатымен тікелей байланысты даму кезеңдерінен өтті. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін оның аумағында бұрынғы КСРО мен ҚазКСР-дің нормативтік құқықтық актілері қолданылды, алайда олардың жаңа экономикалық бағытқа сай келмейтін тұстары жиі кездесті. Егер оған дейін барлық мүлік мемлекеттік меншікте болса, тәуелсіздік алғаннан кейін жекешелендіру процесі басталып, жеке меншік пайда болды, ал заңнама саласының жаңа экономикалық болмысқа сай ықпал етуі әлсірей бастады. Дәстүрлі экономикалық байланыстардың бұзылуынан туындаған экономикалық құлдырау салдарынан кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыздық деңгейі өсті, қылмыс көбейе бастап, оған дейін болмаған экономикалық қылмыстың жаңа түрлері пайда болды. Сонымен бірге қылмыстық топ ұйымдасқан қылмысқа қатысты нормалар бойынша заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, олар өз мүшелерін мемлекеттік органдарға кіргізу арқылы қылмыстық әрекеттерін ұйымдастыра бастады. Яғни, ұйымдасқан қылмыстың мемлекеттік органдарға ену қаупін сезіп, мемлекет қылмысқа қарсы іс-қимыл және ел өмірінің әлеуметтікэкономикалық салаларын тұрақтандыру бойынша алғашқы кезектегі жедел іс-шараларды қабылдады. Осыған орай, мемлекеттің бірінші әрекеті ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылмен айналысатын арнайы органдар құруға бағытталды. Жаңадан құрылған бұл органдардың қызметі экономикалық және әлеуметтік қайта құруға, соның ішінде сыртқы экономикалық салаға арналды. Банк операцияларына, салық инспекцияларына, кеден және қаржы органдарына ерекше назар аударылды.
Органдар қызметінің нәтижесінде алынған барлық ақпарат экономика саласындағы құқық бұзушылықтар туралы республикалық автоматтандырылған деректер банкіне жүйелі түрде енгізіле бастады. Құқық қорғау және бақылау органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйелері мен ақпараттық желілерінің материалдықтехникалық қоры құрылды.
Сондай-ақ ақпаратты қорғау және қажетті жобалық-технологиялық құралдарды құру бойынша жұмыстарды қаржыландыру жүргізілді. Алғашқы кезекте, мемлекеттік органдар қызметі сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен қатар, жасалған фактілерге қарсы күреске бағытталды, тәжірибе жинақтала бастады, бірнеше фактілерден кейін кешендік тәсіл қажет екендігі белгілі болды. Осылайша, 1992–1997 жылдар аралығында, бұл жылдарды алғашқы кезең деуге болады, сыбайлас жемқорлыққа қарсы процестің нормативтік-құқықтық негіздерін қалыптастырудың бастапқы кезеңі өтті. 1992 жылдың 17 наурызында «Ұйымдасқан нысандағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi күшейту жөнiндегi шаралар туралы» Жарлық (бұдан әрі – Жарлық) шығарылды. Аталған Жарлықты қабылдау негізі елімізде таралған құқыққа қайшы қызмет фактілерінің, криминалдық кәсібиліктің өсуінің, қылмыстың ұйымдасқан сипатқа ие болуының жолын кесу қажеттілігі болды.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерінің элементі ретінде мемлекеттiк құрылымдарда мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарында басшылық қызметте iстейтiн, жекешелендiру тәртiбiмен мемлекет мүлкiн меншiгiне сатып алатын адамдардың өз отбасының мүлiктiк жағдайы туралы декларация беруге мiндеттi екенi; лауазымды адамдардың қызмет бабындағы мiндеттерiн атқаруға байланысты кез келген нысанда кәсiпорындардан, ұйымдардан және азаматтардан және және т.б. сыйлық алуына тыйым салу бекітілді [4].
Елімізде бұндай реформаларды жүргізу арқылы қылмыстың, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстың өсуінің жолын кесу түрінде криминалдық қызметтің таралауына арналған заңнамалық тұрғыдағы кедергілер жасалды. Дегенмен, Жарлықта «сыбайлас жемқорлық» ұғымының анықтамасы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың әзірленген айқын тетіктері болған жоқ. Бұл кезең Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық салалары үшін маңызды тарихи сәттермен сипатталады. Атап айтқанда, 1995 жылы 30 тамызда президенттік басқару нысаны бекітілген, Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды; 1997 жылы Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2030» Стратегиясы: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» тарихи құжаты қабылданды, ол әлеуметтік бағдарламалар әзірлеу мен бірқатар нормативтік құқықтық актілердің – «Прокуратура туралы» Заң, «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң күші бар Жарлық, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексін жаңартудың басталуына негіз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қалыптастырудың осы кезеңінде Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясының негізгі қағидаларын іске асыру мақсатында, 1997 жылы 5 қарашада «Ұлттық қауiпсiздiктi нығайту, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi одан әрi күшейту жөнiндегi шаралар туралы» Жарлық шығарылды. Үкімет деңгейінде мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының iрi ақшалай шығыстарына бақылау орнату және заңсыз табылған ақша мен өзге де мүлiктi заңдастыруға («тазартуға») жол бермеу мақсатында өзге де қаржылық бақылау шараларын бекітетін нормаларды әзірлеу үшін жағдай жасалды. Мемлекеттiк қызметшiлердi аттестаттау мен қызметте жоғарылату және мемлекеттік қызметте ілгерілету туралы мәселенi шешу кезiнде оларды арнайы тексерудiң мiндеттiлiгi енгізілді.
Сонымен бірге аталған кезеңде басты артықшылық ретінде екі құрамдас бөлік атап көрсетілді: а) ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың өсуін және олардың өзара байланысты болуын, күшеюін болдырмау; б) еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттің конституциялық негіздеріне қатысты сыбайлас жемқорлық қаупінің деңгейі айқын болғандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тоқтаусыз құқықтық ісшаралар қабылдаудың қажеттігі.
Осыған байланысты, 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодексте 17 жеке құрам болды – 176-баптың 3-бөлігі г) тармағы, 177-баптың 3-бөлігі г) тармағы, 177-1-баптың 3-бөлігі б) тармағы, 192-баптың 2-бөлігі в) тармағы, 193-баптың 3-бөлігі а) тармағы, 209-баптың 3-бөлігі а) тармағы, 226-1-баптың 3-бөлігі б) тармағы, 307-бап, 308-баптың 4-бөлігі в) тармағы, 310-315-баптар, 380-бап, 380-1-баптың 2-бөлігі в) тармағы, 380-2-бап [6]. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлыққа 21 қылмыс құрамы жатқызылды: 189-баптың 3-бөлігі 2) тармағы, 190-баптың 3-бөлігі 2) тармағы, 215-баптың 2-бөлігі 3) тармағы, 216-баптың 2-бөлігі 4) тармағы, 217-баптың 3-бөлігі 3) тармағы, 218-баптың 3-бөлігі 1) тармағы, 234-баптың 3-бөлігі 1) тармағы, 249-баптың 3-бөлігі 2) тармағы, 307-баптың 3-бөлігі 3) тармағы, 361-бабы, 362-баптың 4-бөлігі 3) тармағы, 364, 365, 366, 367, 368, 369, 370, 450-баптар, 451-баптың 2-бөлігі 2) тармағы және 452-бап.
Осылайша, Қазақстан егемендік алуымен қатар барлық қоғамдық жүйенің өзгеру кезеңіне енді. Сонымен бірге мемлекеттік нысандарды жаңарту процесіне, меншікті бөлу және қайта бөлу процесінен, экономиканы заңдастырудан, қаржылық, салықтық, кедендік және т.б. салалардағы реформалардан өтті. Заңнама базасы экономикалық өзгерістерге ілесе алмай, заңдар бір-біріне қайшы келетін тұстар жиі кездесті. Бұлардың барлығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал етті. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бойынша түбегейлі іс-шаралар керек болды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы олқылықтарды жою, әртүрлі нормативтік құқықтық актілер арасындағы қарама-қайшылықтарды жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мықты нормативтік құқықтық базасын құру қажеттігі туындады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша іс-шаралар кешенінің қажеттігін сезіне отырып, мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша кешендік сипатқа ие іс-шараларды жүргізе бастады. Олар қылмысқа қарсы іс-қимылды ұйымдастыру және қылмыстық жолмен жиналған капиталды «жылыстату» бойынша мемлекеттік іс-шаралар жүйесінің құрамдас бөлігін құрайтын болды және оны заңдастыруға жол бермеуге бағытталды, осы сәттен бастап екінші кезең – 1998– 2000 жылдар кезеңі басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуының екінші кезеңін 1998 және 2000 жылдар аралығына жатқызуға болады. Осы кезеңде сыбайлас жемқорлықтың ұйымдасқан қылмыспен үйлесімділікте тигізетін қауіптілік деңгейіне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес институтының жұмыс істеу әдіснамасы мен әдістерін анықтау қажеттігі туындады. Екінші кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте құқық қорғау және арнайы органдардың әдістері мен құралдарын қолдану керектігі туындады, яғни осындай әлеуметтік қауіпті тудыратын себептермен емес, тек оның салдарларымен күресу қажет болды. 1998 жылы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарып, жаңа экономикалық байланыстар орнатылды, экономикалық қызметке сәйкес келетін заңнама әзірленіп, қабылданды. Оларға қол жеткізу үшін қажетті мақсаттар мен міндеттер айқындалды. Екінші кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясат әзірленіп, сыбайлас жемқорлық себептерін зерделеу бойынша ғылыми зерттеулерге талдау жүргізілді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша халықаралық және отандық арнайы институттардың тәжірибелері кеңінен қолданыла бастап, халықаралық ынтымақтастық дамыды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің практикалық іс-шараларын әзірлеу жүзеге асырылды, Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұзақмерзімді стратегия және заманауи талаптар мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа нормативтік құқықтық актілер әзірленді. Екі негізгі заң: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» [8] және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар қабылданды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның қабылдануы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі басты құқықтық және әдіснамалық негіз болды. Алғаш рет посткеңестік кеңістікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылданып, сыбайлас жемқорлық анықтамасы берілді, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің мақсаттары мен қағидаттары бекітілді. Заңда сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық субъектілері нақты белгіленген. Атап айтсақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне мемлекеттік функциялар мен оларға теңестірілген функцияларды орындайтын тұлғалар жатады.
Олар – мемлекеттік қызметшілер, судьялар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен мәслихаттардың депутаттары. Сонымен бірге заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуге уәкілетті органдар шеңбері айқын анықталып, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты жасағаны үшін заңдық жауапкершілік белгіленген. Аталған заңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған баптардың ерекше маңыздылығы атап көрсетілген.
Заңның 2-тарауында қаржылық бақылау туралы, мемлекеттік функцияларды орындаумен сәйкес келмейтін қызмет туралы, жақын туысқандармен бірлесіп қызмет атқаруға жол бермеу туралы, сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар және олар үшін жауапкершілік туралы ережелер қамтылған. Заң дегеніміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған барлық кезекті нормативтік құқықтық актілер мен мемлекеттік бағдарламалардың заңдық және әдіснамалық базасын білдіреді. Аталған заңның мәні мен маңыздылығы, оның сыбайлас жемқорлыққа және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы кезекті әрі жүйелі күресті жүзеге асырудағы рөлі уақытпен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында қол жеткізілген нәтижелермен расталады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін реттейтін осындай заңнамалық базаны қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлықты этикалық ауытқулардың болуы және тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасау ретінде қарастыруға мүмкіндік берілді. 1998 жылдан бастап әділет органдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды, сондай-ақ жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылған адамдарды есепке алуды жүргізе бастады. Бұл мемлекеттік қызметке оған дейін сыбайлас жемқорлық қызметке қатысты болған адамдарды қабылдамау үшін іріктеу құралы болып табылды. Екінші кезеңде мемлекет 1999–2000 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасы негізінде сыбайлас жемқорлық процестерінің мемлекет пен қоғам өміріне тигізетін деструктивті ықпалын барынша азайту үшін жүзеге асырылуы тиіс мақсаттар мен міндеттерді қалыптастырды.
Мемлекет мақсаттар мен міндеттерді айқындай отырып, жоспарлы түрде Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын жүзеге асыруға кірісті, осылайша, үшінші кезең – 2001–2004 жылдар кезеңі басталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуы бойынша үшінші кезең 2001–2004 жылдар аралығында өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша жүйелі әдіс-тәсілдің болуы аталған кезеңнің ерекшелігі болып табылды. Үшінші кезеңде мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік саясат мәртебесін берді. Оны жүзеге асыру бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық жұмыстар жалпы жүйелік және кешендік сипатқа ие болды. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. «2001– 2005 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама туралы» Жарлыққа сәйкес, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес жүйелі әрі бірізді сипатқа ие болды.
Осылайша, орталық мемлекеттік органдардың функцияларының бір бөлігін өңірлер мен жеке секторға кезең-кезеңмен беру арқылы олардың функцияларын біртіндеп орталықсыздандыру жүзеге асырылды, монополия саласы қысқартылды және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасалды, халыққа қызмет көрсету кезінде «бір терезе» қағидаты енгізілді. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі қабылданды. 2002 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтау мәселелері жөніндегі комиссия құрылды.
Комиссия қызметінің мақсаттары сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика қағидаларын бұзуына қарсы күресті күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған келісімді іс-шараларды әзірлеу және қабылдау болып табылады. Комиссия Мемлекеттік басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, жемқорлыққа қарсы күрес нысандары мен әдістерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын енгізеді.
Аталған орган үнемі жемқорлыққа қарсы күрес жағдайына мониторинг жүргізіп және талдау жасап отырады, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін, жауапты мемлекеттік лауазымдарды иеленген адамдардың жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды, мемлекеттік қызметшілердің этиканы бұзу жағдайларын қарастырады және олар бойынша уәкілетті адамдарға қызметтік тергеп-тексеру жүргізу, тәртіптік жаза қолдану туралы ұсынымдар дайындайды, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртіптік кеңестерінің қызметтерін үйлестіреді. Бұл комиссияның 2004 жылы 1 желтоқсанда Сыртқы істер министрлігіне ұсынған шешімі маңызды рөл атқарды. Атап айтқанда, Трансұлттық қылмысқа қарсы БҰҰ Конвенциясына (2000 жылғы 15 қараша), сондайақ «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы» (Страсбург, 1990 жылғы 8 қараша), «Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы» (Страсбург, 1999 жылғы 27 қаңтар) халықаралық конвенцияларға Қазақстанның қосылу процесін жеделдету ұсыныстары жасалды. Бұндай шешімдер мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы толыққанды әрі жан-жақты халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылысын көрсетті. 2002 жылдың 20 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының алғашқы Құқықтық саясат тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді.
2001 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Соттардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау практикасы туралы» нормативтік қаулы қабылдады, ол «сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс», «лауазымды тұлғалар», «сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс субъектілері», «ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар», «мүліктік игіліктер мен басымдықтар» (ескі редакцияда) және және т.б. ұғымдарға қатысты даулы мәселелерді нақтылауда белгілі бір шекті бұзып өтетін қазіргі құқықтық дискурс болып табылады. 2004 жылғы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) туралы ереже бекітілді.
Ережеге сәйкес, Агенттік экономикалық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету мақсатында басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде экономикалық, қаржылық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу мен тергеу бойынша салааралық үйлестірудi әрi өзге де арнайы атқарушы және рұқсат берушi функцияларды жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылды. 2004 жылғы 20 қаңтарда «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаған, тәртiптiк жауаптылыққа тартылған тұлғалардың есебiн жүргiзу туралы» Нұсқаулық басылып шықты.
2005 жылғы шілдеде «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар және қылмыс үшін талапты күшейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Заңның 10-бабы 4-тармағы 6-2) тармақшамен толықтырылды, онда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам мемлекеттік қызметке қабылданбайды деген қағида бекітілді. Сонымен бірге өзгерістердің ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тәртіптік жазаларын мерзімінен бұрын алуды келісу өкілеттігін беру көзделді. Осындай өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртіптік кеңестері Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді. 2001–2005 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында қол жеткізілген жағымды нәтижелермен бірге мынадай құқықтық сәйкес келмейтін тұстар да болды. Біріншіден, заңнамалық актілердегі құқықтық олқылықтар мен сілтеме нормаларының көп болуы мемлекеттік органдардың жекелеген лауазымды адамдарға көптеген өкілеттік беретін ведомстволық актілерді қабылдауына мүмкіндік берді. Бұл әрине, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді халықаралық шарттармен және келісімдермен одан әрі біріздендіруді талап етті. Екіншіден, алдағы уақытта әкімшілік рәсімдерді, ең алдымен салық және кеден қағидаларын жеңілдету қажет болды. Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін олар қарапайым, түсінікті және жалпыға мәлім болуы тиіс. Ақпараттар мен құжаттамаға қойылатын талаптарды барынша жеңілдету қажеттігі туындады. Үшіншіден, адами ресурстарды басқарудағы тиімділіктің жеткіліксіз болуы орын алды. Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың сот практикасын талдау барысында кінәлі адамдардың көпшілігі төмен буындағы мемлекеттік қызметшілер қатарына жататынын көрсетті. Олардың еңбекақы көлемі және әлеуметтік қорғалмауы сыбайлас жемқорлық үшін экономикалық бастауы болып табылды. Төртіншіден, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың туындау себептеріне мониторингтің жүргізілмеуі. Сыбайлас жемқорлық факторлары мен тетіктерін қадағалап отырудың қажеттілігі, оның деңгейі мен құрылымын бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың тиімділігін талдау мониторингтің енгізілуін қажет етті. Бесіншіден, осы кезең тәжірибесі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мәселелері бойынша азаматтық қоғамның хабардар болуы мен белсенділігінің тиісті деңгейінің болмағанын көрсетіп отыр. Соның аясында азаматтық қоғам институттарының аталған бағдарламаны жүзеге асыруға қатысу тетіктерін қалыптастыру, жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысы жөнінде хабардар болуы үшін жалпыға қолжетімді және тиімді рәсімдерін енгізу талап етілді. Алтыншыдан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық деңгейінің жеткіліксіз болуы. Осыған байланысты, құқық қорғау органдарының халықаралық ынтымақтастық нысандарын кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық конвенцияларға Қазақстан Республикасының қосылуы бойынша жұмыстарды белсендендіру қажеттілігі артты.
Осылайша, мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдармен қатар, азаматтық қоғам институттарының жауапкершілігін арттыруға баса назар аудара бастады. Бұған дейін ескерілмеген пәрменділік пен нәтижелілік, жүзеге асырушылық (атқарушылық), атаулылық (жауапкершілік), сабақтастық, тұрақтылық, кешенділік және жүйелілік секілді ұғымдар енгізілді. Сонымен бірге бұл жұмыста бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше рөл беріледі, олардың жұмысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен объективті түрде жариялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы белсенді насихаттауға және түсіндіруге, қоғам ішінде қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты қабылдамау жағдайын қалыптастыруға арналды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жағдайына жан-жақты талдау жүргізіліп, бірқатар тұжырымдар жасалды. Атап айтқанда, құқық қолдану практикасы көрсетіп отырғандай, экономикалық процестерді, шаруашылық етуші субъектілердің қызметін құқықтық реттеу саласында бірнеше жаңа заңдар қабылдау, қолданыстағы заңнамаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық базасын жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтыруларды енгізу қажеттілігі туындады. Яғни, үшінші кезеңде мемлекет екінші кезеңде ескерілмеген кемшіліктерді айқындады, жемқорлық көздерін және оның алдын алу бойынша практикалық іс-шараларды белгіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуының төртінші кезеңі – 2005–2014 жылдар. Қазақстанды жеделдетілген экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғырту контексіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. 2005 жылдың ақпаны мен 2014 жылдың шілдесі аралығында мемлекет жеделдетілген экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыру жолында тұрды. Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша бұған дейін қабылданған іс-шаралардың жеткіліксіз екені айқындала бастады. Сыбайлас жемқорлық көріністерін жою, жекешелендіру процесінің ашықтығын күшейту, мемлекеттік сатып алу және салық саясаты, жер қойнауын пайдалану және жер қатынастары салаларында шешім қабылдау мақсатында бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Оның ішінде бюджет қаражатын жұмсау тиімділігі мен ашықтығы қағидаттары негізінде электрондық мемлекеттік сатып алу бойынша да заңнамалық актілер болды.
Сонымен қатар кедендік рәсімдерді жүзеге асырудың айқын тәртібі әзірленді. Онда жүктерді кеден шекарасынан өтетін жерлерде ғана ресімдеу және бұл ретте іргелес мемлекеттердің шекара арқылы тасымалданатын, оның ішінде транзитті жүктерді сүйемелдеуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалану қарастырылды. Жемқорлыққа жағдай жасайтын факторларды кешендік зерттеу жүргізіліп, меншік құқығын қорғауға кепілдік беретін іс-шаралар әзірленді. Азаматтардың құқықтары мен кәсіпкерлердің заңды мүдделерін олардың қызметіне мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының заңсыз араласуынан қорғау бойынша шаралар қабылдануда, оларды тексеру жүргізуге мораторий енгізілді. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтер алу рәсімдерін жеңілдету үшін электрондық үкімет пен электрондық-сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі ерекше бақылауға алынды. Ерекше аспект ретінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби сапасын жетілдіруге бағытталған мемлекет жұмысын айтуға болады, аттестаттау жүргізіледі, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің бос лауазымдарға орналасуы үшін конкурс өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шаралар әзірленуде. Мемлекеттің бұндай әрекеті төртінші кезеңде сот жүйесі, мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты күшейту бойынша іс-шаралар жүзеге асырылғанын көрсетеді, яғни сыбайлас жемқорлық үшін жағдайларды жоюға бағытталған және профилактикалық сипатқа ие жоспарлы әрі жүйелі іс-әрекеттер іске асырылды. Сыбайлас жемқорлық жаңғырту процестері жолындағы кедергімен қатар жағымсыз, елді кері тартатын құбылыс болып табылады. Ел Президенті Н. Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл әрі аяусыз күресуді жариялады. Сонымен бірге онымен күрес бүкілхалықтық іс екенін айтты. Осылайша, 2005 жылдың 14 сәуірінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметiндегi тәртiп пен реттiліктi нығайту жөнiндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы күшіне енді. Онда мемлекеттің сыбайлас жемқорлықты жеңуге арналған стратегиялық бағыты көрініс тапты. Жарлықта жекешелендіру, мемлекеттік сатып алу және салық саясаты, жер қойнауын пайдалану және жер қатынастары және және т.б. салаларында шешімдер қабылдау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жүйесі мен нақты қадамдар қарастырылды. Аталған Жарлық мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын реттеуге, лицензиялық-рұқсат жүйесін оңтайландыру бойынша жұмыстарды аяқтауға, 2006 жылы Қазақстанның барлық өңірлерінде «бір терезе» қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру жөніндегі іс-шараларды қабылдауға бағытталды.
Осы Жарлыққа сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін жағдай туғызатын нормалардың болу-болмауына қатысты қолданыстағы нормативтік құқықтық кіші заң актілеріне тексеру жүргізілді. Бұндай тексерулер аясына 1991–2004 жылдар аралығында қабылданған және әділет органдарында тіркелген 126 қолданыстағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілері қамтылды. Тексеру барысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жағдай туғызатын немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтін нормаларды қамтитын 230 нормативтік құқықтық акті, оның, 35 Үкімет қаулылары, 41 ведомстволық бұйрық және 154 жергілікті мемлекеттік органдардың қаулылары мен шешімдері айқындалды.
Мемлекеттік қызметшілерді конкурстық іріктеу, олардың мәртебесіне байланысты шектеулерді сақтау рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етілді, іскерлік қасиеттері мен кәсібилігіне негізделген қабылдау және ілгерілету қағидаттарын енгізу процесі басталды. 2005 жылы Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі бекітілді.
Transparency International («Халықаралық жариялылық») халықаралық үкіметаралық ұйымының пікірінше, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің қабылдануы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау үшін алғышарттардың жолын кесуге тиімді әсер етті. Мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадыр-қасиетін қорғау саласындағы серпілісті жағдай ретінде Ар-намыс кодексіне, егер мемлекеттік қызметшінің атына сыбайлас жемқорлыққа қатысты негізсіз жария айыптаулар айтылса, ол тиісті түрде бұл айыптауларды теріске шығаратын ақпаратты табуы тиіс деген норманың енгізілуін атауға болады. 2005 жылдың 8 шілдесінде «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын, онда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың мемлекеттік қызметке кіруіне тыйым салатын нормалар қарастырылды, саяси мемлекеттік қызметшілерді ротациялау институты енгізілді, бұлардың барлығы халыққа және ұйымдарға тікелей мемлекеттік қызметтер көрсету деңгейінде жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралы бола білді. Өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәслихаттар бекіткен бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды. Жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі облыстарда, Астана және Алматы қалаларында әкімдіктердің отырыстарында, сондай-ақ облыстардың құқық қорғау органдарының және оларға теңестірілген прокурорлардың жанындағы үйлестіру кеңестерінде қарастырылды. Тәртіптік кеңестер қабылдаған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жазалау туралы шешімдердің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде тәртіптік кеңестердің қызметін үйлестіруді күшейту мақсатында олар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қарауына берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық та дамыды. Шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен, арнайы қызметтерімен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды орнату және нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |