Біртілді оқу сөздігіне алынатын лексикалық бірліктердің қолданым жиілігі. Мамандардың пікірі бойынша, бір мыңнан бастап төрт мың сөздік көлемге дейінгі минимум сөздіктер тіл негіздерін белсенді, пәрменді түрде меңгеруге бағдарланған актив сөздіктер болып саналады. Олардың ішіндегі 1500 бірлікке дейін қамтитын аса шағын көлемді туындылар тілді меңгерудің бастапқы сатысына арналған элементар сөздіктер қатарын құрайды. Демек, қазақ тілін үйренудің, меңгерудің бастапқы, элементарлық курсына лайықталып жасалатын шағын минимум сөздіктің сөзтізбесі әдетте 1500 сөзге дейінгі көлемді қамтиды. Р.Түсіпқалиева сұрыптаудың жеті ұстанымын қолдану негізінде сараланып, сарапталып алынған 1300 бірлікті қамтитын ортақ лексикалық минимум құрамын ұсынады. Бұл – жоғарыда сөз болғандай, тілді үйренудің бастапқы сатысы үшін арнайы жасалған тізбе. Ал біздің еңбегімізде сөз болатын 1500 бірліктен 4000 бірлікке дейінгі көлемдегі, тілдегі базистік лексиканы қамтитын сөздіктер келесі сатыға, тілді базистік деңгейде меңгеруге бағдарланады.
Қазақ мәтіндерінде ең жиі қолданылатын 500 сөз құрамына жасалған талдау барысында төмендегі жағдайлар анықталып отыр. Біріншіден, базалық лексиканы қамтитын оқу сөздігіне алынуы тиісті құрылымдық сөздердің басым көпшілігінің осы ең көп қолданылатын сөздер тізбесіне еніп отырғандығын айту қажет. Бұл аталмыш сөздердің екі жақтан да (қолданымдық және маңыздылық) мәнділігін байқатады. Мысал үшін айтар болсақ, тізбелерде тілүйренім үшін аса маңызды үлкен, қатты, жақсы, қара, ұзақ, соңғы, осындай, ақ, жақын, кең, анық, мол, басқа, сондай, ауыр, көк, жаңа, алыс, бүгінгі, суық, ұзын, қызыл, ыстық, шын, артық, жаман, бөлек, салқын, биік, қоңыр, қарсы, кішкене, алғашқы, соңғы, мәлім, зор, ашық, сары, ар, қазіргі, аппақ, денелі, қараңғы, бай, қысқа, кіші, белгілі, қызық, түрлі, аз, қалың, жас, жалғыз, тең, күшті, орта, толық, айқын, мынадай, кешегі тәрізді сын есімдер, ол, бұл, осы, сол, сонда, мен, сен, біз, бір, барлық, өз, бәрі, мына, қандай, қалай, кім, сіз, бар, әр, не, мынау, бірнеше, қайда, әрбір, міне, біреу, кейбір, анау, бұ, ана, қай, ешкім тәрізді есімдіктер, енді, дәл, қазір, бүгін, ең, әлі, бұрын, қайта, тіпті, аса, әсіресе, талай, сонда, бірге, тез, жаңа, біраз, әуелі, әдейі, сәл, соншалық, алғаш, өзгеше, ақырын, кейін, түгел, ертең, қарсы, осылай, шапшаң, кейде, атаулы, солай, үнемі, төмен, былай, өте, алыс, онда, тек, жоғары, кеше, ерте, мұнда, әбден, алдымен, мүлде тәрізді үстеулер, бір, екі, үш, жалғыз, он, бес, төрт, алты, жеті, жүз, мың тәрізді сан есімдер, да, де, туралы, мен, және, ғана, ал, тағы, бірақ, соң, ғой, қарай, сияқты, пен, кейін, тек, ма, бойынша, та, ме, әрі, ба, үшін, бе, сондықтан, дейін, егер, пе, те, бері, қатар, сайын, сонымен, тәрізді, сонда, қана, қой, бойы, жөнде, өйткені, бен, шейін, па, кейде, ендеше, немесе, қой тәрізді шылаулар, бар, жоқ, көп, керек, әсіресе, қажет, мүмкін, аз тәрізді модаль сөздер құрамы қайталанып кездесіп отырады.
Жиілік тізбелерді өзара салыстыру барысында қазақ мәтіндерінде ең жиі қолданылатын 500 сөз құрамына патша, болыс, өт зат есімдері мен сүйгін етістігі тәрізді бірқатар сөздердің негізсіз, кездейсоқ еніп отырғандығы байқалды. Жалпы алғанда, келтірілген тізбедегі сөздердің лексикалық негіз құрамында берілуі міндетті деп ойлаймыз. Жоғарыда аталған жиілік сөздіктер негізінде қалған мың сөз құрамын да сұрыпталып алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |