МЭЛИСӘЛІБАЕВИЧ. Өте керемет! Бүгінгідей той, бүгінгідей мереке өте сирек болады.
ҚОШҚАРБАЙ. Бәрі сіздің арқаңыз, Мэлис Әлібаевич! Сонау Алматыдан өзіңіз келген соң жігіттер аянған жоқ! Барын салды!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Ертең Алматыға барған соң айтамыз бұл туралы! Тиісті орындардың бәріне жеткіземіз.
ҚОШҚАРБАЙ. Оның үстіне мына кісінің де... /Асай Мүсеевичке қарап/. Асеке!.. Асай Мүсеевич дейім, сіздің баяндамаңыз... бүгінгі тойдағы баяндамаңызды айтам, сондай керемет болды!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Ау, енді бүкіл Академияның атынан сөйлеген соң керемет болмаса болмайды ғой.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Гениально!.. Классика!..
ҚОШҚАРБАЙ. Иә-иә, сондай!.. Әсіресе, батыр бабамыздың бес жасында шешен, он жасында қол бастаған көсем болды деген фактіңіз өте күшті екен. Айтпақшы, ол фактіні қайдан тауып жүрсіз?!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Таптық қой!.. Ғалым болған соң іздену керек!.. Мен ол туралы бүкіл газетке жазғам!... Оқымайсыңдар!..
ҚОШҚАРБАЙ. Жо-жоқ, неге оқымаймыз?! Оқимыз ғой!.. Ойпырмай, бес жасында шешен, он жасында көсем – шынында ғажап!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мен үш жасында деп жазайын дегем!.. Қайта сыпайыладым ғой...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Айтпақшы, тойдағы төбелес осы мәселеден шықты дейді... Біреулер оған сенбей ме, қалай? Асеке, осы фактіні архивтен алдым деген жоқ па едіңіз?
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, алуын алғам ғой... Бірақ енді ол тым ерте, осыдан үш жүз жыл бұрынғы жағдай... ол кезде халық сауатсыз... архив мәселесі нашарлау...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Дұрыс айтасыз!... Қазақ деген қымызды ішуді білген... көп қатын алуды білген... ал архив жазуды білмеген. Соған да мен кінәлімін бе?
ҚОШҚАРБАЙ. Асеке, біздің жақта да үнемі осы... Той болса аяғы төбелес!
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә, біздің жақта да осындай!.. Бірақ сіздерде сұмдық екен!.. Қатындарына дейін төбелесті... Бәрі мас!..
ҚОШҚАРБАЙ. Әдейі жасайды!.. Бізде кірмелер бар!.. Басқа рудың адамдары... Солардың қастандығы!.. Көре алмайды иттер!..