Билетсіз жолаушы мен Жолсерік келіншектен басқалары кетеді. Жолсерік келіншек шелегі мен сыпырғышын алып, вагонды тазалай бастайды. БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Міне, азаматтар!.. Қандай керемет! Халықты айтқанда... ел деп еңірегенде жылағың келеді.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Бір сөзіне де сенуге болмайды!.. Шетінен суайт! Жұртты ақымақ қып, айдалаға қаңғытып, ал өздері қара басының ғана қамын ойлайды!..
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. /кекесінмен/. Бәрі емес қой енді!.. Бірен-сарандап кездесетіні рас!.. Тіпті пара сұрайтындары да бар!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Үйбай, пара ғана сұраса оған айналайын дейсің ғой!.. Оны бересің ғой!.. Ал олар болса... олар болса – түк ұяттары жоқ.
БИЛЕТСІЗ ЖОЛАУШЫ. Иә-иә, сәл ыңғайсыздау екені рас!.. Азаматтардың бірақ қателіктері бар!.. Әсіресе, арақ дегенде... әйел дегенде! Бірақ әлі жас қой! Ақылдары аздау! Егемендікті енді ғана алып жатыр деген сияқты... Түзеледі ғой!..
Кекесінді сөйлеген қалпы купеге кіріп кетеді. Мэлис Әлібаевич кіреді. Безіп қашып келе жатқан түрі бар. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды! МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Қарындас!.. Жолдас прәбәдник! Мен бәрін тастадым! Қызметті де! Үкіметті де!.. Тіпті бала-шағамды да! Бәрін!.. /Кенет Жолсерік келіншекті құшақтап/. Сіз... сіз қандай сұлусыз!.. Қандай әдемі!... Бүкіл денеңіз... Мүсініңіз!.. Күлгеніңіз!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /Босануға тырысып/. Сіз... сіз мені жіберіңізші! Өтінем, жіберіңізші дейім!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Мен... мен сізді алып кетейін деп келдім!..
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Қайда, Ташкентке ме?!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, басқа жаққа! Мен сізді Америкаға алып кетемін!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Ха-ха!.. Қайдағы Америка? Америкада не бар маған!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /сыбырлап/. Өзің ойлап көрші!... Мұнда жүре берсең не бітіресің?! Түк преспектива жоқ!.. Ал Америкада бәрі бар!.. Біз шалқып өмір сүретін боламыз онда!.. Менің онда ақшам бар!.. Сенбейсіз бе?!