С.Елубайдің «Ақ боз үй» романы шындықты шынайы бейнелеген шығарма. «Романның міндеті – сол күндердегі дəурен мен тарихи оқиғалардың үстін үймелеген кездейсоқ жəйттарды сылып алып тастап, олардың түпкі сырына – жанды идеяға сүңгіп, бытыраңқы, сыртқы жайттарды ақыл мен парасаттың елегінен өткізу, екшеу». «Ақ боз үй» романына 1928-1933 жылдардағы нəубеттің, зобалаң əкелген жылдардың нақты көріністері арқау болған. Шеге мен Хансұлудың линиясы романның жүйелі сюжетін құрап, халықтың басынан өткен қасіретті жылдары мен ауыр күндерді жан-жақты суреттеген. Қаламгердің қайсар батылдығынан, керек десеңіз, батырлығынан туған шығарма адамды баурап алары сөзсіз. Сізді бұл шығарма сол уақытқа алып барып, Хансұлудың қайғысы мен Пахраддиннің мұңдасына айналдырады. Егіліп отырып еліңнің басынан өткен оқиға мен жерініп отырып жем болған еліңді аяп, əрі-сəрі күйге түсіріп, тарихтың еншісінде қалған нақты шындықтарды жайып салады. Біріншіден, бұл тарихи шындық, əрине, бізге тарих оқулығынан ашаршылық болған жоқ, тек 30-шы жылдары асыра сілтеу болды деп қана оқытты. Коммунистік партия бастаған жүйе осы бір ұлттың басынан өткен қасіретті бүркемелеп, жоққа шығарып, архив деректерін жойып, халықтың сөзін сөйлейтін қаламгерлердің аузын жабуға, бұл трагедияны ұмыттыруға тырысты. Оның себебі 1921 жылғы да, 1932 жылғы да ашаршылық осы Коммунистік партияның қолдан ұйымдастырған ашаршылығы болатын. Қолдан жасады дейтініміз, Голощекин басқарған Қазақстан Коммунистер партиясы əртүрлі жоспарларды орындауды сылтау етіп, халықтың қорасындағы малын, қамбасындағы дəнін, тіпті асып отырған қазанын төңкеріп алып кетіп, елге зорлық-зомбылық көрсетті. Коммунистік партия халықтың басынан өткен осындай ұлы қасіреттің ұлы шындығын жасырмақ болды. Бұл ұлы зұлматтың шындығын жазу жазушының бала жастан мақсаты болған, университеттің 1-ші курсында оқып жүргенде бір романның жобасын жасап, əдеби тəжірибесінің аздығы себепті оны кейінге қалдырып, жасы 35- ке келген кезде ғана бұл тақырыпқа шындап кіріскен. Сөйтіп 1982 жылы осы Алматының батыс жағындағы Ақсай дейтін сайдағы бір бұлақтың басына шопан ағасының киіз үйін тігіп қойып, үш жыл бойы жалғыз жатып, «Ақ боз үй» атты қазақ əдебиетінің жалпы 30-шы жылдардағы ашаршылық жайлы тұңғыш романын жазуға отырған. 1985 жылы кітап жазылып бітті, бірақ бұл Компартияның көзі тірі кезі, сол себепті баспа мұның тақырыбынан шошып, оны ешқандай «темпланға» кіргізбеді. Қашан Компартия құлағанша кітап шықпай жатты, 1990 жылы ғана Совет үкіметі құлаған кезде жарық көрді.
Адамның басқа тіршілік иесінен басты айырмасы – сөз бен саналы іс-әрекет десек, Смағұл Елубайдың жалын атқан отты шығармашылығында қайратты ерлігі де қатар жүреді. Жазушының шығармалары – қазақ әдебиеті тарихындағы ерекше құбылыс.