3. «Бабырнама» - Абай оқыған тарихи әдеби естелік шығарма, ортағасырлық Азия халықтарының аса қымбат жазба ескерткіші. Абай «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегінде Алаша хан жайлы деректерін «Бабырнамадан» алғанын айтады.
4. Бақырғани Сүлеймен - (12 ғасырдың 2 жартысында өмір сүрген) - орта ғасырдағы көрнекті қазақ ақыны, ғалым ойшыл. Бақырғани Абайдың жас кезінде көп еліктеген ақындарының бірі, рухани ұстазы. Жас ақын медреседе оқып жүріп, Бақырғани шығармашылығына қанық болды, медресенің негізгі оқу құралы болған «Бақырғани» кітабын оқып, жаттап өсті, ұлы ақынның адамгершілік, биік парасат, асқақ махаббат сезімін жырлау мәнеріне еліктеді. Абайдың «Білімдіден шыққан сөз» өлеңінің алғашқы төрт жолы қара өлең ұйқасымен келеді де, одан кейінгі шумақтары Бақырғани поэзиясына тән өлшеммен (-а, – а, – а, -б) жазылған. Бақырғани шығармашылығына тән шығыстық белгілер Абайдың махаббат лирикасында, дидактикалық өлеңдерінде, қарасөздерінде де кездеседі.
5. Бекер мал шашу – Абай шығармаларында қолда бар қаржы мен мал-мүлкін дұрыс пайдалана алмайтын, өз пайдасын білмейтін адамдарды сынға алған. Босқа, мақсатсыз қаржы жұмсайтындарды, «орынды іске жүріп, ой таппаған, не болмаса жұмыс қып, мал таппағандарды» сынай келіп: «қасиетті болмайды ондай жігіт, әншейін құр бекерге бұлғақтаған» деген тұжырымға келеді.
6. Еңбек – Бұл дүниедегі құдіретті күш діни ұғымда құдай болса, ғылыми ұғымдағы бірден-бір жасампаз ұлы күш - Еңбек. Абайдың тұжырымынша әуелі құдайға сиынып, сонан соң өз қайратына сүйеніп еңбек еткен адам нағыз азамат болып саналады.
7. Еріншек.Абайдың түсіндіруінше: «еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны». Отыз сегізінші қара сөзінде ақын: «Күллі адамды қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі - надандық, екінші - еріншектік, үшінші - залымдық...» деп адам баласын қор қылатын жағымсыз қылықтардың бірі еріншектіктің зияндылығына ерекше
тоқталады.