8. Дюма Александр - (1802 - 70) – француз жазушысы. М.Әуезовтың айтуынша Дюманың «Үш ноян», «Жиырма жыл өткен соң», « Патша қатын Марго», «Генрих Наварский» туралы трилогиясы Абайға да таныс болған. Абай оқыған бұл кітаптар ақынның Семейдегі әдеби - мемориалдық музейінде сақтаулы.
9. Жан қуаты - Абайдың Қырық үшінші сөзінде арнайы түрде тоқталып, ерекше мән бере қарайтын ұғымы. Жан қуатының дамуы тікелей жанның жибили қуаты арқылы жүзеге асып отырады. «Жан қуаты дейтұғын қуат - бек көп нәрсе»,- деп ескертеді де, солардың ішінде үш артық қуат бар: подвижной элемент, сила притягательная однородного, впечатлительность сердца. Бұларды жоғалтуға болмайды деп ой толғайды.
Абай пікірінше, өнер, ғылым, білім, ақыл атаулы рухани құбылыстардың бәрі де Жан қуаты арқылы сыртқы болмыстан туындайтын заңды құбылыстар.
10. Жанның жарығы - Жетінші сөзіндегі «Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» деген пікірі жанның жарығы деген ұғыммен астасып жатыр. Мағынасы жағынан алғанда адамның сыртқы дүние сырын танып - білуге қабілетін адам бойындағы жан қуатына қарай меңзеу басым.
11. Жанның жибили қуаты. Абай адам ырқынан тыс болатын табиғи қажеттілік (тән құмары, тән қуаты) пен өсе келе пайда болатын рухани қажеттілікті (жан құмары, жан қуаты) бірлікте, өзара тығыз байланыста алып қарайды. Яғни жанның жибили қуаты деп тән мен жанның орталығында болатын психикалық құбылысқа жатуымен бірге, ол жан қуатының кәсіби межесіне дейінгі жан процесінің әрекетін айтамыз. Абайдың пікірінше, ақыл мен ғылымды (кәсіби) меңгеру жолында жанның жибили қуатын танып білу, соған сүйеніп әрекет ету - басты шарт.
12. Заһири ғылым - Абайдағы заһири ғылымның мағынасы сыртқы ғылымдар дегенді аңғартады. Сыртқы ғылымдар саласына жаратылыстану ғылымдары мен техникалық ғылымдар тобын жатқызады. Заһири ғылымдар саласы мен оның түрлері Абай шығармаларында көрініс тапқан.
13. Зере (1785-1873) - Құнанбай қажының анасы, Абайдың шешесі. Зеренің азан шақырып қойған аты- Тоқбала. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізеді. Мейірімді Зере немересіне Абай деген аяулы ат қойса, туған анасы мен кіші шешесі Ибраһимді Телғара деп атаған.