STEM-білім беру Қазіргі уақытта әлемде төртінші технологиялық революция болып жатыр: қарқынды ақпарат ағыны, жоғары технологиялық инновациялар мен әзірлемелер біздің өміріміздің барлық салаларын өзгертіп жатыр. Қоғам сұранысы да, жеке тұлғаның қызығушылықтары да өзгеріп жатыр. Егер бұрын қыздар еңбек сабағында алжапқыш тігіп, ал ұл балалар ағашпен немесе металлмен жұмыс істесе, онда қазіргі уақытта бұл жеткіліксіз. Робототехника, құрастыру, бағдарламалау, үлгілеу, 3D-жобалау және тағы басқа – бұның бәрі енді дүниежүзінің қазіргі оқушыларын қызықтырады. Бұл қызығушылықтарды жүзеге асыру үшін анағұрлым күрделі дағдылар мен құзыреттер керек. Білу мен істеу ғана емес, сонымен қатар зерттеу және ойлап шығару маңызды. Ғылым, математика, технологиялар және инженерия сияқты басты академиялық салаларда бір мезгілде даму керек, оларды STEM (science, technology, engineering and mathematics) деген бір сөзбен біріктіріп атауға болады. STEM – оқытудың кіріктірілген тәсілі, оның шеңберінде академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдар шынайы өмір мәнмәтінінде зерделенеді. Мұндай тәсілдің мақсаты – STEM-сауаттылық пен әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттіліктің дамуына ықпал ететін мектеп, қоғам, жұмыс және бүкіл әлем арасында тұрақты байланыс құру (Tsupros, 2009).
«STEM» аббревиатурасын алғаш рет 1990 жылдары америкалық бактериолог Р.Колвэлл ұсынды, бірақ ол 2000 жылдардан бастап белсенді түрде қолданыла бастады. STEM негізінде осы ұғымның жаңа нұсқалары пайда болды. Олардың ішіндегі ең кең таралғандары STEAM (ғылым, технология, инженерия, өнер және математика) және STREM (ғылым, технологиялар, роботтехникасы, инженерия және математика). Қазіргі уақытта STEM әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі болып табылады. Технологиялардың қарқынды дамуының арқасында жаңа мамандықтар пайда болуда және STEM мамандарға деген сұраныс жаппай өсуде. Мысалы, ЕО елдерінде бұл салада жұмысқа орналасқан мамандардың үлесі 2000 жылдан 2013 жылға дейін 12%-ға артты. Сонымен қатар, еуропа елдерінде 2025 жылы басқа мамандықтарға сұраныс 3%-ға өссе, STEM саласындағы мамандарға деген сұраныс 8%-ға өсетіні болжануда.
2011 жылы ЭЫДҰ-ның қарастырылған 16 мемлекеттің ішінде Финляндияда STEM мамандықтар түлектерінің анағұрлым көп саны байқалды: 20-39 жастағы халықтың 100 мың адамына шаққанда 109. Бұл көрсеткіш Канада мен Швейцария көрсеткіштерінен екі есе артық. STEM саласында білім беру жоғары технологиялар саласындағы мамандарды дайындаудың негізі болып табылады. Сондықтан, Аустралия, Қытай, Ұлыбритания, Израиль, Корея, Сингапур, АҚШ секілді көптеген елдер STEM-білім беру саласында мемлекеттік бағдарламалар жүргізеді.
STEM әлемдік жүйесінің жаңа тренді білім беру робототехникасы болды, ол бағдарламалау және құрастыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, STEM төрт компонентінің интеграторы болып табылады. Мысалы, 2015 жылы «ER4STEM» үшжылдық жобасы іске қосылды (Австрия, Болгария, Греция, Мальта және Ұлыбритания), ол оқушылардың ғылыми-техникалық салаға деген қызығушышлықтарын қолдау үшін білім беру роботехникасын шығармашылық және сыни қолдануға бағытталды.
«ER4STEM» мақсаты – балаларға білім беру робототехникасының әртүрлі бағыттарын және STEAM меңгеруге, сонымен қатар күрделі тәжірибелік тапсырмаларды шешуге мүмкіндік беретін ашық және тұжырымдамалық жиектемені әзірлеу. Жобаның шеңберінде білім беру робототехникасынан бес мемлекетте 4000 астам бала үшін семинарлды өткізу қарастырылған. Жылына бір рет Еуропалық білім беру роботехникасы жөнінде конференция өтеді (2016ж. – Австрия, 2017ж. – Болгария, 2018ж. – Мальта). «ER4STEM» мұғалімдерге арналған ауқымды репозиторийді әзірлеу жобаның қорытындысы болады.
Қазақстанда да STEM-білім берудің белсене дамуы басталды. Бұны Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында STEM контекстінде мектептегі білім берудің мазмұнына өту дәлелдейді. Жаңа білім беру саясатын жүзеге асыру үшін оқу бағдарламасына жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық үлгілеуді дамытуға бағытталған STEM-элементтерді енгізу жоспарланды.
Оқытудың жаңа пәнаралық және жобалық тәсілі енгізіледі, ол оқушыларға зерттеу және ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге, шығармашылық ойлау, мәселелерді шешу, коммуникация және топтық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Жаратылыстану-математикалық ғылымдар пәндері арасында «тура тақырыптар» саны артады. 2015-2016 оқу жылынан бастап бірінші сыныптың әр оқушысы «Жаратылыстану» пәнін оқиды, ол жоғары сыныптарды жаратылыстану ғылымдарын оқудың негізі болып табылады. Сонымен қатар, 2016-2017 оқу жылынан бастап барлық мектептерді АКТ, сандық білім беру ресурстарымен, Интернет желісінің қолжетімділігімен жабдықтау жоспарланды. Сонымен бірге 2019 жылы жоғарғы сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады, бұл жаңа білімді алғашқы дереккөзден алуға және әлемдік ғылыми қауымға өтуге септігін тигізеді.
Елімізде білім беру робототехникасына ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, 2014 жылдан бері жалпы білім беретін мектептерінің және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылар арасында жыл сайын Робототехникадан Республикалық олимпиада өтеді. Республикалық жарыстардың жеңімпаздарының Робототехникадан Дүниежүзілік олимпиадаға (WRO) қатысуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, 2015 жылдан бері Қарағанды қаласында «RoboLand» Халықаралық роботехника фестивалі жыл сайын өтеді, оған басқа елдердің өкілдері де қатысады (Сербия, Ресей және т.б.).
2016 жылы алғаш рет робототехниканың оқу зертханалары ашыла басталды, тұңғышы Алматы қаласының №159 гимназиясында ашылды. Жақын арада еліміздің басқа мектептерінде тағы 90 зертхананың ашылуы жоспарланды. Педагог мамндарды даярлау да жүргізіліп жатыр: қазіргі уақытта «Робототехника» элективті курсы бойынша 64 тренер даярланды.
STEM-білім беру саласында халықаралық ынтымақтастық жасасудың тәжірибесі де бар. Мысалы, 2014 жылдан бері 20 млн. стерлинг фунты жалпы бюджетімен Ұлыбритания мен Қазақстанның «Ньютон – әл-Фараби» атты бесжылдық бағдарламасы жүзеге асырып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – ғылыми және инновациялық әлеуетті нығайту, мамандар алмасу және бірлескен зерттеу орталықтарын құруда екі елдің өзара іс-әрекеттесуі.
Осылайша, біздің еліміз дамыған елдермен бірдей бағытта ілгерілеп келеді. STEM-білім беру оқуды және мансапты қосатын көпір болып табылады. Оның тұжырымдамасы балаларды технологиялық тұрғыдан дамыған әлемге дайындайды. Келешектің мамандарына жан-жақты дайындық пен жаратылыстану ғылымдары, инженерия, технологиялар мен математиканың әр түрлі білім беру салаларынан алынған білім керек.