Көркем әдебиет стилі – тарихи тұрғыдан ерте қалыптасқан функционалды стильдің бір түрі. Оның пайда болуына ықпал еткен негізгі арналары: XV-XIX ғғ. аралығындағы ақын-жыраулар поэзиясы, фольклор тіліне тән өлең-жырлар, лирикалық эпостар тілі, халықтың сөйлеу тілі, Абай, Ыбырайдан басталған жаңа көркем әдебиет тілі. Көркем әдебиет стилі – проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың тілі. Стильдің бұл түрінде сөздер екшеліп, сараланып қолданылады. Өмір фактілері шынайы образдар арқылы суреттелетіндіктен, ондағы дәстүрлі де төлтума сөздер, көркемдегіш, бейнелегіш құралдар стильдік мақсатта жұмсалады. Зерттеу еңбектерде айқындалғандай, көркем әдебиет стилінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Соның ең бастысы – тіл байлығы, сөздік құрамының молдығы. Авторлық баяндаудың құрылымына қарай, кейіпкерлердің іс-әрекет, болмысына қарай тілдің бар байлығы қолданылады: кәсіби, диалект сөздер, қарапайым сөздер, жаргондар, сирек қолданылатын сөздер, тарихи, көнерген сөздер, стильдік неологизмдер т.т. Көркем әдебиет стилінің екінші бір ерекшелігі – оның көп стильділігі. Мұның мәнісі – көркем әдебиет шығармаларында басқа функционалды стильдердің элементтері кездеседі деген сөз, мұнда тілдік құралдардың барлық түрі пайдаланылады. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Болашаққа аманат» тарихи драмасынан үзінді келтірелік:
«Хан: Тегі, бала жасынан би атанған Сырым қырыққа жете бере қартаяйын деген-ау, сірә! Ханмен жауласпаймын, хандығымен жауласамын деген сөз бола ма екен? Ханы бар, хандығы жоқ ел болғанын қайдан естіп жүрсің? Сырым: Тегінде, екінің бірі дұрыс болар: мен жетпей қартайған болармын, не кейбіреулер қырыққа жеткенше қырқынан шыға алмай қойған болар... Сырым: ...Жер-су мәселесі әділетпен шешілмеген болса, халық кеңесі өз міндетін атқара алмаған болар еді... Халық кеңесінің кезекті жиналысын ашық деп жариялаймын...» Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшелігі – эстетикалық қызметте басымырақ жұмсалуы, яғни сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі негізгі орын алады. Сондықтан троптар мен стилистикалық айшықтаулардың барлық түрі жиі жұмсалады. Көркем әдебиет тілін зерттеген ғалым М.Серғалиев көркем әдебиет стилінің стильдер жүйесінде алатын орнына қатысты әрқилы пікірлердің айтылып жүргендігін баса айтады: «Стилистердің бір тобы (Л.Н.Максимов, Н.М.Шанский, Н.А.Мещерский т.б.) көркем әдебиет тілін функционалды стильдерден тыс, мүлдем бөлек тілдік құралдар жүйесі деп қараса, енді бір тобы Л.Х.Будагов, А.И.Ефимов, Д.Э.Розенталь, А.Н.Гвоздев т.б. ғалымдар көркем әдебиет стилін басқа стильдермен «терезесі тең», себебі көркем әдебиет те тіл қолданудың аясы болып табылады әрі әлеуметтік қызмет атқаруға қатынасады, ал эстетикалық қызметі сол әлеуметтік қызметтің бірі деп санайды» [25, 7-б.].
Сөйтіп көркем әдебиет стилінің басты белгісі – тілдің лексикалық қабаттарының барлық түрі (экспрессиялы-эмоциялық бояуға бай тұрақты сөз тіркестері, фразеологизмдер, синонимдер, ауыспалы мағыналы, көп мағыналы сөздер, антонимдер, антитезалық құбылыстар, мақал-мәтел, қанатты сөздер, көріктеу тәсілдері) қолданылады.
Аязды түнде, ақ таңда, Ит үрмей, тауық шақырмай. Арқасын сүйеп ақ тауға, Қымтанып жатыр ауыл жай (М. Мақатаев).
Ай астында ақ үйлер де мызғып, қалғып тұр (М. Әуезов).
Белгілі ғалым В.Виноградов көркем әдебиет тілін ең кем дегенде екі аспектіде зерттеу қажеттігін айтады: 1) әдеби тілдің тарихын білу тұрғысынан; 2) көркем әдебиеттің өзіндік ерекшелігін, өзіндік болмыс, табиғатын түсіну тұрғысынан; ол әсіресе, көркем әдебиет тілін осы екінші тұрғыдан қарастырудың міндетін айқындайды. Орыс тіл білімі, қазақ тіл білімінде де көркем шығарманың өзіндік ерекшелігін көрсетуде «автор бейнесі», «авторлық баяндаудың типтері» мәселелерін зерттеуде біршама жасалған үрдіс, жинақталған тәжірибе бар. 50-жылдары М.Балақаев, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев т.б. ғалымдар тарапынан негізі қаланған бұл сала алғашқыда жекелеген жазушылардың тіл ерекшеліктерін анықтау, сараптау тұрғысынан қолға алынса, кейін жалпы теориялық және нақты тәжірибелік ізденістерге ұласты.