16-20 сұрақтар Даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар 1. Жалпы ережелер Осы ұсынымдар мектепке дейінгі және мектеп жасындағы мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру арқылы тең қолжетімді білім беру қызметтерін ұсыну бойынша жағдайлар жасау мақсатында әзірленген.
Психологиялық-педагогикалық қолдау баланы білім беру-тәрбиелеу үдерістері жағдайында дамытуды қамтамасыз ететін көмек пен қолдаудың ерекше бір түрі болып табылады және әрбір баланың мүмкіндігі мен қажеттілігіне сәйкес оны табысты оқыту мен дамуы үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдай тудыратын мамандардың ұйымдық қызметінің тұтас жүйесін білдіреді.
Психологиялық-педагогикалық қолдаудың негізгі міндеттері:
балалардың дамуындағы кемшіліктерді ерте (анықталған сәттен) түзетуді ұйымдастыру;
балаға және оның отбасына даму, оқу, әлеуметтену міндеттерін шешуге көмектесу (ықпал ету);
білім беру және тәрбиелеу бағдарламаларын психологиялық қамтамасыз ету;
баланы түзету-дамыту, тәрбиелеу жұмыстары мен оқыту нәтижелілігінің мониторингі (психологиялық-педагогикалық мониторинг).
Психологиялық-педагогикалық қолдау білім берудің әртүрлі деңгейінде жүзеге асырылады:
мектепке дейінгі білім – дамуындағы кемшіліктерді ерте диагностикалау және түзету, мектепке дайындығын қамтамасыз ету;
бастауыш мектеп – мектепте оқуға дайындығын анықтау, мектепке бейімделуін қамтамасыз ету, оқуға деген қызығушылығын арттыру, танымдық және оқуға деген ынтасын дамыту, өздігінен жұмыс істеу мен өзін-өзі ұйымдастыра білуді дамыту, «оқи білу» мен ықыласын қалыптастыруды қолдау, әрбір баланың жеке ерекшеліктері мен әлеуетін ескре отырып шығармашылық қабілеттерін дамыту;
негізгі мектеп – оқушының негізгі мектепке көшуін қолдау, оқудың жаңа талаптарына бейімделу, жеке тұлғалық және өзін танудың құндылық-мағыналық міндеттерін және өзін-өзі дамыту міндеттерін шешуде қолдау көрсету, жеке тұлғалық проблемалар мен әлеуметтендіру проблемаларын шешуге көмектесу, өмірлік дағдыларды қалыптастыру, жүйке ауруларының алдын алу, ата-аналармен және құрдастарымен құрылымдық қарым-қатынас құруға көмектесу;
орта мектеп – оқушының бейіндік бағдарлау мен кәсіптік өзін-өзі анықтауға көмектесу, экзистенциальды проблемаларды (өзін-өзі тану, өмірдің мәнін түсінуге талпыну, жеке тұлғалық сәйкестікке қол жеткізу) шешуге қолдау көрсету, уақытша перспективасын, мақсатқа жету қабілетін дамыту, психологиялық-әлеуметтік құзыреттілігін дамыту.
Психологиялық-педагогикалық қолдаудың негізгі қағидалары:
бала дамуындағы қандай да бір проблемаларды шешудің кешенді, пәнаралық тәсілі;
білім беру үдерісіндегі баланың дамуына қолдау көрсетудің үздіксіздігі;
қолдау үдерісін ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету;
қолдау қызметін әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық жобалау (болжау);
даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау шараларына ата-аналарды, педагогикалық және балалар ұжымдарын белсенді түрде тарту.