Байланысты: «Стандарттау, метрология ж не сертификаттау»
Тақырыбы: «Интегралдық микросхемалар топологияларын қорғау туралы» ҚР заңы Дәріс жоспары:
1 Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау
2 Интегралдық микросхемалар топологияларының патентке қабілеттік шарттары
«Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қоргау туралы» Заңы 2001 жылы 29 маусымда №217-11 бұйрығымен қабылданды. Бұл заң 16 баптан тұрады. Осы Заңмен интегралдық микросхемалар топологияларын жасауға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүліктік, сондай-ақ олармен байланысты жеке мүліктік емес қатынастар реттеледі.
Осы Заңда берілетін құқықтық қорғау түпнұсқалық топологияға ғана қолданылады.
Авторды шығармашылық қызметінің нәтижесінде жасалған топология түпнұсқалық топология болып табылады. Топология түпнұсқа емес деп дәлелденбейінше, түпнұсқа деп танылады.
Топология элементтерінің жиынтығы интегралдық микросхемаларды әзірлеушілер мен дайындаушыларға ол жасалған күні жалпы мәлім болса, осы Заңмен құқықтық жағынан қорғалмайды.
Топологияны шығармашылық еңбегімен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.
Егер топология жасауға бірнеше жеке адам қатысса, олардың бәрі оның авторлары (тең авторлары) деп есептеледі. Тең авторларға тиесілі құқықтарды пайдалану тәртібі олардың арасындағы келісіммен белгіленеді.
Топология жасауға жеке шығармашылық үлес қоспаған, бірақ авторға тек техникалық, ұйымдастыру түрінде немесе материалдық көмек көрсеткен не оған құқықты ресімдеу мен оны пайдалануға жәрдемдескен жеке адамдар авторлар деп танылмайды.
Топологияға авторлық құқығы иеліктен алынбайтын жеке мүліктік емес құқық болып табылады және ол мерзімі белгіленбей қорғала береді.
Топологияға айрықша құқықты топологияның авторы не жұмыс беруші немесе тапсырыс беруші немесе олардың құқық мирасқорлары иеленеді.
Топологияның бірнеше авторы немесе өзге де құқық иеленушілер иеленетін айрықща құқықты пайдалану тәртібі олардың арасындағы шартта белгіленеді.
Мұндай шарт болмаған жағдайда, олардың әрқайсысы қорғалатын топологияны өз қалауына қарай пайдалана алады, бірақ басқа құқық иеленушілердің келісімінсіз оған лицензия беруге немесе айрықша құқығын басқа тұлғаға беруге құқығы жоқ.
Құқық иеленушінің рұқсатынсыз мынадай іс-әрекеттер жасау:
1) топологияның түпнұсқалық болып табылмайтын бөлігін ғана көшіруді қоспағанда, оны интегралдық микросхемаға енгізу арқылы немесе өзге де жолмен оны тұтастай немесе оның бір бөлігін көшіру;
2) топологияны, осы топологиямен бірге интегралдық микросхеманы немесе осындай интегралдық микросхемасы бар бұйымды қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату және азаматтық айналымға өзге де жолмен енгізу топологияға айрықша құқықты бұзу болып табылады.
Топологияға айрықша құқық басқа тұлғаға шарт бойынша толығымен немесе ішінара берілуі мүмкін, сондай-ақ мұрагерлік бойынша әмбебап құқық мирасқорлық тәртібімен және құқық иеленуші заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде өтеді.
Лицензиялық шарт бойынша құқық иеленуші (лицензиар) екінші тарапқа (лицензиатқа) топологияны белгілі бір әдіспен уақытша пайдалану құқығын береді. Лицензиялық шартта лицензиатқа:
1) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкіндігі мен лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығын сақтай отырып (жай, айрықша емес лицензия);
2) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкіндігін сақтай отырып, бірақ лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз (айрықша лицензия);
3) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкіндігін сақтамай және лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз (толық лицензия) беру көзделуі мүмкін.
Егер лицензиялық шартта лицензияның түрі көзделмесе, ол айрықша емес жай лицензия деп аталады.
Топологияны пайдалану құқығына айрықша емес лицензияны лицензиаттың басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) беруі туралы шарт (қосалқы лицензиялық шарт) лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасалуы мүмкін.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат лицензиардың алдында қосалқы лицензиаттың іс-әрекеттері үшін жауапты болады.
Топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар жазбаша нысанда жасалады.
Тіркелген топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, тіркелген топологияны пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар уәкілетті органда тіркелуі тиіс.
Тіркеуден өтпеген топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, аталған топологияны пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар уәкілетті органда тараптардың келісімі бойынша тіркелуі тиіс.
Жазбаша нысанның немесе тіркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
Егер жұмыс беруші мен автордың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің нақты тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған топологияға айрықша құқық жұмыс берушіге тиесілі болады.
Келісімге келе алмаған жағдайда шешімді сот қабылдайды. Егер автор мен жұмыс берушінің топология жасауға үлесін мөлшерлеу мүмкін болмаса, жұмыс беруші алған немесе алуға тиіс болған пайданың жартысына автордың құқығы танылады.
Автор шарт бойынша топология жасау және өзінің жұмыс берушісі болып табылмайтын тапсырыс берушіге топологияға айрықша құқықтар беруге міндеттеме қабылдай алады.
Егер топология бұрын пайдаланылса, тіркеуге өтінім беру ол алғаш пайдаланылған күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылуы мүмкін.
Тіркеуге өтінім бір топологияға қатысты болуга тиіс және онда:
1) тіркеуді сұраған автор мен тұлғалар аты, сондай-ақ олардың тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, егер топология бұрын пайдаланылса, ол алғаш пайдаланылған күн көрсетілген топологияны тіркеуге өтініш;
2) рефератты қоса алғанда, топологияны нақтылайтын материалдар;
3) егер тіркеуге өтінім өкіл арқылы берілсе, сенімхат;
4) тіркеу үшін ақы төленгенін растайтын құжат болуға тиіс.
Тіркеуге өтінімді жасау мен ресімдеуге қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
Тексеру оң нәтиже берген жағдайда уәкілетті орган топологияны Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттік тізіліміне енгізеді, өтініш берушіге топологияны тіркеу туралы куәлік береді және тіркелген топология туралы мәліметтерді бюллетеньде жарияланады.
Өтініш беруші мәліметтер бюллетеньде жарияланғанға дейін өтінім материалдарын уәкілетті органның сауал салуы бойынша немесе өз бастамасы бойынша толықтыруға, нақтылауға және түзетуге құқылы.
Тіркеу тәртібін, тіркеу туралы куәлік нысанын, онда көрсетілетін мәліметтер құрамын, сондай-ақ бюллетеньде жарияланатын мәліметтер тізбесін уәкілетті орган белгілейді.
Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттік тізіліміне енгізілген мәліметтер дұрыс емес деп дәлелденбейінше дұрыс деп есептеледі.
Аталған мәліметтердің дұрыстығы үшін өтініш беруші жауапты болады.
Құқық иеленушінің өз құқықтары туралы хабарлау үшін топологияны қамтитын бұйымдарда айшықталған Т бас әрпі, топологияға айрықша құқық қолданылатын мерзімнің басталған күні және құқық иеленушіні айқындауға мүмкіндік беретін ақпарат түріндегі ескерту таңбасын пайдалануға құқығы бар (12-бап).
Топологияға айрықша құқық топология тіркелген күннен бастап он жыл бойы қолданылады.
Егер топология тіркеуден өтпесе, аталған он жылдық мерзім осы топологияның немесе осы топология бар интегралдық микросхемасының дүние жүзінің кез келген елінде алғаш пайдаланылуының құжатпен расталған күнінен бастап есептеледі.
Топологияға құқықтарды қорғауды сот:
1) құқықтарды тану;
2) құқық бүзылғанға дейін болған жағдайды қалпына келтіру;
3) құқықты бұзатын немесе оны бұзу қатерін төндіретін іс-әрекеттердің жолын кесу;
4) құқық бұзушының келтірілген залалдар орнын толтыруы және моральдық зиянды өтеуі;
5) залалдың орнын толтыру орнына айрықша құқықты бұзушы тапқан табысты өндіріп алу;
6) айрықша қүқықты бұзушының заңдарда белгіленген он мыңнан елу мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш сомасында өтем төлеуі. Өтем мөлшерін сот залалдың орнын толтыру немесе табысты өндіріп алу орнына белгілейді.
7) Азаматтық айналымға енгізілетін немесе осы мақсатпен сақталатын және айрықша құқықты бұзады деп танылған интегралдық микросхемалар мен осындай микросхемаларды қамтитын бұйымдарды, сондай-ақ арнайы оларды дайындауға арналған материалдар мен жабдықтарды жою немесе құқық иеленушінің пайдасына алып қою;
8) Бұзылған құқық кімге тиесілі екендігі туралы мәліметтерді енгізе отырып, орын алған бұзушылық туралы міндетті түрде жариялау;
9) Заң актілерінде көзделген, топологияға құқықтарды қорғауға байланысты өзге де шаралар қабылдау жолымен жүзеге асырады.
Өздікбақылауға арналған сұрақтар:
1 «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қоргау туралы» ҚР заңы қашан қабылданды?
2 Құқық иеленушінің рұқсатынсыз қандай іс-әрекеттерді жасауға болмайды?
3 Тіркеуге өтінімді жасау мен ресімдеуге қойылатын талаптарды қандай орган белгілейді?
4 Патентті сенім білдірілген өкілдер қандай жұмыстарды атқарады?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 «Интегралдық микросхемаларды қорғау туралы» ҚР заңы (2001 жылы 29 маусымда №217-11 бұйрығымен қабылданды)