Table of Contents бірінші бөлім (Роман) ТҰҢҒИЫҚта бірінші тарау кездесу



бет4/25
Дата12.09.2023
өлшемі2,13 Mb.
#106932
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
Ботагөз. Сәбит Мұқанов

ТӨРТІНШІ ТАРАУ
СЫЗДАҒАН СЫРҚАТ
1
– Һок былай, һа!..– деген дауысқа шанада қалғып келе жатқан Кошкин оянып кетіп, былшық басқан қызыл көзін кең ашып алдына қараса, көшірі тоқтап тұр екен. Өткен түні қонған қаласынан арақты ішіп-ішіп сілесі қатып құлаған Кошкин, таңертең тұра похмель жасаймын деп, жарты бөтелкені тағы да төңкерген еді. Сол арақ бойын алып кетіп, шанаға мас боп мінгенде, қаладан шыға ұйқыға кіріскен.
Арақтың уыты сіңген миы Кошкин оянған соң да зырқылдап, басына түк ой келтірмеді.
Ашқан көзін қайта жұмып, тұмсығын тонының жағасына суға түскен Кошкиннің құлағын көшірдің «һа, һок!» ызыңы қаққасын:
– Немене?– деді ол бетін ашып, көшіріне.
– Мына бір сиырлардың, жол бермей тұрғаны.
Зырқылдаған басы денесін зілдей басқанмен, Кошкин бойына бар күшін жинап:
– Кәне!..– деп түрегелді де,– башка ауырады,– деді тәлтіректеп құлай жаздап,– похмель болса!..
Зырқылдаған шекесін саусақтарымен қатты басып, сүріне-қабына Кошкин шанадан түсіп, аттың алдына қараса, боранның артынан сүрлеуленген жіңішке жолдың үстінде он шақты сиыр маңдайдан өткен ызғырыққа бастарын шайқап, дірілдеп, бүрсеңдеп тұр екен.
– Айда жолдан!– деді ол көшіріне ақырып.
Көшір шанадан түсіп, құнытымен шайпап, сиырларды айдап еді, сиырлар тар жолдын, екі жағындағы оппа қарға аяқтарын салып көріп, терең болған соң түспей тұрып алды.
– Иесі бар ма?–деді Кошкин көшірге.
Осы сиырлардың арт жағында тұр.
– Шақыр оны мұнда!
– Әй, бері кел!
Маңдайынан тұмсығына тура түскен қасқасы бар қызыл жирен атты жетектеген біреу сиырларды қақпайлап, арасымен жүріп отырып, шанаға жақындады.
– Сен кім?–деді дауысы қырылдаған Кошкин оған, көзін шарасынан шығара едірейтіп, жұдырығын түйіп.
– Қазақпын.
– Мен біледі сенікі казак. Атай кім?
– Атым Амантай.
«Жолда неге тұрсың?» деп Кошкин Амантайды қойып жіберуге бір ойлады да, бірақ ұрмады.
– Сен ақсақал,– деді Кошкин таза орыс тілімен,– генерал губернатор жүретінін білемісің бұл жолмен?
– Жоқ.
– Білмесең мен саған айтайын: губернатор Ақмолаға барған. Жақында осы жолмен Петропавлға қайтады.
Губернатордың Итбайдікіне келетінін Амантай естісе де, Ақмолаға өткенін есіткен жоқ еді.
Кошкин шекесінен қолын алып, басын дірілдете сілкіп көріп еді, бастапқыдан жеңілденіп қалған екен.
– Ауылнай келді ме ауылыңа?
– Жоқ.
– Ах, подлец!.. Ол қайда?
Амантайдың көзі урядниктің кескініне түсіп еді, беті сұрланып, көз еті томпайып, іскен екен.
– Мен ауылнайға көрсетем...– деді Кошкин,– оған бұйрық берілген, ат жина деп, неге жинамайды?
– Білмеймін.
Кошкиннің көзі Амантайдың жетегіндегі атқа түсті.
– Жақсы ат! Бұл кімдікі? Бері әкел атты!
Урядник қалжың ғып тұр екен деп ойлаған Амантай орнынан қозғалмады.
– Бер деймін мен саған?–деді урядник оппа қарға сүріне-қабына, Амантайға жақындап.
– Себеп?– деді Амантай, тізгінге жармасқан урядникке тізгінді бермей.
– Губернаторға жегеміз, жібер!..
– Губернатор қазір келіп тұрған жоқ. Керек болса, кезінде берем!
– Молчать!.. Сволочь!.. Отпусти!..
Қабатын қасқырдай бетін тыржитып тізгіннен тартқан урядникке, Амантай атты бермеді.
Тізгінге таласқан Амантайды жақтан періп жіберем дегенде, Амантай жасқанып қалып, Кошкин өз екпінімен қарды қаба құлады.
– Сібір айдасаң да бермеймін!– деді Амантай аттың тізгінін Кошкиннің қолынан жұлып алып, ырғып міне жөнеліп.
Кошкин орнынан тұрып, бетіне жабысқан қарды сүрткенше Амантай алыстап кетті.
– Қайт кейін, подлец!– деді Кошкин айқайлап.
Амантай ұзаңқырай түсті. «Мылтығы болып атып қала ма?»–деп сескенді ол шауып бара жатып, «не де болса енді шыдадым!»
– Асықпа, подлец... Атты басымен берерсің...
Ашу кернеген Кошкин не қыларын білмеді. Протокол жасайын деп ішкі қалтасындағы қарындашқа қолын салуға бір ойлап еді, тоңу мен ашу қабаттасқандықтан денесі де, қолы да қалшылдап кетті.
– Әй,– деді ол көшірге,– ол подлец жердің астына кірсе де менен құтылмас! Айда мына сиырларды ауылға! Сиырынан безгенін көрейін оның!.. Егер ол табылмаса, сиырларын қалаға айдаймын.
Көшір ерінгенмен, Кошкиннен қаймығып, сиырларды зорға дегенде ауылға қарай бұрды. Ауыл шақырымға жақын жерде еді.
– Мен ауылға бара берейін. Сен сиырларды жаяу айдап кел,– деді Кошкин.
Атын оппалата жолдан бұрып, сиырларды орап, қайта жолға түскен Кошкин шауып отырып ауылға келді. Бірақ қанша қысқанмен, ешкім оған Амантайдың жөнін айтқан жоқ. «Қиратам, жоям»– деп бұрқанған Кошкин ілгері жүріп кетті.
2
Күн шуақ болғасын, қолдағы арық-тұрақ жылқыны салт атпен тебінге айдап шығарып салып, Итбай үйіне кеп түскен кезде, ауылдың алдыңғы жағындағы жолмен жортып келе жатқан бір шаналы көзіне ұшырай кетті. «Итбай Петрборға жүреді» деген хабар естілгелі «қайырлы болсын» айтқан адамның ат ізі күн сайын басылмайтын еді. «Бұл кім болды екен?»–деп ойлады Итбай.
– Мына біреуді шырамытамысың?–деді ол, шөп шарбағы жағынан келе жатқан Бүркітбайға.
– Кәне? Ә, анау ма? Ол ма? Ол дәу де болса, Амантай.
– Оны қайдан білдің?
– Аты соның жирен қасқасына ұқсайды, осындай пысық жүрісті, ашаң жылқы еді.
– Ол болса мен үйге жүре берейін. Мені үйде жоқ дерсін, үйде кісі бар деп, басқа бір үйге түс дерсін.
Итбай үйге кірді. Бүркітбай аттыны тосып қалды.
Терлеп бусанған атын ентелетіп, жолаушы есік алдына тоқтады. Амантай екен.
– Итбай үйде ме?– деді ол шанадан түспей, Бүркітбайға иек қағып амандасқаннан кейін.
– Қай ел боласыз, әуелі жөн сұрасып алайық?
– Сен Бүркітбай емеспісің?
– Болсақ болармыз.
– Саған не болды, мені танымай?
– Не мен жатырқаған шығармын, не сен өзгерген шығарсың. Рас танымай тұрмын. Кімсің?..
Кескінімді көрсін дегендей, Амантай сақал, мұртының қырауын сүртті де, тымағының бауын шешпестен маңдайынан сыпырып, желкесіне қайырды.
– Өзіңе мазақ керек пе?– деді Бүркітбай ашуланған боп,– жөніңді айтуға ерінемісің?
«Көзіңе шел қаптаған екен!» деп бетінен алып тастауға Амантай бір ыңғайланып, аузына келіп қалған сөзді айтпай, бетіне адырая қарады.
– Неге қарайсың?
– Неге танымай тұрғаныңды қайдан білейін, танитын сықылды ең, мен Амантаймын...
– Қай Амантайсың?
– Тайбағардың.
– Ә, солай ма? Сапар оң болсын!
– Айтсын. Болыста бір жұмысым бар еді.
– Ертеңге шейін ол кісі келе қоймас, жолаушылап жүр.
– Көп кідірмей қайтам. Жаңа ғана үйде деген, кіріп қана шығам,– деді ол Бүркітбайға.
– Қайтсаң сапарың оң болсын,– деді Бүркітбай көлденеңдеп,– рас үйде жоқ.
Қалжыңбастанып тұруына қарап, Амантай Бүркітбайдың сөзіне сенбей, онымен ұзақ сөйлескісі келмей, үйге қарай адымдай беріп:
– Жұмысым өте тығыз еді. Әдейі келгесін жолығып қайтайын.
– Жұмыс өлгенде бітеді, тірі болсаң неше көрмеспін дейсің, тағы да келерсің.
– Өзіңнің денің дұрыс па? Жай қалжақтап тұрсын ба? Қалай-қалай сөйлейсің!–деді Амантай ашулы кескінмен, үйге қарай аяңдады.
– Неге ашуланасың ақсақал?– деді Бүркітбай қатарласа беріп,– мына қаңтарулы тұрған шаналарды көрмеймісің. Үйінде қонақ көп. Басқа үйге түс.
– Көп болса қайтейін. Мен қонақ бола келгем жоқ.
– Еріксіз түсемісің? Лұқсат жоқ деп тұрмын ғой, саған.
– Аузыңды қан жалатайын ба?!–деді Амантай Бүркітбайға қолын оқтанып,– кімді мазақтайсың, қар-р-рақ-шы неме?
– Ойдойт дерсін... қара шалыңның қимылын! Сен сондай ер неме ме едің? Баяғыдан бері бұл қайратыңды қайда сақтап жүргенсің?..
Бүркітбай соңғы сөзді ауыр көріп, жанжалдасайын деп еді, Амантай оның сөзіне құлақ қоймай, ағаш үйдің алдындағы құлын қораға кіріп кетті.
«Болыс мұның қайсысында екен?»–деп ойлады Амантай, есіктері қораның ішіне қараған қатар екі ағаш үйдің алдына аз кідіріп.
Сол қолдағы үйге кірсе, бір әйел пештің алдында бауырсақ пісіріп жатыр екен.
– Есенсіз бе?
Әйел ернін қыбырлатты.
– Итбай осы үйде ме?
– Жоқ. Мынау үйде.
– Кім бар?– деген дауыс естілді, төргі бөлмеден.
– Кел мұнда!
Амантай етігін ауыз үйге тастап, төргі бөлмеге кіріп еді, столдың қасында қағаз жазып отырған Горбуновты көрді.
– Ә, Аламтайка (Амантайды ол солай атайтын), аман?
– Шүкір, Горбунов екенсің ғой. (Қолдасып). Өзің де есенбісің?
Амантай столдың қасындағы сандыққа отырды.
– Дяла жаман, Аламтайка! Саған дяла жаман айтады. Қағаз урядник писайт кылган айтады, мен жаман писайт кылган айтады.
– Не қағаз?
– Губернаторға сен ат бермеймін айтқан. Аята не харашо... Башка далой болады осы диялада, мен саган айтады. Ей богу! Жаман! Сен урядникке против болган. Поетапом Сибирь атправить кылады! Понимаешь!
– Ақ жұмысыма басым кетсе, құдайдан күттім.
– Какой кудай саган? Патша – кудай. Начальник – кудай. Мен саган айтады... начальникке против болган – шайтандікі бала болган айтады. Мен саган айтады. Урядник писайт кылган. Саган Омбы пакет барады.
Амантайдың жүрегі аздап сескенейін деді. Оған екі ой келді: біреуі – «аузы кең неме еді, мені қорқытып бірдеме жалағысы кеп отыр ма?», екіншісі–«кім біледі кәпірді, көрсетсе көрсетеді де. Басымды шатаққа салып жүрмесе жарар еді».
– Пакет қайда?– деді Амантай.
– Менікі қолда...
Желімі жапсырылмаған бір конвертті столдың тартпасынан суырып ап, Горбунов Амантайға алыстан көрсетті де, қайта орнына салды.
– Сенікі бас осында.
Амантайдың күдігі күшейді. «Не істеймін?»– деген ой келді оған,– «әлде бірдеме беріп көзін жоғалттырсам ба екен?.. Жоқ, аққа зауал жоқ деген. Ісім ақ, не істейді?..» Амантайдың ойы қорғасындай толқып тұрғанын Горбунов сезді.
– Мен сені жәлейіт кылган. Грех болады ойлаган... Көзі көрді. Теперь сам знаешь.
«Теперь сам знаешь»– «ақша берсең пакетті жыртам, әйтпесе, жіберем» деген сөз екенін Амантай білді.
«Жоқ,– деді Амантай ішінен, өзіне өзі, Горбуновтың түлкідей ойнақшып күлімдеген көзіне қарап тұрып,– ақтан өлсем өлейін. Ақ ісіме неге пара берем? Мал басқа тебер!»
Горбуновтың көрсеткен пакетінде Амантайға арналған қағаз жоқ еді. Оның ат бермеуі туралы урядник Горбуновқа айтқаны болмаса, қағаз жазған жоқ та. Горбуновтың өзіне де пакет дегенді ойлау Амантайдың кескінін көргесін түсті.
Үрейлендіріп мойнын ием бе деген Горбуновтың айла қақпандарына Амантай түспеді.
– Болыста жұмысым бар еді,– деді ол Горбуновқа енді сөйлесудің қисынын таппай, есікке қарай жөнеле беріп.
Горбунов Амантайды есіктен шыққанша жаман көзімен жөнелтіп салды.
«Итбай жылы жауап берер деймісің?– деген ой келді Амантайға тысқа шыға,– сонда да әдейі келгесін кірейін, нем кетіпті!»
Амантай Итбаймен араз еді. Амантай кедей шаруалы адам. Солай бола бұла «туысым бір адамнан кем емес», деп санаған ол, кеудесін жас күнінен біреуге бастырмады. Итбаймен ол тұстас еді. Жұртты ықтырып ұстаған Итбай, Амантайды да қорғалатам деп еді, оған Амантай көнбеді Тілге көнбеген адамға Итбайдың қолданар шарасы: малын ұрлату, қара басына пәле салу болатын. Итбай Амантайға осы екі әдістің екеуін де қолданды. Астынан бір жақсы атты, қолынан бір жақсы құсты кетірмейтін Амантайға, Итбай атын да, құсын да тартып алып, талай зорлық істеді. Сөзін сөйлейтін ауылнай билерге өтірік акт жасатып «ұры» деп те көрсетті. Амантай оған сонда да иілмей, көптің қолдауымен «жарға жығылар» деген істерден де құтыла берді. Итбайдың Амантайға ең соңғы істеген қастығы – Амантайдың жерін переселенге беру еді. Итбай үйіне Амантайдың келу себебі осы жерге байланысты.
Амантай етігін ауыз бөлмеге тастап, төргі бөлмеге кірсе, үйдің ішін айнала отырған лық толы халық дуылдаған кеңесте екен. «Ассалаумағалайкүм!»–деп дауысын көтере берген мұнын, сәлемін ешкім ести қойған жоқ. Кіргенін елеген жанды көрмеген соң Амантай босағаға отыра кетуге бір ойлады да, сол арадағы Атығай мен Керейдің ақсақал-қарасақалы түгелге жақын болғандықтан, айнала қолдасып өтті. Ортарақ кезде ұшын қырыққан дөңгелек ақ сақалды, ала шапанды, сәлделі бір жат адам отыр екен. Ол Амантайға қолының ұшын ғана ұсынды да, кескініне қарамады. «Қолы мақтадай мап-майда, мен көрмеген бұл қай молда екен?»–деп ойлады Амантай. Қолдасып болғаннан кейін ешкім қағылып орын бере қоймаған соң Амантай есік алдына, ең шетке отырды.
Итбай оң жақ босағада қымыз сапырып отыр екен. Амантайға ол иегін қақты.
Жол жүретін болғасын Итбай қысыр байлатты деген хабарды Амантайдың құлағы шалған. Отырған соң оның көзі Итбайдың алдындағы шараға түсіп еді, қымыз шүпілдеп толып тұр екен. Аржағында үйдің босағасындағы жуан ағаш қазыққа байлаған бір үлкен қара сүйретпе тағы да иіндеп, лықылдап тұр.
Жаңа ыдысқа ашыған қымыздың исі мұрнына келгенде, Амантай одан қанып ішпеймін деп ойлаған жоқ.
– Амантайға әперіп жіберші мына аяқты!– деді Итбай, кішкене кетік қара аяқтың түбіне бір шәшкеге толмайтын жарты ожау қымыз құйып.
Бүркітбай әкеп берген қымызды Амантай ауыз тиді де, ішпей қайтып берді.
– Сөйле!– деді Итбай Амантайға, қымызды ішпеуін ұнатпай, тез кетсін дегендей ғып.
– Губернатордың қай күні келетінін білейін деп келіп ем.
– Оны қайтесің?
– Айтатын арызым бар еді.
– Не арыз?
– Мына қар аяғы жіби, жерімізге қала келіп түскелі отыр. Барар жер, басар тау жоқ. Мұңымызды шақ деп ел жұмсады.
– Жер қазнанікі емес пе?–деді Итбай.– Алам десе еркі.
– Ел қазнанікі емес пе?
– Сонда осы жер туралы губернатор сенімен тілдеседі деп ойлайсың ба?
– Е, неге тілдеспесін. Ұлығымыз емес пе, бағып отырған елі емеспіз бе? Мұңымызды кімге шағамыз, оған айтпағанда?
– Арызшыл болсаң Омбыға барып берерсің. Мен үйіме келген қонағымның мазасын алғызбаймын. Маңыма жолаушы болмаңдар...
– Қағаз да бергізбейсің бе?
– Бергізбеймін!
– Оның ағайыншылыққа жата ма?
– Ағайыншылығыңды көргем. Маған өкпең өтпейді! Кеңшілікте шаңыңа ілестірмейтін ең, тарыққанда табайын деген екенсің!
– Онда оқасы жоқ,– деді Амантай түрегеліп,– маған ұсынған найзаңмен Таңатардың төрт ауылын түгел түйрегің келген екен. Біз де кешіп қонған елміз. Көрерміз қырғаныңды.
– Ер болсаң шыда. Ақ үйлі ғып шұбыртып жібермесем менің «Итбай» атым құрсын!
Осы кезде жылқының бір астау семіз етін ауыз бөлмеден екі жігіт көтеріп алып кірді.
– Дәмнен үлкенбісің жарықтығым, дау еншісі басқа. Асқа отыр!– деді көлденең біреу.
– Дәмімнің садағасы кетсін! Шық үйімнен, оңбаған мұндар!.. Тапқан екесін үзеңгі теңестіретін адамыңды!
– Көрерміз, тау құлатқаныңды!
– Күліңді көкке ұшырармын!
Амантай шыға жөнелді.
3
Ашулы адымын үйден шыға жылдамдата басып, Амантай атына барса, қойған орнында жоқ. Мінген атынын, мінезі шәлкестеу еді, және түйеден үркетін еді.
– Апыр-ай, үркіп кетіп қалды ма?– деп ойлады ол, шарбақ ішінде мойындары иіріліп, өркештері тікірейіп тұрған бір топ түйеге көзі түсіп.
Шананың бұрылған ізіне қараса, атты біреу орағытып, жетектеп әкеткен сықылды.
«Өштескен адамның атын, үйіне келгенде Итбайдың жоғалтып жіберетін әдеті бар» деген сөз тиетін еді, Амантайдың құлағына. Сол сөз есіне түскенде оның ойы қобалжи бастады.
– Әй, жігіт!– деді ол, шарбақ ішінде түйеге жеккен шананың қорабына қар күреп салып жатқан біреуге,– бері келіп кетші!
Жігіт адырая бір қарады да, жалпақ ағаш күрекпен қарды бұрқыратып қорабына сілтей берді.
«Саңырау неме ме?»–деп ойлады Амантай екі-үш рет дауыстағанына жігіт келе қоймағасын.
Жігіт үлкен тоқыма қораптың ернеуінен қарды асыра үйіп, түйесін жетектей беріп еді, оқыс тартқандықтан ба, болмаса осалдықтан ба – жетектің бір жақ түп жібі үзіліп кетіп, түйе бір жетекпен жұлқығанда, шана аударылып түсті. Қар төгіліп қалды.
– Әй, қу шұнақ құдай-ай, көзін, шыққыр қу құдай!– деді жігіт кейіп.
Басын тоқтатқанша түйе шананы құлаған қораптың астынан сүйреп алып шықты.
– Өй, ар-рам қат, ар-рам қатқыр, танау құрт келгір, әкеңнің аузын... Ойбай-ай, енді қайтейін, ойбай!.. Құдайы құрғыр, қу құдай, шұнақ құдай!.. Әй иттің ғана малы-ай, шашымды ағарттың-ау, ойбай!
Жігіт түйені ноқтаның сабағымен басқа ұрайын деп сермеп еді, сілтеген жіп иығына тиді. Екінші ұра бергенде, түйе «һап!» деп бетіне жынын шашып жіберді.
– Өй қатпа бол, қатпа болғыр!–деді жігіт, бетіне баттасқан жынды сүртіп.
– Жігіт түп жібі үзілген жетекті байлайын деп еді, таяқ жеген түйе бір орнында тұрмады.
– Енді қайтейін, ойбай?–деді жігіт долданып, Амантайдың жігітке көмектескісі келді.
– Мен ұстайын басын,– деді ол қасына барып.– Сен байла!
Жігіт жауап қатпастан Амантайға бұрылып бір қарап, түйенің басын ұстатты да, түп жіпті байлауға кірісті.
Жігіттің үстінде тысы тозған қой жүні күпі, бұтында тері шалбар, аяғында табандатқан ескі қара пима екен. Сирағын көтерген кездерінде шалбар ішінде дамбал жоғы шалбардың айырылған ауынан көрініп тұрды.
Жігіт біраз азаптанып, жетегін байлады да түрегелді.
– Шырағым, кім баласысың?– деді Амантай, жігіттің жүзін шырамытқандай.
– Тұяқтың,– деді жігіт.
– Атың кім?
– Темірбек.
– Алда, шырағым-ай, жиенім екенсің ғой!– деп Амантай қайта қолдасты.
Амантайдың әкесі Тұяқтың туған нағашысы болатын. Сондықтан жасырақ кездерінде Амантай мен Тұяқ ілік-шатыс боп жүріп бертінде суысқан. Тұяқ Итбай аулына көшкелі Амантай қатынасқан жоқ та. Көшкен кезде Тұяқтың балалары жас болатын. Темірбек ол жылы 8–9 жаста да. Амантай оны әкесіне тартқан кескінінен шырамытты.
Күпінің екі жаққа қарай жайылған ашық жағасынан көрінген Темірбектің төсіне Амантайдың көзі түсіп еді, күп-күрең, боп, құстың етіндей бөртіп тұр екен. Аяз жалаған екі бетінің терісі қабыршақтанып, кескіні қап-қара. «Адам өзгереді екен-ау!– деп ойлады Амантай,– жасында бетінен қаны тамған қызылшырайлы бала еді!»
– Насыбайың бар ма, отағасы?– деді Темірбек, туысқан көңілмен шүйіркелесіп сөйлескісі келген Амантайға езеурей қоймай.
Амантай шақшасын алып берді.
– Жұмыстан көк жұлын болып өлер болдым,– деді Темірбек насыбайды молырақ қып ерніне атып,– биыл құдайдың қысы да қағынып кетті. Соғып тұрған ылғи бір үскірік. Малдың қорасын тазалап, шөп салып суарудың өзі діңкеңді қатырады. Оның үстіне мына бір қар төгу де бәле болды. Ала сәуледе тұрғаннан ымырт жабылғанша тізе бүгу жоқ. Бүгін оразамды да ашқам жоқ.
– Қашан тұрып ең мұнда?
– Биыл бесінші жылға кетті.
– Қысыңа не аласың?
– Бір құнан өгіз.
– Арзан ғой оның.
– Арзан болғанда не істейсің? Кесіпсіз үйде отыра алмайсың. Басқа барар жер жоқ.
Амантайдың сырт естуі – Тұяқ балаларының ішіндегі иіс алмасы осы Темірбек еді. «Онша боз ауыз емес екен» деп ойлады Амантай.
– Боратаның сыртында тұрған шаналы жирен қасқа атты көрдің бе?–деп сұрады Амантай одан.
– Көрдім. Осы үйдің бір баласы, әлгінде, міне жөнелген.
– Қандай бала?
– Он жеті, он сегіздегі жігіт.
– Ол қайда кетті?
– Мына, алдыңғы ауылға беттеп кеткен, қайда баратынын білмеймін.
– Е, есі дұрыс неме ме? О не қылғаны, біреудің атын сұраусыз мініп?
– Бұл үйдің балалары сұрамай да міне береді.
– Қап, иттің баласы-а, ә? Басынуын қарай көр!
Темірбек шарбақ ішінде тау-тау болып үйіліп жатқан қарларға айнала қарады да, Амантайға: «енді жұмысыма барайын» деген кескінін сездірді.
– Қош,– деді онысын түсінген Амантай,– Итбайға баласының қылығын айтқалы үйге қарай аяңдап.
Үйге кіре бергенде, Амантайдың құлағына, оқылған құранның сарыны естілді.
«Ағузы белләһи минәшшайтан ер-ражим...» – деді Амантай ауыз бөлмеге етігін тастай беріп, күбірлеп. Бұл төр үйге кіргенде аят оқылып болып, жұрт қолын жайып жатыр екен. Алдарында еттің дастарқаны.
Босаға жаққа отыра кетіп, басын салбыратып, Амантай да қолын жайды.
Батасын оқып болып, басын көтерген Амантайдың көзіне манағы танымайтын сәлделі ақсақал тағы да түсе кетті.
Сәлделі кісі ернін анда-санда бір қимылдатып, ұзақ отырып, жұрттың қары талған кезде алақандарын маймитып әкеп бетін сипады.
Үйге кіргендегі Амантайдың ойы – басын кесіп алса да Итбайды бір тілдеп шығу еді, аузына келген сөзін бөгемей, көкірегін кернеген ызаның уын лықылдатып құсу еді. «Жат жерден келген қадірлі кісі бар,– деп ойлады ол кіргеннен кейін,– ұят болар, жұқалап айтайын». Атын мініп кеткенін Амантай Итбайға сыпайылап айтайын деп еді, Итбай мұны елемеген кісі боп, бетіне қарамады.
– Кішкене шаруам бар еді,– деді Амантай Итбайға, аз отырғасын.
– Уақытым жоқ, бірде келерсің дедім ғой мана.
– Айтайын дегенім: мініп келген атым жоқ.
– Маған оны не қыл дейсің? Байлап қойсаң еді, кетіп қалған шығар, үйге келген кісінің атына мен күзетші бола алмаймын!
– Сенің балаң мініп кетіпті.
– Аузыңның қанын жақпай аулақ жүр. Бұл үйдің баласының өз жылқысы да мінуге жетеді. Егер бергенің болмаса, шықшы үйімнен, жарықтығым, қонағымның мазасын алмай. Е, тәйірі, бір пәлеге қалған екем ғой, жабысып айрылмайтын!.. «Кет» дегенде ит те кетеді.
Кет үйімнен, кет деген соң!
Итбаймен жанжал сөздерге келген Амантай тысқа шықса, Темірбек қар төгіп келе жатыр екен.
– Әй, тоқташы, жиен!
«Не айтасың» дегендей, Темірбек кідірді.
– Мына Итбайдың үйіндегі сәлделі қарт кім?
– Ғайнолла хазрет.
– Ол кісі қашан келген?
– Бүгін үш күн болды.
– Шақырып әкелді ме? Өзі келді ме?
– Жолға жүретін болғасын, патиқасын аламын деп Итбай шақыртқан білем. Ептеп ауру-сырқауды да қарай ма, немене?
Амантайдың сырт естуінше: «Ғайнолла хазреттің үшкіргені ем, не сырқат болса да жазбай қоймайды». Осы хабармен талай сырқаттың «хазретке барам» деп кеткенін Амантай көрген. Олардың кейі жазылып, кейі жазылмайтын. Ғайнолланың «әулиелігіне» шек келтіргісі келмегендер: «садақаны аз беріпті» деп сырқат адамның езін кінәлайтын.
Пірәдәр боп қол тапсырған адамдар Ғайнолланың емшілдігін айтып келетін. Ол кеңестерге құлағы қанған Амантай, хазретті бір көруге құмар да. Кейде ұстап қалатын басының сақинасын «Ғайнолла көрсе жұлып алар еді-ау», деп ойлайтын.
Ғайнолланың тұрған қаласы онша алыс болмағанмен, шаруа жайы келіп оған бара алмаған.
«Енді сәті келген шығар» деген ой түсті Амантайға, Ғайнолла екенін есіткесін. «Бірақ зікіріне қалай түсем? Қиын-ау үшінші рет баруым әлгі үйге!.. Қиын болса болсын, Тұяқ үйіне қонайын да, егер зікір салса, түнде кеп отырайын».
Сол арада Итбайдың баласы мінген аты кеп қалып, Амантай Тұяқтікіне қонуға кетті.
4
– Әй, Асқар!–деді Темірбек, күн батып бара жатқан кезде, школ алдынан түйесін жетектеп өте беріп, екі қолын қалтасына салып, есік алдында аяңдап жүрген Асқарды көріп.
Асқар жалт қарап тұра қалды.
– Мана Кенжетай келіп кетіп еді, сен ол кезде бала оқытып жатқасын жолыға алмады. Апам шақырған екен сені. «Кенжетайдың тәуір болған тойына келсін» депті.
– Сен барасың ба?
– Бармаспын. Әлі жылқыларға шөп те салғам жоқ. Іңірге шейін жылқыны жайлаймын да, жатқанша қар төгем.
– Ертең төксең болмай ма?
– Ертең боран болмасын қайдан білейін.
Темірбек жүріп кетті.
«Бұл өзі бір қызық жігіт,– деп ойлады Асқар,– сырт қараған адамға: тұйық, топас, алып қара күштен басқа бойында түк қасиеті жоқ сықылды. Кісіге онша үйіріле қоймайды. Жөнді сөйлеспейді. Жөнді күлмейді. Қайғыдағы адамдай үнемі қабағын жауып, тұнжырайды да жүреді. Жиын жерде қалжыңбас бозбалалардың қол жаулығы. Оған намыстанбайды, ашуланбайды. Келген кезде мен мұны не мылқау, не есуас деп ойлайтын ем. Бертін келе олай болмай шықты...»
Асқардың ойына өз кезімен көрген Темірбектің екі оғаш қылығы түсті:
Біреуі – өткен жаз. Асқар жолаушылап салт келе жатса, жолда шөпшілердің қосы тұр екен. Күн қайнаған ыстық болғандықтан қосқа бұрылып еді, жолаушыны таңсық көрді ме, болмаса тамақ мезгілдері ме?–шалғыларын иықтарына салып, шөпшілер де қосқа аяңдады. Ағаштың бұталарын түйістіріп, сыртына шөп жапқан қосқа Асқар мен шөпшілер бірдей жетті. Ішінде Темірбек бар.
Апанға кірген қасқырдай қостың тар аузынан шөпшілер еңбектеп кірді. Асқар да кірді.
Босағада құрысып жатқан үлкен қара торсықты Темірбек тартып алып, түбін сығып тоңқайтып еді, бырылдап қою, ащы іркіт шықты. Быжылдап, көпіршіп тұрған іркітке ешкім қолын созбады.
– Маған берші!– деді сусаған Асқар.
Сусаған екпінмен Асқар тартып кеп қалып еді, удай іркіт өңешін тіліп кетті. Екінші жұта алмады.
Шөпшілер қосқа келгеннен кейін, бурыл сақал біреуі күп-күрең боп тер аққан бетін бөркімен сүртіп, жамбасынан қисайып жатқанын Асқардың көзі шалған еді. Сол шал, дуылдап кеңесіп отырғандардың біреуін иығынан тартып, бірдеме айтуға оқтанды да, қарлыққан дауысы дірілдеп, сөйлей алмай ернін жалап, қақырынды.
– Осы шалды,– деді Темірбек түйілген қабақпен,– ораққа салмайық, ауырып жүр, жата тұрсын дегенімде, «ақыны бірдей алады, бірдей жүрсін!» деп болмадыңдар, көрмейсіңдер ме, титығына жетіп қалғанын!
Үрейленген көздер, күрең түсі сұрлана бастаған шалға үңіліп еді, бет пернесі бұзылып барады екен.
– Өліп кетпесін осы шал,– десті әркімдер күбірлесіп.
– Су...– деді шал дыбысы әрең шығып, ернін тамсанып. Темірбек бөшкеден су әкеліп, ағаш аяқпен аузына тосып еді, ұрттаған судың жартысы жұтылып, жартысы езуінен төгіліп кетті.
– Мына кісі өліп барады!– деді Темірбек шегіне беріп,– неғып отырсыңдар, келіңдер!
– Қамамаңдар, ыстық өткен шығар, дамылдасын.
.
..Шал өлді!..
– Жасы алпыстан асқан кісі еді,– деді біреуі, қатын-баласы жоқ. Ес білгелі Итбайдың есігінде жүрді. Биыл, шөпке жарамас дегенде, Байсақал: «әлі де бір жігіттің күші бар» деп болмап еді. Өзі де Байсақалдың жұмысын өз жұмысындай көретін бір сорлы еді; ерте тұр, кеш жат деп дамыл бермейтін. Үш-төрт күннен бері сырқатпын деп денесін зорға сүйретіп жүр еді, титығына жеткен екен ғой!..
– Бәріміз де бұл қалыпта осы жаздан қалмай өлеміз,– деді біреуі,– е, өлмегенде қайтеміз, ащы іркіттен басқа татарымыз жоқ. Көл-дария боп жатқан құдайдың қымызы да бұйырмайды. Сықпа құрттан басқа шайнама көрмейміз!
Шөпшілер солай керілдесіп жатқанда, арба дауысы естілді. Өлген шалды тастап, бәрі тысқа жүгіре шықты. Қоста Асқар-ақ қалды. Арба қостың сыртына тоқтады.
«Өлгенімнің өзі жақсы болды» дегендей кескінмен демсіз жатқан шалдан көзін аудармай, ауыр ойда отырған Асқардың құлағына сырттан шалынған сөздер:
– Әкелгенің осы ма?
– Айраннан басқа ас бізге арам ба?
– Айранның өзі де ашыған айран ғой, тым болмаса тұщысын неге әкелмейсіңдер?
– Қымыз қайда? Әкелеріңе күнде ас бересіңдер ме, бір жұтым бізге татырмайтын?!
– Нан қайда?
– Ет бізге арам боп па? Ала жаздай қызыл тістегеміз жоқ!
– Ит деп білесіңдер ме бізді? –
– Кеңірдегіңді суырып алайын ба?
Жанжал көбейді. Ас әкелгеннің бірдеме деген сөздерін шөпшілер шулап естіртпеді.
Біреуді біреу ұрып жатқан сықылды болғасын, Асқар далаға жүгіре шықса, Темірбек біреуді алып ұрып тепкілеп жатыр екен. Өзгелер арашаламағасын, Асқар арашаласа – Байсақалдың Елікбайы! Бет-аузы көкала қойдай, мұрнынан қан дірдектеп тұр.
– Мына Асқар болып, жаның қалды,– деді Темірбек жұдырығын безеп,– әке-бабаңның аузын... Құныңды бір-ақ беретін!.. Жұмысыңды істейміз... Аштан қатыратын әкеңді өлтірдік пе, әкеңнің аузын...
Темірбек тағы ұмтылды. Асқар жібермеді. Кескініне қараса, Темірбек қанын ішіне тартып алған екен. Егер жіберсе, Елікбайды жеп қойғалы тұр. Темірбектің Асқар көрген бір ерлігі осы.
Екінші ерлігі – Кенжетайды урядник соққыға жыққан күні түн ортасы ауа Асқар пәтеріне қайтты. Есікті кеп тақылдатып еді, қатты ұйқтап қалған ба, болмаса бір жаққа кеткен бе?– күзетші ашпады. Ондайда, Асқар Итбай үйіне барып жататын. Сол дағдымен Асқар Итбай үйіне келсе, қораның қақпасы ашық тұр. Итбайдың ағаш үйінің есігінің маңдайшасында ылғи панар жағылып тұратын еді. Есікке жақындай берсе, босағасында біреу тұр, қолында балта. Зәресі ұшып кетті.
Балталы адам Асқарды аңғармады ма, болмаса қорықпады ма, орнынан қозғалмады.
– Темірбек!–деді Асқар жақындап барып, танып.
Темірбек жалт қарады да, шауып жіберетін адамдай балтасын оқтанып, қолын көтерді.
– Темірбек!.. Мен Асқар!..
– Ә, сен бе едің?–деді де қолын түсіріп, сүзіле қарады.
– Неғып тұрсың?
– Шабайын деп ем!..
– Кімді?
– Әлгі, Кенжетайды ұратын төрені.
Итбай іңірде губернатордан келген қағазды оқуға шақырғанда, Кенжетайды урядник талдырып ұрып кеткенін Темірбекке Асқар айтып еді. Артынан, Темірбек үйіне келіп, Кенжетайдың жарасын көріп, тұнжырап, үндемей шығып кеткен еді. Біраздасын, шайға шақыр дегенде, іздеп таба алмай:
– Өзі бір түрлі,– деген еді әркімдер кейіп.
Сол кеткеннен Итбайдың үйіне барып жатып қалған шығар деп ойлаған Асқар, Темірбектің мына қылығына қайран қалды.
– Қалай өлтіресің оны?– деп сұрады Асқар, Темірбекті қорадан әрең алып шығып,– оның сақ жатпайтынын қайдан білесің?
– Қып-қызыл мас. Итбайдың қонақ бөлмесінде жалғыз жатыр. Үйге кіргелі тұр ем, есік ашық...
Өлтірудің арты неге соғатынын Асқар айтып біраз ұғындырып еді:
– Мен Кенжетайдан аяулы емеспін. Өлтірем де, мен өлтірдім деп айтам... Білгенін қылсын,– деп Темірбек көпке шейін көнбеді.
– Темірбек,– деді Асқар жалынып,– Кенжетай ешнәрсе ететін емес. Ол сөзіңді қой! Өлтірді деп сені ғана жазаламас, Кенжетайды да, Балтабекті де, тіпті...
Ботагөзді де іліктірер.
– Ботагөзді дейсің бе?
– Я, Ботагөзді де!
– Ә, онда... қойдым!..
Өткен күндердегі Темірбектің осы қылықтарын еске түсірген Асқар, Темірбек түйесімен шарбаққа кірген соң, Кенжетай отырған ауылға жаяу жөнелді.
Кенжетайдікіне Асқармен бірге кірген бір құшақ суық, көмескі жанған білте шамды үрлегенде жалп етіп сөнді де қалды. «Ассалаумағалайкүм» әдетінде жоқ Асқар: «кеш жарық!» деді есік алдында тұра қалып, жолда бірдемені басармын деп ойлап. Үй іші күбірлеп кеңескен кісі екен.
Бірақ ол пештің аузындағы жанған оттың жарығында отырған Ұлбергеннен басқаларын танымады.
– Төрге шық!– десті әркімдер, шамды Ұлберген тұтатқасын.
– Асқармысың? Жоғары шық.
– Той қайырлы болсын, апа!
– Айтсын!
Асқар үйдегілерге амандасып, төрге кеп отырды.
– Кенжетай,– деді Ұлберген,– дастарқан сал, қалқам, кісілерге шай берейін. Қолдарына су құй!..
Су құйылып, дастарқан салынғаннан кейін, табаға піскен сары нанды Кенжетай мол ғып турады. Бір құлағы жоқ, ағаш шүмегі бар, майысқан сары самауыр келді. Ұлберген самауырдың қасына кеп шыныаяқ жасап шай құйды.
– Несіне шақырды демеңдер,– деді ол қонақтарына,– баланың азғана тіршілігіне сүйенген адаммын. Осы қалқаларым тірі болса, мал бітпеді деп ренжімеймін. Жауыздың таяғы ұшына тиіп, қалқам әлде қайтып кетеді деп қорқып ем, аллаға шүкір, жазылды. Соған, шай да болса ықыласыммен берейін деп шақырғаным ғой.
– Апам жасырып отыр,– деді Кенжетай күліп,– осы шай ғана деп ойламаңдар. Артында еті де бар.
– Қойшы, қалқам, жылбысқаның етін айтамысың?
– Неге жылбысқа болсын. Ортан қолдай семіз торпақ.
– Кенжетайға сорпа болсын деп, осындағы жалғыз торпақты сойдырып ем,– деді Ұлберген,– соның бір жілігін Ботажанға қойып, қалған етін асып отырмын. Тістерін, тістеріңе тисін деп. Әйтпесе,тіске сыздық болатын ет емес.
– Оқасы жоқ, дәм татқанымыз да болады, балаңның жаны қалғанына бәріміз де қуанамыз,– десті әркімдер. Шай жиылып жатқан кезде: «кеш жарық!» деп біреу кіріп келді.
– Ассалаумағалайкүм!– деді кірген, ортадағы ашаға жақындап.
– Уағалайкүмұссалам, жоғары шық!– десті үйдегілер, кім екенін танымаса да.
Кірген адам етігін, сыртқы киімін шешіп, араларын ашқан көптің ортасына келіп отырды.
– Ұлберген есенбісің?– деді ол, маңындағыларына бір-бір иек қағып амандасқаннан кейін.
– Шүкір!– деп ерні қыбыр ете түскен Ұлберген, шамның жарығы күңгірттеу болғандықтан амандасқан адамның кескінін айыра алмай, қадала қарауды ерсі көріп, көз
қырын салып аз отырды да,– осы сен, нағашым емеспісің?–деді бір кезде.
– Ие Амантаймын. Дені-қарын, сау ма, аман-есен отырсың ба?
Амантай мен Тұяқ жас кездерінде егіз қозыдай еді. Ұлберген түскенде Амантай қосшы болып алысып келген. Нағашылық, құрбылық, татулық – бәрі бір жерден шыққасын, үшеуі жандай дос-ты. Бертін келе қоныстары алыстағаны болмаса, араларын салқындататын ешбір реніштері болып көрген емес-ті. Тұяқ өлгеннің артынан Амантай бата оқып бір келіп, содан кейін араласпаған. Ұлберген Амантайды кейде сағынатын. Көргісі келген күндерінде, кейде Амантай оның түсіне де кіретін. «Неғып бір көрінбес екен?» – деп ойлайтын ол. Сондықтан, амандасқаннан кейін Ұлберген көзіне жас алып, жаулығының ұшымен сүртті. Амантай да өткен күндерді еске түсіріп, күрсінді.
Амантайдың бұл келуі күтпеген жерден болды. «Бәрекелді-ай,– деді Кенжетай ішінен кейіп,– әлдеқалай дәм айдап бір келе қалғаны екен, сыбаға беретін мүшелі астың, реті жоқ. Бұл сүйекке таңба болды!..»
Бірақ тырбанғанмен, намыстанғанмен қолдан келері аз болғасын, ас орнына қасын беруді ойлап, үйдегілермен қабаттаса Кенжетай да Амантайға жалпаңдап амандасты. Амандық-саулық сұралып болғасын, Ұлберген жаңадан шай жасап, нан турап, Амантай қанып ішті.
– Кеш жарық!– деді тағы біреу кіріп, дастарқан жиналып болған кезде.
– Жоғары шық!–дегенмен оған төрде отыра қоятын орын жоқ еді. Сондықтан ол ашаның түбіне кеп, шешінбей, жүресінен отырды.
– Таныспадық. Жол болсын?
– Әлей болсын. Атығаймын, жолаушылап келем. Ел жағыма бара жатырмын.
– Шешін, жолаушы болсаң, асқа қара!
– Алла разы болсын. Қазір жүрем. Ана жігітте бір жұмысым бар еді.
«Атығай» иегімен Асқарды нұсқады.
– Оңаша ма?– деді Асқар.
– Осында айтсам да болады. Айтайын дегенім: ініме бір қыз айттырып ем. Малын дендеп беріп болып ем. Соны қашан алудың жағдайын сөйлесе барып жатқанымда, түнде кеп бір топ жігіт тартып алып кетті. Бізді байлап тастады. Артынан сұрастырсақ: мына Итбайдың нағашысы екен. «Арамызда сөз болған жоқ еді» деп құдам зарлайды. Содан теңдігімді әпер деп Итбайға келіп ем, «алып қаш деген мына мен!» деп кеудесін қағады. «Неге?» десем: «былтыр қаршығаңды сұратқанымда бермегенсің, білгеніңді қыл!» дейді. «Анау-мынау» деп ем, жауап бермей, қуып шықты. Енді басым кетсе де осының соңына түскелі отырмын. Не алсаң да бір арыз жазып бер, губернатор келгенде ұсынайын...
– Кеш жарық!– деді осы кезде тағы біреу кіріп.
«Жоғары шық» деп оған ешкім айтқан жоқ.
– Ағайынды екі жігіт ем,– деді ол амандасып болға сын,– ағам өлген еді. Үш баласымен қатыны қалған еді. Жасы 37-де, байға тимеймін деп отыр еді. Аруақ сыйлағасын еншім басқа болса да, күтіп отыр ем. Соны кеше ауылнай кеп, қасымыздағы көрші ауылдың бір атқа мінеріне зорлап апарып қосты. Болыс осылай істе, деп айтты дейді. Соны білейін деп болысқа келсем, «жесір қатынды жемдеп соғымға соясың ба?» деп мазақ қылды. Осында жақында ұлық келеді дегенмен бір арыз жаздырып алайын деп ем, әлгі бір бала оқытатын жігіт бар дегенге, сол арыз жаза біледі дегенге іздеп келіп ем, ол қайсың?
– Мен,– деді Асқар.
– Жеңге түгіл шешемізді байға еріксіз зорлап берген, біздің не жанымыз бар,– деді біреу.
– Соғымға сойғалы отырған биемізді ұрлап әкеткен ізімен қуып барып та, Итбайдан жауап ала алмағамыз,– деді екінші.
– «Менің сол жаққа шошытып жіберген түлкім еді» деп, қақпаныма түскен түлкімді де тартып алған,– деді үшінші.
– Ондайды айта берсең ат беріп сатып алған бүркітімді де: «былтырғы қашқан бүркітім» деп, тартып алған жоқ па?–деді төртінші.
– Жалғыз тоқтымды шөпшілеріне ұрлап сойып бергенде де сұрап бара алмағам,– деді бесінші.
– Итіме ине салған сен деп Итбайдың баласы Ерғазы школдан қайтқан баламызды аттың бауырына алып сойып, таяқ ұшына тиіп, балам айдан артық жатып, елді. Оның құнын сұрап отырмыз ба?– деді алтыншы.
– Қарындасыңның, қойнына апармадың деп, Ерғазы жалғыз құнан өгізімді ұрысына шығарып берді, біліп отырып түк қыла алғамыз жоқ,– деді жетінші.
– Ондайды тере берсе, үш жылғы еңбегіме бір тиын бермей шығарды,– деді сегізінші.
Әңгіме көбейді. Аузы ашылған жарадай, аржағынан неше түрлі зардаптар, сарсықтар тынымсыз ағып жатқанына Асқар таң қалды.
– Рас-ау,– десті әркімдер,– осыны тексеретін ұлық бар ма екен?
– Неге болмасын! Осында жанарал келеді деп жүр ғой, шулап айту керек соған.
Амантайдың ойы да Асқарға жері туралы арыз жаздыру еді, мұңдарын айтып, қара қарғадай шулаған көпті көргенде есі шығып кетті.
Мұндай шағымдардың Асқар бұрын да мыңын естіген еді. Талайлардың өтінішін орындап, ол үкімет орындарына арыздар да жазып берді. Бірақ ол жазылған арыздардан нәтиже шыққанын Асқар көрген емес. Арыздардың көбі жауапсыз қалады да, бірен-сараны ғана ауылдағы үкімет сайлаған билердің қарамағына келіп түседі. Билердің сыры мәлім: кім пара берсе, соның ісі жөн. Параға шамасы келмейтін нашардың шағымы ешуақытта оңға баспайды. Бірен-саран жұмыстарды орыстан тағайындалған мировой судья қарайды. Онда да алым-пара! «Биге бара берме, пара бер» деген мақал бар. «Сол рас сөз!–дейді Асқар,– параның заманы данышпан айтқандай, азулыға бар заман, азусызға тар заман!»
Үкімет орындарына арызды жаза-жаза көңілі осылай қайтып болған Асқар:
– Мен арыздарыңызды жазуға ерінбес ем,– деді, Кенжетай үйіне жиналған көпке,– егер соны тыңдайтын ұлық болса (ол қатты күрсінді). Амал нешік, арыз тыңдайтын үкімет әлі құрылған жоқ!
– Ойбай, енді!–десті көпшілік шулап,– ауылдың ұлығы жұртты күнде бақыртып таласа, жоғарғы ұлық арызды тыңдамаса, сонда, ел не болғаны?!. Қайда барып күн көреді?..
– Мен оны білмеймін!
5
Амантай Итбай ауылына біреудің шанасына мініп кетті.
Қонағасы жағынан күйі бапты болмағандықтан қобалжып отыр ма деп ойлаған Ұлберген:
– Қон, нағашы? Түнде қайда барасың?–деді оған.
– Ишанның зікіріне түсейін деп едім, баяғы өзің білетін басымның сақинасы әлі жазылған жоқ еді. Зікірден кейін қайтып келемін.
«Ишанның зікіріне Итбайдың бір ағаш үйін кешке қарай босатады», деп естіген Амантай.
Амантайды шанасына мінгізген адам, шет ауылдан келген сырқат біреу еді.
– Өткен жылы,– деді ол былай шыға беріп Амантайға,– үскірік боранда адасып далаға қонып, содан өкпеме бір зақым жабысып еді, айықпай қойды. Бақсы-балгерді тегіс өткердім. Талай дәрі де іштім, малмен де емделдім, бір де бір сәті түспеді. Жалғыз жігіт ем. Ишаннан жәрдем бола ма деп келем!
Сырқат кісіні жөтел буып, одан артық, кеңесе алмады. Асқар Итбай ауылына Амантайдан бұрын қайтқан еді, ондағы ойы – аздап тынығып алып, кешке ишанның зікіріне қатынасу.
Асқар дінге сенбейтін, ишанды, молданы жек көретін. Сөйте тұра оның зікіріне қатынасуға ойлау себебі: бұрын «зікір» дегенді естігені болмаса, өз көзімен көрмеуі, сондықтан бұрын көрмеген зат таңсық сияқтануы еді. Кенжетай үйінен пәтеріне кеп, аз қалғып дем алған Асқар оянып сағатына қараса, сағат түнгі тоғыз боп қалған екен. Зікір осы шамада басталмақ та, бірақ бастала қоймағанын Асқар біледі, өйткені, мектепте оқитын, естияр – Сағит дейтін бала, зікір болатын үйді бақылап жүріп, зікір басталарда Асқарға хабар бермек болған. Сағит әлі келген жоқ.
Мызғудан миы зерігіп қалған Асқар кереуетінен тұрып, беті-қолын жуынып тысқа шықса, іңірде ашық аспан бұлттанып солғындау жел тұрып, аздап қар жапалақтап тұр екен. Ол зікір болатын үйдің алдына келсе, есік алды сыңсыған шаналы ат; қақпағы ашық терезенің біреуінен ол сығалап еді, үй лық тола адам; ишан көрінбейді.
«Кірем бе, кідіре тұрам ба?»– деп ол аз ойланып тұрды да: «кірейін!– деді есікке қарай аяңдап,– біраз ауру жиналған екен, сөздерін естиін, не айтар екен!»
Ол үйге кірді де, ауызғы бөлмеден өтіңкіреп барып, төргі бөлмеге кіретін есіктің босағасында тұрған сандыққа шоқиып отыра кетіп, төрт бөлмелі үйге лық толған адамдардың сездеріне құлақ тікті.
– Екі тіземе сарсу түсіп бастырмайды, соны қаратайын деп ем.
– Менің, белімнің құяңы бар еді, бірдеме көтерсем шойырылып қалам. Балам жас еді, шаруама қиын болды. Соған шипа болама деп ем.
– Осы көзімді жел қарып, содан ұшынды да, енді ақ түсіп, басұр боп өлетін болдым. Жарық сәуле көрсетпей түйіледі де отырады. Ишанға үшкіртейін деп ем.
– Сап-сау бала еді,– деді бір кемпір, жеті-сегіздегі бір ұл баланың басын кеудесіне сүйеп,– біреулер тәттіні көп жегендіктен дейді, неден екенін қайдан білейін, құлағына бұлақ пайда болды. Әуелі шығу шығып жарылды да, артынан тынбай ағатын болды.
Оң жақ ұрты ісіп кеткен біреу қабағын түйіп, көзін жұмып, бетін алақанымен басып, мықшиып отыр еді:
– Тісін, ауыра ма?–деп, сұрады көршісі.
Ұрты іскен алая қарап, жауап бермеді.
– Жарықтығым,– деді ,оң жақ аяғының жараға толған жіліншігін жұрттың көзінше ашып қойып, іріңін сүртіп отырған бір қара сақалға бірнеше кісі,– жапшы жараңды, жеркендірмей!
– Мен құдайдан сұрап алды деп отырсың ба,– деп ашуланды жаралы,– бұл сырқат пай да болғалы биыл 18 жыл. Әдейі іздеп барғалы жүрген ишанды алла айдап қолға берді. Фатихасы тиер деген үмітім зор.
– Екі бетің нарттай жап-жас қатынсың,– деді бір жігіт бір әйелге қалжыңдап,– сенікі не сырқат?
Әйел күлімсіреп төмен қарады.
– Не сырқат дерің бар ма?–деді, ол әйелге көрші отырған құлағы ауырған баласы бар кемпір,– құдай құрсақтан тарықтырып қойғаны болмаса, сап-сау кісі! Түскелі он жылдан асты. Талай әулиенің бейітіне де түнеді, бақсыға да қаратты. Өспеген атаның баласы еді, ишаннан бір жәрдем болар деп келіп отыр да.
– Алла, ақырын!.. Ойбай... Өлдім!..– деген аянышты дауыс естілді есіктен.
Жұрт кеңесін доғарып, кескіндері өзгеріп, есікке қарады. Киізге ораған бір адамды төрт кісі көтеріп есіктен кіргізе берді.
– Көлден ат суара барғанда аты мұзға тайып, аяғы астына түсіп, жіліншігі сынды,– деді көтеріп кіргізгендер.– Сынықшы салған еді, аяғы сырқырап, кезінің шырымын алдырмай қан-қақсата берді, зікірге әкелді.
Аяғы сынған, үйдің ішін беймаза қылды.
– Жол беріңдер!–деді есік жақтан біреулер,– Азнабай келді.
Үйдегілер үрейлене бастады.
«Неге үрейленді?» деп ойлаған Асқар, есікке көзін салса, 13–14 жастағы бір баланың аяқ-қолын байлап, екі кісі көтеріп кіргізіп келеді екен. Бала бірдемені сандырақтап келеді.
– Жынданған еді,– деді біреулер күңкілдеп,– ишан келгелі ерегісіп кетті.
– Е, ерегіспей!.. Неге ерегіспесін! Иесі бар сырқат емес пе, жын буған... оңайлықпен шыққысы келеді деймісің? Жынданған бала үйге кіргенде баяу сықылды еді, бір жерге әкеп отырғызғаннан кейін – көтеріліп кетті. Баланың айқайы, шатасуы үй ішін үрейлендіргені сондай: сау адам түгіл, аяғы сынған адам да сарнауын қойып, доғарып, екі көзін ежірейтіп, жындыға қарай қалды.
Осы кезде үйге Амантай да кірді. Оған: «байтал түгіл, бас қайғы» болды. Амантайдың қайтқысы кеп бір тұрды да, «әдейі келгесін зікіріне түсейін» деп, мазасы кеткенге қарамай шыдады.
Сандырақ, сарнау, шулау көбейіп кеткесін жұрттың бәрі де, әлсін-әлсін есікке қарап, минут сайын ишанды күтті.
«Барып біліп қайтшы!»–деген күңкілдер шықты әр жерден.
«Ұят болар, жайланғанша сол боп жатқан шығар» десе де әркімдер барып қайтты.
«Кеңесіп отыр екен!»–деп қайтты біреуі.
«Намаз оқып жатыр екен»,– деп қайтты екінші.
«Ет жегелі жатыр екен»,– деп қайтты үшінші.
«Қымыз ішіп жатыр екен»,– деп қайтты төртінші.
«Құран оқып жатыр екен»,– деп қайтты бесінші.
«Дәретке шықты»,– деп қайтты алтыншы...
«Жол беріңдер!»– дегенде жұрт сергіп есікке қараса, ишанның қасындағы молда екен. Тегі қазақ болғанмен, ол молда қазақша мен татаршаны араластыра сөйлейтін еді.
– Жамағат!– деді молда есіктен басын сұға,– баршаңыздың таһараттарыңыз саф ба? Паксыздар ма? Насыбай, шылым шикіллі харам шайлар жоқ па? Ишан хәзрәтләрі шонди әйбірләрні білсә, бик арамас!»
– Тазамыз,– десті жұрт.
Күткен халықты молда алқа-қотан отырғызды. Ортаға Мекеден келген мешіт суреті бар жайнамазды жайды да, оның үстіне бір құман су қойды.
– Жамағат!– деді молда жайнамаз үстіне жүгініп отырып,– ишан хәзрәтләрі килгәш зікір салады. Баршаңыз ол кішінің салауатын айтуға тиішлісіз! Үш мәртәбә оқып шығам, фаһамлап алыңыздар: «Әсфи раббім, жәлле алла, мәуфи қалби Ғайролла, Нұрмұхаммед салла алла- лә иләһә илла алла!» Ұшпу зікіріні айтқаш, үш мәртәбә уһһүу млла алла!»–деп айтасыздар...
Молданың артынан еріп көпшілік шулап айтып көріп еді, көбінің тілі келмеді.
– Жамағат!– деді молда,– тәртіп шушы. Шамды сөндірәбіз. Ишан хәзрәті зікір уақытында халық үстінде ұшып жүруі мүмкін, оған бір дә хауып ойламаңыздар... Мен хәзрәтні келтірейін!..
Келіп отырған сырқаттардың бірсыпырасы ишанды әлі көрген жоқ еді. «Көрсем жазылам» деген сенім кірді біразының ойына. Ал, кейбір емделгенге жазылмай жүргендер: «кім білсін?» деп күдіктенді. Бірақ аяғы сынған мен жынданған баладан басқалардың бәрі ишанды өте шыдамсыздықпен асығып күтті.
Асқар баяғы отырған сандықтың үстінен қозғалған жоқ. Үйге басын сұққалы әр сырқатқа бір жаутаңдап қараған ол, осы үйдегі барлық сырқаттың ауруымен ауырғандай болды. Оның жаны қай сырқаттан болса да артық азаптанды. Ауыр сырқаттан сарнаған, бебеу қағып зарлаған адамдардың дауысын естігенде, оның шымырлаған денесі бірде суып, бірде ысып, аяныштың қысылуынан, маңдайынан тер шықты.
«О, сорлы ауыл!– деп өкінді Асқар ішінен,– жаралы ауыл!.. Сырқат ауыл!.. Ем күтіп келіп отырғаның ишан!.. Ол сенің сырқатыңды үдете түспесе, жаза ма?.. Сорлы ауыл, сенің де сырқаттан айығып, жаның жадырар күн болар ма екен?!»
Сарнау, зарлаудан құлағы керең боп, тұлабойы түршіккен Асқар, жыртылуға жақындаған шыдамын әрең төздіріп, өзін өзі зорлап, не қылғанмен зікірді көргісі келді.
Бір кезде үйге ишан кірді. Жарыла жол берген көптің арасымен ол жорғалай аяңдап, жайнамаздың үстіне барып жүресінен отырды да, ызғарлы қараспен айналасын бір шолып өтті. Содан кейін, қалтасынан ұзындығы бір құлаштай тәсбихты алды да, оң жақ қолының басымен бір сыдыртып өтіп, тәсбихтың тастарын екі алақанына толтыра ұстап, еріндері күбірлеп ішінен дұғалық оқып, уысындағы тэсбихтарын иіскей, алақандарымен бетін сипады.
Көптің көзі ишанда. Ишан молдаға көз қырымен ымдағандай болып еді, молда мөңіреген бұзау сияқты қырылдаған даусымен «Тәбәрәк» аятын оқи жөнелді. Асыққан жұртқа бұл аятты молданың бастан-аяқ оқып, шығуы – құранды түгел оқып шығудан кем көрінген жоқ. Аят тез біте қоймаған соң, біреулер аятты да, молданы да іштерінен сөкті.
Аят оқылып боп, батасы істелгеннен кейін, молда көпшілікке зікірдің тәртібін тағы айтты.
– Білеміз! Ұқтық!–деп шуласты көпшілік. Жұрттың көзі ишанда..
Терезенің қақпақтары жабылды. Шам сөнді. Нысанасыз қараңғылықтан адамның басы айналатындай болды.
Қараңғы үйде күңіренген дауыспен дұғалық, оқып, анда-санда су бүркіп айнала үшкіріп отырған кісінің молда екенін, ишан екенін жұрт айыра алмады. Тілі келсін-келмесін, үйреткен дұғалығын айтпаған жан үйде қалған жоқ. Біріне-бірі үйлеспей, қосылмай шулап жатқан дауыстан: кімнің не дегенін ешкім естіген жоқ, сезді айыруға болған жоқ, шулаған жұрттың құлағына ызың қаққан жалғыз дыбыс – «һу... һа... һу!..»
Шу мен қою қараңғылықтан Асқардың басы айналды, жүрегі лоблып, құсқысы келді. Одан артық отыруға дәті шыдамаған Асқар, «естісе естісін» деген оймен ишанды дауысын шығара бір боқтап, жолындағы жұртты баса-көктей, сүріне-қабына, жобасымен есікке әрең жетті де, есікті ашып тысқа шықты. Ол кезде, манағы әлсіз жел күшейіп, мана ұшқындаған қар, енді борай, қалың жауып, дала алай-түлей сұрапыл екен.
Асқарға бұл сұрапыл – қайғылы халықтың ышқына алған демі сияқтанып кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет