Байланысты: Лекция жинағы 1 -дәріс. Кіріспе. Ғылым философиясы мен методолог-emirsaba.org
3.Теориялық танымның ерекшеліктері. Теориялық танымның құрылымдық компоненттері:проблема, гипотеза, теория. Теорияны жасаудың бастауы – болжау ұсынуға негіз іздестіру. Классикалық физикада бұл рөлді әлемнің ғылыми үлгісі орындаған.
Кез-келген ғылыми зерттеу проблема қоюдан басталады.
Проблема дегеніміз – адам әлі білмейтін, бірақ білуге ұмтылыс жасалатын білім. Проблема дегеніміз – білмеу туралы білім. Ол проблеманы қою және шешу сияқты өзара қайшылықта болатын кезеңдерден тұрады. Проблеманы дұрыс қоя білудің өзі – оны шешудің қажетті алғышарты.
В.Гейзенбергтің пікірі бойынша, ғылыми проблеманы қою және шешу барысында мынадай нәрселерге көңіл аудару қажет: а) зерттеуде белгілі бір құбылыстарды белгілеп отыру үшін қажет болатын ұғымдардың нақты жүйесі; б) шешілетін мәселенің сипатымен зерттеу мақсатына сай методтар жүйесі; в) ғылыми дәстүрлерге сүйену, өйткені мәселені таңдауда, тарихи дамудың барысы іргелі рөл ойнайды. Сонымен қатар, ғалымның мүмкіндіктері мен қызығу деңгейі де белгілі рөл атқарады.
Проблеманың қалыптасуына дәуірдің ойлау сипаты және оны зерттеудің деңгейі де әсер етеді.
Проблемалық ситуация, яғни мәселелік жағдай, бұл – ғылымның даму барысында белгілі болған бұрынғы ғылыми біліммен енді ашылған құбылыстың арасындағы алшақтық. Мұндай жағдай – сыртқы және ішкі себептері бар күрделі үдеріс.
Білімнің қандай элементі жаңа жағдайға сай еместігіне байланысты проблемалық ситуацияның немесе мәселелік жағдайдың бірнеше түрі болады:
1) теорияың кейбір эксперименттік қорытындыға сәйкес еместігі;
2) теорияның әртүрлі өлшемдерінің бір-бірімен үйлеспеуі;
3) парадигмалардың өзара ұшырасуында туындаған мәселелік жағдай.
Екінші мәселелік жағдайдың мысалы ретінде Ампер теориясы мен Максвелл теориясының арақатынасын алуға болады. Бұл екі теория эмпириялық деңгейде бір-біріне ұқсас болды, бірақ бір эксперименттік нәтижеден әртүрлі қорытынды шығарылды. Ампер алыс әрекет, ал Максвелл жақын әрекет көзқарасында тұрды.
Үшінші мәселелік жағдайды Птоломей әлем үлгісі мен Коперник әлем үлгісін салыстырудан байқауға болады. Келтірілген мысалдар ғылымның дамуында маңызды рөл атқарған іргелі мәселелік жағдайды көрсетеді.
Мәселелік жағдайды жаһандық және шектеулі деп бөлуге болады. Жаһандық мәселелік жағдайлар дүниетанымдық өзгерістер әкеледі. Мұндай жағдайдың мысалы ретінде физикадағы дағдарыс пен ХІХ-ХХ ғасырдағы ғылыми революцияларды алуға болады. Шектеулі мәселелік жағдай теорияның эмпириялық негізден алшақтығынан туындап отырады. Шындықты игерудің рационалдық және иррационалдық түрлерінің арасындағы қатынас шектеулік мәселелік жағдайды көрсетеді. Қазір ғалымдар ашық рационалдылық ұғымын пайдаланады, яғни интуицияның және рационалдық немесе танымның басқа түрлері де жоққа шығарылмайды.
Жаһанды мәселелік жағдай сызықтық детерминизмді сызықсыздық парадигмамен алмастыру барысында туындауда.
Мәселелік жағдай – бұл ғылымның дамуындағы қалыпты жағдай, алдымен, мәселелік жағдай туындайды, сонан соң оның негізінде проблема, яғни мәселе пісіп жетіледі.
Гипотеза әлем туралы объективті білім алу қажеттілігінен туындайды, оның көмегімен объективті қасиеттер мен заңдылықтарды тану процесі тереңдей береді.
Д.И.Менделеевтің пікірінше, гипотеза жаратылыстанудың қажетті элементі, ол осы сипатында мынадай құрамдас бөліктерден тұрады:
а) фактілерді жинақтау, баяндау, жүйелеу және сараптау;
б)гипотезаны құрастыру немесе құбылыстардың себеп-салдар байланыстарын болжау;
в) гипотезаның логикалық салдарын тәжірибеден өткізу;
г) гипотезаның теорияға айналуы немесе теріске шығарылуы.
Д.И.Менделеев гипотезаның көмегінсіз бірден нақты дәлелденген, расталған теорияның туындауы мүмкін емес екенін өте жақсы түсінген.
Қазіргі методологияда гипотеза ұғымы екі мағынада қолданылады: а) толық дәлелденбеген, шешілмеген теориялық білімнің түрі; б) ғылыми білімнің даму методы.
Гипотеза теориялық білімнің түрі ретінде бірнеше шарттарға жауап беруі тиіс:
1.ұсынылған гипотеза ғылымда қабылданған заңдарға қайшы келмейді;
2.гипотеза өзі түсіндіруге тиіс немесе өзі негіздеген фактілермен байланыста болып отырады;
3.гипотезаның құрамында формалды логика заңдары тұрғысынан қайшылықтардың болмағаны орынды;
4.гипотеза барынша қарапайым, түсінікті, айналасы жұп-жұмыр, тегіс болуы керек;
5.гипотеза өзін тексеруге, сараптауға мүмкіндік беруі тиіс.
Гипотезаның дұрыстығын түптеп келгенде практика ғана дәлелдей алады. Гипотезаның қалыптасуында зерттеуші қабылдаған таным идеалдары, әлем үлгісі, құндылық ұстанымдары маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар қиялдау, шығармашылық қасиеттері де өз ықпалын тигізеді.