ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Екеулеріне бір купені беріп қойдым... Жүктері де көп екен...
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қарағым-ау, өзің де білесің ғой – мен ептеп сауда-саттық жасаймын... Бала-шағаның қамы... Қане, ішке кіріңдер, ауылдан алып шыққан бір дәм бар еді...
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жо-жоқ, рахмет!.. /жұртқа естірту үшін/. Бізде тәртіп өте күшті... Қызметте жүргенде ондай болмайды. /Жолсерік келіншекке/. Бұл кісілерден абай бол! /Саудагер әйелге/. Жақсы, апа! Мына кісілерге тапсырып кетем... Сіздерге барлық жағдай жасайды.
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Рахмет, қарағым! Қайтарда тағы мінем ғой пойызыңа!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Әрине... әрине! /Жолсерік келіншекке жұрт еститіндей етіп/. Жолаушылардан ешқандай жалоба түспейтіндей болсын! Өте абай болу керек!.. Әсіресе, күдікті адамдарға... Сосын ішіп алған мастарға ешқандай аяушылық жасамау керек!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Дұрыс!.. Мас көрінсе аямаймын!.. Ит қосып қуамын!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ал сау болыңыздар!..
Пойыздың бастығы мен Жолсерік келіншек кетеді.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Апырмай, пойыздың бастығы ініңіз болғаны қандай жақсы болды, әйтпесе далада қалады екенбіз...
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Қайдағы іні? Мен оны өмірімде бірінші рет көріп тұрмын!
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. А, сонда қалай болғаны?
САУДАГЕР ӘЙЕЛ. Туһ! Өзің шал болғанмен түк білмейтін шал екенсің. Заман қандай болса, адам сондай болу керек! Жүр, шәй ішеміз.
Екеуі купеге кіріп кетеді.
Бесінші көрініс.
Мэлис Әлібаевич, Асай Мүсеевич, Қошқарбай шығады. Бәрі де өте көңілді. Бәрі қызу. Қошқарбай билеп, әндетіп келеді:
Жасасын біздің қазақтар!
Той жасағандар жасасын!
Тойға барғандар жасасын!
Той басқарғандар жасасын!
Жасасын біздің қазақтар!
Тойдан қайтқандар жасасын!
Ат мінгендер де жасасын!
Шапан кигендер жасасын!
Достарыңызбен бөлісу: |