Қорытынды 1955 жылдардан кейінгі уақыттарда жалғыз қазақ тілінде ғана емес, көптеген түркі тілдерінде де синоним мәселесі шұғыл қолға алынып, алғаш зерттеу жұмыстарын көрді. Соның нәтижесінде бүкіл тюркологияда бұл мәселе жөнінде алғаш ізденістер мен талпыныстар басталды. Синонимика мәселесі қай тілде де болмасын өзіндік ұлттың құбылыс деп есептеледі. Сондықтан да әрбір түркі тілдерінің өкілдері соңғы кезде бұған айырықша ден қойып, әсіресе өзді - өзінің тілдеріндегі синонимдік сөздігін жасаумен қауырт шұғылдануда. Солардың алғаш бастамасы ретінде қазақ тілінде, татар тілінде, өзбек тілінде, башқұрт тілінде шағын «Синонимдер сөздіктері» жарық көрді. Бұлар негізгі үлкен жұмыстардың алғаш бастамалары ғана деп түсіну керек. Үлкен синонимдер сөздігін жасау жеке авторлардың кез келгенінің қолынан келе бермейді, көбінесе авторлар коллективінің күшімен ғана жүзеге асады. Мұны біз орыс халқының мол тәжірибелерінен айқын байқаймыз.
Синонимика мәселесі жалпы тіл білімінде өте ерте кезден бастап зерттеле бастағанымен, әлі күнге теориялық жағынан нақтыланып, бір жүйеге салынбаған. Соның салдарынан барлық тілдерде синонимге берілген тұжырымды жүйеленген анықтама да болмай келеді. Біз осындай дау-шарлардың барлығын бірдей ортаға сала отырып, қазақ тілінің материалы негізінде «синонимдер дегеніміз — әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер» деген анықтама ұсынып отырмыз.
Бұл анықтама қолға жиналған синонимдерді өз ара саралап жіктеп оларға қойылған негізінен үш түрлі айырып-белгілерге (синонимдердің сыртқы тұлғалық ерекшеліктері, ішкі мағыналық бірлестігі және олардың лексика-грамматикалық бірлігі) сүйене отырып берілді.
Синонимдік қарым-қатынаста жұмсалатын сөздердің саны аз да (кемі екі сөз), көп те (20—30) бола береді. Бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің топтарын синонимдік қатар немесе ұя деп атайды. Синонимдік қатар сөздердің жалпы мағыналың бірлігіне қарай топтастырылады. Ол үшін, ең алдымен, доминант (тірек немесе таяныш сөз) таңдалынып алынады да, қалған мәндес сөздер сол тірек сөздің төңірегіне топтастырылады. Доминант етіп алынған сөз бір қатардағы сөздерді мағына жағынан топтастыруға ғана ұйтқы болып қоймайды, сонымен қатар оларды белгілі ал-фавиттік жүйеге келтіруге де жетекші қызмет атқарып тұрады. Сондықтан осындай тірек сөздерді іріктеп бөліп шығару үшін қалай болса солай, кез келген сөздерді ала бермей, бір қатардағы сөздерді өз ара саралап бөліп, солардың ең таңдаулыларын сұрыптап ала білу керек, Доминант сөздер мынадай белгілері арқылы танылады: а) мағына жағынан дәл болу керек; ә) стильдік мәні жағынан ең жиі қолданылатын бейтарап сөз болуға тиіс; б) доминант сөз бір қатардагы басқа сөздерге мағына жағынан негіз боларлықтай болу керек; в) көп мағыналы емес, көбінесе жеке (дара) мағыналы болып келгені тиімді; г) неологизм мен көнерген сөз қатар келгенде, доминантқа жаңа сөз алынуы керек; д) жалпы халықтық сөз бен диалектизм қатар келгенде, әрдайым әдеби варианты доминант болып алынады; е) қазақтың төл сөзі мен термин сөз жұптасып келгенде, әр сөздің әдеби тілдегі басымдылығына қарай кейде олай, кейде былай шешіле береді; ж) жеке сөз бен фразалың тіркестер қатарласып келгенде, доминантқа көбінесе жеке сөз алынады т. б.
Синонимдер бір ғана затты емес, бір ғана ұғымды білдіретін сөздер деген тұжырымға сүйене отырып, мүмкіндігінше қазақ тіліндегі синонимдердің логикалың шегін ажыратуға тырыстық.