Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУДА Біздің қарақшылық өміріміздің бірінші және ең соңғы күні сипатталады



бет23/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУДА

Біздің қарақшылық өміріміздің бірінші және ең соңғы күні сипатталады


Кеше кешке дейін күннің көз жасы тыйылмады. Біз тоғайға келе алмадық. Бүгін таңертең тұрып қарасақ,­ аспан мөлдіреп тұр.
– Кеттік! – деді Сұлтан.
– Кеттік.
Тор атқа баяғыша екі ер ерттеп міндік те, жөнеп бердік.
Екеуіміз де қарулымыз. Мен Сұлтанның мүйіз сапты кездігін беліме тағып алдым. Ал Сұлтанның тақымында шиті мылтық. Құдай жолды оңғарса деп, бұл біздің аң аулап шыққан бетіміз.
Түске дейін сандалып, ештеңе де ата алмадық. Бірер жерден қоян кездесіп еді, орғып безіп бара жатқанда, адам тіпті көздеп үлгеретін емес. Әйтеуір бетке алып, тұспалдап, атқан оғымыз лағып, тимей кетті.
Ұнжырғамыз түсіп, шаршап келе жатсақ, өзен жағасында бір топ қаз жайылып жүр екен. Бұл ара ауылдан алыстау, едеуір жер. Сұлтан оқтаулы келе жатқан мылтығын кезеп:
– Мына қаздың біреуін жалпасынан түсірейін бе? – деді.
– Қой, пәлесіне қаламыз.
Сөйткенше болмады, Сұлтекең басып салды. Қаз­дың бірі жалп етіп құлап қалды. Тыпыр-тыпыр етіп, тұра алмай жатыр. Аяғын серейте қарыстырып бір ыш­қынды да, қаз өліп қалды.
– О, құдай атсын! Пәле болды ғой. Енді қайттік?
– Ешкім көрген жоқ. Күркеге апарып, пісіріп жей­міз. Қазды алып, соқтырып отырып, күркемізге келдік.
Келсек, мына қызыққа қараңыз, күркеміздің іші тағы да әптер-тәптер. Азық-түлігімізді салып, аузын буып, тығып кеткен дорбамыз пәре-пәресі шығып, жыр­тылып жатыр. Бірдеңе нанымызды жеп, картобымызды шашып кетіпті.
– Бұл, мен білсем, түлкі сұмпайының істеп жүрге­ні, – деді Сұлтан.
Қарнымыз әбден ашып кетіп еді, ас істеп ішудің қамына кірістік. Сұлтан бұрқылдатып қаздың жүнін жұла бастады. Мен шепшек теріп, от жақтым.
Қаз семіз екен. Сұлтекең теңкитіп, сирағынан ұс­тап, үйітіп отыр.
Кенет дәл беталдымыздағы талдың арасынан сумаң етіп, бір салт атты шыға келді. Сұлтан екеуіміз қазды тықпақ түгіл, қас қағып та үлгермей қалдық. Салт атты мек­теп директоры Ахметовтың әкесі Ахмет шал еді.
– Оу, балалар, бұларың не?
– Жай... мына бір қаз атып алып едік, пісіріп жейік деп­ отырмыз, – деді Сұлтан.
– Қайдан атып алдыңдар?
– Ұшып бара жатқанда атып алдық, – деп Сұлтан аспанға қарап қойды.
– Қой, сендер қаз атып алсаңдар... мынау жабайы қаздай емес, үлкен ғой тегі.
– Әдейі үлкенін таңдап аттық, – деді Сұлтан.
Шал біздің шашылып жатқан ыдыс-аяқ киім-кеше­гімізге, аузы үңірейген күркемізге, осы араны сары қо­ныс­ етіп, жайлап алған түрімізге қарап, одан бетер шү­бәлана түсті.
– Сендер өздерің осы араны жайлап алған түрлерің бар ғой?
– Бұл біздің балық аулайтын жеріміз, – дедім мен.
– Тұсаулы жирен ат көздеріңе түсті ме?
– Жоқ, байқамадық.
Атының басын бұрып, кете беріп, шал:
– Сұмпайылар, әлдекімді сорлатқан екенсіңдер. Мыналарың атып алған жабайы қаз емес. Қаз атып алу сендерге қайдан келсін. Егер қазым жоғалды дей­тін пенде болса, мен сендердің сазайларыңды бергі­земін, – деді.
Пәле болды деген бір қауіп менің ішімде қып ете қалды.
Осы араны қорда етіп, қарақшылық істемек болған­ «тапқыр» ойымыздан табанда бас тартуға тура келді. Ондай кәсіптің неге апарып соғуы мүмкін екенін жа­ңағы Ахмет шалдың тап болуы аңғартып кетті. Қиырдағы барса келместің аралына бекініп алғандай ауылдың­ дәл іргесіндегі тоғайдан күрке сайлап, оны жан адам таба алмайды деп жүрген біз неткен ақымақтармыз... Жалпы, қарақшы дегеннің өзі осы кезде ақылға сыя ма. Қарақшылар бұрын байларды, көпестерді тонаған. Біз кімді тонамақшымыз. Тонамақ түгіл осы күні бі­реуге қолыңды көтеріп көрші. Милиция апарып, көзің­ді жылтыратып, қамап қойсын.
Қарақшылық өмірі жайында Сұлтан екеуіміз енді осылай топшыладық.
Семіз қаздың еті бір-ақ салып асуға шелегімізге сый­мады. Екі бөліп асып, әзер жеп тауыстық. Арасында балық ауладық. Суға түстік. Бүлдірген теріп жедік. Сонымен күнді батырдық та, ыдыс-аяқ, торымызды артынып-тартынып, қас қарая үйге келдік. Бұл біздің қарақшылық өміріміздің бірінші және ең соңғы күні болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет