Ә.Тәжібаевтің поэзиясынан троп түрлері Әбділда Тәжібаев қазақ лирикасында өзінің бет-бағдарын анық айқындаған, ешкімге ұқсамайтын мәнер-машығы бар ақын. Ол әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықты диалектикалық тұрғыдан ұштастыра отырып, сөз құбылтудың сан алуан амал-тәсілдерін жете меңгерген, оны өз шығармашылығында орайын тауып қолдана білетін қаламгер.
Ал, Әбділда Тәжібаевтың ақындық шеберлігінің айқын көрінісі - эпитет, теңеу, метафора, кейіптеу, символ және т.б. бейнелеу құралдары оның өлеңдерін көркемдік жағынан байытып қана қоймай, автор поэзиясының мән-мазмұнын ашуға көмектесіп отырады.
Ал, Әбділда Тәжібаев - халық тілінің бар байлығын пайдаланумен қатар, ұлттық әдебиетімізді дамытуға барынша үлес қосқан ақын. Ақын өлеңдерінің мән мазмұнын арттыратын көркемдеу, бейнелеу құралдарының бір түрі - эпитет немесе айқындау.
Автор өз өлеңдерінде эпитеттің тұрақты түрін де, өз қолтаңбасына тән жаңа түрінде көптеп қолданады. Ақын өз поэмаларында кейіпкерлерінің портретін жасауға ден қоя бермеген. Шынында Әбділда Тәжібаев қаһармандары елден ерек сұлу не жұрттан асқан батыр ретінде суреттелмейді. Нақты портреттер де кездеспейді. Әйтсе де оқырманның көз алдына олардың кескін-келбеті айқын көрінерліктей болары анық. Ол заңды да. Ақын қаһармандарының бүкіл портретін, ішкі жан-дүниесінің сырларын нақты тіркестер арқылы мүсіндеп жеткізеді. Аз сөзбен көп ой ұқтыру, нені болса түйіп айту – Әбділда Тәжібаевқа тән қасиет. Ол үшін бір-екі бейнелі сөз немесе сәтті эпитеттер қаһарманның ішкі сыртқы портретін сомдауға жетіп жатыр. Мысалы:
Ботагөз, сиқырлы көз, аппақ Айман.
Кем емес кереметі толған айдан.
Он бестен он алтыға толып жасы,
Шығыпты кең дүниеге құрып сайран.
Кім екен сүйген жарым, батыр ма екен,
Үйінде ойлап мені жатыр ма екен?
Ақ таудың етегінде жатқан үйі,
Ақ күмбез алтын шашақ шатыр ма екен?
Ақ бұлт боп аспанымда ұшар ме екен,
Мойнымнан ақ жаңбыр боп құшар ма екен?
Аспаннан періштем боп түсер ме екен,
Бауырына басып мені қысар ма екен?
Жоқ, әлде ақ боран боп соғар ме екен,
Ақ қарға ақ денемді орар ма екен?
Алып ұшқан жүректі басар ме екен,
Бозарып қызыл нұрым солар ма екен?
Түсіңе қашан, жаным, кірер екем,
Көзіңе қарап қашан күлер екем?
Ақ тауда ақ киіктей мен барымда,
Естіп көрсем-ау, деп жүрер ме екен?
..............
Күнім мені жылытып шуағымен,
Көлім желпіп көк бұйра құрағымен,
Қоңыр желім лебімен аймалайды
Сусынымды қандырып бұлағымен.
..............
Ақ бауыр, алтын мүйіз кермаралдың,
Қалай мен тұрмын екен тосып алдын.
...............
Тор дөнен, қайшылама құлағыңды,
Қоздырма құла түзде құмарымды.
Бұлардан басқа да эпитеттердің толып жатқан тізбектерін келтіруге болады: «Ақбауыр, алтын мүйіз кермаралдың», «Ай жүзді періштеме бас ұрамын», «Сом темір суы қанған шыңылдайды» т.б. айқындаулар, яғни, эпитеттер халық поэзиясында қолданып жүрген дәстүрлі эпитеттер. Сонымен қатар ақын өлеңдерінде эпитет өлең қиыстырудың заңына бағынып, өлеңнің ортасында, аяғында да келіп, әрдайым құбылып, құлпыртып отырады.
Әбділда Тәжібаевтың эпитетті инверсия заңына орайластырып қолданғандағы тағы бір тәсілі: айқындалушы сөзді айқындалатын сөздің алдына қойып пайдаланады. Мысалы: «Батыр қолмен туыппын ту ұстайтын», «Бояулардан алдағыш қатты сақтан», «Шыңылдайды суы қанған сом темір».
Ұлы Абай қазақтың жазба әдебиетіне жаңа сөз, тың эпитеттер әкелсе, оның шәкірті Әбділда ақын оның мектебінен үйрене отырып соны, тың, жаңа айқындаулар жасауға талпынады.
Мысалы:
Ұя салған арадай құжынаған ой.
...............
Жайдары ашық жүзі бұлтсыз күндей
...............
Аюдай жүнді балақ Құдиярдың
Мұндағы шашы қою, жүндес Құдиярды: «Аюдай жүнді балақ» деп айқындау, тұрлауы, тиянағы жоқ сансыз, құжынаған ойды аралардың ұясына балау қазақ ақындарында кездесе бермейтін тың оралымдар.
Сондай-ақ ақынның өзгелерге ұқсамайтын тың эпитеттері ерекше көз тартады.
«Күдік ой бұлт сияқты шұбатылған».
...............
«Жарқ етіп сәби қиял шыр еткенде».
...............
«Қиқым ой, құнсыз тірлік қалар қаусап».
Аталмыш мысалдардағы «Күдік ой», «Сәби қиял», «Қиқым ой» т.б. дегендер құбылыстың сыр-сипатын айқындап, анықтайтын өзіндік соны эпитеттер.
Ақындарда өзге көркемдік тәсілдерден гөрі заттың яки құбылыстың сыр-сипатын, белгі-бедерін, қадір-қасиетін, сапа-сынын өзге затпен не құбылыспен салыстыра суреттеу арқылы танытып, айрықша ажар, мәнді мазмұн беріп күшті әсерге бөлейтін терең теңеу түрлері көбірек кездеседі. Әрине, теңеу сапасы, оның көркемдік қуаты ақынның дүниетанымына, өмір тәжірибесіне, тіршілік еткен ортасына, айтпақ ойына авторлық идеясына байланысты .
Ә.Тәжібаев поэтикасында затты, құбылысты суреттейтін көркемдеу құралдарының бірі - теңеу. Өлеңнің эстетикалық әсерін, ой нақтылығын күшейте түсу үшін ақын теңеуді де жиі қолданады. Ақынның аршынды қиялынан туған теңеулер жай теңеулер емес, көркем теңеулер.
Мысалы:
Айтыс - тартыс тоқтамайды қашанда,
Қызықпаймын тұнған судай жасауға.
Адам ұста, келген арнап өмірге,
Бірін бірі граниттей қашауға
...............
Түсінгенге, түпсіз бір тереңдеймін,
Түсінбеске тілсіз бір кереңдеймін.
Құсбегінің көзінде сұңқардаймын,
Атсейістің көзінде тұлпардаймын.
Танымастың көзінде түк те емеспін,
Ондайлардан «Әбекем» демейді ешкім.
...............
Қаршыға өлеңінде
Қаршығам жігіт еді көк желектей,
Еститін құдірет даусын зеңгір көктен.
Жүрісі жолбарыстай жеңіл еді,
Қимылды жібермейтін қыбыр еткен.
...............
Сымбаты солқылдаған көк теректей,
Жүрегі лапылдаған жанған өрттей.
Жарыққа жақындаған үн қосатын,
Ғайыптан аңғарғаны қате кетпей.
Әбділда Тәжібаев поэзиясында кездесетін дәстүрлі теңеулердің кейбір үлгілері мынадай: «Желпілдер ақ борандай», «Оқ тиген жаралы қояндай, аспанға жағылған бояудай», «Отырмын тілсіз бұлттай қалың ой басып» т.б. Кейде ақын қазақтың халық поэзиясындағы дәстүрлі теңеулермен шектелмей, өзіндік ерекшелігі, дара сипаты бар мағыналы образдарды тауып отырады.
Ән де оқ тиген құс сияқты
Жоғарыдан құлайды.
Осы келтірілген жолдардағы теңеу «сияқты» деген көмекші сөз арқылы жасалып тұр. Ақынның әнді жоғарыдан құлаған, оқ тиген құсқа салыстыра теңеуінде анау айтқандай, логикалық байланыс жоқ. Өлең жолдарына ажар, көркемдік беріп тұрған әнді жай құсқа емес, оқ тиген соң төмен құлдилап, құлаған құсқа ұқсастыру.
Ә.Тәжібаев өз ойын, лебізін әсерлендіре, көркемдік бояуын күшейте түсу үшін, алуан түрлі теңеулерді құбылтып қолданады. Ол теңеулерде қазақ халқының ұлттық ойлау жүйесі, әсіресе, әсемдік, сұлулық туралы ұғымы, шалқыған шабыт әсерімен әрлене түседі. Мысалы: «Тозған қайың секілді», «Ойымыз дархан толқыған Ертіс, Еділдей», «Көрінген түс сияқты балалық», «Жаным неге қыңсылайды байлаудағы тазыдай», «Желсіз күнгі жалаудай», «Ойды турап тастаймын бес бармақтай» т.б. көркем теңеулерін де ақын халық поэзиясының әдемі бояуларын ала отырып, оған өзгеше өрнек, жаңаша көрік берген. Ақын теңеулерді тек көркемдік бояу үшін ғана емес, әр өлеңде айтайын деген идеялық түйінін терең ашу үшін жігін тауып шебер қолданады.
«Тағы да өзім туралы» деген өлеңінде:
Таң сәріден, түннен кейін,
Күннен бұрын ояндым.
Жастығымда жатыр басым жып-жылы,
Көжегіндей қоянның, - дейді.
Бұл жыр жолдары шыншылдығымен, бедерлі бейнелілігімен көңілге қона кетеді. Өмірдің бір кезеңі қарттық болса, оның да өзіне тән сипат белгілері бар.
Ал «Жастығымда жатыр басым жып-жылы, Көжегіндей қоянның» деген тармақтағы «көжегіндей» суретті теңеу. Адамның бір дене мүшесі басты «көжекке» теңеуі ақынның қиыннан қиыстырған жаңа теңеуі, өзіне тән тың қолтаңбасы. Демек, Ә.Тәжібаев қарт адамның бітім-болмысын ерекше бір нәзіктіпен түсініп, дәл, нақты, көркем детальмен суреттеп берген.
Тағы бір мысалы:
Түн ұйықтаған қара мысық бейнелі
Жұмсақ қана жылытады денемді.
Әлде біреу көрінбестен тербейді
Ішімдегі ызыңдаған өлеңді.
Көңілім тынған желсіз күнгі жалаудай,
Әлдилеймін сезімімді үркітпей.
Қиялым да қасымда отыр қамауда
Тұғырдағы томағалы бүркіттей.
Осы өлең шумақтарындағы: «Түн ұйықтаған қара мысық бейнелі» тармағындағы «ұйықтаған қара мысыққа ұқсайтын түн» «бейнелі» көмекші сөзі арқылы жасалған күрделі метафоралық теңеу. Екінші тармақтағы «Көңілім тынған желсіз күнгі жалаудай» дегендегі «жалаудай» теңеуі «желсіз күнгі» деген эпитеттің мағынасын нақтылап тұрған суретті теңеу.
Ақынның көркем теңеулері оның образбен ойлауға әбден машықтанғанын, қызу қандылығын, не туралы айтса да, шабыттана айтатынын аңғартады.
Әбділда Тәжібаев – сөзді орайымен қолдануға айрықша көңіл бөлген ақын. Қарапайым сөзді тосын қырынан қолдану, бейнелі түрде жұмсау, оған астар бере сөйлеу – ақындық шеберлігінің салмақты қыры.
Ақынның қолданған көркемдік тәсілдерінің бірі - кейіптеу. Әрине, кейіптеу тәсілінің үлгілері халық ауыз әдебиетінде ерте кезден бар еді. Зерттеушілер айтқандай, ауыз әдебиетіндегі эпостар мен әдет-салт жырларында кездесетін кейіптеулер халық санасының сәбилік дәуірінде, өзін қоршаған табиғат құбылыстарын, жан-жануарларды киелі, оларды ұлығылап, қастерлеуден туғандығы белгілі. Мұндай кейіптеулер көбінесе, жарапазан, бұлт шақыру, т.б. әдеп-салт жырларында, эпостарда кездеседі. Ал, сәбилік сананың есейіп өмір сырларын, табиғат құбылыстарын ұғына, сезіне бастаған дәуірлерде әдебиетте кейіптеулер сирей бастаған. [14,44б]. Өлеңге ерекше әсер, көркемдік дарытатын бұл тәсіл Әбділда ақынның поэзиясында көп қолданылып, оның шеберлігінің сыр сипатын жарқырата көрсетеді.
Табиғатқа тіл бітіру, жансыз заттарды жандандыра суреттеу Әбділда Тәжібаев поэзиясына да тән.
Ақынның көптеген өлеңдері кейіптеудің сан алуан түрлеріне тұнып тұр. Мысалы, «Жел және мен» өлеңінде:
Дедектетіп мені жел,
Жалаңаяқ қуатын.
Кейде шалып құлатып,
Кететұғын жылатып.
Мұнда ақындық қиялдың арқасында тентек жел тірі кісідей құбылады. Ол лирикалық кейіпкерді «жалаңаяқ қуады», «кейде шалып құлатады», «жылатады». Ал Ә. Тәжібаев таң туралы:
Таң кірді тереземнен, мені оятты,
Көрпемді түсіп қалған қайта жапты.
Ысқырып, көшені жел сыпырып жүр,
Жүгіртіп жолда ұйықтаған жапырақты.
Автор атқан таң мен адам тіршілігін байланыстырып әдемі сурет айшықтаған. Оның сипаттауындағы тәуліктің бір мезгілі таң да мейірімді ана сияқты. Ол терезеден «кіреді», ақынды «оятады», «түсіп қалған көрпесін қайта жабады». Ал ішін тартып, ысқырған жел жапырақты «жүгіртіп», «көшені сыпырып» әр түрлі қоқыстардан тазартады. Ал ақынның суреттеу объектісі жапырақтар «ұйықтайды». Құбылту осы жолды әрлендіре түскен, сөйтіп бұл өлеңді Әбділда басқа шайырларға үлгі, тағылым береліктей әдемі картинаға айналдырған.
Оралады көлеңкем етегіме,
Күнде итімдей ереді жетегіме.
Көлеңкесіз түнде мен жалғыз жатам,
Қалады ол жоғалып кетеді де.
Ертең қайта көлеңкем оралады,
Дейді маған түнді ұзақ араладым.
Дейді маған түнімен іздеп сені,
Көрдім кілең түнерген қараларды.
Ақынның көлеңкеге жан бітіріп суреттейді, оны етегіне оралтып, сөйлетеді.
Поэзияның басты шарттарының бірі – ұйқас. Өлеңде ой мен образдылықтың үстіне ырғақ пен ұйқастың жүруі әрбір сөздің мәні мен мағынасын арттырып, тез ұғынылып, өте жақсы сақталуы үшін керек. Әрине, поэзияда ой, образдылықтан ұйқасты бөліп алып қарауға болмайтыны белгілі. Өйткені ойсыз тек сыңғыраған ұйқас поэзия бола алмайды. Ал, белгілі бір ойды бейнелі түрде жекізуге ұйқастың атқаратын міндеті өте күшті. Әрбір сөз өзінің логикалық байланысын берік сақтап, Абай айтқандай, «қиыннан қиысып» келуі шарт.
Қазақтың бай ауыз әдебиетінің ең мол әрі көркем саласы поэзия десек, осы ұшы-қиыры жоқ тамаша мұраның өлеңдік құрылысы жағынан негізінен екі түрде дамып, өріс алғанын көреміз: 11 буынды қара өлең (қайым өлең) мен 7-8 буынды жыр үлгісіндегі өлең. Әрине, халықтың сан ғасыр бойы маржандай теріп, екшеп, әрдайым көркемдей, өткірлей, қастерлей сақтаған бұл нәзік те көркем дүниесі тек осы екі түрмен шектеліп қана қалған емес. Оның өзге де көріне түсіп, ұтымды, ұнамды мүмкіндіктерін танытқан және поэзияның кейінгі дәуірінде жақсы жалғасы мен өрбуін тапқан жекелеген түрлері болды.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998
2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977
3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968
4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975
5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б
6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994
7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.
8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.
9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002
11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.
12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.