СӨЖ 9
Шортанбай – патшалық отарлау саясатын әшкерелеуде реалистікпен жырлаған сыншыл, ойлы суреткер ақын.
Шортанбай – XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын өзіндік сөз өрнегі бар өнерпаз.
Шортанбай Түркістан жерінде Қаратауды жайлаған шаруа Қанайдың семясында дүниеге келген. Жас шағынан мұсылманша оқып замандастары қатарлы білім алған. Өзі туған топырағында оқып білім алған зерделі жас өнерлі, өнегелі өлке мәдениетін жете игеруге талаптанып, парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте ілескен. Қазақтың әрі астанасы , әрі әулиелік орны ретінде танылған Түркістанның берер тәлімі де, әсері де мол еді. Көкірегі ояу, көркемдікке әуес, сезімтал жас естіген есті сөздерін құлағына құйып, көрген ғажайыптарын ойына орнықтырып, шама-шарқынша ақылға салып, санамен салмақтайды.
Мұсылманшылдық жолындағы оқудың нәтижесі оның қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарақаралыға қарасты Бесата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударуға тура келеді. Одан кейін Аюлы-Ақсу бойын қоныстанған Жанғұтты бидің қарамағынан шағын мешіт салдырып, медресе ашады. Ер жетіп, еркінше еңбек етуге бел буған талабы зор, талғамы қалыптасқан Шортанбай жаңа ортаға, өзге өлке жағдайына кезігеді. Адамдары шетінен ділмар, сауыққой, әнші, жыршы, өлеңші келетін. Сонау Қаздауысты Қазыбектің ізін басып жалғасып жатқан билер тобының өнерлерінің өзі қандай?! Бұл өлкеде Ақан мен Біржанның, Мәди мен Ыбырайдың әндерін салмайтын қыз бен жігітті кездестіру де қиын. Тәттімбет пен Қазанғаптың күйлері қандай ойлы, сырлы? Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбайлардың ақтарылған ақпа жырлары ше? Ғажап дүние! Не деген байлық? Өмірдің қызығы, мән-мағынасы деген осы емес пе?!
Жас ишан үшін бұл – ерекше өмір болатын. Жігіт жасындағы Шортанбай мешіт ашып, діни жұмыс атқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды. Жастық шақтың қызығы оны ойын-сауыққа жетелейді. Ел толған төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жырлары өнерге әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына жағады. Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден көрі төкпе ақын атап кетеді.
Қазақтың бір өлкесі бір Шортанбайды тақуа ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп шығарды. Асылы, адамды – жасаған ортасы тәрбиелейді, — дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, жетілу жолы бірден-бір куә.
Шортанбай — өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы XIX ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей-кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері.
Шортанбай ақындығының дәуірлеген тұсы қазақ елі дағдарысқа душар болған аса ауыр кезең болатын. Ең алдымен, туған ел Россия патшалығына отар, тәуелді, бұратана өлке боп, өзінің иелігімен мүлде айрылған-ды. Отаршылар өктемдігі күн санап өршіп, ел еңсесін зар мен шерге толы мұң басты. Қазақ ең әуелі ел билігінен айрылды, одан соң жер-су, қоныс қысымына ұшырады. Мал-жан есепке алынып, оған да қауіп – қатер көбейді. Халық басына ауыр күн туды. XIX ғасырдағы тарихи ұлттық қозғалыстардың қандай қасіреттерге ұшырағаны мәлім. Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай, Есет пен Бекет, Жанқожа мен Құлбарақ, Науша мен Сүйінқара, Саурық пен Сұраншы, т.б. батырлардың қанжығалары қандады. Жоңғар шапқыншыларынан жадап-жүдеп, бірлігі мен тірлігін қалыптастыра алмай, ыдырап жатқан әлсіз өлкені патша өз қарамағына оп-оңай көндірмек болған еді.
Тап осындай әлеуметтік жағдайда өмір сүрген жазушының халқына берер кеңесі қандай болуға тиіс еді және оны Шортанбай дұрыс танып, тап басты, еліне-жұртына қамқор болады. Шортанбай — өз заманының шындығын ақтара ашып, оған өткір сын айта білген көреген суреткер. Бізге жеткен шығармаларының жалпы сарыны бұған толық куә бола алады.
Шортанбайдың шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегіне кейбір жинақтарда баспа бетін көре бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Көрсетілген жинақтарға ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Байды құдай атқаны», «Атамыз Адам пайғамбар», «Өсиет-насихат сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға», т.б. енген. Қазан қаласының өзінен Шортанбай шығармалары әр түрлі атпен жарық көріп жатты. Оның шығармаларын, әсіресе, патша отаршылығына қарсы қауым, ұлттық тәуелсіздікті жақтаушылар, мұсылманшылықтың сойылшылары құшағын жая қарсы алды. Шортанбай кітаптарының негізгі сарыны олардың көкейіне бірден ұялады. Қаналып, тоналып, қорлық көріп жатқан басқа тәуелсіз халықтар да Шортанбай шығармаларына құлақтарын түрді. Өздерінің ойынан шыққан ақын сөздері жатталып, елге жайыла түсті.
Шортанбай шығармалары жиі-жиі қайталанып, баспа бетін көргенімен, жалпы көлемі көп емес. С. Мұқановтың есебі бойынша, бар болғаны 1500 жолдай.
Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар, т.б.
Ең алдымен, Шортанбай — өз дәуірінің шынайы сыншысы. Қазақ қоғамын билеп төстеушілерге, отаршылар билеген заманның бет алысына наразы ақын. Ақынның бағалауынша, ол жасаған заман бұзылған, зарлы-шерлі тар заман
Мынау заман қай заман –
Азусызға тар заман.
Азулыға бар заман… –
Шортанбай өз тұстастарын оларда иман жоқ, ұятсыз, арсыздар, құдайға да күнәкерлер деп сынайды. Патша үкіметіне берілген қазақтың опасыз би-болыстарын, елубасы старшындарын, дүниеқоңыз қайырсыз байларын, ақшаның құлы жылпостарды өткір сөзімен түйрейді.
Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алыпсатар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді, оларды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты елдегі қайғы-қасіреттің де шынайы суреті жасалады.
Арам арсыз жан шықты,Мініп көрер күші жоқ,
Қайыры жоқ бай шықты.Ақша деген мал шықты
Сауып ішер сүті жоқ,
Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім екенін көрсетеді. Шортанбай жасаған заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет көрсету екіталай. Біздіңше, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Ел-жұртының қасіретін арқалап, бойындағы бар күшін сол үшін сарп етті. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет етіп, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі.
Ақынның түсінігі бойынша адам ең алдымен өзінің үй іші, бала-шағасы қамын қарастырмақ. Сол үшін ол кәсіп етеді, мал өсіреді, дала кезеді. Ұрпағын адалдыққа тәрбиелейді:
Елін, жерін аман боп, ұрпағың халал (адал) өссе, ол азамат үшін ғанибет, үлкен жақсылық. Ол үшін жағдай, құнарлы өлке, төзімді орта, ел-жұрт тыныштығы, береке-бірлігі қажет-ақ. Қазақтың бұрын-соңды ел боп, жауларын бетіне қаратпай, тәуелсіздігін сақтап келгені де осыдан еді, — дейді.
Шортанбайдың шығармаларының негізгі арқауы деп, оның жырларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. Адамгершіл ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өзінің зор мақсаты санағандықтан болу керек. Ақын әр тұста терең толғап, өрнекті де, өнерлі сөз термелейді. Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады. Шортанбайдың өлерде айтып кеткен өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның басшы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз атынан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады. Бір мысал:
Сәлем айттым бәріне Бауырлас туған ініме,
Қызмет етіп жүріңдерЖұрт тамаша болушы еді,
Басшы, біткен кәріңе…Жалғыз ауыз сөзіме,
Дүние ыстық көрінді,
Құрғыр менің көзіме…
Ақын 1881 жылы қазіргі Қарағанды мен Жезқазған облыстарына қарасты Шет ауданы жерінде қайтыс болды. Ол — өлерде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен. Ақын көз жұмғалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, оны халық қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |