Сөздіктердің жанрлары мен типтері туралы ілім. Испан лексикографиясын зерттеген Я.Малкил 1959 жылы сөздіктер типологиясын жасау үшін қажетті үш айырым белгіні атайды: 1) сөздіктің диапозоны, яғни материалды қамту аясы; 2) сөздіктің перспективасы; 3) сөздіктің презентациясы Бірінші және үшінші айырым белгілер түсініктеме беруді қажет етпейтін болғандықтан, екінші белгіге тоқталалық. Ғалым перспективаның да үш түрін қарастырады. Бірінші: тарихи (динамикалық) және синхронды (статикалық) сөздік. Екінші перспектива материалды орналастыру ұстанымына байланысты: а) әліпбилік (дәстүрлі) орналасу; ә) семантикалық (сөз таптары немесе тақырыптық топтар бойынша орналастыру); б) еркін орналастыру. Соңғы үшінші перспектива, автордың өз сөзімен айтқанда, сөздіктің негізгі тоны [бұл жерде сөздік метатілінің ерекшеліктері сөз болып отыр – Ж.Б.] мен нормативтілікке қатысына байланысты. Сөздіктің тоны: а) объективті, ә) нұсқаушы (preceptive) немесе б) ойнақы болуы мүмкін. Нұсқаушы тонға байланысты автор оқырманды тәрбиелеудің яғни оның сөз мәдениетін көтеру мақсатының байсалды лексикографиялық еңбекке келісімсіздігін, лайықсыздығын ескертеді.
Сөздіктер типологиясы бойынша 1962 жылы арнаулы еңбек шығарған Т.А. Себеок өзінің жіктемесін эмпирикалық негіздерге сүйене отырып жасайды. Ол он жеті белгіні атайды: 1) сөздіктің автордың ана тілінде жасалуы; 2) сөздіктің мәтіндерге байлаулы болмауы; 3) сөздіктің материалды қамту шектері; 4) сөздіктегі материалдың алуан түрлілігі; 5) атау сөздің жекеше немесе көпше тұлғада берілуі; 6) сөздіктің сөз формасына негізделуі; 7) сөздіктің сөз мағынасына негізделуі (синонимдер сөздігі); 8) сөздік мақалалардың әліпбилік ретте сыртқы тұлғалары бойынша берілуі; 9) сөздік мақалалардың мағына, мән бойынша реттеліп берілуі; 10) қарама-қарсы сілтемелер қолдану жолымен материалды формалық жағынан қосалқы безендірудің болуы; 11) қарама-қарсы сілтемелер қолдану жолымен материалды мағыналық жағынан қосалқы безендірудің болуы; 12) сөздің паспортталуы: а) қандай диалектіге жатады, ә) қандай мәтіндерде тіркелген; 13) экземпликация (қолданым мысалдары); 14) глосса (сөзге жасалатын түсініктемелер мен ескертпелердің болуы); 15) сөздік бірліктің қолданым жиілігінің көрсетілуі; 16) сөздік бірліктің этимологиясының берілуі; 17) сөздік мақалада энциклопедиялық түсініктеменің болуы . Ғалымның пікірі бойынша, сөздік лексикографтың өз ана тілінде жасалатын болса, мұндай сөздікте нұсқаушы, академиялық типті сөздікке айналу тенденциясы сақталады. Сөздік нақты мәтіндер негізінде жасалса, мәтіндерді басты назарда ұстаса, ол анықтамалық сөздік типіне жақындайды. Бұл жіктемеде сөздіктің тілі, ішкі құрылымы, сөздік бірлік пен сөздік мақаланың орналасу реті, құрамы мен құрылымы ескерілген. Автордың практикалық бағдарды басты назарда ұстануына байланысты құнды жіктемелердің бірінен саналады.
Француз лексикографы Ж. Рей-Дебов Я. Малкилдің, Т. Себеоктың, т.б. біраз ғалымдардың жіктемелерін қорыта келіп өз жіктемесінде төмендегі айырым белгілерді нұсқайды: 1) дидактикалық шығарма (автордың жеке пікірі байқалмайды); 2) анықтамалық ретінде пайдалану үшін жасалған (сөздік кірістер белгілі жүйе бойынша кодталған, ақпарат берудің арнайы бағдарламасы бар); 3) екі құрылымды: макроқұрылымы (номенклатурасы, яғни сөзтізбесі) және микроқұрылымы (сөздік мақалалардағы ақпараттар жиынтығы) бар; 4) материалдың ерекше орналасымы (тұлғасы немесе мазмұны бойынша); 5) сөздік бірлігі (кіріс сөз) құрылымы жағынан әріп пен фразадан жоғары бірліктер аралығында; 6) ақпараттардың реттеліп, бірақ бір-бірінен бөлектеліп орналастырылуы; 7) сөздіктің номенклатурасы – реттелген, иерархиялық тұрғыдан құрылымданған көпшілік; 8) сөздіктегі айтылым (сипаттама) екі мағынаны біріктіреді: таңбалар туралы айтылым және заттар туралы айтылым Ғалым аталған мәселелерді терең зерттеп, талдаумен айналысатын ерекше лингвистикалық пәннің – теоретикалық лексикографияның жасалуы қажеттігін жазады.
Француз ғалымдары К. Дюбуа мен Ж. Дюбуа лексикография теориясының қарастыратын мәселелері ретінде сөздіктер типологиясы мен сөздіктің құрылымдық элементтері туралы ілімді атайды. Яғни ғалымдар бұрыннан белгілі типология мәселесіне сөздіктің ішкі құрылымдық элементтері мәселесін қосады. Орыс ғалымы П.Н. Денисов лексикография теориясының негіздерін зерттеген еңбегінде осы тұжырымды жөн санайды . Оның пікірі бойынша, сөздіктердің жіктемесі дегеніміз – белгілі бір мәдени ареалда немесе белгілі бір ұлттық лексикографиялық дәстүрде тарихи тұрғыдан қалыптасқан сөздіктер мен олардың жанрларының практикалық жүйеленген түрдегі сипаттамасын жасау