Стиль. Өзіндік ерекшелігі. Стильдік еліктеу. Стильдік белгілер: сюжеттілік, сипаттамалық, психологизм



Дата25.04.2023
өлшемі41,76 Kb.
#86700

Стиль. Өзіндік ерекшелігі. Стильдік еліктеу. Стильдік белгілер: сюжеттілік, сипаттамалық, психологизм.
Стиль (лат. stylus, грек. stylos – жазуға арналған таяқша) – қаламгердің жазу мәнері, ой түйінін ашу тәсілі, образдар жүйесінің тұрақты бірлігі. Стильдің жұмыс стилі, газет стилі, ғылым стилі, т.б. түрлері бар. Әдебиетте көркем құралдар тұтастығы, әдіс ретінде қолданылады. Көркемдік компоненттер мен түр ерекшеліктерін өз қажетіне асыруда, мазмұн байлығын тереңдете түсуде суреткердің стильдік ерекшелігі айқындалады. Стиль суреткердің қолтаңбасын анықтаумен қатар, сөз өнеріндегі көркемдік әдіс-тәсілдерді, әдебиеттің бағыт-бағдарын ажыратады. Стиль түр мен мазмұнның бірлігін қалыптастырып, көркем мәтіннің тұтастығын қамтамасыз етеді. Әдебиеттану ғылымында стильдің дәуір стилі (қайта өркендеу, барокко, классицизм, реализм), түрлі ағымдар мен бағыттардың стилі, ұлттық стиль және суреткерге тән жеке стиль, т.б. түрлері кездеседі. Антикалық дәуірде стиль сөйлеу мәнері, сөйлеу тәртібі ұғымдарын берген, осы негізде классицизм кезеңінде стильдің 3 түрі (жоғары, орташа, төмен) анықталған. 17 ғасырда стиль филологиялық пән ретінде қалыптасса, 18 ғасырда философиялық эстетиканың назарын аударды. И.В. Гете мен Г.Гегель стильді дүниені танудың көркем белгісі санаған. Стиль жайында В.В. Виноградов “стиль көп мәндес” деген пікірді айтса, зерттеуші Л.Шепилова стильді әдіс ретінде танып, “әдіс – өмірді образ арқылы көрудің айрықша түрі” дейді. 20 ғасырдың 20-жылдары лингвистик. стилистика қалыптасып, кеңестік кезеңде стиль шығармалар әдіс ретінде танылды.
Стиль тіл көрінісі ретінде өнердегі стильден ерекшеленіп, шығарманың мағыналы түрі, эстет. тұтастық ретінде мойындалды. Реалистік романның дамуы стильге жаңалықтар әкелді. М.М. Бахтинның пікірінше, пікірталас қарама-қайшылықтары жаңа стильді қалыптастырушы күшке ие болды. Қазақ әдебиеттану ғылымында А.Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде стиль туралы “Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді, әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады. Ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз дауысынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуі қажет” дейді. Ол стильді тіл қисыны мен лұғат қисынының бірігуі деп таниды. Абайдың стилін тануда ол: “Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына оның шеберлігі керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған” дейді. Зерттеуші Қ.Жұмалиев “Стиль – өнер ерекшелігі” (1966) атты еңбегінде қаламгердің жазу мәнерін, көркемдік шеберлігі мен талант табиғатын, ал З.Қабдолов “Әдебиет теориясының негіздерінде” суреткерге тән шығарм. ерекшелікті стиль ретінде қарастырды. Кеңестік әдебиетте төңкеріс кейіпкерлерінің тілі, сөйлеу мәнері бейнеленіп, қарапайым адамның сөзі, оның әңгімелері стиль ретінде көрініс тапты. Мыс., Б.Майлиннің “Мырқымбайы”, т.б. М.Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі қыр өмірінің суреттері, “Абай жолы” роман-эпопеясында дәуір келбеті мен адам іс-әрекеттері негізінде кең тыныспен өріс алса, С.Сейфуллиннің “Альбатрос” поэмасында өзгерістер лебі танылды. Бұл шығармалардан қаламгерлердің өздеріне ғана тән стильдік ерекшеліктері, шеберліктері көрінеді. Т.Әлімқұлов, А.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Қ.Ысқақ, О.Бөкей, С.Мұратбеков, Д.Исабеков, т.б. туындыларында қарапайым халық тілі жаңа стильдік арнада көрінді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет