СөЖ 1: Халық ауыз әдебиетіндегі шешендік белгілері СӨЖ 2: Жыраулық дәстүрдегі шешендік оралымдар және ұлттық дүниетаным


СӨЖ 2: Жыраулық дәстүрдегі шешендік оралымдар және ұлттық дүниетаным



бет2/2
Дата23.04.2022
өлшемі33,12 Kb.
#32000
1   2
Байланысты:
СӨЖ 1,2

СӨЖ 2: Жыраулық дәстүрдегі шешендік оралымдар және ұлттық дүниетаным
Әдебиетімізде өзінің жанрлық белгі-сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке сала болып дамыған ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі іспеттес ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған. Қазақ жырауларының сан ғасырлық шығармашылығын негізінен үш кезеңге бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірінші топқа жыраулық дәстүрдің негізін қалаған алғашқы өкілдері: Қорқыт, Аталық, (Кетбұға), Сыпыра жыраулар жатады. Бұл дәуір XI-XIV ғасырларды қамтиды. Жыраулықтың қалыптасу кезеңін белгілейтін екінші топқа Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет шығармалары кіреді. Мұның кезеңі XV-XVI ғасырлар. Үшінші топты жыраулықтың әбден толысып, кемелденген кезеңіндегі өкілдері: Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулар құрайды. Бұған XVII-XVIII ғасырлар жатады. Сондықтан бұл кезеңдердің ерекшеліктерін ашып әңгімелеуді, ең алдымен, жыраулық поэзияның бірден-бір көрінісі – толғау жанрының қалыптасуынан бастау қажет дер едік.

Толғау – әдебиетімізде өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, көне дәуірлерде туып қалыптасқан поэзиялық шығарманың бір түрі. Толғау қазақтың «жыр толғау», «толғап айту» деген сөзінен алынып, жеке термин ретінде әдебиетімізде кейінгі кеңестік дәуірде ғана қалыптасты. Толғаулар өзінің табиғи сипатымен жүйелі оқиғасы бар жырға тонның ішкі бауындай жақын, үндес. Бізге жеткен толғаулардың халық , өмірінің, аса бір жауапты, күрделі де қиын тұсында айтылып таралғанын аңғарамыз. Жыраулар толғаған суырып салма жырлар философиялық ойға құрылған тұжырымдарымен де, жеке адам бейнелерін жасаған салиқалы да тартымды мазмұнымен де дараланады. Мұнда ел, жер, халық тағдыры, болашағы жүйелі сөз болады. Осы ерекшелік мұны эпикалық жырларға көп ұқсатады.

Қазақ поэзиясы тарихына көз салсақ, толғаудың дербес жанр ретінде қалыптасуы ұзақ ғасырларға ұласқанын көреміз. Бұған әр тұста әр алуан жыраулар өз әлінше үлес қосып отырған. Соның нәтижесінде бұл жанр дәуір талабына сәйкес қалыпты фольклорлық үлгілерден біртіндеп оқшауланып, суырып салмалық дәстүрдің жаңа сипатты бір арнасын құрайды. Бұл әдебиетіміздегі даралық творчествоның ең әуелде тек поэзияда, оның ішінде жыраулық, ақындық толғау, жырларда тұрақтанып қалыптасқанын айқын аңғартады.

Әрбір әдеби туындылардың алғаш пайда болуы мен қалыптаса дамуы соның авторларының аренаға шығуымен тікелей байланысты десек, толғау жанрының ең алғашқы өкілдерінің бірі деп, ең алдымен, Сыпыра жырауды атай аламыз. Рас, оған дейін де кейбір деректерге қарағанда Ұлық жыршы, яки Аталық жыраудың (XIII ғ.) бар екенін білеміз. Тіпті бұдан ілгері, Шоқан Уәлиханов айтқандай: «Өзгелерге жыр жырлау өнерін үйреткен бірінші жыршы – Қорқыт» та бар. Өкінішке орай, Қорқыт атаның жырлары белгісіз бір себептермен бізге жетпей, оның орнына сол туралы тек үзік-үзік аңыздар мен әпсаналар ғана сақталып қалған. Ал, Ұлық жыршы, яки Аталық жырауға (кейде Кетбұға деп те аталады) келсек, оның «Жошы хан өлгенде әкесінің айтқаны» деген жалғыз жоқтау жыры мәлім. Осы Ұлық жыршы «Оғызнаме» дастанында да Оғыз қағанға жыр толғап, болашақты болжайтын керемет толғаулар айтады.

Дегенмен, әйгілі «Қорқыт ата кітабында» әрбір келелі оқиғаларды баяндау алдында үнемі Қорқыт атынан бірде Дерсе, енді бірде Баяндүр ханға арналып айтылатын сөздердегі «Қорқыт атам сөз сөйлеп, жыр толғады. Бұл хикаяны өзі шығарып , өзі жырлады» деп үнемі қайталанып келетін жолдардың өзінен-ақ оның жырды суырып салып айтқан «Көмекей әулие» – жырау болғаны айқын аңғарылады. Осы баяндаулар өзінің арнау үлгісінде келуі мен ұлағатты мазмұны арқылы да қалыпты жыраулар поэзиясына жақын тұр. Бір кезде толғау түрінде айтылған бұл жырлар кейін қара сөзге айналған тәрізді. Бұлардан Сыпыра жырау жырларының табиғаты біршама өзгешелеу.

Сыпыра жыраудың аты да, толғауы да белгілі бір себептерге орай эпикалық жырлар («Ер Тарғын», т.б.) мен ертегілерде («Құбығұл», т.б.) ғана ұшырасады. Бұларда ол ел-жұртқа қадірлі ақыл иесі, көп жасап, көпті көрген дана, алдын болжағыш абыз, сәуегей кісі болып суреттеледі. Хан да, қара да ақыл таппай қысылып тығырыққа тірелгенде, көпті көрген көне Сыпырадан кеңес сұрайды. Мұның бәрінде де Сыпыра Алтын Орданың белгілі ханы Тоқтамыстың қасындағы көреген биі, кемеңгер ақылшысы ретінде сипатталады. Қазақ жырлары мен ноғай ертегілеріндегі Сыпыра бейнесі бір-біріне табиғи өте ұқсас, көп жасағаннан «адам көрер түсі жоқ, аузында отыз тісі жоқ» сиықсыз да ұсқынсыз қарт болып сипатталады.

Сол аңыз-ертегілер мен батырлық жырларда жиі аталып, «өзінің 180 жасаған өмірінде тоғыз ханды қолынан өткізіп, тоғыз ханды түзеткен» Сыпыра туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Алайда, Сыпыра жырау туралы айтқанда , ең алдымен, білікті ғалым Ә.Марғұлан еңбектерін негізге алған жөн. Ол кісі дала эпостарын жасаудағы жалпы жыраулардың, соның ішінде Сыпыраның ролін өте жоғары бағалай отырып, оны «XV-XVIII ғасырлардағы көптеген қазақ ақындарының көшбасшысы және ноғай-қазақ эпостарын («Ноғайлы жыры») бірден-бір жасаушы кісі», – деп көрсеткен еді.

Заман талабына сәйкес жыраулар қашанда хан қасынан табылып отырған десек, бұған Сыпыра жырау өмірі де айқын дәлел. Ол әр алуан жырларда ең әуелі Тоқтамыс хан мен Ер Тарғын батырды татуластырушы, енді бірде Едіге мен Тоқтамыс арасындағы кек-жанжалды басушы, тағы бірде Тоқтамыс ханға қарсы көтерілген халық толқуын кемеңгерлікпен тоқтатушы данышпан ретінде көзге түседі.

Сөйтіп, жыраулар, көбінесе, өзінің көріпкел, болжағыштық, дана-кемеңгерлік қасиеттері арқылы әр кезеңде белгілі бір ханның қысылғанда , кеңес сұрар ақылгөй жыршысы, салауатты биі болғанын көреміз. Бұған дәлел ретінде көне дәуірдегі Қорқыт пен Дерсе, яки Баяндүр хан, Ұлық жыршы мен Оғыз қаған, Ұлық жыршы мен Шыңғыс ханнан бастап, бертінгі Сыпыра мен Тоқтамыс, Асан қайғы мен Жәнібек, Шәлгез бен, Би Темір, Жиембет пен Есім, Бұқар менен Абылай хандардың іс-әрекет, қарым-қатынастарын атай аламыз. Бұл туралы кезінде: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда , ең алдымен, сөз тапқыш, өткір деген суырылған шешеннен, судырлаған ақыннан алатын. Бұлардың саяси салмағы зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз де олқы болмауға тиіс. Көлденең кісі мін таба алмайтындай, қоржындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болу керек. Бұлар қазақтың жоғарғы табынан шығып, ел меңгеру жолындағы саясат адамдары болғандықтан, көпке айтқан сөздерінің бәрі ел мұңына, ел қамына арналған сөздер болады», – деп М. Әуезов айтқандай, жыраулардың әлгіндей өз бастарындағы артық қасиеттерінен тыс, азулы жуан, саны көп рулардан шығуы да, тіпті өзінің ел тағдыры шешілетін ауыр кезеңдерде қол бастайтын әскербасы – батыр болуы да хан қасынан табылуға мәжбүр еткен. Олардың хан қаһарынан қаймықпай қашан да батыл сөйлеп, шындықты тайсалмай бетке басып айтуы да осыдан. Қазақ тағы «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтелдің шығу төркіні де осы айтылған оймен терең сабақтас. Бұған ақындар өмірі де айғақ бола алады.

Сөз болып отырған Сыпыра тұлғасы үнемі біздегі батырлар жыры мен ертегілердің басты қаһарманы ретінде суреттелу арқылы өзінің жыр толғау мәнерімен де, көреген сәуегейлігімен де қалыпты жырау болып танылады.

Толғаудың қалыптасу кезеңінің ірі өкілдері болып саналатын Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет, Ер Шобандар сол өздерінен бұрынғы қалыпты дәстүрді жалғастырып дамытуға үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде толғау жанры өзге жырлардан табиғаты бөлек жыраулар поэзиясының дәстүрлі де өнімді бір түріне айналады.

Толғау бұл кезеңде өзінің тақырыбының ауқымдылығы мен мазмұнының байлығы жағынан ғана емес, сыртқы құрылыс-түзілімі жағынан да түлеп толысып, халықты толғантқан күрделі мәселелерді жырлау дәрежесіне көтерілді. Осыған орай жыраулардың өз тұсындағы өмір көріністерін көркем бейнелеудегі әдіс-тәсілдері де өзгерді. Олар адам мен адам арасындағы әр алуан имандылық, ізгілік, адамгершілік қатынастарды (жақсы мен жаман, достық, дұшпандық) сөз еткенде, көбінесе, өмірде бар танымал құбылыстарды әдейі салғастыра алып, ойдың ұтымдылығы мен тиімділігін еселеп арттыруға мән берді. Осыған орай сол толғаулардың бір алуанында айтушының оқиғаға қарым-қатынасын білдіретін көңіл-күйі мен сезім-талғамы басым болып отырса (Қазтуған, Доспамбет жырлары), енді бір тобында мақал-мәтел іспеттес, өмірлік қорытынды, түйінді толғам, дидактикалық, әлеуметтік мазмұн сарапталады (Асан қайғы, Шәлгез).

Толғау жанрының қалыптасып, өркен жаю кезеңі жырлары өз атымен келіп жеткен Асан қайғы творчествосынан басталады. Бұл тұста толғаудың әлеуметтік, қоғамдық мәні артып, арнау, дидактика үлгісіндегі жырлармен толыса түсті. Бұған Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің қат-қабат қиындығы мен күрделілігі де елеулі әсер етті. Керей мен Жәнібек бастаған елдің көшіп, Шу бойында жеке хандық құруының өзі өте маңызды мәселе еді. Жырау осы көші – қонға қарсы болса да, болашаққа зор үміт артып, қазақтың алғашқы ханы Жәнібектің (XV ғ.) ел басқару ісіне жиі араласып отырады. Осы мәселелерге сәйкес ол «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің», «Қырында киік жайлаған», «Алты атанға қос артып» атты толғауларын тудырып, ел бірлігі мен іргелі қоныс жайына арнайы тоқталады, ханның мін-кемшіліктерін бетіне айтады. Бейғамдықпен мен-менсінудің, мастанудың жақсылыққа алып келмейтінін ескертеді.

Жайлы мекен, жақсы қоныс, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірді аңсау сол кездегі заман талабынан туған түйінді мәселе еді. Батыстан төнген зор қауіптің болар зардабын Асан қайғы жұрттан бұрын болжап, терең түсінді. Жыраудың «Алты атанға қос артып, тынбай алты жыл қоныс қарауы» да сол болашақ бодандықтың алдын алу болатынды. Асан қайғы құтты қонысқа жаяулап келіп, «өлтірмей жаныңды алатын, бауыздамай қаныңды ішетін» зұлым отаршылдарды шортан бейнесінде сипаттап, мұның әсте болмай қоймайынын, одан құтылудың жолы тек Жиделібайсынға көшу екенін тектен-текке айтпаса керек. Осыны ойламай, «ішкенге мас, жегенге тоқ» Жәнібек ханды жырау өлтіре сынайды. Бұл Асан ата болжаған мәселенің немен тынғанын біздер көріп, бармақ шайнап бастан кешіріп отырмыз. Сол жұмбақтың байламды шешімін кезінде Бұқар жырау да Абылай хан сұрағына орай тап басып шешіп берген еді. Бұған қарсы тұрар, қорғап қалар күштің сол тұста болмағаны жұртқа мәлім. Міне, осы жәйт Асан қайғының «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» атты толғауының тууына себеп болғаны мәлім. «Жау жағадан алғанда, ит етектен» дегендей, қалмақ басқыншылығы да қазақ еліне оңайға түскен жоқ. Көп қырғын, сансыз шығынмен халқымыз бұл күндері тәуелсіздікке ие болып отырса да, сол қауіптің ызғарынан әлі де біржола құтылып кеткен жоқ.

Асан қайғы жырларынан жалпы жыраулар поэзиясына тән белгі-сипаттардың мол ұшырасуы да заңды. Толғамы терең күрделі ойды мейлінше ұшқырлап әрі дәл, әрі ұтымды етіп жеткізу үшін, жыраулар, көбінесе, күнделікті өмірде жиі ұшырасатын танымал көрініс-құбылыстарды өзара салыстыру арқылы өз ойын орағыта жұмбақтап бейнелейтін болған. Рас, адамның сезім күйін табиғат көріністерімен ұштастыра сипаттау әдебиетімізде бұрыннан бар. Мұның әдемі үлгілерін тұрмыс-салт жырлары мен лиро-эпикалық дастандардан да ұшыратамыз. Алайда, әдеби дамудың әр қилы даму көріністері секілді мұның да жаңа, күрделі сипаттармен толысып, кемелдену кезеңдері болатыны даусыз. Сондықтан осы ерекшелік Асан қайғы толғауларында өмірлік құбылыс пен адамдар арасындағы қатынасты бейнелеудің тұрақты тәсіліне айналды. Өзінен бұрынғы жырауларда бұл жалпылық мәннен жекелікке ауысып отыратын болса, Асан творчествосында, керісінше, үлгілі де өсиетті нақты көріністерден үлкен жинақтауларға ойысатынын көреміз. Көбінесе мұндай жинақтаулар жырау көздеген белгілі бір мақсатқа орай дәлелдеуге жатпайтындай ұлағатты шындық ретінде де ұсынылады.

Сөз болып отырған кезеңдегі жыраулар тобынан Қазтуған мен Доспамбет шығармаларын алып қарасақ, бұларда кір жуып, кіндік кескен атамекен мен туған елге деген махаббат, отаншылдық, сезімдер үлкен серпінмен сипатталады. Жыраулар, көбінесе, кешегі мен бүгінгі өмірді, өз басынан кешкен әр алуан ерлік пен қиыншылық сәттерді өзара салыстыру арқылы ой екшегенде, олардың ел мен жерге деген әлгіндей сүйіспеншілігі де нақтылық мәнге ие болып отырады. Айталық, Қазтуған өзінің «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты белгілі толғауында атасы Сүйініш пен анасы Бозтуғанның бірі күйеу, бірі келін болып түскен құтты қонысы – айдынды Еділін еске алып тебірене толғайды. Бұл – өз елін, өз жерін беріле сүюдің әдемі үлгісі деуге тұрарлықтай асқақ жыр.

Ал, Доспамбет толғауларында осы сүйіспендік сарын бастан кешкен өз өмірін еске түсіру түрінде келіп, өскен ел, туған жерге деген ыстық махаббатпен өріледі. Жырау өзі есейіп, ер жеткен оттай ыстық ата-мекенін сыртқы жаудан қорғаудан артық мақсат жоқ деп санап, бүкіл күреске толы өмір жолын еске ала жырлайды.

Доспамбет толғауларындағы секілді асқақ әуен, айқын мұратты сипаттау кейде жыраудың өз бейнесін өзі жасау талабымен ұштасып отырады. Мұндай құбылыс біздің әдебиетімізде бұрын-соңды ұшыраса қоймаған жәйт. Айталық, Қазтуған жырау «мұздай үлкен көбелі екі шекесін» айтумен шектеліп қалмай, өзінің «сұлтандайын жүрісті», «айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені», «қашағанның ұзын құрығы, қалайылаған қасты орданың сырығы», «буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы» екеніне дейін қалдырмай тәптіштеп суреттейді. Мұндай өзінің елден ерек қасиеттерін кейде көтеріп, кейде бәсендете айту ара-тұра Шәлгез (Шалкиіз) жырларынан да ұшырасады. Ол – әдебиетімізде енді ғана туып, орныға бастаған толғау жанрының өркендеп дамуына ерекше үлес қосқан жырау.

Аты аңызға айналып, ғасырлар бойы өз халқымен рухани бірге жасап келе жатқан жарқын тұлғалардың бірі – Асан қайғы. Бұған оның атына байланысты туып, ел жадында сақталған қыруар аңыз, әңгімелер мен жер-қоныс аттары туралы айтылып келген сан қилы сын-сарап бағалары, сондай-ақ, замана жайын толғаған әр алуан өлең, жырлары толық айғақ. Бұлардың бәрінде дерлік Асан өз халқының бақытты болашағын ойлаған ел мұңшысы, жұрттың көкейкесті арманын арқалаған ардагер азаматы кейпінде сипатталады. Сондықтан Асан есімі әр кез «қайғы» деген сөзбен қатар аталып, ел қамын жеген кемеңгер, ойшыл адамның жиынтық бейнесіне айналып кеткен.

Революцияға дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысып, табиғатқа тікелей тәуелді болған елге жұтсыз жайлы қоныс пен шапқыншылығы жоқ еркін тұрмыс, байлығы шалқыған бейбіт өмір қашан да асқақ арман еді. Ел-жұрт «адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы егіз қоздайтын» шұрайлы жер мен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды арман еткенде де, соның бірден-бір жоқшысы деп Асан есімін атайды. Аңыздарда айтылғандай, Асан қайғы жеті жыл желмаяға мініп жер шолып, кең сахараны шарқ ұрып шарлағанмен, елге дәл ойдағыдай іргелі қоныс таба алмайды. Өзі ұнатқан құт-ырысы мол Жиделібайсынға (халық қиялындағы аты – «Жерұйық») ел көшіремін деген ең соңғы үміті де өшіп, жігері құм болып, ақыры күші қайтып қартайған шағында ойлаған арманына жете алмай қаза табады.

Асан тарихта болған адам, алайда оның өмірі туралы нақты тарихи деректер сақтала қоймаған. Халық аңыздарында Асан қайғыны қазақтың бірінші ханы Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүрген адам еді дейді.

Асан қайғы қай ортадан шығып, қай дәуірде, қандай өмір кешкен еді, көп жасаған өмірінде қандай қызмет атқарды, кімдермен істес, замандас болып еді деген сұрақтарға жауап беретіндей бізде нақты тарихи деректер жоқтық қасы. Бұл тұста Асан Қайғының өз толғауларында айтылатын мәліметтер мен сол тұстағы кейбір жырларда келтірілген қосалқы дерек-түсініктерді, Асан туралы сақталған кейбір аңыз, әңгімелерді ғана негіз етеміз. Қалай дегенде де ол әрқилы аумалы-төкпелі тарихи дәуірлерді бастан өткеріп, талай-талай хандардың қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі, болжағыш та білгір биі болғанға ұқсайды.

Осы тұста мынандай дерекке назар аударған жөн. Г. Н. Потанин қорына арналған халық мұралары жинағының ғылыми түсінігінде: «Асан қайғы халық арасында Асан ата аталды. Аңыздарға қарағанда, ол XV ғасырда жасаған. Әйтсе де, Хафиз Таныш ибн Мир Мұхаммед ал-Бухари оның (яғни Асан қайғының) сол тұста Сырдария даласындағы. белсенді саяси қайраткерлерінің бірі болғанын жазады», – деп көрсетілген. Аталған автордың «Абдулланома» атты шығармасында Хасен Хожа Нақып деген кісіні Абдолла ханның тұсында мемлекет басқару ісінде биік мансапқа ие болған, ханның XVI ғасырда қазақ даласына жасаған жорығында оның қолбасшы, сенімді серіктерінің бірі еді деп көрсетілетіні рас. Алайда, «Абдулланома» атты кітапта әңгіме болатын Хожа Нақыпты, біздің пікірімізше, дәл Асан қайғы еді деп тұжырып айтуға келе бермейтін сияқты. Осы орайда, ең алдымен, Абдолла ханның қазақ даласына жасаған сол жорығы XVI ғасырдың аяғында болған оқиға екенін еске алсақ, бұл мерзім Асан қайғы өмір сүрді дейтін белгілі тарихи кезеңнен (XV ғасыр) тым алшақ жатыр.

Асан қайғыны жоғарыдағы Хафиз Таныш ал-Бухаридің кітабында айтылатын Хасан Хожа Нақыппен тарихи бір кісі еді деп жорамал айтқан автор халық аңыздарындағы «Асанның шын аты Хасен екен, ол пері қызына үйленіп, кейін сол қыздан айрылып қалып, соның қайғысынан «Асан қайғы» атаныпты» дейтін әңгіме мен «Хасен мен Ежен хан» атты аңызды негізге алған тәрізді, дегенмен мұның Асан қайғының алғаш Хасен аталғанын білдіретін деректер ғана екені мәлім. Сондықтан біз бұл жорамалды оның тарихи шындықпен қабысу, қабыспау тұрғысынан алып бағалауды жөн дер едік. Бұл тұста біз білетін тарихи Асанды жоғарыда айтылған Абдолла ханның төңірегінен іздегеннен гөрі, оны өзбек-қазақ ұлыстары бөлініп шыққан Дешті-Қыпшақ мемлекетінің ханы Әбілқайыр тобындағы Хасан атты билермен байланыстыра қарау шындыққа әлдеқайда жақын келетін сияқты. Мақсұт бин Осман Кухистанидің «Тарихи Әбілқайыр-хани» атты кітабында Әбілқайыр ханның оң тізесін басқан салауатты билері мен белгілі әскери басшыларының қатарында Хасан-оғлан-би Шынбай және Хасан-би Ұйғыр деген кісілердің аты құрметпен аталады. Асан қайғының есейіп, егде тартқан кезінде Керей мен Жәнібек сұлтандарға еріп, Әбілқайыр ханның тобынан бөлініп шыққанын, кейінірек қазақ халқының тұңғыш ханы Жәнібектің төңірегінен табылып, соның қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі болғанын ескерсек, әлгі айтылған соңғы кісілердің тарихи Асанға бір табан жақындығы ашылып, айқындала түсер еді.

Асан қайғының өмір сүрген дәуірі мен сол кездегі тарихи әлеуметтік мән-жайды айтқанда, қолдағы сан алуан аңыз, әңгімелермен қатар, кейбір тарихи өлең, жырлардағы қажетті дерек, қосалқы мәліметтерді де негіз ете аламыз. Бұл орайда Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархи» атты кітабында келтірген мына бір деректің орны айрықша. Автор өзінің «Асан атаның бір мақалының мағынасы бұл дүр» атты әңгімесінде Асан қайғының «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген сөзінің мәнісін сұраған Абылай ханға Бұхар жыраудың «Ханға жауап айтпасам» деп басталатын әйгілі толғауын келтіре отырып: «Бұл хабар көне адамдардың әрбірінің аузында бар, кәриялардың құлағы қанық өздеріне анық дүр. Құдабай намында бір ағмы (екі көзі су қараңғы, әз) ақын бар еді. 1288-1870 хижрие дуалжиғде IV айында бір жайда мәзбүр ақыннан сұрадым, Асан қайғы кім дүр, оның мақалдарынан білсең сөйле дегенімде, бұ язылажақ өлең ила жауап берді:

Асанның асыл түбі ноғай деймін,

Үлкендердің айтуы солай деймін

Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Ормамбет хан Ордадан шыққан күнде,

Асан қайғы қайғырып айтыпты жыр, –

деп, айтқан екен деп Қошан акам сөйлеуші еді», – дейді.

Бұған қарағанда, ең алдымен, Құрбанғали Халидұғлы Асан қайғының шыққан тегін баяндайтын осы өлеңді Құдабай ақынның өз аузынан естіген болып шығады. Бұдан тыс ол ел жүрегінде ұялаған Асан сөздерінің мән-маңызын айта келіп, Асанның асыл заты туралы Құдабайдың Қошан деген дана және білімді адамнан қара сөз күйінде естіп, оны артынан өлеңге айналдырғанын да баяндап береді. Автор: «Асан атаның бағзы ахуалы, шешендік сөздері үзік-үзігімен қазақ арасында айтылып келеді. Әр сөзінде бір тапқырлық сөз, әр тәртібінде бір мағына бар, онысы түсінуге жеңіл, түсіндіруге қиын заттар емес. Қошан намында бір дана уа білімді адам болса керек.

Қ. Халидұғлы өз еңбегінде Асан атаның бір кезде Хасен аталғанын әңгімелей келіп, жоғарыдағы Құдабай ақын айтқан өлеңге орай өз ойын білдіреді: «Асан қайғы асылы ноғай еміш. Шыңғысханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі», – деп көрсетеді. Бұл «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген көне мәтелдегі Ұлы жүз әйгілі Майқы би болып шығады. Қ. Халидұғлының Майқы биді «ұлан» деп көрсетуіне қарағанда, бұл атақтың біз жоғарыда атаған Хасан-оғлан-би Шынбайда да жүруі кездейсоқ жәйт емес. Олай болса, бұл – біз ілгеріде бөліп атаған Әбілқайыр ханның оң тізесіндегі Хасан-оғлан-би Шынбай тәрізді кісілермен Асан қайғы бір тұлға болуы да мүмкін деген жорамалға негіз бола алатын сияқты.

Ал енді, Құдабай ақын айтқан «Асанның асыл түбі ноғай деймін» деген жырдағы сөзге келсек, мына жәйтті еске тұтқан жөн.

Тарихи деректерге қарағанда, бұл кезең ноғай мен қазақтың бір-бірінен этникалық жағынан біржолата бөлініп, жеке ұлт болып қалыптаса қоймаған кезін аңғартатын сияқты. Біздің көптеген аңыздарымыз бен тарихи өлеңдеріміздің, тіпті бір алуан эпостық лиро-эпикалық жырларымыздың «ноғайлы дәуірі» деп аталатын тұста туып қалыптасқаны мәлім. Осындай туыстық нышан-белгілерді екі ел әдебиетіне бірдей ортақ Шәлгез, Қазтуған, Доспамбет жырларынан да айқын аңғарамыз. Бұл туралы ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов: «Ноғай деген ат жартылай отырықшы елдерден бөліп алу үшін айтылған аты еді. Ноғайды да, өзбекті де – бәрін де ноғай деп атаған. Бірге жасап өмір кешкен ноғай мен қазақ ордасын Жәнібек билеген кезең қазақ жырларында алтын дәуір тұрғысында саналады», – деп көрсетсе, осы пікірді Сәкен Сейфуллин де қуаттап: «Ертедегі батырлар әңгіме-жырлары қазақ атанған елдің ноғайлы болған дәуірінен, немесе «ноғайлы» атын әлі тастамай жүрген дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары», – дейді. Ал, Қ. Жұмалиев осыған орай өз ойын: «Мұндағы «ноғайлы» деген сөзді қазақтан бөлек басқа ел деп түсіну керек емес», – деп түйеді.

Шыңжандық тарихшы ғалым Н. Мыңжани өзінің «Қазақтың қысқаша тарихы» атты еңбегінде Асан қайғыны Алтын Орданың 1445 жылы қайтыс болған ақырғы ханы Ұлығ Мұхаммедтің (Ормамбет) қасындағы ықпалды билерінің бірі, Сарай және Қазан қалаларында билік басында болған әйгілі жырау және философ, ол Алтын Орда ыдыраған соң, қазақ ханы Әз-Жәнібектің қасында болғандығы мәлім деп жазады. Ормамбет ханның қазақ тарихына қатысын кезінде ұлы Шоқан да атап көрсеткен еді.

Асан қайғы туралы аңыз, әңгімелер мен әр алуан деректердің жарық көру мәселесіне келсек, бұл игілікті істің XIX ғасырдың екінші жартысынан басталғанын көреміз. Бұлардың бір алуаны кезінде озық ойлы орыс оқымыстыларының бастыруымен жарық көрсе, енді бір тобы ертедегі қазақ ақын, жазушылары мен тарихшыларының жариялауымен басылып келді. Бұлардың ішінен Я. Лютшь хрестоматиясында басылған Асан туралы ертегі мен Құрбанғали Халидұғлының «Тауарих хамса Шархиындағы» жоғарыда келтірілген құнды деректерді жеке бөліп атаған жөн.

Асан қайғы туралы аңыздар мен жыраудың өз жырлары кеңестік дәуірде ғана үздіксіз жарық көріп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Бұл істе әйгілі жазушымыз С. Сейфуллин жинап бастырған «Қазақ әдебиеті» жинағының алатын орны ерекше. Мұнда ең алғаш Асан туралы кейбір құнды деректермен қатар, оның Әз-Жәнібек ханға айтқан «Қырында киік жайлаған», «Алты атанға қос артып» атты әлеуметтік мәні зор толғаулары жарық көрді. Осы жырларға орай жазған зерттеуінде автор Асан қайғының өмірде болған тарихи тұлға екенін айтып, оны Әз-Жәнібек ханның замандасы, Майқы бидің ұрпақтары еді деп көрсетеді.

Осы жылдарда Асанның Әз-Жәнібек ханға айтқан «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» атты ұзақ толғауы мен әр алуан қоныс-жерлерге берген баға-сындары «Таң» журналында жарияланса, Асан өлеңінің шешімін айтқан Бұқар жыраудың белгілі жыры «Жас қазақ» журналында жарық көрді. Бұл материалдар, сөз жоқ, Асан қайғы шығармаларының жиналып, зерттелуіне жол салды.

Осыған орай Сабыржан Шәкіржанның «Асан қайғы» атты мақаласын бөліп атауға болар еді. Автордың кейбір долбар-жорамалға бейім пікірлерін сын көзбен қарай отырсақта, оның Асан қайғының өмірі мен жасаған дәуіріне байланысты айтқан ойлары елеуге тұрарлық. Әрине, мұның көпшілігі К. Халидұғлының «Тауарих хамса Шархиында» келтірілген деректермен өзара ұштасып жатса да, аталған мақала Асан қайғы өмірінің кейбір қырларын дұрыс ашып көрсеткен. Автор ел болашағын ойлаған Асан өмірінің соңғы жылдарында Ақ Ордаға келіп, одан Жиделібайсын барып қайтыс болған деп көрсетеді. Бұл Шоқан айтқан пікірмен де үндес. Жеті өзеннің аталу тарихын әңгімелей келіп, ол халық аузындағы «Жеті өзенге шейін ел тоқтамас» деген сөз Асан атадан қалған екен» – деп жазады.

- Бұрын бір хан болыпты. Ханның қасында бір қараша кедей коңсысы болған екен. Ханның малының сүмесінен қозы қарын май мен бір қап құрт алған екен. Күзді күні күздеуге қонар мезгілде, қараша: "Ханның бәйбішесі ханымды шақырып алып, осы құрт пен майдын алдын таттырып кетейік. Сонда бізге қалғаны жұғым болар. Ханымға таттырмай кеткен соң берекесі болмас" - дейді.


Ханымды үйіне шақырса, карашаның үйіне кіріп шығуға намыс кылып керіліп, "әне барамын, міне барамын" деп ақыры бармапты. "Құрт, майдың алдын ханымға таттырмай кетпейміз" деп әлгі байқұстар ханымды сарғайып күтіп көп уақыт көшпей отырып калыпты. Күндердің күнінде ханым келе жатса, ханның кісі алатын бурасы оны қуыпты. Ханым сасқанынан, қараша үйге қойып кетіпті. Сонда шал байғұс айткан екен:


Шакырса келмес ханымды,


Бура қуып келтірді.
Қалжы-бұлжы дегізбей,
Тура қуып келтірді.
Бастай көр қатын құртыңды,
Сала көр қатын майыңды, -

- депті. Сол айтқандай, үш рет тойыма шақырдым, келмедің. Ақыры қадірсіз, аяқсыз келдің-ау Асаным!


- Рас айтасың, Әз Жәнібегім. Ойың ұрғашыға ауған екен, - дейді Асан-кайғы. - Өз бойымдағы ағат ісіңе ие бола алмаған жан едің. Сондықтан айтып отырсың, сен өзің неге той қылдың, білесің бе? Бірінші рет той қылдың, қарақалпақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп. Екінші рет той қылдың, Жайық судың бойынан дауыл өтпесе, жан өтпейтін үй салдырдым деп. Оған несіне келейін, - деп Асан жырлап кетті:


- Ай, Жәнібек хан!


Айтпасам білмейсің.
Жайылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа хан жоқтай,
Өзеуреп неге сөйлейсің?
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп.
Он сан ноғай бүлінді,
Мұны неге білмейсің?
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан.
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан.
Мұны неге білмейсің?
Құладың құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүні түледі.
Аққу құстың төресі,
Ен жайлап көлде жүр еді.
Аңдысып жүрген көп дұшпан,
Еліңе жау боп келеді.
Құлың кеп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі.
Асан қайғы жырлары ең алғаш мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарында басылып, жарық көрді. Бұларда Асан белгілі бір дәуірде өмір сүріп, халқының бақытты болашағын аңсаған кісі ретінде аталып, оның өлең-жырлары кешегі өткен ел өмірінің айқын көрінісі тұрғысында бағаланып келді.

Асан творчествосының арнайы зерттелуі қазақ әдебиетінің тарихына арналған алғашқы кітаптың үлесіне тисе, «Қазақ ертегілеріндегі» алғы сөз бен «Қазақ әдебиеті тарихының» соңғы басылымдарында Асан қайғының әдебиеттегі орны мен шығармаларының мән-маңызы ғылыми талдаулар арқылы байсалды бағасын алды. Бұлардағы Асан, ең алдымен, көркем сөз иесі – ақын ғана емес, халық әңгімелерінің аңызға айналған басты кейіпкері де. Ол, көбінесе, көшпелі елге ырысы мол құт-береке болатын шұрайлы қоныс іздеп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» мамыражай заманды аңсаған жұрт қамқоршысы болып сипатталады. Сондай-ақ, ол бұл аңыздарда қазақ елі мекендеген қоныс-жай, жер-сулардың аса білгір сарапшы, сыншысы ретінде де, халықтың ертеңгі болашағын ойлаған асқақ гуманисі тұрғысында да бой көрсетеді.



Ә. Марғұлан өзінің «Қазақ халқының поэтикалық көне мәдениетінің сақтаушылары туралы» атты мақаласында Асан қайғы мен Бұхарды әйгілі Сыпыра жыраудың бірден-бір мұрагері, Қорқыт, Ұлық жыршы, Аталық, Сыпыралар негізін салған жыраулық дәстүрдің ізбасар, жалғастырушылары еді деп жазып, оның Сыпыра жырау секілді кезінде эпикалық жырлар тудыруға да үлес қосқанын атап көрсетеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет