Байланысты: М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер.
Тоғжан үйінің үлкендері жүріп кеткен соң, құрбылары жиылып, бастаңғы істеп жатыр (Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. 1, 2-кітап. 210 б.). Бастаңғы (салт) – қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайды (Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, 21 б.). Оспан мен Еркежан, Әубәкір мен Пәкизатты жөргегінен алып бауырларына салып өсірген. Ақылбайды Ұлжан өз бауырына салып, өз баласы қылып алды (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап. 216 б.). Бауырына салу (ғұрып) – баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни бауырына салуы. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін бауырына салып алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды («Ата жолы» тарихи танымдық сайты: http://www.atazholy.kz). Базарға ертіп бар да, шешелеріне, інілеріне алатын базарлығы болса, өзің таңдап алып бер! - деген (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап. 114 б.). Базарлық (дәстүр) – алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны "базарлық" деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады (Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, 26 б.). ...Құнанбайдың жаңағы бетіме Абайды сөз қыла бастады. Бөжей мен Байсалға қарап -Сендер мұның сүндетке отыртқанда не дегенін естіп пе едіңдер? – деп аз күліп алады. Қаратай күле отырып: – Сүндетке отырғызғанда ауырсынып жылап жатқан: «Құдай-ай, бұл қорлықты көргенше, қыз қып неге жаратпадың!...» депті. Сонда шешесі: «Ақылсыз балам-ау, қыз болсаң бала таппас па едің, содан қиын боп па?» десе, мынау «Ойбай, онысы тағы бар ма еді?» деп,жылауын тия қойып,шыдай беріпті ,- деді. Үлкендер ақырын мырс-мырс күліп қояды. Сүндет той – қалыптасқан дәстүр бойынша ата-бабаларымыз ер балаларын бес-жеті не тоғыз жасында сүндетке отырғызады. Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайды. Алдымен "бір, екі. үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!" деп тақпақ үйретеді, "сүндетке отырғаннан кейін ғана сен нағыз жігіт боласың" деп күнделікті құлағына құя береді. Осындай әңгімелерге әбден еті үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді.
«Абай жолы» роман-эпопеясындағы қазақ халқының қонақ күту дәстүрі Романдағы қазақ халқының қонақтарды қарсы алып, шығарып салуына назар аударайықшы. Алыстан келген құрметті қонақтарды ауыл сыртында үлкендер жаяу қарсы алған. Келген қонақтар да ауыл үлкендеріне атынан түсіп, жаяулап келіп сәлем берген. Ал егер келген қонақтар ауыл арасындағы үлкен адамдар болса, жастау қызметші жігіт алдынан шығып, сәлем беріп, аттан түсіріп, өзін қонақ үйге бастап келген. Егер қонақ жолаушылап жүрген бөгде кісі болса, үй сыртынан «сөйлес» деп дауыс қылып, сөйлесуге шыққан үй иесіне жолаушы екенін айтып, қонуға рұқсат сұраған. Әрине, үй иесі жолаушыға қонуға рұқсат береді. Өйткені, қонаққа үйіне қонып шығуға рұқсат бермеу дала заңында жоқ қағида. Ал егер бөгде жолаушы қасында атқосшысы бар мырза болса, атқосшысы мырзадан бұрынырақ келіп, үй иесіне жай-жапсарды түсіндіріп, қонуға рұқсат сұраған. Халқымыздың осындай салт-дәстүрін М. Әуезов өзінің «Абай жолы» романында қалай суреттеген екен? «Ербол түсетін үйді сырт нобайынан барлап келеді екен. Осы сегіз үй ішіндегі ең бүтіні және үлкендеуі ортада тұрған жалпақтау, бес қанат үй екен. Соған қарай, Абайдан озыңқырап бет бұрды. Абай тақап келгенде, үй иесі шыққан еді. Иығына шекпен жамылған сақалды біреу. Бір аяғын сылти басатын сияқты. Ербол бұрын сөйлесіп, «қонақпыз» деп, өздерінің кім екенін айтып еді. Үй иесі: - Е, жігіттер, түсіңдер. Дәм айдап келген екенсіңдер! Барымыз әзір!.. Кәні! – деп кеп, Абайдың атын өзі байлады!..» (2, 245 б.)
Халқымыздың игі дәстүрі «Абай жолы» романында көптеп кездеседі. Абайдың оқудағы баласы Әбішті күтіп алатын, болмаса Құнанбай ауылына келген үлкендерді немесе ірі жиындарға барған Абайдың қасындағы адамдармен күтіп алған, Абайдың Әйгерім ауылына түскендегі, «Бөжей асы» туралы жазылған тарауларды оқығанда осыған көзіміз жете түседі. Ал енді құрметті қонақтарды шығарып салу дәстүрі қалай болған? Қонақтар қайтар алдында аттарын ерттетіп қойып, үйге кіріп, бәрі, яғни ауыл иелері және қонақтар жеңіл ас мәзірін, көбіне қымызды іше отырып, қонақтарға рақметін айтып, сый-сыяпат, тарту-таралғысын жасай отырып, оң сапар тілеген. Қонақтар да қонақжайлылыққа рақмет айтқан. Содан соң бәрі сыртқа шығып, қайыр-хош айтысқан. Мінгізетін қараларын кермедегі қонақтарының аттарының қасына байлатқан. Романдағы Біржан салды Абай ауылы шығарып салған кезіне тоқталып көрейікші.
«Біржанға дәл жүрер кезінде Ұлжан өз үйінен, өз алдынан дәм татқызып отырып бата берді де, оң сапар тіледі. Сонымен қатар Айғыз, Нұрғанымдарға әкелгізіп тоғыз-тоғыз сый ұсынды. Біржанның өзіне өз қолынан үлкен күміс тай тұяқ сыйлады. Қасындағы бір жолдасына қоржын тола манат, мақпал сәлем-сауқат берді». (Абай жолы, 122 б.) Міне, қазақ қонағын әрқашан сый-сыяпат беріп, ризалықпен аттандырып отырған. Қонақтармен есіктің алдында, кермедегі аттарына мінгізіп болғаннан кейін қоштасқан.
Ал енді отбасы мүшелері алыс сапарға шығарда жолаушыны оң сапар тілеп, үлкендер және от анасы, яғни сол үйдің әйелі шығарып салып отырған. Құнанбайдың қажыға аттанар сәтіндегі, әйелі, от анасы Ұлжанмен қоштасар сәтін оқып көрейікші.
«Құнанбай Ұлжанға қарай бар денесімен бұрыла түсіп, бет беріп сөйледі: - Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел - өзің едің. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған айтар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын, - деді. Ұлжаның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі, ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты: - Мырза, мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады. Ұлжан, енді тең адаммен мейлінше еркін сөйлескен, ойшыл түске ауысты. Бұл уақытта оның өңі қайтадан өз ажарын тауып, бір түрлі нұрға балқып тұр еді. Кесек біткен сұлу, кең, дана пішін. Сөзін дамыта берді. - Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екенсің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған! – деп, біраз толас етті. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған еді. Ұлжанның жүзіне телміре қадалып қапты. Ұлжан қабағын көтеріңкіреп, екі көзін қысыңқырап, тағы да толғанумен нұрлана түсті. - Әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді. Ұзақ дәурен кешіп келіп бүгін сен ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенімен енді кеп кінәласам ба, мырза! – деді. Ұзақ өмірде күйеуінен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. Оны іркіп қалды».
Иә, ұзақ сапарға жолаушы кінәласып емес, ырзалық айтып қоштасқан. Айтатын сөзі, бұйымтайы қоштасар сәтте айтылған. Бұл романдағы Барлас ақынды, Біржан салды немесе Құнанбайды қажыға, жас Абайды ұзақ сапарға аттандыратын тараулардан көрініс тапқан. Қазақ халқының ежелгі дәстүрлері, ертеден келе жатқан белгілі адамдарға ас беру, бір жыл өткенше өліктің артын күту, азалы отбасының үй тігіп, ат тұлдап, қаралы көш жүргізу, жоқтау айтып, көрісу дәстүрі «Абай жолындағы» Бөжей өлімінде кеңінен бейнеленген.
«Абай жолы» роман-эпопеясындағы қайтыс болған адамға қатысыты жасалатын салт-дәстүрлер, рәсімдер. Қаралы көш
«Өмір бар жерде, өлім бар» дейді. Бұл - өмірдің бұлжымас қағидасы. «Адамның өмірге деп басқан алғашқы қадамы - өлімге деп басқан алғашқы қадамы» - дейді ұлы Фердоуси. Ал сол өмірден өткен адамның қазасын естірту, жаназасын шығару, артынан құран бағыштап, ас беру романда қалай суреттеледі? Адам, оның ішінде өңірге белгілі, беделді адам қайтыс болған соң, сол адамның қайтыс болғаны жөнінде жан-жаққа хабар айтылады, хабар айтушы шапқыншыны «хабаршы» деп атайды. Хабар көршілерден бастап, жан-жаққа «хабаршы» арқылы таратылады. Хабаршы арқылы қаза хабарын алған ағайындар, ауылға жақындағанда, ауылға «ой бауырымдап», екі жаққа кезек ауытқып, ат қоя шабады. Қаралы ауылға жақындағанда ат қоя шабу үлкен адам қайтыс болғанда жасалынатын жол-жора. Ал жас бала қайтыс болғанда ауылға ат қоя шабу жақсы ырым емес. Қаралы үйге келген соң көңіл айта келген адам есік алдындағылармен көрісіп, іште жоқтау айтып жатқан әйелдерге «құлыным, құлыншағым» деп үн сала, жылап кіретін болған. Ал халқымыздың бұл дәстүрін М.Әуезов қалай суреттейді?
«Абай Тәкежан үйіне ат қойып келген жоқ. Жас балаға ат қою жақсы ырым емес. Және жанкүйерлер саналатын қаза бұл емес, Мақұлбай үшін Абай да әрі аға, әрі әке шендес. Тыста тұрған Тәкежан мен Абай құшақтасып көрісті де, үйде дауыс айта бастаған Қаражанға, басқа әйелдерге дағды бойынша «құлыным, құлыншағым» деп үн салып, жылап кірді.»
Ал, Бөжей үлкен кісі. Оған ат қоя шабу орынды. Қаралы ауылға жақындағанда ат қоя шапқан кісілер, аттарынан түсіп, қаралы үй алдында тұрған, ағайындармен көрісіп, үйге кіреді. Үйде қаралы әйелдермен сол үйдің бой жеткен қыздары, қаза болған адамның өмірдегі жетістіктері мен ерекше қасиеттерін айтып жоқтайды. Жоқтау аяқталар, аяқталмастан, егер, қайтыс болған адамның жаназасы оқылған жағдайда, көрісе келгендер қаза болған адамға құран бағыштайды. Құран оқылып жатқанда ешкім жылауға тиіс емес. Құран оқылып жатқанда жылау құранмен таласқандық болады. Бұл салт-жора «Абай жолында» былай суреттеледі: «Құран оқу басталысымен, Құнанбай басын төмен салып, мүлгіп, жалғыз көзін жұма түсті. Әлі жылауын тоқтатып болмаған келіні жаққа сол қолымен ишарат жасап, «тоқтат» дегендей етті. Қаражаннан жоғары отырған Айғыз, Қалиқалар Құнанбайдың қимылын көре сала, келінге: - Тоқта, құранмен таласпа!–десті» (1) -деп суреттейді жазушы. Әуезов.
Романда Бөжейдің қазасын естіртіп, Құнанбайға ғана «хабаршы» жібермейді. «...Кеудесіне араздықтың қаны қатқан ағайын, енді міне, өлім екеш өлімімен де оқ атып кеткендей! Аталас жатқан Олжай іші былай тұрсын, тіпті қалың Тобықты ішінде, алыс аталардың арасында да дәл мынадай алалау, кеудеге түрту болған емес» - деп суреттейді автор. Кеудедегі беріш болып қатқан ызалы кек, кейде тіпті салт-дәстүрді де аяққа басады екен. Кейіннен Құнанбайлар Бөжей ауылына бата оқырға келгенде, Бөжейдің өлімін жоқтап отырған қыздары: