2. Антикалық Греция риторикасы. *Антикалық (Анти`к - фр. fntigue < лат. аntiguus древний-көне) дүние риторикасы – адамзаттың көп ғасырлық қоғамдық, өзара қарым-қатынастық қызметінің жемісі. Риториканың пайда болуы мен өсіп-өркендеуінің де ұзақ тарихы бар. Ауызша айтылатын сөздің қыр-сырын толық игеру үшін, оның бізге дейінгі жүріп өткен жолынан да хабардар болуымыз керек. Риториканың тарихына көз салсақ, сөйлемпаздықтың, тапқырлықтың не бір керемет үлгілері мен әдістерін байқаймыз.
*Ертедегі ділмарлықтың бір ерекше бүр жарып, гүл-жапырақ жайып жайқалған-найқалған тұсы антикалық Греция десек қателесе қоймаймыз. Ежелгі Грециядағы құлдық құрылыс қойнауында дүниеге келген сөзшең жандар өздерін көпке танытудың бірден бір жолы халық алдына шығып, оларға өз ойларын ұғындырып, мемлекет жұмысына ықпал жасаудың ең өткір де өтімді құралы барынша айшықты да айбарлы сөйлеу деп білген.
*Антикалық Греция теоретик-риторлар мен риториканың баға жеткісіз бай тәжірибесін жинақтады. Олардың қатарына біздің эрамызға дейінгі 5-ғасырда өмір сүрген көне грециялық философ-софист Протагор, Горгий, Исократ, Исай, Эсхин, Филократ, Сократ және кейінгі дәуірлердегі Аритотель, Демосфен, Платон іспетті риторлар мен ділмарларды жатқызуымызға болады.
3. Демосфен мен Сократ сөздерінің түзілісі, тәжірибелері.
*Ораторлардың ерекше қасиеттері жөнінде айтқанда, антикалық риторикада Демосфеннің есімі бірінші аталады. Ол біздің эрамызға дейінгі 384 – 322 жылдарда ғұмыр кешкен. Есімінің бірінші аталатын себебі, оны замандастары, әріптестері, бақталастары мен күншілдері өз уағының ең ағып тұрған сөзшеңі, қызыл сөздің майын тамызған майталманы ретінде мойындаған әрі халқы да жақсы көрген. Бірақ, біз Демосфенді бас-аяғы жоқ тақыр жерде пайда бола кетті дей алмаймыз. Көне Грецияда бұрындары да, кейіндері де Демосфеннен өзге де атақты сөз жүйріктері болған. Олар: Динарх, Гегесит, Гиперид, Протагор, Горгий, Исократ, Исей, Эсхин, Филократ, Антонид, Ликург, Лисий, тағы басқалары.
*Демосфен – еңбекші патриоттық интеллигенцияның өкілі, демократиялық құрылысты жақтаушы, құлдық қоғамның идеологы. Біздің заманымызға Демосфен айтты деген сөздердің 61-і, сөзді бастап айтудың(кіріспе) 56 үлгісі мен бірнеше хаттары ғана жеткен. Сөздерінің ішіндегі ең белгілісі оның: 1.Македония патшасы Филипп Македонскийге айтқан ашулы сөзі - «филиппики».
*Сократ(470/469 – 399 б.э.д. жылдар) – көне грециялық философ, шындықты іздеудегі диалектикалық әдістеменің негізін салушы. Софистік риторикаға қарсы талмай күресуші. Диалектикалық диалог әдістемесін жасаушы. Сократ айтты деген сөздер: 1. - Әркім-ақ қанша қойы бар екенін айта алады, бірақ, әркім өзінің қанша досы бар екенін және олардың баға-құнын айта алмайды. 2. – Бір ғана жақсылық бар, ол – білім және бір ғана жамандық бар, ол – надандық. 3. – Байлық пен атақтылық ешқандай қадір-қасиет әкелмейді, керісінше жамандық(дурное) әкеледі.
4. Оған біреу: - Антисфен фракиянкадан туған дегенде , ол : - Ал сен, немене, осындай жақсы адам тек толық құқылы азаматтардан ғана туады деп пе едің? – депті. 5. - Үйленсем
бе екен, әлде үйленбесем бе екен, деп сұраған адамға, ол: - Не қылсаң да өзің біл, бәрібір өкінесің,-депті. 6.Ол айтыпты: - Мен өмір сүру үшін ішіп-жеймін, ал өзгелер ішіп-жеу үшін өмір сүреді. 7. Оған: Афиняндықтар сені өлімге кесті,- дегенде, ол: - Ал, табиғат олардың өзін соттады(жазалады),-депті. 8. Әйелі: - Сен кінәсіз өліп барасың,-дегенде, ол: - Ал, сен менің кінәлі болып өлгенімді қалап па едің?-депті. Ол у ішіп өлген.