Ұстаз-ғалым қалимолла мырзағалиев – Қазақ Әдебиетін оқыту әдістемесінің білгір теоретигі қыдыршаев А. С



Pdf көрінісі
Дата15.03.2017
өлшемі169,05 Kb.
#9347

ҰСТАЗ-ҒАЛЫМ ҚАЛИМОЛЛА МЫРЗАҒАЛИЕВ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ 

ӘДІСТЕМЕСІНІҢ БІЛГІР ТЕОРЕТИГІ 

 

Қыдыршаев А.С., 

Өтегенова Ж.Т. 

Орал қ. 

 

Профессор  Қалимолла  Жұмағалиұлы  Мырзағалиевты  Қазақстан  Республикасына  танымал 

тәжірибелі әдіскер-ғалым ретінде білеміз. Ағамыз ағарту саласындағы атқарған қыруар ісі, өз тұсында 

жүргізген  күллі  ғылыми-зерттеу  жұмыстары  нәтижесінде  қазақ  әдебиетін  оқыту  әдістемесінің  білгір 

теоретигі ретінде қалыптасты. Осы мақаланың авторларының бірі ұлы ұстаз хақында бір кезде «Төккен 

тер текке кетпеген» атауымен өз жүрекжарды пікірін білдірген-ді [1]. 

Бәрі  де  сонау  1958  жылы  БҚО  Казталов  ауданы  Богатырев  орта  мектебінің  мұғалімі  болып 

жүрген кезде  «VIII-X  класс  оқушыларының  әдебиет пәнінен реализм  туралы  ұғымын  қалыптастыру» 

деген  тақырыпта  өз  пікірін  айтып,  тәжірибе  бөлісуден  басталған  болатын.  Содан  бергі  жылдарда 

өмірінің ақырғы сәтіне шейін жүзден аса құнды әдістемелік еңбектері жарық көріпті. Оның қатарына 

әдебиетті  оқыту  мәселесіне  қатысты  мақалалары  да,  жеке  кітап  ретінде  жарық  көрген  еңбектері  де 

енеді.  Бұл  саптағы  «Пейзаждың  идеялық-көркемдік  ерекшелігін  оқыту»,  «Абай  лирикаларының 

композициясы», «Әдебиет сабағында әдеби-теориялық ұғымдарды оқыту», ««Абай жолын» оқытудың 

кейбір мәселелері», «М.Әуезовтің «Қараш-қараш» повесін оқыту», «Қазақ әдебиетінен ІХ класта шолу 

тақырыбын  оқытуға  методикалық  нұсқау»,  «Қазақ  әдебиетін  оқыту  методикасы  курсынан  бақылау-

жаттығу  жұмыстары»,  «10  класқа  арналған  «Қазақ  әдебиеті»  оқулығына  методикалық  нұсқау» 

(филология  ғылымдарының    докторы,  профессор  С.Қирабаевпен  бірлестікте),  «Мектепте  әдебиет 

теориясы  ұғымдарымен  таныстыру»  және  басқа  еңбектері  ғылыми-әдістемелік  құндылығы  жағынан 

мұғалімдерге  зор  көмек.  Бұл  еңбектер  туралы  кезінде  әртүрлі  баспасөз  беттерінде  қилы  пікірлер 

айтылып, орынды бағасы берілді де. Ғалым-әдіскер еңбектерінде қазақ әдебиетін орта мектепте оқыту 

мәселесінің  сандаған  аспектілері  қарастырылады.  Мәселен,  ғалымның    «Жоғары  кластарда  әдебиет 

сабағында  жанрлар  табиғатын  таныту»  нұсқауына  үңілсек,  онда  жоғары  сыныптарда  көркем 

шығармаларды оқу, талдау жұмыстарымен бірге сол шығарманың жанрлық ерекшелігін аша дәлелдеу 

әдеби-теориялық білім беруді тереңдете түсетіндігін айтады. Оқушы Х сыныпта көсемсөз, хат, көркем 

әңгіме,  лириканың  түрлері,  мысал,  аударма  жанры,  ғақлия,  сюжетті  өлең,  реалистік,  романтикалық 

және  тарихи  поэмалар,  естелік  шығарма,  әлеуметтік  роман  формаларымен,  яғни  мүлде  тың 

жанрларымен  танысатындығын,  жанр  табиғатының  өте  күрделі  синтездік  сипатының  молдығын, 

әдебиетші  ғалымдардың  еңбектерінде,  әдебиет  оқулықтарында  бір  шығарманың  өзі  әртүрлі  жанрлық 

атаулармен атала беретініне (мысалы, «Кім жазықты» бірде роман, бірде поэма, «Маузер», «Колхозды 

ауыл  осындай»  бірде  сюжетті  өлең,  бірде  баллада,  бірде  поэма  аталып  жүруі)  назар  аудартады.  Х 

сынып хрестоматиясында Шоқанның «Сот реформасы туралы жазбалар», «Ислам дінінің зияндылығы 

туралы» еңбектерінің жанрлық табиғатын танытудағы қиындықтарды сөз етеді, оқытудың тиімді әдіс-

тәсілдері  жөнінде  ой  бөліседі.  Шоқанның  озық  ойларын,  демократ-ағартушылығын,  А.Н.Майковқа, 

Ф.М.Достоевскийге  жазған  хаттарын  оқытудағы  хат  жанрының  маңыздылығын,  өзіндік  ерекшелігін 

әңгімелейді.  Идеялық  мазмұны  жағынан  ұқсастығына  қарай  Ыбырайдың  «Надандық»  әңгімесін 

Шоқанның  «Ислам  дінінің  зияндылығы»  туралы  еңбегімен  салыстыра  оқыту  арқылы  көркем  әңгіме 

мен  публицистиканың  жанрлық  айырмашылығын  жеңіл  ұғындыруға  болатынын  ұсынады.  Абайдың 

қара  сөздері  қай  жанрға  жатады?  Оқушыға  қалай  танытамыз?  Ғалым  Абай  қара  сөзі  мен  Ыбырай 

әңгімелерін, ақынның өз өлеңдерімен салыстыра оқыту жолын ұсынады. Бұл арқылы да бір мазмұнның 

екі түрлі формада берілуінің жанр өзгешелігінде жатқаны танылады.  

Әдіскер-ғалым  Қ.Ж.Мырзағалиев  кейінгі  ағарту  саласындағы  ізбасар  әріптестеріне  қалдырған 

мол  әдістемелік  мұрасында  оқушыларды  көркем  әдебиетті  оқып-үйренуге  баулу,  олардың  дүниеге 

көзқарасын,  ой  өрісін,  эстетикалық  талғамын,  адамгершілік,  имандылық  қасиеттері  мен  өнерге,  сөз 

өнеріне  ынтасын  қалптастыру  белгілі  мөлшерде  әдеби-теориялық  ұғымдарды  жете  меңгертуді  қажет 

етерін  баса  атайды.  Осыған  байланысты  оқытудың  арнайы  қағидаттары  белгіленіп,  жеке  әдеби 

ұғымдарды  меңгерту  тәсілдері  туындарын  қозғайды.  Бұл  жұмыстың  әр  сыныпта  сатылы  түрде 

дамытылып, оқушылардың жас ерекшелігіне қарай жүргізілуі тиістілігін көре біледі. Бұл ретте ғалым: 

«Дидактикалық  қағидаттарға  сүйене  отырып,  көркем  мәтіннің  ішінен  бейнелілікке  (образдылыққа) 

қатысты нақты бір детальдарды алып қарастырып, одан әдеби-теориялық ұғымды анықтау сабақ 

үрдісінде  іске  асырылады.  Қандай  әдеби  ұғым  болмасын,  мәтіннің  композициялық  құрылысынан 

туындайды.  Одан  тыс  тұратын  әдеби-теориялық  ұғым  болмайды.  Кең  түрде  алып  қарасақ,  бұл 

жұмыс жалпы әдебиет теориясының ғылыми курсында көркем шығарма мен оның құрылысына, яғни 

композициясына  тән  үлкен  проблемаға  келіп  саяды.  Сондықтан  да  көркем  шығармадағы  адам 

бейнесін (образдар жүйесі), шығарманың композициялық құрылысы мен сюжетінің жасалу сырларын 


талдауға кең орын беріледі. Оқылатын шығарманың табиғатына сай әдеби кейіпкер, кейіпкер мінезі 

мен  портреті,  сюжет,  композиция,  тақырып  және  идея,  бейнелі  сөздер,  жанрлық  түр  жайындағы 

теориялық ұғымдар кеңейтіле түседі»,  - дейді. 

Ғалымның пікірінше, әдебиетті жете түсінудің негізі – шығарманың көркемдік әсерін оқушының 

сезіне білуінде. Мұғалімнің оқыту тәжірибесіндегі ой жібере оқу, эвристикалық әңгіме жүргізу, зерттеу 

және  репродуктивті  әдістер  мен  оның  әр  түрлі  амалдарын  қолданудың  бәрі  де  көркем  шығарманы, 

әдеби-теориялық  ұғымдарды  жете  меңгертуді  көздейді.  Ал  теориялық  ұғымдарды  жете  меңгерту  – 

оқушының талғамына сай, өз бетімен оқыған көркем шығарманың идеялық-көркемдік ерекшеліктерін 

ажыратып, оған баға бере білудің негізгі бола алады. 

Жалпы  әдебиет  сабағында  жүргізілетін  жұмыстың  қандай  түрі  болса  да,  оқылатын  мәтіннің 

мазмұнына, көркем бейнелеріне, құрылысына байланысты көркем мәтінде сюжет болмаса да, жанрлық 

түрі,  көлеміне  қарай  мазмұнға  сай  композициялық  құрылысы  болатынын  білгізу  міндет.  Мәселен, 

әдіскер-ғалым  Қ.Ж.Мырзағалиев  орта  мектепте  «Мақал-мәтелдер»  тақырыбына  орайлас  құнды 

әдістемелік  бағыт  сілтейді.  Мақал-мәтелдерді  оқытудың  алғашқы  сабағы  оқушылармен  әңгімеден 

басталуы  мүмкін.  Себебі  мақалдармен  төменгі  сыныптан  бастап  танысқан  оқушының  көңілге  тоқу 

тәжірибесі, мақал-мәтелдің мақсаты мен мазмұнын ұғынуы біраз кеңейеді. Мақал-мәтелдің өткен өмір 

тәжірибесінің  шежіресі  екені,  тақырыптары,  қазіргі  кездерде  де  туындап  отырғаны,  оны  сөз 

шеберлерінің  дамытып  келе  жатқаны,  мақал-мәтелдің  өзара  айырмашылықтары  алғашқы  сабақта 

айтылса, екінші сабақта мақал-мәтелдің поэтикалық көркемдік ерекшелігі, хрестоматиядағы үлгілерден 

сол  мазмұн  мен  көркемдіктің  үйлесім  тауып  айтылуына  арналады.  Мақал-мәтелдердің  көркемдігін 

байқауға көркемдік сөз үлгілері: ауыстыру, метафора (Көп сөз – күміс, аз сөз – алтын. Ашу – дұшпан, 

ақыл-дос,  ақылыңа  ақыл  қос),  теңеу  (Жақсылардың  үлгісі  –  жанып  тұрған  шамдай,  Шешендердің 

сөздері – ағып тұрған балдай), эпитет (От ауызды, ортақ тілді. Қаhарлы сөз қамал бұзар), метонимия 

(Шебердің қолы көпке ортақ. Жүрген аяққа жөргем ілінер), синтаксистік параллелизм (Жолдас қадірін 

жорықта  білесің,  Дос  қадірін  соғыста  білесің),  шендестірулерді  таныту  мақсаты  қойылады.  Әсіресе 

синтаксистік  параллельдер  мен  шендестірулердің  жақындығы,  қабысып  отыруы,  тура  көркем 

баламалардың үйлесімділігіне көбірек көңіл аударылады (Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, 

Ер басына күн туса, етігімен су кешер). Мақал мәтелдерді оқыту арқылы қалыптаса, дамытыла түсетін 

әдеби  теориялық  ұғым  –  тақырып  пен  идеяның  бірлігі  және  поэтикалық  көркемдігі,  ырғағы,  ұйқасы, 

тармағы.  Мәселен,  «Еңбек  етсең,  емерсің».  Егер  осы  мақалдың  тақырыбы  мен  идеясы  қандай  десек, 

оқушы  ойланып  қалады  да,  сәлден  кейін,  мақалдың  тақырыбы  –  еңбек  ету,  идеясы  –  нәтижесін  көру 

дегенді ашып берер еді. Хрестоматияларда түрлі тақырыпқа топтасқан мақалдар берілген. Осы мақал-

мәтелдегі тақырып пен идеяны ашу, қандай поэтикалық көркемдікпен жасалғанын білгізу үшін сұрақ, 

тапсырмалар  беру  мұғалімнің  ең  басты  ісі.  Мақалдардың  дыбыс  үндестігін  ашып  дәлелдеңдер. 

Мақалдың  аяқталуында,  басталуында,  сөздердің  іштей  үйлесімдігінде  қандай  үндестік  бар? 

Мақалдардағы  теңей,  ауыстыра,  балап  айтылған  сөздерге  мысал  келтіріп,  оның  қандай  поэтикалық 

көркемдік  екенін  дәлелдеңдер.  Мақалдағы  бейнелі  параллелизмдердің  мазмұндық  көркемдігін 

ашыңдар. Шендестіруге құрылған мақалдың мазмұнын ашып әңгімелеңдер, т.б. Мұндай тапсырмалар 

оқушыны мақал мәтініне тағы бір мәрте үңілдіріп, мазмұнын, көркемдігін тани білуге жұмылдырады. 

Егер,  мұғалім  осы  тақырыпта  топтасқан  мақалдарды  өздерің  білетін,  оқыған,  үлкендерден  естіген 

мақал-мәтелдермен,  ақын-жазушылар  шығармаларынан  мақалға,  нақылға  айналып  кеткен  даналық 

сөздермен  толықтырыңдар,  оның  тақырыбы  мен  идеялық  мазмұнын  ашыңдар  десе,  оқушының 

белсенділігін арттырып, қызықтыра түсер жұмыс болары кәміл. 

Ал әдеби-теориялық ұғымдарды кеңейтуге қатысты әдіскер-ғалым түрліше ой өреді. Асан қайғы, 

Бұқар?  Махамбет  мұраларынан  басталған  әдебиетіміздің  тарихи  даму  жолы  одан  әрі                            ХIX 

ғасырдың  екінші  жартысы  мен  ХX  ғасырдың  бас  кезіндегі  әдебиет  тарихымен  жүйелі  курс  болып 

жалғасып келеді. Сондықтан әдебиет теориясы ұғымдары әдебиеттің тарихи даму үрдісін оқып білумен 

қабыса жүргізіледі. Оқулықта әдебиет теориясы мәселелері бес жүйеге бөліне топтастырылады. 

Бір-бірімен  тығыз  байланысты,  бірін-бірі  толықтыра  түсетін  бұл  теориялық  мәселелер  оқыту 

үрдісінде екі  түрлі жолмен  жүргізіледі. Алдымен ХIX  ғасырдың екінші жартысы  мен                         ХX 

ғасырдың  басындағы  әдебиетке  арналған  шолу  тақырыптарында  жинақы  түрде  таныстырылады. 

Екіншіден,  Шоқан,  Ыбырай,  Абай,  С.Көбеев,  С.Торайғыров,  С.Дөнентаев  мұраларын  оқытуда  осы 

теориялық  мәселелер  жекелеп  те,  өзара  байланысты  түрде  де  танытылады.  Ақын-жазушының  өмірі 

мен  шығармашылық  жолы  тақырыбына,  жанрына  қарай  топтасып,  бірнеше  шығармалары  жүйелі 

түрде  оқылатын  болғандықтан,  жырлаған,  суреттеген  тақырыбына  автордың  көзқарасы  жайында 

жинақы,  түйінді  пікірмен  баға  беру  мүмкіндігі  жасалады.  Өзара  байланыстырыла  отырып 

шығарымпаздық әдісі анықталады. 

Сондай-ақ,  ғалымның  жанр  мен  стиль  турасында  айтылған  түйін-тұжырымдарының 

құндылығы  бүгінгі  тұста  да  бір  сәт  төмендеген  емес.  Бұл  ретте  ғалым  дәстүр  мен  жаңашылдық 

проблемасы  жанр,  стиль  проблемасымен  тығыз  байланысты.  Бір  ақын,  жазушының    шығармалары 


арқылы  бірнеше  жанрлық  форманы  таныстырамыз.  Оқушы  төменгі  сыныптарда  С.  Сейфуллиннің 

өлеңдерімен  танысса,  ортаңғы  сыныптарда  әңгімесімен,  повесімен  танысады.  Ал  жоғарғы 

сыныптарда  С.Сейфуллин  шығармашылығын  оқу  арқылы  әдебиеттің  үш  тегінен  тарайтын  лирика, 

баллада,  поэма,  әңгіме,  повесть,  роман,  пьеса  жанрларында  шығарма  жазғанын  оқып  танысады. 

Б.Майлин,  І.Жансүгіров,  С.Мұқанов,  М.Әуезов,  Ғ.Мүсірепов,  Ғ.Мұстафин  шығармашылығын  оқу 

арқылы  осы  жанрлардың  одан  әрі  алуан  сипатымен  түрлене,  жаңа  белгімен  дамытыла  түскені 

таныстырылады.  Мәселен,  драмалық  шығарманы  алайық.  Оқушылардың  жалпы  драмалық 

шығармаларын  оқу  тәжіребиесі  шамалы,  өз  бетімен  оқуға  бара  бермейді.  Әйтсе  де  С.Сейфуллин, 

Б.Майлин,  І.Жансүгіров,  С.Мұқанов,  М.Әуезов,  Ғ.Мүсірепов  шығармашылығынан  драманың, 

комедия, сатиралық комедия, трагедия түрлерінің өзара айырмасын қайталау кезінде ажырата білетін 

болу  керек.  Бұл  жерде  оқушылардың  театр  сахнасынан,  кино,  телеэкранынан  көргені  де  қамтылуы 

мүмкін. Бұл жерде айтарымыз, жанр қатып қалған форма емес. Әдебиет теориясында сол форманың 

ортақ  белгілері  шартты    белгілері  болып    қалыптасқан.  Жанрлық  белгілер  өзара  араласа  үйлесім 

тауып,  көркемдік  формаға  тұтасып,  тақырыптық-идеялық  мазмұнын  жеткізіп  отырады.  Орыс 

сыншысы  Белинский  жанрларды  біріне-бірі  қатысы  жоқ  дара  дүние  тұрғысында  деп  қарамаған. 

Олардың  жеке  компоненттері  бірінен  екіншісіне  ауысып  отыратынын,  өзара  байланысты  бірлікте 

болатынын  айтады.  Кейбір  шығарманың  осындай  жанрлық  формасын,  белгілерін,  шекарасын 

ажырату  оқушыға  (мұғалімге  десек  те  болады)  оңай  емес.  Сәкеннің  «Маузерін»  бірде  өлең,  бірде 

баллада,  бірде  поэма  деп,  Сәбиттің  «Колхозды  ауыл  осындайын»  бірде  поэма,  бірде  ұзақ  өлең  деп 

оқулықта  да,  зерттеулерде  де  әр  түрлі  атап  оқып  жүрміз.  Ғ.Мүсіреповтың  «Кездеспей  кеткен  бір 

бейне»  шығармасын  көлеміне,  құрылысына,  оқиғасына  қарай  повестке  жатқызуға  болатын  сияқты. 

Повестер  қатарында  аталып  та  тұр.  Бірақ  автор  шығармасы  поэма  аталған.  Сырт  қарағанда  проза 

десек те, өлең ырғағы мен романтикалық көтеріңкі де нәзік әуенмен жазылған. Екі жанр табиғатының 

айрықша  сапалары  тұтастырылған.  Еркебұлан  сияқты  күрескер  ақынның  жан  дүниесін,  сезімін 

поэмаға  тән  лиризммен  мөлдірете  қара  сөзбен  жеткізу  шеберлігін  танытқан.  Революциялық  күрес 

дәуірінің оқиғалары шығармада жаңа қырынан көрінеді. Халық азаттығы үшін күреске Еркебұланның 

үлкен  санамен,  зор  жауапкершілікпен  барғанын,  оның  алдына  қойған  мақсатында  еш  нәрсе  кедергі 

бола  алмайтынын,  туған  еліне  адалдығын  көреміз.  Автор  шығарманың  эстетикалық  сипатына  мән 

бергендіктен поэма атаған. 

Көркем шығарманың өнер ретінде көркемдік қасиетімен түрленіп отыруы талантқа тән заңды 

құбылыс. Белгілі бір жанр шарттарын орындап жазылған құнды туынды сол жанрға белгілі жаңалық 

әкеледі,  жанрдың  дами  түсуіне  өзінше  үлес  қосады.  Монографиялық  тақырыптарды  оқытуда 

шығарманың жанрлық сипатындағы  өзгешеліктерді оқушы танып білетін болуы керек. 

І.Жансүгіровтің  «Дала»,  «Күйші»,  «Құлагер»  тәріздес  тарихи  реалистік  поэмалары  жазылу 

табиғатына қарай әр түрлі жанрлық сипатымен көрінеді. Әр поэманың тақырыбының композициялық 

құрлысының, сюжеттік желісінің, образдар жүйесінің жасалуына қарай бірінде эпикалық, екіншісінде 

лирикалық  ырғақ  интонациясының,  көркемдік  компоненттерінің  басымдығына  ерекше  түрде 

оқырман  зердесін  аударуына  қарай  әр  түрлі  жанрлық  сипаттағы  анықтауларға  ие  болып  келеді. 

Әдебиет зерттеушілері «Дала» поэмасын лирикалық-философиялық (Әуезов), тарихи-философиялық 

(Қаратаев),  лирикалық  поэманың  жаңа  түрі  (Дүйсенов),  лирико-публистикалық,  лиро-эпикалық 

(Нарымбетов)  дегендей  жанрлық  анықтаулармен    атайды.  «Даланың»  лирикалық  сипаты  «Арнау», 

«Той бастау» бөлімдерінен және жыр ағымы, толғау, терме дәстүрінде жазылуынан, эпикалық сипаты  

басқа  бөлімдерінен,  шартты  кейіпкерлерінен  байқалады.  Ал  философиялық  сипаты  −  тұтас  тарихи 

кезеңдерді қамтыған өмірдің дамуы, қайшылығы, күресі, халық идеалы, гуманизмі және тарихилығы 

деуге  болады.  Поэманы  оқытуда  оның  жанрлық  сипатына  қарай  айтылып  жүрген  көп  анықтама 

сөздерді  білуді  міндеттемей-ақ  тарихи  реалистік  және  лирикалық,  эпикалық  елеулі  сөзге  түсер 

сипаттарына тоқталса жеткілікті. 

С.Сейфуллин,  М.Майлин,  І.Жансүгіров,  С.Мұқанов,  М.Әуезов,  Ғ.Мүсірепов,  Ғ.Мұстафиннің 

шығармашылық  әр  жанрдағы  шығармаларын  талдау,  көркемдігін  тану  үстінде  өзіндік  жазушылық 

өзгешеліктері  де  сөз  болады.  Осы  көрнекті  әдебиет  өкілдерінің  шығармашылығында  біртіндеп 

қалыптасқан,  айқындала  түскен,  бір-біріне  ұқсамайтын суреткерлік шеберлігі, стилі,  мәнері бар. Әр 

жазушы  өзінше  сөз  саптайды,  өзінше  суреттейді,  образдар  жасайды.  Әр  жазушының  осындай 

көркемдік,  стильдік  өзгешеліктерін  оқушының  өздігінен  ажыратып  отыруы  мүмкін  емес.  Стильдің 

қыры мен сыры мол. Мектеп бағдарламасы арқылы оны толық тануға мүмкіндік жоқ. Әйтсе де, аса 

көрнекті  класик  ақын,  жазушылардың  өзіндік  басты  стиль  ерекшелігін  тани  алатындай  ерекшелігі 

болатыны  айқын.  Жазушы  стилін  алғаш  аңғартатын  бірінші  фактор  –  тіл  өрнегі.  Бірақ  ол  стильдің  

жан-жақты  сипатын  ашып  бере  алмайды.  Жазушы  өмір  шындығын  шығарымпаздық  қиялымен 

типтендіре  жинактай  отырып,  образ  жасайды,  суреттейді.  Сол  үрдісте  оқиғаны,  әрекетті,  адамның 

қарым-қатынасын,  сөзін,  күйініш-сүйініш  сезімін  өсіре,  әсірелей  не  әшкерелей  әр  түрлі  жағдайға 

келтіреді. Стильдік өзгешелікті танытатын осы компоненттер [2, 125-127]. 



Ғалымның  әдістемелік  зерделеу  жұмыстарының  өміршеңдігі  –  практикалық  жағының 

басымдығында, әдебиет пәні мұғалімдерінің ауыр енбегін жеңілдетуде ғылыми-әдістемелік жағынан 

тиімді  көмек,  кеңес  бере  білуінде.  Әдіскер-ғалымның  баспа  жүзін  көрген  көмекші  нұсқауларын  өз 

ісінде,  әдебиет  сабақтарында  пайдаланған,  өз  кезеңінде  ғалымға  ризашылығын  білдірген 

мұғалімдердің алуан пікірлері де – ғалым еңбегіне берілген баға.  

Қалимолла  Жұмағалиұлын  Орал,  Ақтөбе,  Маңғыстау,  Жезқазған  аймақтық  білім  жетілдіру 

институттары  әлсін-әлсін  мұғалімдердің  мезгілдік  курстарында  әдебиет  әдістемесінен,  әдебиет 

теориясынан,  әдебиет  тарихы  мәселелерінен  лекция  оқуға  шақырып  отырған.  Мәселен,  1986  жылы 

Ақтөбеде  мұғалімдердің  айлық  курсында  лекция  оқыған.  Кейін  Шалқар  қаласының  мұғалімі 

М.Құлмақанова  ғалымның  лекцияларындағы  әдістемелік  талдауларының  құндылығы  жайында 

мақала («Қаз.мект.» журн., №2, 1987 ж.) жариялады. Бұл бағытта БҚО Сырым ауданының мұғалімі 

Х.Хамидуллин  («Қаз.мұғ.»,  8  тамыз,  1986  ж.)  Бөкей  ордасы  ауданының  мұғалімі  Е.Қисахметов 

(«Орал  өңірі»,  29  қыркүйек  1989  ж.)  өз  мақаларында  ризашылықтарын  білдірген.  Қ.Жұмағалиұлы 

студенттерге әдебиет әдістемесінен дәріс оқумен бірге, жастарды ғылыми жұмыстарға баулуды әсте 

естен шығармағаны кейінгіге зор үлгі. 

Әдістеме  ғылымы  саласында  кезінде  үздіксіз  тер  төккен  ғалымның  «Сөз  өнерінен  –  ойлау 

өнеріне»  деген  зерттеуі  –  мектеп  бағдарламасына  енгізілген  жаңа  шығармаларды  оқытудың 

жолдарын,  жазушы  Хамза  Есенжановтың  «Ақ  Жайық»  трилогиясын  сыныптан  тыс  талқылау  және 

әдеби өлкетану жұмыстарын жүргізу түрлерін көрсететін құнды еңбек сапында. 

Қысқасы,  бірегей  ғалым,  қазақ  әдебиетін  оқыту  әдістемесінің  теоретигі  Қалимолла 

Жұмағалиұлы Мырзағалиевтың мол әдістемелік мұрасы ешқашан да ескірмек емес. 

 

Әдебиеттер 



1.

 

Қыдыршаев  А.С.  Төккен  тер  текке  кетпеген  //  «Серпер»  -  «Прогресс»  газеті,  1992,             

23 мамыр, №33-34. – 3-бет. 

2.

 

Мырзағалиев  Қ.Ж.  Мектепте  әдебиет  теориясы  ұғымдарымен  таныстыру.  Алматы, 

«Рауан» баспасы, 1992. -128 бет. 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет