Сурет салғым келмейді повесть



бет2/2
Дата09.02.2022
өлшемі90,09 Kb.
#25082
1   2
Байланысты:
Сурет салғым келмейді

Сурет те ұстап бере ме? Ер Пірімқұлов орысша сөйледі. Ержанның көзі емес, өзі дальтоник... Арам шөп отау жақсы ма, кірпіш құю жақсы ма? Қайдасың, мама?!

...Екі сағаттан соң Ержан Пірімқұловтың кабинетінде ұнжырғасы түсіп, әншейін бейшара боп отырды. Масқара болғанда Ержанды өз үйінің, яғни жаңа үйінің шатырынан тұтықпа Төлеш тауып алды. Ескі күпәйкені жастанып, қорылдап тұрып ұйқыны соғып жатыр дейді. Пірімқұлов екеш Пірімқұлов: "Мұндай қайғы-мұңсыз баланы алғаш көруім" деп таңдайын қақты. Инспектор ер екен, сөзінде тақ тұрды, асықты түгелдей қайтарды. "Сөзінен айнымай тұрғанда табан жалтыратайық" деді ме, балалар асықты қалтаға салған бойда тайып тұрды. Қош айтуға мұршалары келмеді.

Ал Ержанның түрі түр емес: үрпиген шашы мен жейдесіне сабан қылтанағы, шлак үгіндісі жабысқан. Неше күннен сабын тимеген беті айғыз-айғыз. Тіл қатпай, сыры өше бастаған еденнен көз алмастан екі бүктетіліп отыр.

Темкең екінші орындыққа ие. Ұшынан түтін бұраңдап ұшқан шылымын бұжыр-бұжыр шойын бақаның — күл салғыштың арандай аузына нығарлап, мыжғылай береді: саусақтары әнтек дірілдей ме, қалай?

— Ал, ағайынды қоңыр қаз, бірің таптың, екіншің табылдың. Менің міндетім осымен тәмам, — деді Пірімқұлов алақанын құшырлана ысқылап. Астыңғы ерні салбырай бір нүктеге қарап отырды да, бір бет қағазды Ержанның алдына ысырды. — Үш күн бұрын салған суретің! Қайда тығылып жатқаныңды осы сурет айтып берді бізге.

Ержан бұққан күйі көз құйрығын қағазға тастады: шиферлі шатыр, шатыр жиегінде аузын ашқан ақ тамақ қарлығаш... Айна қатесіз өзінің салған суреті. Алас атқан Қожалақ аяқтатпап еді.

— Суретіңде кемшілік бар, бала.— Пірімқұлов жымиды.— Пропорцияны сақтамағансың. Қарлығашың тым үлкен... Жарайды, оны Салауат ағаң түсіндіре жатар.— Инспектор Темкеңе бар денесімен бұрылды.— Мана бұл батыр жоғалған күні сурет салып па еді деп әдейі сұрадым. Бала, әдетте, сол сағат, минөтінде нені ойлайды, қағаз бетіне соны айнытпай түсіреді. Көрдіңіз бе, Ержан Темірбекович сол күні шатырды нысанаға алған. Иначе говоря, вор находится у прокурора.— Ол кісі ашулана бастаса, орысшаға басатын.— Өз шатырынан мұны кім іздейді... Бұл қу соны ойлаған. Ана тұтықпа бала... е-е, Төлешке рақмет, жатқан жерінен сирағынан суырып алды. Ойын баласы кім қайда жасырынады, кімді қайдан іздеу керек, бес саусақтай біледі. Ержекеңді құрдастарына іздеткенде соған есеп құрғанмын.— Сәл бөсіңкіреп кеткенін сезді ме, сөз арнасын өзгертті.— Қаперіңде түк жоқ, сілең қатып, аузыңнан сілекейің ағып ұйқтап жатыпсың... Соған қарағанда, Ержеке, көзің емес, жан дүниең дальтоник пе деймін. Әке-шешең ойдан, қырдан шарқ ұрып іздеп, көрер таңды көзімен атқызады, ал, сен... Дәтің қалай шыдады, түсінсем бұйырмасын.

Ержан күңк етті.

— Мен күндіз ұйықтадым.

— Сурет, сурет... Қай жеріңнен сурет саулап тұрғанын итім білсін.— Пірімқұлов сағатына қарады.— Ал, ағайынды қоңыр қаз, мен шай қайнатымнан соң келемін. Армансыз сырласып, әңгіме күйттеңіздер.

Фуражкасын салбырата ұстап, сыртқа беттеді.

Әке мен бала көздерімен жер шұқып әрі отырды, бері отырды. Өрмекшінің төбедегі ауына оратылған шыбын әлсіз ызыңдайды. Темкең шыдамады, ауыр-ауыр қозғалып, тамағын кенеді.

— Бұл... не, балам?

Мең-зең Ержанның мұрны шу-шу етеді. Не болды, білсе бұйырмасын. Дұрыс дегені бұрыс шықты — соны анық біледі. Бір уақытта қолы көзіне барып қалды, бетін басып, қыстыға жылады. Темкең нән қарағайлар тиелген машинаны не қилы асу, кезеңнен бық дегізбей аман алып өтетін озат шофер еді. Сол озатың өз баласын қалай жұбатуды білмейді екен. Орнынан тұрып кетті де, бөлмені арлы-берлі кездей жөнелді. Үзіп-үзіп сөз бастады.

— Жә, сораңды ағызба... Әскеннен жуықта хат алғанмын. Әскерден босағасын үйленем дейді. Басына шаңырақ көтеріп, бөлек шығарайын деп ем. Біз не? Жетім өстік, аш болдық, тоқ болдық. Біз көрген кемдікті сендер көрмесін дейміз. Үлкен Отан кішкене өз үйінен басталады. Арам шөп отау да еңбек, пеш кірпіш құю да еңбек, айырмасы жоқ шығар деп ем. Үйі құрғыр ешқайда қашпас, аман болсақ бір бітер. Биыл, биыл болмаса келер жылы... Балалық базарыңнан қалма. Бара бер бригадаңа.— Жалын мен түтінге тұмсығын малып, шылымын пық-пық тұтатты да,— Маған да ауыр... екі жастың бірінде қаңыраған үйде жалғыз қалу,— дей бергенде, Ержан басын жұлып алды.

— Мамам қайда?

Темкеңнің ішіне түтін кетіп, шашалып қалды, алақанымен аузын көлегейлеп ұзақ жөтелді. Жөтелген сайын екі иығы шоршып-шоршып түседі. Айтып-айтпа, әкесі үш күннің ішінде үш жылға қартайыпты.

Темкең шылым қалдығын ашық терезеден сыртқа ытқытты.

— Ауданға "Жедел жәрдем" алып кетті. Кеше... жүрегі ұстаған.

Құлаққа ұрған танадай тыныштық... Көшеден құйын зыпылдап жүгіріп өтіп еді, терезе рамасы кәсекке сарт етті.



Эпилог немесе ағай өлеусіреген араға қарап ойға батты. Өмір көрген түстей зырлап өтіп барады. Тас ғасыры, ежелгі Мысыр, Леонардо де Винчи, Петров-Водкин, Телжанов — Ана! Ана! Кемшілік кімнен кетті?

Алтын күз тамылжып тұр... Кәусар ауа тап-таза. Ашық тұрған терезе айқара ашық-тын, ішке ағаш бұжыр-бұжыр бұтағын созып, мыс жапырағын жалтыратып жаяды. Құс үні естілмейді, суық торғайлар ғана жаттанды шықылықтайды. Алтыншы кластықтар жүздері тотығып, есейе түскен бе, қолдарын парта үстіне тәртіппен қойып, еріндерін қымқыра тып-тыныш отыр. Сыбыр-күбір аз. Үш ай жазғы демалыс қалай ғана үш күн құрлы болмай зырлап өте шықты, әрқайсысы соған түсінбей, өзінше әңкі-тәңкі. Салауат ағай иығына жабысқан әлжуаз араны саусақ ұшымен қағып тастап еді, класс журналының ашық жатқан бетіне құлады. Ағай өлеусіреген араға қарап, ойға батты. Класты, балаларды таза ұмытқандай. Жазғы демалыстың... өмірдің көрген түстей өтіп бара жатқанына ағай екеш ағай да өкінішті әрі сенбейді. Әлден уақытта ұйқыдан оянғандай селт етіп, есін жиды.

— Балалар, бүгін жаңа оқу жылы... Тағы да бір жасқа есейе түстіңдер... Халық "Он үште отау иесі" дейді. Бұл мәтелдің астарында терең мағына жатыр. Сендер енді азаматтыққа аяқ бастыңдар...— Азаматтықтың не екенін айтқысы келіп бір тұрды да, айнып қалды — оған бір сағат түгіл, бүткіл өмірің жетер ме екен? Мұғалім, амал жоқ, оңай жолмен кетті.— Бүгін сурет үйірмесінің алғашқы сабағы... Өткен оқу жылын еске түсірелік. Соңғы сабақта қай суретшіні өтіп ек? Кім еді? Қап, ұмытып тұрғанымды қарашы.

Бұл ағайдың кішкене ғана педагогикалық қулығы. Өздері еске түсірсін деп оқушыларға әдейі салмақ салып тұр. Егер сәті түсіп, суретшіні атап жіберсе, жыл бойғы тәлімі мен тәрбиесінің еш кетпегені. Егер жеткіншектер сол соңғы сабақты ұмытпаса, бүгінгі алғашқы сабақтың сәтімен басталғаны. Ең бастысы, бұл әлемде сурет деп аталатын қиын да қасиетті өнердің жолы ұзарып, жақсара түскені. Егер, егер...

— О-рал Т-а-аңсықба-ев а-ағай...— деп, аңқылдай жөнелді арт жақтан біреу. Балалар жалт қараса, тұтықпа Төлеш.

Мұғалімнің көзі шырадай жанды. Алақанын құлағына тосып, мойнын қудай созып:

— Кім, кім дедіңдер?— деді сондай бір жарқын дауыспен. Тағы да қулыққа көшіп, Төлештен гөрі оқушыларды сөзге тартып тұр.

Алдын күреп алған Төлеш:

— Ор-рал...— дей беріп еді, қосыла шыққан көп үн оны басып кетті.

— Орал Таңсықбаев ағай...

— "Аңсаған әнім" суреті.

— "Алай жазығы". Табиғат пен адамның бір-біріне үн қатуы.

— "Таудағы жол..."

— Рақмет, балалар, көп рақмет!— Ағай басын изеп, шашын артқа көтере сылады. Бет ұшына жұқа қызыл жүгірді.— Жадырап кеттім ғой, тегі.— Пенжагының ең төменгі түймесін ағытып қойды.— Хош. Сабағымызға жақындайық. Бүгін сурет өнеріндегі ана бейнесін өтеміз... Айтпақшы, кім кезекші?

— Сәбира! Сәбира!

— Бермен жақында, айналайын. Мына суреттерді парта, партаға таратып бере ғой. Балалар таныса берсін.

Бұл жолы мұғалім бір емес, бірнеше альбом ала келіпті. Түрлі-түсті жылтыр қағаздар парта, парта бетіне күзгі жапырақтарша қалқып түсіп, шашылып жатты. Ағай әл жинағандай аз тоқталды да, сәттен соң серпіндей жөнелді.

— Біз, әдетте, планетамызды Жер-ана деп қастерлейміз. Жер бетіндегі тіршілік атаулы Анадан басталады. Барлық жан-жәндік — адамзаттан бастап, қыбырлаған құмырсқаға дейін шеше алдында мәңгілік қарыздар. Түн ұйқысын төрт бөліп, емшек сүтін берген Ана, баламның табанына кірген шөгір маңдайыма қадалсын дейтін Ана... Ұлы ер жеткесін, қызы бой жеткесін ақ батасын беріп, үлкен өмір жолына аттандырып салатын да осы абзал Аналар. Сондықтан да Ана біздің мәңгілік шырқап өтер әніміз, жалын жырымыз. Жылдар жылжып, ғасырлар өткен сайын Ана атты гимн әуелей бермекші. — "Тым жұмбақтап кеткем жоқпын ба?" дегендей Салауат сәл аялдады. Жоқ, бекер күдіктеніпті, оқушылар қойдан жуас, қозыдан қоңыр, қалт етпей құлақ қойып отыр.— Кәне, алдарыңыздағы суреттерге көз салайық.

Аударылып-төңкерілген қағаз сусылы, балалардың сыбыр-күбірі...

— Өнер әлемінде Ана тақырыбын әу деп, алғаш шырқай ән салғандар — Тас ғасырының суретшілері. Олар сүйікті шеше мен әпке, қарындастарының сұлбасын жартасқа қына бояумен бейнелеп салды, балбал тас қып қашады... Одан бергіде ертедегі мысырлық суретші ана мен жар бейнесін Нефертитидің әйгілі мүсініне дарытты... Алдарыңда жатқан "Мадонна Литта" ұлы Леонардо де Винчидің анаға арнаған ұлы гимні... Мынау Рафаэльдің "Мадоннасы..." Орыс суретшісі Петров-Водкин ұлы Октябрьдің мазмұнын "Ана" атты полотносына жинақтай білді... Суретші ағаларың Қанафия Телжановтың "Жамал" туындысына назар аударыңдар... Ол кісі өз анасының бейнесін салған. Қазақтың жас келіншегі маңдайын бастыра орамал тартып алып, ошақтағы отқа — тіршілік көзіне үңіліп, тізесін құшақтай ойға батып отыр. Жапан дала, ашық аспан... Жамал жүзінен қазақ аналарына тән байсалдылық, мейір нұры төгіледі.

Ойда жоқта әлдене тарс етті. Мұғалім амалсыз сөзін жұтып, қабағын шытты. Оқушылар жаппай бұрылса... Ержан еденге еңкейіп, шашылған акварельдерді жинастырып жатыр. Еңкейіп, күш түскеннен бе, ұялғаннан ба, беті от. Салауат ағай мұндайда: "Неге өйттің, неге бүйттің?" деп қазбаламайды, байыппен тыныштық орнауын тосады. Алайда Ержан орнына отыра қоймады. Акварелінің қақпағын жауып, портфеліне салды да:

— Аға, мен кетемін...— деді солбырайып.

— Қайда?— Мұғалім айран-асыр.

— Үйірмеден...

— Неге?

— Менің сурет салғым келмейді.

Портфелін салғырт сүйретіп, есікке беттеді. Бүткіл класс төбелерінен жай түскендей тымпиып-тымпиып отыр. Ержан табалдырықты басып тұрып, кері бұрылды.

— Менен суретші шықпайды,— деді әр сөзін нықтап. Парта, парта бетінде шашылып жатқан түрлі түсті қағаздарды көзімен нұсқады.— Мен ана ағалардай сурет сала алмаймын. Шеше бейнесін салу қолымнан келмейді.

Дегенше есік жабылды. Сырп-сырп сүйрете басқан аяқ дыбысы дәліз қуалай алыстап барады.

Салауат ағай қыздай қызарып, орындықтың арқалығынан мыти ұстап тұр. Балаларға тура қарамай бүгежектеп:

— Не болды өзі? Не жаздым? Қай жерден кемшілік кетті?— деп өз-өзіне сұрақ қойды. Жалғыз емес, класс алдында тұрғанын кеш аңғарса да, тез қалпына келді. Басын көтеріп, жаутаңдаған әр жанардан жауап іздеді.— Балалар, биыл жазда Ержанның басынан қандай оқиға өтіп еді?

Үн жоқ.


1986 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет