Əдеби сынның жанрлық жүйесін айқындау оның сан сипатты табиғатынан туындайды. Сол себепті де оған бір ғана əдеби, не публицистикалық принциппен, өлшеммен келуге болмайды. Сынның жанрларын анықтағанда, оның көркемдік сипаты əдеби принципті қажет етсе, публицистикалық табиғаты, публицистикалық ғылымилығы ғылыми өлшемдерді қолдануға міндеттейді. Осы тұрғыдан сын жанрларын алдымен əдеби, публицистикалық, философиялық деп жіктеуге болады. Сынның көркем жанрлары əдебиеттің тегі, түрі, жағынан эссе, пародия, эпиграмма, памфлет т.б. болып бөлінеді. Сын жанрын іштей шартты түрде қарасөзбен (рецензия, шолу, эссе, шығармашылық портрет т.б.) жəне өлең сөзбен (эпиграмма, пародия) жазылған деп бөлуге болады. Публицистикалық жанрға əдеби хабар, аннотация, рецензия, мақала, шолу, творчестволық портрет, əдеби фельетон, əдеби очерк, əдеби есеп т.б. жатады. Бұларды тағы да хабар (əдеби хабар, аннотация), талдау (рецензия, мақала, шолу, шығармашылық портрет), əдеби-публицистикалық (əдеби фельетон, əдеби памфлет, əдеби очерк т.б.) жанрлары деп жіктеуге болады.
Профессор Д.Ысқақұлы сын жанрларын жіктеп қана қойған жоқ, оларға сипаттама беріп, ой зердесінен өткізе білді. Өз əңгімесін сын жанрлары ішіндегі ең маңыздысы əдеби хабар жайлы бастаған сыншы «əдеби хабар — сын жанрларының ішіндегі» жасы жағынан ең үлкені, көлемі шағын, икемділігі жағынан шапшаң, ең елгезек «тіл алғышы» деп атап көрсетіп, өз сипаттамасын былайша жалғастырады: «Баспасөз бетіндегі əдеби пікірлер ең алдымен, хабар түрінде көрінді десе болғандай. Мəдени өмірдегі елеулі деп табылған əдеби фактілер оқырманға, ең алдымен, хабар
түрінде баспасөз арқылы жетеді. Қандай оқиғаны хабардың объектісі етіп алудың өзінде де сыншылық-бағдарлаушылық сипат бар. Көбіне оқырманға пайдасы бар, ұнамды оқиғалар хабардың объектісіне айналады».
Сын жанрының келесі бір маңызды да негізгі түрі – аннотация жайлы Д.Ысқақов былай деген: «Аннотация – сын жанрының ішіндегі ең шағын көлемдісі, шын мəніндегі əдеби сынның бастау алар бұлағы. Алғаш көрінген түрі десе де болғандай. Аннотация объектісі – бір ғана шығарма, кітап. Мақсаты – кітаптың не туралы екендігімен таныстыру. Əдеби сынның басқа жанрлары сияқты алдына көп міндеттер қоймайды, жоғарыда айтылған бір мақсатты шағын көлемде орындау аннотацияның негізгі жанрлық ерекшелігін айқындайтын өлшем болып табылады».
«Рецензия – сын жанрларының ішіндегі ең көп қолданылатын, өрісі кең жанр», — деп бастайды сыншы. Əрі қарайғы оның ойы былай жалғасады: «Рецензия – латын сөзі, қазақша тексеру, бағалау, пікір білдіру дегенді білдіреді. Рецензия дегеніміз — əдеби шығарманы сыни тұрғыдан талдап қарастырып бағалайтын, пікір білдіретін əдеби сынның жанры». Сыншы ойынша, рецензияның ең маңызды міндеті — сапасыздыққа қарсы күрес.
Д.Ысқақұлының сын жанрлары ішіндегі ең ауқымды түрі — мақала жайлы пікірлері: «Мақала терминінің əдетте екі түрлі ұғымы бар. Біріншісі, көбіне баспасөз бетінде жарияланған материалдардың жалпы аты ретінде қолданып жүр. «Газетке мақала шығыпты» дегенде, ол рецензия да, хабар да, шолу да, фельетон да болуы мүмкін. Екінші — нақтылы баспасөз жанрының атауы. Газеттің хабар, аннотация, репортаж, очерк, рецензия сияқты жанрлары бар десек, мақала да сол секілді осы қатардан белді орын алады. «Мақала – баспасөз жанрларының ішіндегі ең көп қолданылатын жəне кеңінен талдайтын мүмкіндігі молырағы. Біз мақаланы осы жанрлық тұрғыдан қарастырамыз. Əдеби ой-пікірлерді кеңінен насихаттау үшін əдеби сын баспасөздің мақала жанрын барынша пайдаланды. Кей зерттеушілер мақаланың əдеби сында ең көп қолданылатындығын талдаушылық, пікір білдірушілік мүмкіндіктерінің молдығын, көлемі, формасы жағынан ыңғайлығын ескере отырып, оны сын жанрларының ішіндегі ең бастысы, негізгісі деп біледі».
Зерттеуші Д.Ысқақұлы сын жанрының тағы бір түрі — эссе жайлы былай дейді: «Эссе латынның— таразылау, ағылшынның, француздың очерк, мақала деген ұғымын білдіреді. Эссе жанрының негізін салған француздың үлкен гуманист, философ жазушысы М.Монтень. Кейіннен бұл жанрда көптеген жазушылар, философтар, қоғам қайраткерлері қалам тартып, əдебиеттің ерекше эссеистика саласы қалыптасты. Эссенің өміршеңдік танытуы оның көркем əдебиет пен ғылымның жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, оқырман ойын қозғай білуіне байланысты болса керек. Жүрекке жылы тиетін лиризм — эссенің сипатты қасиеттерінің бірі. Қайсы бір эсселерді автордың əдебиет, өмір туралы философиялық толғаныстары дерлік. Эссенің жанрлық ерекшелігі — оның композициялық құрылымының еркіндік танытуы. Мұнда басқа жанрлар секілді қалыпты стандарт байқалмайды. Автор өз ойларын жүйелі, жүйесіз баяндайды».
Ғалым-сыншы Д.Ысқақұлы əдеби сынның табиғатын анықтап, əдеби сынның негізгі құрамдас бөліктерін (əдеби сынның мазмұны, əдіснама мен əдістері, жанрлары, зерттеу объектісі, бағыты, қызметі, түрлері, принциптерін) атап көрсетті. Ғылыми принциптерге сүйене отырып, əдеби сынның жанрларын жіктеді. Əдеби сынның сатиралық жанрларын қарастырып, əдеби сынның басқа да жанрлық түрлерін анықтап, əдеби айналымға енгізді.
Әдебиеттер тізімі:
1.Ысқақұлы Д. Сын шын болсын. — Алматы: Санат, 1991. — 288 б.
2.Ысқақұлы Д. Сынсонар. — Алматы: Рауан, 1994. — 86-б.
3.Кəкішев Т. Сын сапары. — Алматы: Жазушы, 1971. — 84-б.