Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ Құпия кеңес жайы сөз болады, повесть осымен аяқталады



бет29/29
Дата15.05.2023
өлшемі220,22 Kb.
#93247
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29
Байланысты:
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Құпия кеңес жайы сөз болады, повесть осымен аяқталады


Кешкі астан кейін төр үйге кіріп, стол шамды жақтым да, сырттан ештеңе көрінбестей етіп, терезе пер­де­лерін түсірдім. Бұрышта кісі бойы үлкен айна тұр. Столымды соның дәл алдына тақап қойдым да, дүниені тулатып, сойқандап жүрген қылмыскер Қожамен бетпе-бет келіп отырдым.
– Қадыров Қожаның жеке бас құпия кеңесі ашық деп жариялаймын. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе – тәр­тіпті, үлгілі оқушы болу үшін мен бұдан былай не істеуім керек?
Күн тәртібін протоколға мәнерлеп жаздым да, қыл­мыскердің жүзіне қарадым:
– Ал сөйле, батырым?
Ол арсыз бұның бәрін қалжың деп ойлайтын болу ке­рек, күледі маған қарап. Көзін бағжитып, ернін шығарып, аузын қисайтып, келекелейді өзімді. Оның бұл қылығына менің ызам келіп, ашуым қайнап кетті. Қабағымды қарс түйіп, Ахметовке еліктеп, столды тарс еткі­зіп қойып қалдым:
– Түрегел!
Батырыңа жан керек, ұшып түрегелді.
– Отыр! Қайта отырды.
– Неге шақырдың, Қожатай? – деп әжем кіріп келе жатыр.
– Шақырғам жоқ, ары барыңыз.
– Дауыстағандай болдың ғой?
– Сізге емес... жайша. Мұнда құпия кеңес өтіп жа­тыр. Бөгет жасамаңыз.
– Кеңесі несі?
– Кеңес дегеннің не екенін түсінбейсіз бе? Жиылыс, жиылыс өтіп жатыр.
Әжем бір сәтке аңырып, үрке қарап қалды.
– Әкем-ау, мынау не айтады? Жиылысы несі? Стол­ды айнаның алдына неге қойдың?
– Ту, жарықтық-ай – деп, кейідім мен, – өзіңізге тиісті емес нәрседе не шаруаңыз бар. Мен құпия кеңес өткізіп жатырмын. Өзім, өзім туралы мәселе қарап жатырмын. Сізге қатынасуға болмайды.
Әжем менің қасыма келді. Шарасы қызғылттанып, жасаураған қоңыр көздері өңменімнен өтіп барады.
– Қожатай, шыбыным... сен... бисмилла деші. Бисмилла деші, шыбыным... Түнде де ұйықтап жатып, жиы­лыс ашық, талқылаймын деп, бірдеңелерді айтып шығып едің, шошымалданып жүрсің ғой деймін. Бисмилла деші...
Ыза болғаным соншалық.
– Бисмилла! Бисмилла! Бисмилла! – деп, нығарлап­ үш рет айттым. – Болды ма? Жоқ тағы айтайын ба?
– Шыбыным... жалғыздан жалғыз отырып та адам жиналыс еткізе ме екен? Түн болса, сарылып көп оқи­сың. Осы сенің ұйқың қанбай жүр ғой деймін?
Мен орнымнан ұшып түрегелдім.
– Айналайын әжетай, барыңызшы. Бөгет жасамаңызшы.
Тартыншақтағанына болмай әжемді шығарып жі­бер­дім де, есікті іліп алдым.
... Құпия кеңес бір сағаттай уақытқа созылды. Ақы­ры төмендегідей тұжырымға кеп, бір ауыздан қаулы қабылданды.
ҚАУЛЫ. Қадыров Қожаның жеке бас тәртібіне байланысты мәселені талқылай кеп, құпия кеңес мынадай Қаулы алады:
«БІРІНШІ. Тәртіпсіздік кісіні жексұрын көрсетіп біте­ді екен. Оған көзім әбден жетті. Әрі бұл адамның келешегі үшін зиян. Тәртіпсіз болсаң, комсомолға да ал­май қоюы мүмкін. Сондықтан қалай еткенде де тәр­тіпті болуым керек. Ол үшін:
а) Бұдан былай ешкімге тиіспей жайыма жүремін. Досым болсын, қасым болсын, бейбіт қатар өмір сүруге тырысамын.
ЕСКЕРТУ! Егер тиісуші мен болмай, басқа болса, оған: «Аулақ жүр, жақсылық көрмейсің» деген тәрізді ескертпелер жасауым керек. Онда да тыңдамай ба­са-көк­теп келе жатса, мұндай жағдайда, қажет деп тапсам,­ қол да жұмсау арқылы қорғануға еріктімін деп са­наймын.
б) Осыдан осылай ешқандай тәртіпсіз, тұрпайы сөз­ді аузыма алмаймын. Үлкенді аға, кішіні іні деп тұрам.
ЕКІНШІ. Әрбір тәртіпсіздік қылығым үшін дер кезінде аяусыз жазаланып тұруым тиіс. Жазаның түрі төмендегіше болады:
а) Егер біреуге өзім тигісіп, шатақтассам, ол күні бір мезгіл ас ішпеймін.
б) Біреуді жазықсыз тілдейтін болсам, кезекті демалысымда ешқайда қия басып шықпаймын, үйде отырам. Яғни өзімді үйге қамаймын деген сөз.
в) Сабақ үстінде тыныш отырмағандықтан мұғалім­нен ескерту еститін болсам, ол жолғы үзілісте тысқа шық­пай, орнымда отырамын.
г) Егер біреу-міреудің лақ-қозысы, тауық, қазы, иті біздің үйдің маңына жолап кетсе, аямай ұрып қуалайтын жыным бар. Алмастың қызыл қоразын сөйтіп өлті­ріп қойдым. Бұным да жарамайды, жай айдап жіберуіме де болушы еді ғой. Ендігәрі бұндай қылықтарым қайта­ланса, жоғарғы тауық базға демалмастан екі рет жүгіріп барып келем.
ҮШІНШІ. Сұлтанмен жолдастық қарым-қатынасым бұдан былай үзіледі. Ол екеуіміздің сертіміз бүгін­нен бастап күшін жояды. О дүниедегі қызыл ошақ жа­йына келетін болсақ, мен құдайға сенбеймін, сондықтан­ мені дозақ оты сескендіре алмайды.
ТӨРТІНШІ. Сабақты жақсы оқу – үлгілі оқушының бірінші белгісі. Мен осы тоқсанның ішінде қалай еткенде де озат оқушылардың қатарына қосылуым керек. Ол үшін:
а) Сабақтан бір сағат та себепсіз қалмаймын.
б) Үйге берілген тапсырманы мезгілінде орындап отырам.
БЕСІНШІ. Жоғарыда қабылданған міндемет­те­­ме­лердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету үшін күн сайын ұйықтар алдында өзіме-өзім есеп беріп, жақсы, жаман қылықтарымды осы дәптерге тізіп жазып ­отырамын.
Осы айтылғандарды жүзеге асыру мен үшін ұлы сын.­
Егер осы сыннан өте алмайтын болсам, онда маған бұдан былай оқу оқып қажеті жоқ. Анам байғұсқа күйігім­ді тартқыза бермей адам болатын басқа бір жолды іздеп жоғалуым керек».
Қаулы бір ауыздан қабылданды.
Осы кезде ауыз үйден тысырлаған аяқ сыбысы, бі­реулердің сөздері естілді. Есікті тартқылап қаға бастады.­
– Қожатай, аша ғой, шыбыным...
Түрегеліп барып есікті аштым. Әжем мен Әубәкір шал тұр. Көзқарастары бір түрлі үрейлі, жұмбақ.
– Салаумәлейком, қария.
– Саламат бол, балам. Сен немене, жападан-жалғыз­ есікті іліп алып отырғаның?
– Жайша... Сабақ оқып отырғаным ғой.
– Қожатай, мына атаңа тамырыңды ұстатшы, шыбыным, – дейді әжем. Шошып қалдым.
– Неге? Не бопты?!
– Түнде ұйқысырап, сөйлеп шығып едің. Кім біле­ді... Мына атаң ұстап көрсін тамырыңды. Өңің де бір түрлі балбырап тұрған тәрізді.
Мен еріксізден күліп жібердім.
– Әй, әжем, қараңғы әжем, мені ауру ғой деп тұрмысың? Ауру түгіл дәнеңем де жоқ. Сап-саумын.
Әжемнің әжімді маңдайынан шөп еткізіп, бір сүй­дім де, жүгіріп тысқа шығып кеттім. Шіркін, бүгінгі кеш қандай әсем еді. Ай жарық. Аспанның тұп-тұнық көк жібек шатыры бар жиһазын тағынып мөлдіреп тұр. Клуб жақтан гармонь үні, балалардың шуылдап ойнаған дауыстары естіледі. Бойымда керемет бір жігер оты лапылдап, солай қарай бет алдым. Ай нұрынан орнаған­ күміс көпір белдеулеп бет алдымда, ауылдың дәл ірге­сінде өзен жатыр жарқырап. Мөп-мөлдір мына ғажап дүние... «Ұш! Самға!» деп, Қолтығымнан қанат бітіретін, арман нысанасына қарай алып ұшатын тәрізді. Лаула! Лаула жігер оты! Самға қиял Құсы! Асығатыным да, аң­сайтыным да ертеңгі болашағым.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет