Байланысты: Көне түрк дәуірінің жазба ескерткіштерінде
Көне түрк дәуірінің жазба ескерткіштерінде oγuz >оғыз, üč oγuz > үш оғыз , toquz oγuz > тоғыз оғыз, sekiz oγuz > сегіз оғыз, on oq > он оқ , bayïrqu> байырқұ , toquz bayïrqu> тоғыз байырқұ, türügeš> түргеш, qarluq> карлұқ, üč qarluq> үш карлұқ, qurïqan> құрықан, üč qurïqan> үш құрықан, basmïl > басмыл, qïrqïz> қырғыз, čik> чік, yagma>йағма, uyγur> ұйғыр , on uyγur> он ұйғыр сияқты түрік тектес ру-тайпалар, otuz tatar> отыз татар, toquz tatar> тоғыз татар , qitaŋ> қытан, tatabï> татабы, söŋüz> сөңүз сияқты көшпелі моңғол, тұңғыс тектес этностар да аталады. Сонымен қатар, tabγač > тауғаш[1]-қытайлар, apar > апар, аварлар, tüpüt>түпүт, тибеттіктер, purum> пұрым, рим византиялықтар, taŋut > таңұт, таңғыттар, tajik>тажик араб-иран тектес тайпалар, soγdaq> соғды, altï čub soγdaq >алты аудан соғдылар, toqar >тоқар сияқты жат елдер де аталады. Еуразиядағы номадтардың екінші империясы Түрік Елінің негізін қалаушылардың бірі Бұмын қаған болды. Ол 542-551 жылдары билік құрған. Бұмын қаған жайында Күлтегін, Білге қаған бітіктастары мәтінінде: Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде «қоңыр» жер жаратылғанында, ол екеуінінің аралығында, кісі ұлдары (адамбаласы) жаратылды. Кісі ұлдарының (адамбаласы) үстіне ата-бабамыз Бұмын қаған, Естемі қаған таққа отырды. Билікте отырып Түрік халқын, Елдігін, төрелігін-билігін бекем ұстай білді, жеткізе берді» (Базылхан, 2005. 50-65) деп сол кездердегі алғашқы түрік қағандарының саяси тарихын баяндалады. Бұмын қаған 546-551 жылдары «теле»[2] (tegrek> terek -«киіз үйлі биік арбалылар» деген мағынадағы көне түрік сөзі) деп жалпылай аталатын қазіргі орталық Моңғолиядан Каспий теңізі аралығында мекен ететін іргелі 50-ге жуық түрік тайпалар одақтарын өзіне бағындырады. Сонымен қатар, Түрік Елі империясы өзінің әскери-саяси билік аумағын одан ары ұлғайтып, шығысы Корей түбегіне дейін аймақты иеленді, қыдан, кумоси, шивэй елдерін басып алды, батыста эфталиттерді жеңіп, Каспий теңізіне жетіп, солтүстігі Байкөл, оңтүстігі Шантұн жазығы аққамалға ұласып, ұлан-ғайыр жерлерді бағындырып алды. Сөйтіп, 552 жылдан бастап Түрік Елі саяси-экономикалық тұрғыдан сол кездердегі Византия, сасанид Иран, Тауғаш-қытай мемлекеттерімен шығыс пен батысты байланыстырған сауда-саттық «жібек» жолына иелік ете бастады, түріктердің ұлы империясы тарих сахынада зор рөл атқара бастады. Бұмын қаған 545 жылы қытайлық шекара аймақтардағы сауданы кеңейту мақсатында соғдылық Ань Нопаньтоны елші етіп, Батыс Вэй патшалығына мол сыйлықтармен жібереді. Жұжандар мен Шығыс Вэйден үрейленіп жүрген Батыс Вэйліктер 551 жылы Чанло ханшайымын Бұмынға тез арада ұзатып жібереді. Сол жылдың аяғында Батыс Вэй патшасы Вэй Вэньди қайтыс болады. Бұмын оған көңіл айтып елші аттандырып, 200 жылқы сыйға жібереді. Бұмын, 552 жылы Жұжан мемлекетінің қағаны Анагуэйге қарсы «қыз айттырмақ» сылтаумен елші жібереді, болымды жауап алмаған соң, әбден қуаттынып алған ол жойқын жорық жасап, қазіргі Ішкі Моңғолия жерінде оларды ойсырата жеңіп, жаулап алады. Жұжандардың қалған бөлігі Анагуэйдің ұлы Яньлоченмен қытайдың Солтүстік Ци мемлекетіне қашып, бас сауғалайды. Сөйтіп, 552 жылы қазіргі Моңғолияның Орхон өзені бойында ақордасын бекем орнықтырып Бұмын қаған Ел қаған атағына ие болады, көп ұзамай кенеттен қайтыс болады. Оның билігін үлкен ұлы Қара қаған жалғастырады. Қара қаған, жұжандардың ханы Анагуэйдің немере ағасының ұлы Тэншуциді Ордостың Мұлай тауында тағы да жеңеді. Қытай жылнамалырында ол Батыс Вэйге елші жіберіп, 50 мың жылқы бергендігі айтылады. Мұншама көп жылқыны не себептен ұсынғандығы жайында деректерде айтылмаған. Дегенмен бұл Батыс Вэйліктермен жылқыға жібек айырбас саудасының жалғасы болу керек. Қара қаған да көп ұзамай 553 жылы қайтыс болады. Қара қағанның кейін қаған тағына Бұмынның екінші ұлы Мұқан қаған 553 жылы отырады. Оның билігі кезінде (553-572 жж.) көне түріктер жұжандарды, қыдандарды, қырғыздарды, тұйығындарды толық иелігіне алды. Бұл кезде Мұқанның қол астында 100 мың атты әскер болды. Мұқан қаған, қытайлық Батыс Вэй мен Солтүстік Ци мемлекеті аралығындағы кикілжіңді ұтымды пайдаланып, үздіксіз жорықтарды ұйымдастырумен қатар, екеуіне де жеке-жеке елшілерді жіберіп, сый тарту жіберіп тұрды. Ал қытайлықтар болса, түріктермен бір де «құдандаласу» амалын іздестіріп, бір де байырғы қорғанысы аққамалдарына жөндеу жұмыстарын асығыс жүргізіп жатты. Батыс Вэй патшалығы Мұқан қағанның билігі кезінде 100 мың бума жібек мата сыйға тарту етіп «бейбітшілік келісімге» шақырады. Ал, Солтүстік Ци мемлекеті түріктерден үрейленіп, мың жарымнан астам шақырым аққамал құрылыстарына жөндеу жасап әлек болып жатты. Батыс Вэй патшалығы орнына 557 жылы Чжоу патшалығы құрылады. Чжоу патшасы Минг түрік елшілеріне жібек мата, бақыр тиындарды сыйға тарту етеді. Мұқан қаған үш рет жіберген елшілері де жылқы малдарын қытайлықтармен саудаласып олжалы қайтады. Чжоу патшалығы Солтүстік Ци патшалығымен өзаралық қырқыстарына түріктерді пайдаланғысы келіп Мұқан қағаннан әскери көмек көрсетуді сұраған еді. Дәл соғысуға келгенде 563 жылы қытайдың екі патшалығы бейбіт келісімге келісіп қойған соң, Мұқан қаған аққамал ішінен қайтарда түрік әскерлерін еркіне жіберіп, барынша тонап қайтуды бұйрық етеді. Бір айдан соң тағы да солай істейді. Бұдан үйреленген Чжоу патшасы Мұқан қағанға елші жіберіп, қызын сұрап, бейбіт келісімге келуді өтінеді. Мұқан қаған да 568 жылы қызын Чжоу патшасы Вудиге ұзатады. «Ачына» (Бөрі) ханшайым деп аталып кеткен Мұқанның қызы 582 жылы ауырып қайтыс болады. Бұл кездерде қытай ордасында мыңнан астам түріктер тұрақты отыратын болды да және Чжоу патшасы түріктерге жыл сайын салық ретінде 100 мың бума жібек матаны салық ретінде беріп тұрды. Мұқан қаған қайтыс болған соң оның інісі Татпар 572 жылы қаған тағына отырады. Бұл кезде Түрік Елі одан ары қуаттанған еді. Түріктерге қытайлық Чжоу патшалығы жыл сайын мыңдаған бума жібек мата салық ретінде беріп тұрды, ал Чи патшалығы өз қазыналарын әбден сарқып түріктерге салықты аяусыз төлеп тұрды. Сондықтан да, Татпар қаған « менің оңтүстіктегі екі ұлым (« қытай вассалдарым») маған адал болса болғаны, олар бар да тапшылық көрмеймін» деп мақтанған еді. Татпар қаған 572-582 жылдары билік жүргізген кезінде Түрiк Елі жұжандар, эфталиттерді бағындырған, византия, сасанид, табғаш-қытай мемлекеттерiмен саяси-дипломатиялық қатынас орнатып, олардан алым-салық алып тұрған «жiбек жолындағы» құдыреттi империяға айналды. Есбара қаған (Шаболюе) 581-587 жылдары билік құрған кезінде батыс түріктер мен қыдандар одақтары ордалық шығыстағы түріктерге шабуыл жасай бастады. Бұл да түрік империясының ішкі алауыздығы мен сыртқы саяси ықпалдардан өршіген күрделі кезеңдері болатын. Шиби қаған (609-619 жж.) империяның қуатын арттыруға күш салды, Суй патшалығының ішкі дағдарысы өршіп тұрған кезеңінде әскери күшін одан ары нығайтты. Қытай жазбаларында «олардың саны 1 млн болады» деп кездеседі. Шиби қағаннан соң билікті оның інісі Хели (Сері) қаған қолға алды. Хели («Ел») қағанның (620-630 жж.) тұсында түріктер Қытайға жорық шабуылды мейлінше мол жүргізді, тіптен қытайлықтардың ішкі саяси ахуалына да әсер етіп, көп ұзамай Суй мемлекетінің құлдырауына, Тан мемлекетінің (618-907жж.) іргесін көтеруіне қатты ықпал етті. Таң мемлекеті түріктердің жорық шабуылдарына қарсы маңызды ештеңе жасай алмайтын болған соң, әуелі түріктерге мол сыйлықтар мен алым салық төлеу арқылы күн көріп жатты. Дегенмен, Тан мемлекеті бекінген соң түріктерді жаулап алу саяси амалын қарқынды түрде жүзеге асыра бастайды. Тан патшасы Ли Ши Минь түрік қаған, билік тұлғаларының өзаралық қақтығыстарын ұтымды пайдаланып, 627-629 жылдарғы жұт салдарынан кейін әлсіреген біршама түрік ру-тайпаларды өзіне бағындырып, 630 жылы Хели қағанды тұтқынға түсіріп алып, елі мен жерін толық иемденіп алады. Бұл түріктерді жаулап алу үшін көптен бері армандаған қытайлықтардың зымиян отарлау саясатының жүзеге асқандығы еді, осы кезден түріктер қытайлықтардың қол астында 50 жыл бодандықта болды. Гоби шөлінен солтүстікке Байкөлге дейін, Алтай, Ханғай жерлерін мекендеген Сеяньтолықтарға түріктер бағынатын болды. Түрік әскерлерін Тан мемлекеті сыртқы, ішкі әскери жорықтарына және шекаралық күзеттеріне еркін пайдаланатын болды. Түріктер қытайдың отарлау саясатына қарсы өз тәуелсізідігі үшін жиі-жиі көтеріліс жасап келді. Аталмыш көтерілістердің ең соңғысы дерлік, 682 жылғы Құтлық, данышпан Тонықұқ басқарған түріктердің көтерілісі жеңіске толық қол жеткізді. Олар Тан мемлекетінің ішкі тақталастары мен Тибетке қарсы сыртқы жорықтары кезеңін саяси тұрғыдан дұрыс бағамдай білді және қытайлықтарға қарсы тура шабуыл жасамай, әуелі тоғыз тайпалы ұйғырларды бағындырып, одан Ордостан шығысқа қарай шекара бекінісітеріне кенеттен тойтарыс беріп әскери күш қуатын ұлғайтып бекемдеп алды. Одан Құтлық, Ханғай тауы Орхон өзені бойындағы ордасында Түрік Елінің егемендігін паш етіп, көк туын көтеріп, Елтеріс («елді теруші, ел жинаушысы») деген атақпен қаған атанды. Елтерістен кейін қаған тағына оның інісі Қапаған (693-716жж.) отырады. Оның кезінде Түрік Елі империясы айтарлықтай қуатты дәрежеге жетті. 693-706 жылдары түрік жауынгерлер Сары (Хуанхэ) өзенді кешіп өтіп солтүстік қытайға алты дүркін жорық жасайды. Тауғаш-қытай патшайымы У цзи-тян Қапағанның жорықтарына қарсы тұра алмай, бейбіт келісімге шақырып оған аса мол сыйлық беруге мәжбүр болып, шынтуайында жыл сайын алым-салық бере бастайды. Түріктер 696-697 жылдары Қыданды жаулап алады, сөйтіп қытай әскерлерінің Хянған тауының оңтүстігінен шабуыл жасау жолын жауып, империяның шығыс шекарасын тыныштандырады. Қапаған қаған 701 жылы Білге, Күлтегінмен бірге батысқа жорық жасайды, түріктер Алты Шу соғдыларға, Таңғыттарға жорық жасап, оларды бағындырды. 705-709 жылдары түріктер мен тауғаш-қытайлықтар арасында бейбіт келісім орнатылды. Осы жылдары Білге мен Күлтегін екеуі, Байкөлдегі Байырқұларды, Кем өзенін кешіп өтіп Чек, Аз халқын жаулап алады, Тонықұқтың басқаруымен Көгмен тауынан асып (Тагна) Қырғыздарды бағындырады. 710-711 жылдары Алтай тауын асып, Ертіс өзенін кешіп өтіп, Жетісудағы Түргеш мемлекетіне жорық жасап, оларды қол астына қаратқан соң, одан ары Сырдарияны кешіп өтіп, Тохаристанға жетеді. Алайда, Самарқандта арабтармен болған соғыста әскери күштің жетіспеушілігінен жеңіліске ұшырап, ақыры 713 жылы Бешбалықты қоршап алып, алты рет шабуыл жасап бағындыра алмай кері Орхон бойындағы ордасына қайтады. 713-716 жылдары Тоғыз оғыз, Едіз, Үш Оғыз, Қарлұқ, Басмыл, Аз, Езгіл, Ұйғыр, тайпалық одақтарды бағындыруда, империяның тұтастығын сақтауда Күлтегіннің жорықтары айрықша жеңіске толы болды, cонымен қатар, Қытан, Татабы, Тоғыз Татарларға қарсы соғыстарда баға жетпес қызмет атқарды. Қапаған қаған 716 жылы Байырқұ тайпасының қолында қаза тапқан соң, оның ұлы Бөгүдің тақ талас заңсыз әрекетін болдырмай, елдің тұтастығын сақтау үшін Күлтегін, тақ билігін оның заңды мұрагері туған ағасы Білгеге береді. Білге қаған (716-734 ) таққа отырған кезде империяның саяси-әлеуметтік жағдайы өте ауыр халде болатын. Сондықтан да, Күлтегін мен Білге қаған және Тонықұқ үшеуі әуелі көтеріліс жасаған ұйғырларды, одан кейін тоғыз оғыздарды бағындырды, әскери жасақтардың санын тіптен молайтты. 718 жылы қыдандарды қиратты, тауғаш-қытайлықтарға бас сауғалап кеткен көптеген түрік ру-тайпалары Білге қағанның билігін мойындап империя құрамына қайтадан қосылды. Білге қаған әскери жасақтардың күшейген дәл осы кезінде тауғаш-қытайлықтарға жорық жасамақшы болады. Бұл пікірді данышпан Тонықұқ мүлдем қолдамай, оның орнына бейбіт келісім жасау үшін елші жіберуді ұсынады. Сөйтіп, көп ұзамай түрік елшілері де тауғаш-қытай патшасы Сюань-Цзунға жетеді, алайда әлі күш қуатсыз түріктерді жеңе аламыз деген сеніммен Сюань-Цзун бейбітшілік орнатудан бас тартады. 720 жылы Тауғаш-қытай және Басмыл, Қыдан бірлескен атты әскерлер одағы Түрік империясына қарсы шабуыл ұйымдастырады. Тонықұқтың басшылығымен олардың күшін бір-бірлеп күл талқанын шығарады. Тонықұқ басқарған әскерлер басмылдарды жойып, оларды өкшелей қуалап Бешбалықты жаулап алады. Одан ары Ганьсу өлкесіне жетіп Лянчжоудағы тауғаш-қытай әскерлерін толық қиратып жібереді. Білге қаған басқарған әскерлер шығыстағы қыдандарды ойсырата жеңеді. 723-724 жылғы жұт түріктерге қатты залал келтіргеніне қарамастан, оғыздар мен татарлардың көтерілісін тағы да басып, оларды бағындырып, империяға мүмкіндігінше тыныштық орнатты. Білге қаған тауғаш-қытайлықтарға қарсы жорық шабуылдарды үдете түспекші болған тибеттердің ұсынысын қабыл алмайды. Ал, 727 жылы тауғаш-қытайлықтардың патшасы Сюань-цзун амалсыздан түріктердің бейбітшілік келісім жасау ұсынысын қабылдады, 100 000 бума жібек матаны алым-салық ретінде жіберді. Сөйтіп, түріктер жасаған жорық шабуылдарының нәтижесінде сауда-жол тораптары кеңейіп, еркін байланыстар орнату мүмкіндік пайда болды. Осы кезден бастап тауғаш-қытайлықтар түріктерге жыл сайын аса мол жібек мата сыйға тартатын болды (Батсүрэн,2009 ). Білге қағаннан кейін билікті ұлдары Ижань қаған (735 ж.) мен Тәңірі қаған (735-741 жж.) сабақтастыра жүргізді, оның саяси бағытын берік ұстанды. Көп ұзамай Түрік империясының әлсіреу кезеңі басталды, ордалық тақ таластар да одан ары өрши түсті. Батыс түрк қанатының (қағандығының) қысқаша тарихы. Түрік империясының негізін қалаушы Бұмын қағанның інісі Естемі қаған (552-557) батысқа бағытталған жорықтарды іске асырды. Оның қолбасшылығымен түрік жауынгерлер Еділ, Солтүстік Кавказға дейін жетті. Кавказда билік құрған аварлар ханы Баян, Византия императоры Юстин 588 жылы өзара елшілерін алмасып одақтасып жатты (Бернштам, 1946; Киселев, 1949; Бартольд, 1993). Иранның шахы Хұсрау Ануширван (531-579) эфталиттерге салық төлеуде бас тартып, оларға қарсы соғысқа түріктермен одақтасуды мақсат етіп, 563 жылы Естемідің қызын Хұсрау өз ханшайымы етіп, екі еларалық әскери одақ құрылады (Кляшторный, Султанов, 2004). Бұл кезде Константинопольге түрік елшілері аварларға көмек көрсетпеуді талап етіп барды. Сөйтіп, эфталиттерге қарсы Балх бағытымен ирандықтар, ал шығыстан Естемідің әскерлері екі жақтан шабуыл жасап, Гатифар патша бастаған эфталиттер әскерін жеңіп тынады. Алайда екі тараптың, эфталиттерді бөліп иемдену, жібек жолына иелік ету мүдделері сәйкес келмеді (Кляшторный, Савинов, 2005.94-95). Естемі қаған билік тұсында Хорезм, Бұқара, Соғды, Ферғана, Шаш иеліктері түріктердің билік астында болды. Түрік елінің батыс бөлігі туралы деректерге сүйенсек, Түрік елінің батысы Темір қақпаға дейін созылғаны, ол аралықта Кеңү тарман, Жер Байырқұ, Қара Түргеш, Соғды, Берчекер, Бұқарақ ұлыс, Құрұдын деген атаулардың кездесетінін көруге болады. Түрік қағаны Саба кезінде 588-589 жылдары түріктер Бактрия, Тохаристанды, Кундуз, Балхты қол астына қаратты, Гератқа дейін жеткен еді. Батыс Түрік қанаты өзінің қол астына Орта Азия әсіресе Шаш, Фергана, Уструшана, Соғды, Бұхара және Тохаристан жеке-жеке өңірлерді қаратқан соң, өздерінің жергілікті билеушілерді аталмыш аумақтарда тағайындады. Сөйтіп 580-590 жылдары Тардұ қаған (576-603жж. ) (Қара Чұрын) өзінің тегіндерін, атап айтқанда Ел Арсланды Бұхара өңірін билетуге жөнелтті. Тағы бір ұлын Тохаристанды билетуге жіберді (Бабаяров,2007). 603 жылы Түрік империясы Моңғолияның Орхон өзені бойында ордасын тіккен Шығыс Түрік қағандығы, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызтан, Жоңғария мен Шығыс Түркістан жерлерінде қамтыған Батыс Түрік қағандығы болып екі билікке бөлінген еді. Дегенмен де осы екі қағандық өзара саяси-әлеуметтік тұрғыдан тығыз байланыста болып келгенімен, Батыс Түрік қағандығының тарихын жеке алып қарастыруға тура келеді. Өйткені, Түрік империясының батысқа жасаған жорықтары аса мол түрік ру-тайпаларының сол жаққа қарай ығысып, кең таралуын қамтамасыз етті. Батыс Түрік қағандығының күшейіп, шарықтаған тұсы Естемі қағаннан кейін Шекуй мен Тон йабғұ қаған билік кезеңдері болды. Шекуй қаған (610-618) билігі кезінде ордасы Кочадағы Ақтағ болды, ал оның ұлы Тон йабғұ қаған (618-630) қысқы ордасын батысқа қарай жылжытып Шу өзені бойындағы Суяб қаласы (Тоқмақ маңы) етті, ал жазғы ордасын Мыңбұлақ (Испиджаб, қазіргі Түркістан қаласы) етіп сайлады. Сондай-ақ Шекуй, Тон йабғұ қаған өз ұлдары арқылы Шаш, Ферғана, Бұхара өңірлерін билеткізген еді. Қытай деректерінде « ... Шэкуй өлгеннен кейін таққа оның інісі Тун еху (йабғұ) отырып, ол «Тун еху қаған» деп аталды. ...Тун еху аса ержүрек әрі айласы мол, ақылгөй адам еді. Ол барлық соғыста жеңіске жетті, ақырында телэлерді түгел бағындырып алды, онан кейін Босы (парсы, Сасан) мен Цзибиньге (Ауғанистан, Каписа) шабуыл жасады. Әскерінің саны неше жүз мыңға жетті. Ордасын Шигоның (Шаш) солтүстік жағындағы Цяньцюаньға (Мыңбұлақ) көшіріп, Сиюдегі елдерге түгелдей билік жүргізе бастады. Бұл елдердің әрқайсысына селифалар (елтебер) арқылы билік жүргізді, сонымен бірге біртұтас бақылау жүргізіп отыру және түрлі салықтар жинауға жауапты етіп бірден тудунь жіберілді…батыс варварлар осынша мықты болып көрмеген еді» дейді (Documents sur les Tou-kiue, 1903). Тон йабғұ қаған 625 жылы Византия патшасы Ираклияның Кавказды бағындыру жорығына келісім бойынша қол ұшын беріп, Чоре (Дербент), Тбилиси қалаларын жаулап алып, өз үлесіне мол олжа алып қайтады. Тон йабғұ қағанның тым қатал саясаты мен қысымшылықтан ел жұрттар үркіп, батыс түріктердің дулу, нушиби бірлестіктері арасындағы билік үшін тақ таластықта өршиді. Ақыры Күл баһадүр тақталасты болдырмау үшін Тон йабғұды өлтіріп, өзін Күл Ел білге қаған деп жариялайды. 634 жылы билікке нушибилік Ышбара Елтеріс Шир қаған келді. Ол он оқ әкімшілік жүйені қайтадан жаңғыртып орнықтыруға күш салды. 638 жылы дулу, нушиби тайпалық одақтар арасында қанды соғыс басталып, қағандық екі әмірліккке бөлініп кетті. 640-657 жылдары аралығы көп жылға созылған тақталасты ұтымды пайдаланған Таң мемлекеті Жетісуға дейін шабуылдап, батыс түріктерін қаған әулеті ұрпақтары арқылы басқартып осы өңірді иемденуге көз салды. Дегенмен батыс түріктердің тәуелсіздік үшін күресі толастамады, түргеш тайпасының көсемі Үш Елік, Түргеш мемлекетінің негізін қалады. 699 жылы Үш Елік өз билігін Шаш, Тұрпан, Бешбалықта бекем орнықтырды. Үш Еліктен кейін Сақал, Таң мемлекетінің Жетісуды жаулап алмақшы саясатына қарсы Куучада олардың жасақтары мен көтерілісшілерін жояды. 711 жылы Болчұ өзені бойында Сақалдың әскерлерін Қапаған қағанның інісі Інел мен Тонықұқ басқарған әскерлер талқандайды, біршама мезгіл түргеш мемлекеті тарих сахнасынан ысырылады. Сұлұқ Чабыш чұр басқарған түргеш әкерлері Сырдарияға қашып кетеді. Осы әскерлерді 712-713 жылдары өкшелей қуалаған Тонықұқ, Білге қаған, Күлтегін басқарған әскерлер Соғды патшасы Гурекпен арабтарға қарсы Кутейба бин Муслиммен соғысып, 714 жылы кері қайтады. Сұлұқ Жетісуға қайтып келіп, Түргеш мемлекетін қайтадан жаңғыртады. Сұлұқ саяси дұрыс бағытты ұстанды, әуелі Таң мемлекетімен келісім жасады, батыс түріктердің қаған әулетінің қызына үйленді, Білге қағанның қызын да және Тибет патшасының қызын да алды. Сұлұқтың негізгі әскери күші батыста арабтарға қарсы бағытталды. 720-721 жылдары Сұлұқтың қолбасшысы Күлі-чұр Соғдыда арабтарға жойқын шабуыл жасап, ойсырата жеңді. 728-729 жылдары Самарқанд пен Бұхарадағы арабтарға қарсы соғдылар көтеріліс жасап, түргештерден көмек сұрайды. Түргештер Соғдыны арабтардан толық азат етеді. Дегенмен де арабтардың шабуылы жалғасты, 737 жылы Сұлұқ қайтыс болады. 739 жылы араб жаулаушысы Насыр бин Сейяр Жетісуға дендеп кіріп түргештерді жеңіп тынады. Сұлұқтың өлімінен кейін Таң мемлекеті батыс өңірлерге одан ары құнығып, Жетісуды, одан Сырдарияға дейін жетіп, 740 жылы Тараз қаласын тонайды. 748 жылы Батыс түрік қағанның ордасы Суябты тонайды, 749 жылы қытай әскерлері Шаш қаласын жаулап алады. 751 жылы Талас өзені бойында Таң патшалығының қытай әскерлері мен арабтардың қарсы тұрған кезінде кенеттен қарлұқтар қытайларға шабуылдайды. Осылайша қарлұқтар мен арабтар Талас соғысымен қытай әскерлерін күл талқанын шығарып, Таң мемлекетінің Орта Азияны басып алу саясатын тоқтатты. 766 жылдары қарлұқтар Жетісудың иесіне айналды, Тараз бен Суябты иеленді. Көп ұзамай олар Шығыс Түркістан үшін ұйғырлармен соғысты. 803 жылы ұйғырлар қарлұқтарға соққы беріп, Кочоны (Тұрпанды) жаулап алды, Ферғана арқылы Сырдарияға жетеді. Жетісудағы Қарлұқ мемлекеті IX ғасырларға дейін саяси тұрақтылығын біршама сақтап қала берді. Батыс түрік қағандығы сол кездерде он оқ, түргеш, оғұз, қарлұқ, қыпшақ ұлыстардың иелігінде болды. Әсіресе, Жетісу өңірінде он оқ, түргеш, қыпшақ, оғұз, қарлұқтар және соғдылар Батыс түрік қағандығының этнотектілігін айшықтаған болатын. Батыс Түрік қағандығының астанасы – Суяб қаласы болды. Және Құңғұт, Тараз, Мерке, Испиджаб (Шымкент), Тарбан (Отырар), Атлақ, Құлан, Қайалық, Барсхан және тағы басқа қала-қалашықтары бой көтерді. Қытай жазбаларында Суяб, Соғдиана, Мыңбұлақ, Талас, Сяогу, Ақсу, Күнгу, Шаш, Ферғана қалалары жайында біршама деректер бар. Батыс Түрік қағандығын билеушлері қаған атынан және олардың тегіндері мен тұдұндары атынан шығарып тұрған тиын монеталары қазіргі Қазақстан, Қырғызстан, әсіресе Өзбекстанның Канка, Құлақтепе, Ақтепе, Ханабад, Кавардан, Киндиктепе секілді аумақтарынан молынан табылып отыр. Uyγur > ұйғыр [3] қағандығының қысқаша тарихы. VIII ғасырдың орта кезеңінен бастап көне түрік империясының ішкі-сыртқы саяси себептеріне байланысты империя құлазуға бейім тұрған еді. 744-745 жылдары ұйғыр, қарлұқ, басмылдардың әскери одағына төтеп бере алмаған Құтлық йабғұ қайтыс болады. Сөйтіп, құдыретті де қуатты болған саяси биліктің тұтқасын ұйғыр этно-саяси бірлестіктерінің қағандары жалғастыра бастады. Ұйғырдың йағлақар тайпасының өкілі «Пейло» өзін Құтлұқ Білге Күл қаған (744-747) деп жариялап Ұйғыр қағандығын (этно-саяси бірлестігін) құрады. Мұны тарихи зерттеулерде Ұйғыр қағандығы деп атайды.746-747 жылдары ұйғырлар басмылдарды өзіне бағындырды, ал қарлұқтар Жетісу, Жоңғария алқабына қарай үдере көшіп, Батыс Түрік қағандығының басты тайпасына айналады. Құтлұқ Білге Күл қағанның ұлы Баянчұр («Мойынчұр») немесе Ел етміш Білге қаған (747-759) таққа отырған соң, әкесінің әскери-саяси іс-шараларын одан ары дамытып, 750-751 жылдары қырғыз, чектер мен қыдандарды ойсырата жеңіп, қол астына қаратады. Бұл кезде Ұйғыр қағандығының жер аумағының шығысы Шивэй мемлекеті, батысы Алтай тауы, оңтүстігі Ғоби шөлі, солтүстігі Қырғызға дейін жетті, ірі аумақты қамтып жатты. Бұл бұрынғы Хұннұ, Түрік империясының ордалық жер аумағымен шамалас келеді деген сөз. 755-759 жылдары ұйғылар, тіпті Таң мемлекетінің ішкі саясатына да араласып та үлгерді. Әсіресе, Таң патшасы Сюаньцзунға қарсы ұйымдастырған көшпелі әскерлерден құралған түрік тектес Ань Лушань, соғды тектес Ши чао И-дың көтерілісін ауыздықтап, Лоян, Чанань астанасын патшаның тілегімен азат етіп береді, патша да «құдандалық келісімге» де толық көніп, 20 мың бума жібек матаны сыйға тартады. 759 жылы Мойынчұрдың (Мойыншор) ұлы Идигань таққа отырып, ордалық астана Ордыбалық қаласын одан ары дамытады, жібек жол торабындағы маңызды қалалардың бірі етеді. Ол кезде манихей, будда және басқа діни ағымдардың өкілдері далалық көшпелілерге мол санмен келіп уағыз жүргізіп жатты. Ұйғырлар Тұрпан, Куча, Қарашар, Бешбалықта және басқа Орталық Азиядағы көшпелілерге үстемідігін жүргізіп келді. 779 жылы Ордабалықта қытайлықтардың арам пиғылды саяси амалдары кесірінен діни әрі саяси төңкеріс басталып, қытайға қарсы жорықтарды жоспарлап жатқан тұста қытайшыл Тон Баға тархан, Идигань қағанды өлтіріп, оның тақ орнына Алып Құтлық Білге қаған деген атақпен отырады. Осы кезден Тарым өңіріндегі соғды, түрік қауымнан алым-салық алудан гөрі тура тонаушылық жасау жорықтары белең алды. Жетісу мен тауғаш-қытай арасындағы Ордыбалықтан өтетін сауда жолы тоқтатылып, қарлұқтар көтеріліс жасай бастады. 790 жылы Тибеттер Бешбалықты жаулап алды. 60 мың ұйғыр жасақтары Бешбалықты қайтарып ала алмай қалды. 795 жыл Ордабалықта Едіз тайпасының Алып Құтлық (795-805) жаңа билік жүйені орнатып, манихей дінінің мәртебесін жаңғыртып, Шығыс Түркістан, Тарым өңірімен болған ежелгі саяси, діни қарым-қатынастарды қалпына келтіреді. 803 жылы ұйғырлар тибет пен қарлұқтарды жеңіп, Кучаге жетіп, одан қарлұқтарды өкшелей қуалып Ферғанаға жетеді. Сөйтіп, осы кезден бастап Куча, Тұрпан, Қарашарда ұйғырлардың билік өкілдері тұрақты мекендейтін болды. IX ғасырдың басында ұйғырларға қарсы теке-тіресіп келген қырғыздардың Ажо есімді басшысы соғыс жүргізе бастайды. Ордабалықтағы ішкі тақ таластан болып, көтеріліс жасаған ұйғыр Күлік баға тархан мен Ажо күш біріктіріп, Ордабалықты жаулап алады. Ұйғырдың йағлақар Панлей тегін (Мыңлық қаған) қырғыздармен болған соғыста жеңіліп, батыс жаққа үдере көшіп Тяньшань тауына келіп Кучада көп тұрақтанбай қайтыс болады. Ұйғырлардың бір бөлігі Бешбалықты мекендейді. Олардың басшысы Бөгү 866 жылы Тұрпанды жаулап алып, Тибеттерге қатты соққы беріп, Тарым алқабында өз билігін орнатады, осы билік бара-бара қазіргі Шығыс Түркістанның Кочо мемлекетінің негізін қалады (Кляшторный, Султанов, 2004. 2). Минуса алқабы, Кем-Енисей өзені, Саян тау бойында шоғырланған қырғыздар Орталық Азияда билік құрған деген үстіртін пікірлер бар. Алайда ол жайында қандай да бір нақты тарихи деректер жоқ деп қарастырады кейбір зерттеушілер, ал кейбір зерттеушілер қырғыздардың билігі қазіргі Моңғолия жерінде ұзаққа созылмаған, олардың этногенезисі европеид «динлин», хұннұ тектес «гянгүн» тайпалардан деп қарастырады (Батсүрэн, 2012.101-105). Қырғыздың Ажо өзін қаған етіп 818 жылы жариялайды. Ол, Минуса , Кем өңірінде үстемдік орнатқан ұйғырларға қарсы 20 жыл көтеріліс жүргізіп, ақыры 840 жылы қарсы шабуыл жасаған делінеді. Олар ұйғырларды қуалай келе батыс Моңғолия, Жоңғария, Шығыс Түркістанның біршама жерлерін қол астына қаратады. Алайда, Тагна тауында ордасын тіккен қырғыздардың билігі де ұзаққа бармады, олар Орталық Моңғолияда ұзақ уақыт билік жүргізбей-ақ өздерінің атамекен жеріне қайтып кеткен деп болжайды. IX-XII ғасырлардағы түрік тектес мемлекеттік құрылымдары. Көне түрік империясынан кейін Еуразияның ұлан-байтақ жерлерін мекендеген біртұтас империя құрамында болған алуан түрлі ру-тайпалар одақтары түрлі-түрлі хандықтар мен мемлекеттік құрылымдарды жасады. Батыс түрік қағандығы иелігіндегі (Орта Азия, Жоңғария, Шығыс Түркістан) жерлерінде түргеш, қарлұқ тайпалық одақтарының құрылымдары болған еді. Түргештер (699-737 жж.) дулу, нушиби аталатын он оқ елден құралды, олардың ордасы Шу, Іле өзені бойында орналасқан болатын. Түргештердің билігінде Шаш (Ташкент), Бешбалық, Тұрпан аумағы да қамтылған еді. Қарлұқтар (756-940жж.) негізінен Батыс-оңтүстік Моңғолия, Шығыс Түркістанды мекендеп жүрді, 746 жылдары Жетісуға қоныс аударып, Тараз, Суяб, Шаш, Испижаб (Сайрам) қалаларына да билік жүргізді. Қарлұқтар да кейінірек Қарахан мемлекетінің негізін қалаған еді. Оғұздардың (оғұр) бір бөлігі Батыс түрік қағандынығынан бөлініп Қаспий теңізінің батысы, Қара теңіз, Солтүстік Кавказ, Еділ өзені бойы, Солтүстік батыс Қазақстан жерлерінде Хазар қағандығын (650-969жж.) құрған еді. Бұл қағандық құрамында хазар (қасар), берсіл, сабыр және басқа көшпелі тайпалық одақтар болды. Оғыз тайпалық одақтары VIII ғ. соңынан Жетісу, Сырдария бойынан ығысып IX ғасырдың аяғы X ғасырдың басында Сырдарияның орта және төменгі ағысында Оғыз мемлекетін құрды. Орталығы Сырдарияның бойында Янгикент (Жаңа Гузия) қаласы болды, көп ұзамай олар Селжүктер мемлекетінің негізін қалайды. Қарахан мемлекетінің негізін Жетісу мен Шығыс Түркістан аумағында қарлұқ, яғма, шігіл, тоқсы және басқа тайпалар қалады, 840 ж. қарахан әулетінің алғашқы ханы, қарлұқ йабғұ Білге Күл Кадыр хан болды. Қарахан мемлекетінің шығыс ордасы Қашғар мен Баласағұн (қазіргі Бурана қалашығының аумағы) қаласы болды. Шығыс ордалық хандары Арслан қара хан аталатын. Ал батыс ордасы Тараз, кейінірек Самарқанд қаласы болатын, батыс ордалық хандары Бұғра қара хан деп аталатын Дәл осы мемлекет тұсында Сатұқ Бұғра қара хан ислам дінін қабылдады, сөйтіп Абд ал-Керим деп аталды, оның ұлы Муса 955 жылы ислам дінін ресми түрде мемлекеттік деңгейде қабылдады, түріктердің исламдану үрдісі етек жайды (Кляшторный, Султанов, 2004,2. 117-118). IX-X ғасырлардан бастап Алтай, Ертіс, Шығыс Қазақстан, Орал, Орталық Қазақстан аумағында қыпшақ атаулы тайпалық одақтары араб-парсы жазба деректерінде атала бастайды, сөйтіп Алтайдан Еділге дейінгі сайын дала «Дешт-и-Қыпшақ» аталды. Зерттеушілер қыпшақтардың ататегін «се-яньто», «сир», «йемек, кимак» тайпалардың бірі болған деп қарастырады (Кляшторный, Султанов, 2004,2. 120-132). Қыпшақтармен көрші қаңлылар Шыңғыс қаған жорығына дейін 1219ж. қатар өмір сүрді. IV-V ғғ. бастап Сары өзені бойында «қытаң» аталған көшпелі тайпалық одақтары болды. Қытаңдармен көрші жұжан, кумиси, гаоцзюйли, дидоу сияқты көшпелілер болған. Аталмыш қытаңдардың билік иелері оның ішінде Елуй даши басқарған бір бөлігі, Жүршіттің Алтын мемлекетінен шабуылынан бас сауғалап, Орталық Моңғолияда біраз мекендеп, көп ұзамай, 1122 жылдан Орта Азияға басып кіріп Шығыс Түркістан (Эмиль, Тянь-шань, Қашғар, Қотан,), Балқаш көлі, Жетісу, одан ары Бұқара, Самарқанды бағындырып, «Қара-қытай» (қытай деректерінде «Батыс Ляо») мемлекетін (1130-1211жж.) құрған еді. Ордасы Шу өзенінің төменгі ағысындағы «Қос орда» болған. Қара-қытайдың Гүр ханы билігі кезінде Қарахан мемлекеті оған вассал болды. Демек, XI-XII ғасырларда қазіргі Орталық Азияда түрік, моңғол, тұңғыс тектес көптеген көшпелі ру-тайпалар мекен етті, олардың кейбіреулері хандық, мемлекеттік дәрежеде, кейбіреулері тайпалық одақтары деңгейде болды, қайсы біреулері әскери-саяси бірлестіктері шеңберінде өмір сүріп жатты [4]. Қазіргі Орталық Моңғолияда Ханғай тауы, Орхон, Завхан өзені бойында Керей хандығы (IX-1203ж.), Алтай тауы, Ертіс өзені бойында Найман хандығы (IX-1204ж.), Байкөл аумағы, Селеңгі өзені бойында Меркіт, Баяуыт, Түмет, Барғұт бірлестіктері, Кем өзені бойында Қырғыз, Ойрат бірлестіктері, Керлен, Онон өзені бойында Моңғол[5], Жалайыр хандығы, Хянған тау жоталарында Татар, Тайшуыт бірлестіктері, Бұйыр, Көлүн көлі маңында Қоңырат, Олқынуыт бірлестіктері, Ішкі Моңғолия аумағында Татар, Оңғыт бірлестіктері, Манжұрияда Қыдан, Шивэй сияқты тайпалық одақтар, аса көп санды ірілі-кішілі ру-тайпалар болды. Қытай жазбаларында аталмыш көшпелі көптеген ру-тайпалардың барлығын «цзубу», «дадан», «татар» деп жалпылама атай берген, бұдан татар атауы кейін еуропалық, араб-парсы деректерінде сол қалпында қолданылып кетеді-де. [1] Б.з. IV-VI ғасырларда «табғачтар // тобалар» солтүстік «қытайлық» Вэй (386-534 ж.) мемлекетін билеген көшпелі этнос болған. Қытайға толық сіңіп кеткен соң көне түріктер бүкіл «қытайды» билегені бойынша «табғач» деп атаған. Сол сияқты «қытаң //қара қытай//қыдан» дегендер де отырықшы «қытайды» билеген көшпелі этностардың жалпы атауы. [2] Telie//tile – қытайша «арба» деп аударылып хатталынған. [3] Көне түрік тілінде Uyγur > Ұйғыр деп жазылады. VII-VIII ғасырларда Toquz Oguz> Тоғыз Оғыз деп те аталған. Ұйғыр дегені IX –XI ғасырлардағы көне түрік этно-саяси бірлестігінің көне атауы (политоним). Осы атаудың шығу төркінін ғалымдар «ой-қыр», «ұйымдасқан», «қой+қыр (солтүстік қырандар)» деп алуан түрлі жорамалдайды. Аталмыш «ұйғыр» атауын қазіргі Шығыс Түркістандағы парсы тектес ұлт өкілдері «ұйғырлармен» шатастыруға болмайды. Көне түрікше саудагер араб-парсы халықтарын tat> «тат» деп атаған еді. Ортағасырларда «sart+aγul>сартауыл» деді. Қытайлықтар оларды «ху» деп жалпылай атаған. Ал олар өздерін «қашғариялық, хотандық, тараншылық» және басқа атайды. Сонау көне ұйғыр этно-саяси бірлестігінің негізгі тайпалары (ұйғыр, қарлұқ, тоғыз оғыз және басқа тайпалар) құрамындағы бірсыпыра тобы IX ғасырдан бастап, қазіргі Шығыс Түркістандағы Куча (Кочо) өңірінде билік жүргізген болатын. Олардың ұрпақтары өздерін сарығ-йугур (ойлық йугур, таулық йугур) деп атайды және де байырғы түрік, моңғол тілдерінде аралас сөйлейтін 10 мыңнан астам (1915 жылғы санақ бойынша) халық қазіргі Қытайдың Ганьсу өлкесінде бар көрінеді, олар енді қытайға әбден сіңіп кеткен болса керек. А.Г. Малявкин былай дейді: «...Дело в том, что этноним уйгур как самоназвание населения Восточного Туркестана появился не результате естественного этногенетического процесса, а был принят декларативным путем» (Малявкин, 1983.170-171). [4] Сонымен қатар Еуразияның оңтүстік-батыс өңірлерінде иран тектестер, ал солтүстік-батыс өңірлерінде фин-угор тектес ру-тайпалар, ал оңтүстік-шығыс өңірлерінде тибет, таңғыт, үнді, қытай, корей тектес халықтар өмір сүрген болатын. [5] Қытай жылнамаларында моңғолдарды «мену, менгу, менва» және басқа тұлғасынджа атайтын.