ЖЕТІНШІ ТАРАУ ПЕТЕРБУРГКЕ САЯХАТ 1 Ертең Петербургке жүреміз деген күні, балаларды оқудан таратардың алдында, қайда баратындығы туралы Асқар әңгіме жасауға ойлады.
Төртінші кластағы балалардың алды, әке-шешесі, туысқан-туғаны жоқ, 12–13 жастағы Сағит деген панасыз жетім бала еді. Ол баланың үй-күйі болмағандықтан көбіне школда ұйықтайтын. Кей кештерде Асқар басқа ермек таппай, кітап оқуға ерініп, школда отырғанда Сағит келіп көңілденіп қалатын. Өйткені, Сағит бір жағы ертегішіл, екінші жақтан, бір кеңесті бастап берсе толық ұғып алуға тырысып, содан көп сұраулар тудырады.
«Егер,– деп ойлайтын еді Асқар кейде Сағит туралы,– стипендияға ілігіп, қалалы жерге оқуға түссе, түбінде ғылым иесі адам боп кетер еді, зиректігі .ғажап. Мен мұнын, ілгері барып оқуына көмектесуім керек!»
Әңгіме айтуға класқа (жинап отырғызған балалардың Сағит алдыңғы жағында еді. Қасында Итбайдың Серғазы деген кластас баласы отыр.
Балалар орналасып болғасын, Асқар европалық Россия мен жер шарының шығыстық жартысының географиялық картасын алды да, мектептің қабырғасына ілді.
– Кәне, балалар!–деді ол, екі картаның арасында тұрып,– қайсың, шығасың сұрауға жауап беруге?
Сағит пен Серғазы қолын қатар көтерді.
– Кел, Серғазы, мұнда! (Серғазы түрегеп келді). Жер шарының құрғағы нешеге бөлінеді?
– Төртке,– деді Серғазы картаны көзімен шолып алып.
– Беске!– деді Сағит, шыдамай,– Европа, Азия, Африка, Австралия, Америка.
Серғазы қулау еді. Сағиттің сөзі дұрыс екенін көре тұра ол тәсіл тапты.
– Мен мына картадағы төрт бөлекті айттым. Мұнда Америка жоқ,– деді ол.
– Мынау қай мемлекеттің картасы?– деді Асқар Серғазыға, европалық Россияның картасын нұсқап.
Серғазы таба алмай тұрғанда Сағит тағы айтып жіберді. Бастапқы жауабын елең қылмаған Серғазы, бұл жолы Сағиттің қыстырылғанын ұнатпай, ала көзімен адырая қарады.
– Россияның патшалығы тұратын қай қала және қай жерде? Көрсетші?–деді Асқар.
Серғазы көрсете алмады.
– Мен көрсетем,– деді Сағит.
– Серғазы, сен отыр! Бері кел, Сағит! (Сағит келді). Россияның патшалығы тұратын қаланың аты не?
– Петербур.
– Германиянікі?
– Берлин.
– Франциянікі?
– Париж.
– Енді картадан Петербурді көрсет!
– Міне!– деді Сағит бөгелмей.
Одан терең сұрау беруге балалардың білім мөлшерімен есептесіп, Асқар түсінікті тілмен, қысқаша, жүретін жолының мәнісін балаларға әңгіме ғып айтты. Бірақ, бұл әңгіме оған өте қиынға соқты. Өйткені, патшаны ол жек көреді. Жек көрген адамын балаларға жақсы кісі ғып көрсетуге болмайды. Жамандайын десе жоғарғы жердің құлағына шалынады екен деп қорқады. Сондықтан, ол патшаның атын немқұрайды атап қана, балаларға Петербурды мақтады.
Әңгімесін бітіріп, балалардың біраз сұрауларына жауап беріп, жақсы оқитындарына базарлық әкелуге уәде ғып, бос жүргенде тәртіпті болудың, сабағын қарастырып жүрудің ақылын айтып, Асқар балаларды таратқанда, Сағит жападан-жалғыз сытылып кейін қала берді.
– Жарайсың, Сағитім!–деді Асқар оны арқаға қағып,– жарайсың, жетімегім! Ертең-ақ адам болып кетесің. Биылдасын ілгері оқуға жіберем. Мен келгенше кітаптарыңды пысықтап жүр, жарай ма? Өзіңе базарлық әкелем. Не әкелейін?
– Қызық кітаптар әкел, аға! Тіпті қызық кітаптар әкел, жаттап алайын, жарай ма?
– Жарайды, әкелейін...
«Жарайды әкелейінді» айтып, жылы шыраймен Асқар арқаға қаққанда, Сағит әлденені айтқысы кеп бата алмаған адамдай, Асқардың бетіне күлімсірей қарады.
– Бірдеме айтайын деп пе едің?– деді Асқар.
Сағит күлкілі кескінін солғындырып, төмен қарап тұнжырады.
– Айт, шырағым, неге бөгелдің?
Сағиттің бетіне қараса, көзінде жас іркіліп тұр екен.
– Біреу тиді ме?
Сағит солқылдап жылады.
– Неге жылайсың, айт маған?
Сағиттің дауысы дірілдеп, айтайын деген сөзіне аузы келмеді.
– Сен сондай осал ма едің?– деді Асқар, балаға қайрат бергісі кеп,– мен сені мықты деп жүрсем! Мынауың не, жаман, жасық балаша жылап тұрғаның! Ер жігіт болатын бала жыламайды. Жылама, жаман балаға ұқсап!
Баланың неге жылағанын жорамалдаған Асқар, қайрат айтқан болғанмен, өзінің де жүйесі босап, көзіне жас келіп қала жаздады.
Бала бір кезде көзін жеңімен .сүртті де, қайратты кескінмен Асқарға басын көтере қарады.
– Жігіт!– деді Асқар,– е, бәсе, сүйтші! Жаман, жасық неме деп балалар күлер. Сен олардың көзінше жылаушы болма.
– Аға! Әлгі бір журналда жазылған жетім бала бар ғой... жетімге... жетімді оқытып... оқытады... ақша беріп... деп... деген, журналдан оқып ем, мені, сонда ала кетсең қайтеді, аға!
Асқар Сағиттің жалынышты кескініне ойлы көзбен қарап тұрды.
– Әке-шешең, аға-інің жоғын білем. Сенін, туысқан апаларын, бар ма?
– Күйеуге берген үшеуі бар.
– Мен келгенше солардың, біреуінде тұра тұр, Петербурдан қайтқан соң өзім орналастырам.
– Апаларыма бармаймын.
– Неге?
– Барғам. Қуып жіберген. Күйеулері байлар, мені менсінбейді.
Кедейдің қызын не сауыншыға, не бала көтеруге тоқалдыққа алып күң ғып ұстайтын қазақ байларының әдетін жақсы білетін Асқар, Сағиттің намысына тимейін деп одан әрі сұрау берген жоқ.
Сағиттің ,«мені алып кет» деуінің аржағында тұрған тарихтың бәрі Асқарға айдан ашық еді. Оның қолынан келетін еңбек–қой бағу, қозы бағу. Асқар келгелі, жазды күндері ол сол кесіпті істеді. Қысты күні ауыр жұмысқа жарамайды. Жеңіл жұмыс оған табыла қоймайды. Қылышын сүйреткен қыс мынау. Жаз болса, ашты-тоқты болса да пана тауып күн көрер еді. Қыс ішінде қайда сыяды? Есіркеген үй, көп болса бірер күн тамақ берер. Күн саны көп, таныс саны аз. Жолатпаса қайда барады?
Асқардың басына осы сұраулар туып, ол біреуін де шеше алмады.
Ауылдағы жүн көрісі нашар бала жалғыз Сағит емес, Асқар ондайлардың талайын көрді. Жетім балаларды асырайтын приют ауылда жоқ. Аз жасында Асқар кемшілік тұрмыстағы талай адамды көрді, сол кемдердің ішіндегі ең кемі, ең аянышты халдағы–қазақ ауылындағы жетімдер. Асқардың бақылауында айуан малдан жетімнің күні анағұрлым жаман.
Ауылдағы жетімдердің тұрмысын жеңілдету ниетімен Асқар үкімет орындарына олар туралы запискалар жазды, журналдарға хабарлар бастырды, бірақ одан шыққан нәтиже жоқ.
«Ең болмаса оқу жасындағы жетімдердің біразына көмек болсын» деген оймен, ол Итбай аулындағы школа қасына интернат аштырам ба деп жыл сайын талпынады, жыл сайын бұл ойы іске аспай, арман боп қала береді.
Сағит Асқарға ұнайды. Адам болатындығы, ақылы барлығы, зеректігі оған мәлім. Кітап, газет, журналға құмарлығына, оқыған заттарын ұғуына қарағанда, 12–13-тегі бала дейтін емес, ер жетіп, жігіт боп қалған дейтін. Білімі, ойы, ақылы, тоқуы жас мөлшерінен үздік артық. Егер жағдай болса, бұл бала кісі болайын деп тұр. Жағдай – ақша. Ақша қайда?
«Мен келгенше не күн көреді?» деген сұрауына, Асқар жауап таба алмай біраз тұрды да:
– Сағит! Сен Кенжетайдіжін білесің ғой?– деді оған.
– Білем.
– Оның Бурабайда тұратын ағасы Балтабек дегенді білесің бе?
– Көргем жоқ, естуім бар еді.
Соның үйіне қалдырып кетсем қайтеді?
– Егер тұрғызса.
Мен айтсам тұрғызады. Өзім қайтып келгенше тамағыңа жетерлік ақша қалдырам. Бұған ризасың ғой?
– Ризамын.
– Ендеше, бүгін кешке Кенжетай Бурабайдағы ағасына жүреді, сені соған ертіп жіберейін.
2 – Үлкен үйге шайға шақырады,– дегенге оянып, тұрып, жуынып, киініп, Байсақалдікіне барған Асқар, сонда отырған Итбайды тани алмай қала жаздады.
Көкшетау еліне ол кезде Европа киімі жайылмаған еді. Костюм кию былай тұрсын құлақшынның өзін, молдалар, кіреске шатыс киім деп, құлақшынға әуестенген жастарды, оны киюден қатты тиятын. Ат арқасына мінген елдегі «игі жақсы» да, Европа киімін үстіне ілген Итбайдан басқа бір жан болмайтын. Итбайға «неге киесің?» деуге молдалар батпайтын.
Асқар үйге кіріп келсе, Байсақалдың оң тізе жағында: үстінде сарыға бояған ешкі терісінен кестелеп тіккен құндыз жағалы тоны бар кестелеген айыр балақ кең тері шалбары бар, басында шұғамен оюлаған айыр ақ киіз қалпағы бар біреу отыр.
Кривоносовтың: «Петербурше қазақтың ұлт киімімен баруың қажет» деп Итбайға жазған қағазын оқығанын есіне түсірді Асқар.
– Шырағым, ана тұсқа отыр!–деп Байсақалдық нұсқаған орнына Асқар отырғасын, оның да жол жүретінін естіген халық:
«Сапарын, оң болсын, шырағымды» тұс-тұстан жаудырды.
Баяғыда патшаға қазақ бағынып, елдің Шорман, Ыбырай, Зілғара, Тұрлыбек сықылды басты билері Петербургке Көкшетаудан атпен кетіп, жылдан артық, жол жүріп қайтқанын естігені болмаса, бертін заманда Думаға член болған Қосшығұлдың Шаймерденінен басқа кісі Петербургке барыпты дегенді ел құлағы шалған жоқ еді. Петербург былай тұрсын, Көкшетауды айнала қоныстаған Атығай мен Керейден Омбыға Итбайдан басқа барған кісі бар деп естілмеген. Петербург түгіл Омбының өзін, кедей шаруа былай тұрсын, атқа міндім деген пысықсымақтар да Меке мен Мединедей алыс жер деп түсінеді. Итбайды жөнелтуге келіп отырған елдің, «игі жақсы» дегендерінің көбі осындайлар. Солар ертеңгі шайды ішіп, жинап, оның артынан ет жеп болғанша Итбайға әртүрлі сұраулар беріп мазасын алды.
– Кетрампорыңның өзі жердің түбі дейді той, білетіндер?–деп сұрады біреуі.
– Мырзаның баратын жері Кетрампор емес. Орынбор деп естідім бе қалай?– деп оның сөзін түзеп жатқан бір қартаңдау ауылнайдың сөзіне Асқар күліп жіберді.
– Неге күлесің, шырағым?
– Кетрампорға да, Орынборға да бармайды мырза, бұл кісі Петербурға барады.
– Кетрампор-сетрампорыңның қайсысын біліп жатырмыз, елдегі қара қазақ! Орыс қаласының санына құдай болмаса адам жете ме,– деп ауылнай кейіп қалды.
– Өзі осы арадан неше шақырым екен?– деді біреу.
– Осы тұрғанда қай жағымызда өзі?– деп сұрады екінші.
– Ылғи кәпір тұра ма екен, болмаса мұсылман да бар ма екен?
– Қызылжардағы Ганшиннің астылы-үстілі дүкені сықылды үйлері керемет шығар-ау, оның?
– Онда шымқай алтыннан салған үйлер де бар шығар?
– Шам шаһарының төбесі күндіз ашылып, түнде жабылып қалады дейтін. Бұ да сондай емес деймісің?
– Тек, Шамға теңгермеші, өңгеге теңгерсең де! Жарықтық Шамға не жетсін, алланың береке берген жеріне!.. Петербург қаласы туралы осындай сұраулар қойып дуылдасқандардың сөзіне Итбай жауап берген жоқ. Асқар түсіндірем деп алғашқы кезде тырбанған еді, көпшілік түсінбей орынсыз сұраумен басын қатырғасын о да қойып, самбырлаған кеңесті қызық көріп, құлағын түрді де отырды.
– Ұлықсат етіңіздер, жол жабдығын қамдатайын,– деп Итбай етті жеп болғасын шығып кетті.
Ертең жұрттың ендігі айналдырғаны патша болды.
– Патшаның аты кім екен?– дегенге, қартаң ауылнай:
– Мекалай,– деп келе жатыр еді...
– Тәй, жағың қарысқыр, оттама! Осы неме қайдан білгір боп кеткен, тәштиіп, «естірген бұқадай! Саған көсемсіген не керек?– деп, бір би қайырып тастады.
– Білгенімді айтпайын ба?– деп ауылнай мыңқылдап еді.
– Сол ма, білгенің,– деді би екіленіп,– аузыңа келгеніңді шатып отырсың! Шабашидың қақолы деп отырмысың, патша жарықтықты, аты Мекалай болатын?
– Патша екені рас. Бірақ «тегін жасырған мүртет» дегендей, ол жарықтықтың тегі орыс екенін" жасырамыз ба?–деді бір ақсақал, ауылнай үндемей қалғасын.
Азырақ сырқаттаумын дегесін Ғайнолла ишанды оңаша үйге күтіп, дәмін сонда оңаша беріп, көп отырған үйге келмегендіктен шариғат айту теңдігі Ақбас молдаға тиген еді. «Ишан келгелі осы молданың берекесі қашты, иығынан су құйылды» деп кейбіреудің қалжыңдағанына Ақбас молда да, амалы жоқ, үндемейтін. Бұрын бір елдің текесі болғанмен, ишан келгелі оған сөзден сыбаға тимегені рас та.
– Мына отырған молдадан сұрау керек,– десті біреулер патшаның кім екендігі туралы жұрт таласып жатқанда.
– Сұрасақ сұрайық,– деді би,– Ақбас молда, сен айтшы, патшаны кәпір деуге бола ма?
– Әлбетте болмайды. Аллаһу-тағала...
– Е, бәсе, солай деші!– деді би Ақбасты бөгеп,– әуелі құдай, екінші патша ағзам емес пе, бізді бағып-қағатын, рас па, молда?
– Рас.
– Ендеше, не бар таласатын. Патшаны кәпір деудің өзі күпірлік. Дұрыс па, молда?
– Дұрыс емес!– деді таласқан ақсақал,– Наморот Шәддәт патша болды ма?
– Болды.
– Ол кәпір ме? Кәпір! Перғауын патша болды ма? Болды! Ол кәпір ме? Кәпір! Патшаның ішінде кәпір жоқ деуге бола ма, онда? Жоқ, болмайды.
Ақсақалдың сөзі дәлелді көрініп кеткесін, би бөгеліп қалып еді. Ақбас молда өзінше дәлел тапты:
– Кәпірді кәпір деуге бола ма? Сіз оны білесіз бе?– деді ол, ақсақалға.
– Е, енді кім дейміз, мұсылман дейміз бе, кәпір демегенде?
Жұрт ду күлді.
– Онда рауаят бар, яғни, расулымыз айтқан: Һешбір пәндені кәпір деуге туғрилап айту шариғатқа хилаф деген. Кімнің кәпір, кімнің мұсылман екенін бір алланың өзі біледі деген.
Дау көбейді. Әркім әр жақтан әртүрлі сөз айтып, бірін-бірі тыңдамай, Ақбастың басын әнкі-тәңкі қылды.
– Асқар, сені Қақаң шақырады,– деді Бүркітбай кіріп Асқардың өзі де сөзден мезі боп қашқалы отырғанда.
– Барайын.
– Қайда?–деп сұрады Асқар, дуылдаған жұрттан сытылып далаға шыққасын.
– Өз үйіне.
Асқар келсе Итбай, Горбунов, Елікбай – үшеуі стол. қасында отыр екен.
– Жүрейік енді. Күн түске тармасып та қалды,– деді Итбай.
– Міне!– деп Горбунов ұсынған қағазды Асқар оқып көрсе, сұлу әріппен тізілтіп жазған паспорт екен.
Асқар паспортты оқып тұрғанда Горбунов көзін оның кескінінен айырған жоқ. Кошкин соңғы бір келгенінде, Горбуновқа айтқан еді: «Губернаторды Андрей қонақ қылған түні, таңға жақын мен көшеде Кузнецовтан шығып желе: жатқан біреуді көрдім. Өзім мас едім, кескінін айыра алмадым, Досанов сықылды көрінді. Губернаторға доложить етуге анығын білмегесін болмады. Ол Петербургке барады екен. Сіз оны бақылаңыз. Сөздерін, жүрісін аңдыңыз. Егер жат мінезі білінсе маған тез білдіріңіз», деп.
Горбунов Асқарды содан бері сынап, оғаш мінез таба алмады.
Горбуновтың күдікті көзқарасын сезген Асқар, «неге үңілдің?» дегелі тұр еді, ойын Итбайдың сөзі бөліп жіберді. Итбайдың інісі Елікбайға айтқан ақылына қарағанда, болыстың кандидаты Елікбай екенін Асқар сол арада білді. Бұрын ол, кандидат басқа біреу шығар деп жорамалдайтын еді.
– Ел ұстау оңай емес,– деді Итбай інісіне,– ел деген мұз сықылды: ақырын ұстасаң түсіп кетеді, қатты ұстасаң сынып кетеді. Мынау ел қолыңда қалып барады, аз күн болса да бағып-қаққалы отырсың. Жинап ұстамай, айғырсыз байталдардай бытыратып алма. Қорыққанын сыйлайтын заман. Бір жағын сыйлап, бір жағын ықтырыңқырап ұстамасаң болмайды.
Жасы отыздың жуан ортасына келіп қалғанмен, алдында Итбай сықылды ел бағатын ағасы болғасын, Елікбай жастықтың тізгінін тежемей, балалы-шағалы боп қалғанына қарамай, әлі де болса ойын-тойдың, бозбалашылықтың базарын қуып жүрген жігіт еді. Итбайдың жанына жамандық ойламайтын ол, ел меңгерем деген ойды басына ешуақытта келтірмеген. Болысқа кандидат сайлады деген атағы болмаса, билік жұмысына араласуға ойы болмаған.
Табан аузында ел басқарам деуді өзіне ауырсынғандай болған Елікбай:
– Басқа біреуді қалдыра тұрсаң қайтеді?– деп еді:
– Өзің не айтып отырсың!–деп ағасы ұрысты.– Байқамай сөйлейтін сен бала емессің, айтып отырғанын, не өзіңнің? Қара шаңыраққа берген құдайдың бақытын біреуге қиям деп рас айтып отырсын, ба? Періштенің құлағына шалына көрмесін мына сөзің. Маған ондай сөзді бұдан былай естіртпе!
«Болыстықты кішірек патшалықтай түсінеді екен-ау, мұның өзі!–деп ойлады Асқар,– Борис Годунов елерде баласы Федорға осылай өсиет айтып еді, үлкен патша мен кіші патшаның ойының арасында айырма аз болады екен-ау!»
– Міне мөр!– деді Итбай, қалтасынан дорбаға салған мөрді Елікбайға алып беріп,– сақ бол, ұры-қары мөріңді ақ қағазға басып алып, сыртыңнан подлог жасап басын, кетіп жүрмесін. Ал, отырма енді, әлгі Бүркітбай қайда кетті? Атты жектіріңдер. Жүріп кетейік.
Итбай «түс аумай жүрейік» дегенмен, өз тұқымының үлкен үйлерінен дәм татып шыққанша, әруақтарға дұға оқылып болғанша күн еңкейіп кетті. Бурабай, Қырауқамыс арқылы Омбыға тура алып баратын, сұлыға жараған денелі екі ақбоз ат көсем жегіліп, есік алдында көп уақыт тұрды.
Жайшылықта саждаға басы тимейтін Итбай, ағайын-туғанымен амандасып болғаннан кейін, ишанның айтуы бойынша мешіттен бесін намазын оқып, содан аттанбақ болды.
Үйінен мешітке біржола киініп шығып, Асқарды қасына мінгізіп, Бүркітбайға божы ұстатып, ширығып тұрған күмістей екі ақбоз атты ойнақшытып Итбай мешіт алдына кеп тоқтады.
– Асқар, сен намазға кіресің бе?–деді ол, шанадан түсіп.
– Өзіңіз барыңыз.
3 Омбыға бірге жүрейік деп хабар салғанмен, келем деген күнінен кешіккесін Алексей тоспай жүріп кеткенін, Итбай Бурабайға келіп бір-ақ білді. Ол кезде күн таудан асып кешкіріп қалған еді.
– Олай болса жолдағы елдің біреуіне барып қонайық,– деп Итбайдың ілгері жылжығысы келгенмен:
– Осы арадан ерте аттансақ болады ғой,– деді Асқар.
– Алыс жолға барасың, нан-тұзымды татып кет,– деп Андрей де жабысты.
Асқардың қонамыз дегендегі ойы Ботагөзді көре кету екенін Итбай аңғарды. Соған қарағанда, «к,ой, жолдан қалмайық» деп тарта жөнелгісі кеп бір тұрды да, тағы да, ойлана кеп, бөгелуді мақұл көрді.
Асқардың Ботагөзде ойы барын, ол ойын орындауға құрып жүрген планын Итбай әлдеқашан білген. Ботагөзді көрмей тұрғанда, Асқардың бұл ойына бөгет болу ниеті Итбайдың басына келген жоқ еді. Ботагөзді көргеннен кейін, оған қызыққаннан кейін, түбінде оны Асқар емес, өзі алатындығына Итбай күмән етпейді. Бұл жөнде, Асқар мен екеуінің майдандасатынын да Итбай жақсы біледі. «Бірақ,– деп ойлады Итбай,– Асқарда менімен белдесетін не шама бар азар болса, жоғарғы ұлыққа арыз беріп тырбанған болар, одан не шығарады ол? Беделімді былай қойғанда, мен оны қалтаммен ұрып жықпаймын ба?»
Соңғы кезде, әсіресе Мадияр келіп кеткеннен бері, Асқарды Итбай жек көре бастады. «Мынадан бойыңды тарта ұста!– деп кетті Итбайға Мадияр,– мынауың теріс жолға кетіп бара жатқан жігіт!»
«Теріс жол» дегені – социал-демократия жолы екенін, ол жолдар не жол екенін Мадияр Итбайға қазақы жалпақ тілмен ұғындырды.
Бұрын да Асқарда күдігі бар Итбай, Мадиярдың сол сөздерінен кейін Асқардан аяғын тарта бастады, сөйте тұра, Асқарды оның Петербургке алып бара жатқан себебі мынау: Итбай орыс тілін шала біледі. Петербургте осы жолы: министрлерге, кәтте, патшаның езіне жолығуына оның күмәні жоқ. Үлкен ұлықтың алдында дарақыланып, аузына келген сөзді оттайтын адам Итбай емес. Өзінің салмағын жеңілдететін жерден ол, бойын тартып ұстайды.
«Патшаға, министрлерге жолыққанда,– деп ойлады Итбай,– шала білген орысшаммен былдырақтағаным бойыма мін болар, одан да тілмәш арқылы сөйлескенім келісер, менің орыс емес екенімді олар біледі. Сондықтан орысша білмеуімді сөкпейді. Тілмәш арқылы сөйлесуім, салмағымды ауырлатуы мүмкін, тілмәшті менің күтушім деп ойлауы мүмкін!»
Асқардан басқа тілмәштің ретін Итбай ойлап-ойлап келтіре алмады. Орыс тілін білем дейтін, және Асқардан көрі сенімді әркімдер бар, бірақ өзі білетін адамдардың, әсіресе, маңайдағы қалалардың орыстарының айтуынша, Асқардай орыс тіліне жетік адам қазақта жоқ.
– Қазақ былай тұрсын,– дейді Итбайға тамыр орыстары,– орыс тілін сенің учителіңдей білетін орыс та аз. Ол, жабайы орыс түгіл, урядник сияқты, кішігірім төрелерден де орыс тілін артық біледі.
Итбайдың да ұлттық тәкаппарлығы бар.
«Патшаның, министрлердің алдында Асқар орыс тілін маймаңдатып сөйлеп тұрса, мен түгіл, бүкіл қазақ атаулының шоқтығы көтерілмей ме?» деп ойлайды Итбай. Міне, осы ойлармен, бір жағы – Асқардан артық тілмәш таба алмай, екіншіден – Асқарды ұзақ жолда қаттырақ сынағысы кеп, бірақ бұл ойын Асқарға да, басқаға да сездірмей, Итбай Асқарды жолға алып шықты.
Олар Андрей Кулаковтың үйіне түсті.
– Әлгі Асқар қайда жоғалды?–деп сұрады Итбай Бүркітбайдан, шай ішіп болған соң.
– Балтабектікіне кеткен шығар. Ол соншыл ғой өзі.
– Осылардың ілік-шатысы бар ма, немене, келген сайын жампаңдап бара береді?– деді Итбай Бүркітбайдан тағы сыр тартып.
– Бұрын «жоқ» дегенім қайда, енді болмаса!
– «Енді болмасаның» мәнін айтшы!
– Талай айтқан сөзім болса да, маған осы сөзді қайталата бересіз-ау, Қақа! Мынау қалың бермеген, жүзіктің көзінен еткендей, қылыштай қылпылдаған жас жігіт, анау аққудың көгілдірігіндей желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршін қыз. Ол қыз «Ботагөз» десе – ботагөз. Тұнжыраған қарақаттай екі көзі жаутаңдап мөлдірейді де тұрады. Асқар соны сағалап жүр.
– Сен осы сөзді жай қалжыңмен айтасың ба, болмаса бірдемесін білесін, бе? Немесе жай «солай-ау» деп жорамалдайсың ба?
– Көзім көріп, қолым ұстаған белгім бар дей алмаймын. Бірақ егер мен кісі танитын болсам, осы қызда Асқардың олда-білдә, көңілі бар.
– Ә, солай ма?–деді Итбай түк білмегенсіп.
Итбайдың сөз түрін, ернінің емеурінінен аңғарып үйренген Бүркітбай, көмекейінде бірдеме тұрғанын шамалады. Ботагөзді айттыру туралы ойын Итбай айтпағанмен, «осы қызда көңілі бар» дегенді Бүркітбайдың құлағы шалған да еді.
– Қақа!– деді ол, сондықтан қылмыңдай сөйлеп,– ілуге тұратын аң. Егер шын ықласыңыз кетсе, мен ағасының тамырын басып көрейін, неміз кетіпті. Ат-тонымызды алып қалмас, не дер екен?
– Бүркітбай! Бұл жолы сөз қозғамай-ақ қояйық. Ұзын тұсауы қолда ғой, (қайда барар дейсің, сен Асқардың ізін аңдып, сол жаққа барып қайт, неғып отыр екен? Мен кеше қонақтармен отырып кеш жатып ем, ұйқым қанған жоқ еді, сен қайтқанша аздап мызғи тұрайын.
Бүркітбай жөнеле берді.
– Әй, Бүркітбай!–деді Итбай,– мынау Андрей итің аш жатқызбай ма екен бізді?
– Бір семіз қаздың басын қырыққан.
– Ендеше бар, көп кешікпе, бірақ!
Бүркітбай шығып кетті.
Бұл кезде Асқар, Балтабек, Кенжетай үшеуі Балтабектің үйінде кеңесіп отыр еді. Қастарында Айбала, Сағит, Ботагөз. Соңғы үшеуі тыңдаушы ғана.
– Сапарың оң болсын, Асқар,– деді Балтабек амандықтан кейін,– түсі игіден түңілме деп, тумасаң да туған інімдей көремін сені, міне түн жамылып отырмын ғой. Аман барып, сау қайтуыңа тілектеспін.
– Мен білмеймін бе оны?
– Саған айтайын деген бір сөзім. Анау күні көзің көрді, Амантай нағашым жазықсыз ұсталды, сүйегім деп іздеп келіп үйіме әлдеқалай бір дам жазып түскені еді, мұндай күйге ұшырағаны шымбайыма қатты батады. «Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегендей.
Асқардың көз қыры Ботагөзге түсіп еді, оның көзінде мөлдіреген жастың тамшылары маржандай тізбектеліп, омырауына домалап жатыр екен. Асқар қарағанын көрген Ботагөз, көңілдегі ойын ашығырақ білдірейін деген кісідей, немесе, Асқарға шаққандай, өксіп-өксіп алды. Айбалаға қараса, о да көзін сүртіп отыр екен. Бұл көрініс Асқардың сезіміне ауыр тиді.
– Ол кісі кәзір қайда?– деді ол күрсініп.
– Поетаппен Омбыға жөнелтіп жіберді. Кошкин әкетті.
– Ешкім ізденді ме?
– Кім ізденсін. Мықты тырнаққа іліккесін ізденгенмен бола ма? Баласы мен әйелі келіп еді, тамақ бергеннен басқа ештеңе бітіре алмады. Мал жүрер жер бар ма екен деп, барын даярланып келген екен. Оны өткізе алмады. Реттеуге тырысып көрейін деп урядник Кошкин, баласынан 50 сом алған еді, қолынан келмеді ме, болмаса алдады ма – түк те шығарған жоқ.
– Жақында жөнелтті ме?
– Жақында. Өзіміз баруға жүрексіндік. Тамақты Ботагөз тасып беріп жүрді. Жөнелтер алдында ғана мен бір рет сөйлесіп шықтым.
– Не айтады?
– Ол кісінің айтқаны көп... Ботажан– деді Балтабек Ботагөзге жалтақтап,– Айбала екеуің Степанның үйінен бір байлам темекі сұрап әкеліңдерші, насыбайым таусылып қапты. Айбала екеуін, барып келіңдер тез. Әй бала,– деді Балтабек Сағитқа,– сен де баршы, мыналар қорқар.
Айбала, Ботагөз, Сағит үшеуі киініп, далаға шығып кетті.
– Сенен жасырар сырымыз жоқ, Асқар,– деді Балтабек, оңаша қалғасын,– малға емес, басқа сүйенген адам екенімізді көріп жүрсің. Әлгі бала жат жұрттыққа жаралғанмен, аз күн қолымызда тұрғанда ренжімесін деп күтіп отырған бала еді. Малға қызықсақ алдақашан біреуге қолынан жетектеп шырылдатып беретін ек. Одан мал алмағанмен аштан өлмеспіз деп, жасы жетіп келе жатқанмен әлі ешкімге атастырғанымыз жоқ. Тіпті, айта берсең, оң қол, сол қолын танығасын, өз теңін өзі тауып кетсе, оған ренжитін мен жоқ. Көрші орыстың қыздарымен елігіп сабақ оқыған боп жүр. Оқытатын кісілер зирек дейді. Тіл-ауыздары тасқа! Оқығанмен оны молда болады, не төре болады демеймін. Керексіз дегенде өзі де қояр деп бетке қақпаймын. Мен саған бір сұмдық айтайын, Асқар, Амантай айтады, Итбай айтты дейді, осы Балтабектің қарындасын маған алып бер деп дейді. Мұндай сұмдықты естіп пе ең, Асқар? Естіген жоқ шығарсың. Амантайға сен осыған кіріс депті.
– Амантай не депті?– деді Асқар сызданып.
– Кірісе алмаймын, біреудің қаршадай баласын аузыңа алып, құдайдан қорықпай ол не дегенің,– деп қайырып тастапты. Амантай айтады, Итбай дейді, түрмеде шірітуге қолдан келгенін істеп бағады, дейді. Иттің тілеуін құдай беріп, мен мынадай кіріптар болып қалдым, дейді.
– Ә-ә-ә!– деді Асқар ауыр дем алыспен,– солай де, Балтабек!
– Солай, Асқар,–деді Кенжетай тұнжырап.
– Өз көңілің қалай?–деді Асқар сынағалы, Балтабекке.
– Нені қалай дейсің?
– Итбайдың сөзіне қалай қарайсың дегенім ғой...
– Асқар, шын айтасың ба? Ол не дегенің! Тірі боп жер үстінде жүргенде неге көнейін ол қорлыққа. Мен өлгенде ғана Итбай дегеніне жетер. Өлмей көне қоймаспын.
– Ағайынды үшеуміз,– деді Кенжетай да екіленіп,– үшеуіміздің біреуміз тірі қалсақ та Итбайға мұны істетпеспіз.
Жеуге ниет еткенде алды-артына қарамай қомағайланып, өжеттеніп кететін, бет алған жерін ойып түспей, қансыратпай, жалмамай қоймайтын кәрі қасқыр – Итбайдың Ботагөзге қарап ұлығаны Асқардың жанын түршіктірді. Өмірі жаңа гүлденіп келе жатқан Ботагөзге нөсер бұршақ төгіп, күл-талқан қылатын дауылды қара бұлт жылжып келе жатқан сықылданды.
– «Не істеу керек?– деп ойлады Асқар тұнжырап отырып,– дауылдың бетін бұрып, қара бұлтты кері көшіруге менің әлім келе ме, жоқ па? Әлім келмесе қайтем? Шешегін жаңа жайып құлпырып келе жатқан нәзік гүл, шынымен сұрапыл ұрып сола ма? Рақымсыз, көзсіз соқыр қара күштің уысына түсе ме? Шынымен пана бола алмаймын ба? Онда маған тірімін, кісімін деп керегі не?.. Жоқ!.. Мен кісімін!.. Мен тірімін!.. Мен де дауылға қарсы тұрарлық қайрат бар! Мен оған қорған болам!.. Шамамнан асқанда, Ботагөзбен бірге мен де солам!..»
– Жәй солай, Асқар,– деді ауыр оймен аз уақыт еңсесі түсіп, төмен қараған Балтабек басын көтеріп,– дос-жар болғасын шағып отырғаным ғой. Бірақ «иттің иесі болса, бөрінін, тәңірісі бар» деген Итбайдың аранын ашқанына күйреп отырғам жоқ. Өлім біреу. Оның зорлығына тірі боп көнбеймін. Әуселесін көрейін, қарақшы кәзәптің!..
– Не істер дейсің?..– деп Асқар Балтабек пен Кенжетайды жұбатқан болды.
– Бірді айтып, бірге кетіп қалам,– деді Балтабек,– менің саған айтайын дегенім: сен Омбыға бара жатырсың. Заң-закүнді кісіден сұрайтын жігіт емессің. Амантайды бұдан қуынатын кісінің жоқ екенін көріп отырсың. Ақ іс. Сұрап табарсың, тілеуің алдыңдағы жігітсің, сен осы жұмысты қарастырып көр, сәті түсер жері бар ма екен? Оның айып-шамы жоқ, қалтаңа ептеп тиын-сиын да салайық, әлімізше. Біреу-міреудің аузына жалатуға керек болар. Алымның заманы ғой.
Итбайдың ниетін естіген Асқар, «Омбыға бармай қайтып кетсем қайтеді?»–деп ойлап отырған еді. Мына сөз оған қамшы болды.
«Ботагөз бен Балтабектің керегіне жарауымның бұл бірінші жолы екен,– деп ойлады ол,– әрі қарай барар-бармасымды Омбыға бара көрермін. Мына жұмысқа әдейі арнап барайын. Ізденіп көрейін. Мүмкін, адвокаттардан ретін табатыны бар шығар».
– Оқасы жоқ,– деді Асқар Балтабекке, ойын қорытқасын,– ізденейін. Сәті түсуі мүмкін.
Ендеше, біз қамданайық.
– Түк те қамданба. Ақшаңның маған керегі жоқ. Адвокат жалдасам өз ақшам жетеді. Шыққан шығынды қайтып келгесін алармын. Ал, жасырын параны мен бере алмаймын.
– Егер ісіңді реттеймін деп тұрса ше?
– Онда да бере алмаймын.
– О не дегенің, Асқар? Е, онда не болды? Құрғақ аяққа бата жүре ме? Сен олай деме, Асқар құдай оңдап алымға ілігетін жер болса аянба!
Осы кезде Ботагөз, Айбала, Сағит Степандікінен темекі алып қайтып, үй алдындағы кішкене қараңғы қораға кіріп, есікке жақындаған кезде біреудің тықыры естілді.
Тықырлаған, Айбаланы ұстай алып еді, қолы төсіне тиді.
– Бұл кім еді, ойбай!–деді Айбала дауысы қаттырақ шығып.
Ботагөз Айбаланың артына тығылды.
– Әлгілер бірдемеден қорқып жүр ме, дауысы шығады?– деді Балтабек орнынан қозғалып.
– Өй, кімсің?– деген Айбаланың сөзі құлағына тигесін, Балтабек ұшып түрегеліп, босағадағы балтаны қолына ұстай жүгіріп барып есік ашып еді, Айбаланы біреу құшақтап тұр екен.
«Ботагөзді Итбай алып қашып кетті ме?» деген қауып кіріп, есік алдына жүгіре шыққан Балтабек, Айбаланы құшақтап тұрған Бүркітбайды жағадан алды да, балтаны тастай беріп шекеден жұдырықпен періп кеп жіберді.
– Өй, есің дұрыс па? Мен!– деді Бүркітбай сасып қап.– Оның не? Қатыныңды жейді дедің бе?
– Кімсің?
– Бүркітбаймын!
– Неғып жүрсің?
– Езуіңді ұрайын, мұндай қатынжанды боларсың ба? Тапа-тал түсте кім жейді дедің қатыныңды, сонша алабұртып, айдың, күннің аманында?
– Ботагөз қайда?– деді Балтабек, Бүркітбайдың жағасын босатып, Айбалаға.
– Мен мұнда, аға!– деді Ботагөз.
4 Асқардың оқыған тарихи материалдарына қарағанда, Омбы қаласы 1714 жылы Петр Біріншінің бұйрығымен салынған.
Ондағы ниеті – қазақты, маңғұл тұқымдас елдерді ішіне ала, Қытайға қанат жаю; Балтық теңізінің бергі жағасынан Шведтерді қуып, Европаға Россиядан терезе ашқаны сықылды, Омбы арқылы Қиыр Шығысқа, Орынбор арқылы Орта Азияға терезе ашу. Петрдың бұл ниеті Россия патшалығының екі жүз жылдық отарлану саясатымен аяқталды, оның жеңіл өткен жерлерінің көбі алынды. Соның бірі – қазақ даласы.
Осындай тарихына қарап бастапқы кезде Омбыны жек көрген Асқар, оның школында біраз жыл оқып, білімнің дәмін татқаннан кейін, қала туралы ол пікірін өзгертті.
«Патшаның саясатына қала айыпты емес,– деп ойлады ол,– Омбы –мәдениет .кіндігі!»
Оқып жүрген кезінде елді сағынатын Асқар, елде жүргенде Омбыны сағынатын еді. Оның сол сағынуы Омбыға бет алып шыққаннан кейін бұрнығысынан күшейген тәрізденді. Ол тез жетуге асықты. Бірақ суыт жүрген кісі атпен арада үш қонып жететін Омбыға, Итбай табандатқан он шақты күн жүрді. Жолдағы елдер: Керей, Қыпшақ, Уақ рулары еді. Солардың басты адамдарында Итбайды білмейтіні аз екен. Оның үстіне құданың құдасы, жиеннен туған жиеншар сықылды, іліктері де көп болар ма? Соларға қонақтап асықпай жүргендіктен Омбыға он шақты күнде зорға жетті. Жолшыбай көңілсіз келе жатқан Асқар, Омбыға жететін «үні түлкіге түсетін бүркіттей бойы елегізіп, бұйыққан орнынан көтеріліңкіреп отырып, тымағын сыпырып қолына алды. Күндіз аздап қырауытып буалдырланған ауа райы кешке қарай жадырап, аспан ашылған еді.
Омбыны сағынған Асқарға, қаланың шет жағындағы тапал қарағай үйлердің өзі аспанмен таласқандай биік көрінді. «Омбы – білім ордасы» деп ұққан оған, Омбының ауасынан білім исі шығып тұрған тәрізденді. Көше бойындағы діңгектердің үстінде әлсіздеу жанған электр шамдарының барлығы оған күндей көрінді. Суыққа бойы шираған бағана басындағы сымдар, өз бетімен шыңғырып, гитар күйінің дыбысын бергендей болды.
Көшенің жолы тақтайдай даңғыл екен.
– Әй!–деді Итбай Бүркітбайды иығынан тартып, Бүркітбай «не айтасың?» дегендей бұрыла қарағанда,– енді божыңа ие бол. Біреуді қағып кетпе, мұнда кісі құмырсқадай көп жүреді. Бірақ есіңде болсын: Омбыда, осы мезгілде, көшеде байлар рисактарын жарыстырады. Егер сондайларға кездесе қалсаң, алдыңа түсірмеуге тырыс! Ертістен өткеннен-ақ Бүркітбай кесем атты қатар жегіп алған еді.
– Желдей жүйрік біреуі кездеспесе, біздің екі аттан озуы құдай-ақ та!–деді Бүркітбай жиналып.
– Тек!– деді Итбай,– кепиет сөз айтпа!
Шеткі көшелерді біраз бойлап жүргеннен кейін жолаушыларға Учительская семинарияның үйі кездесті. Бұл үй Асқардың көзіне анасындай жылы ұшырап, оның барлық ой-сезімін өзіне тартты. Үйдің жататын, оқитын бөлмелері оның көзіне елестеп кетті. Оның түсе қалғысы келіп еді, ширыққан, қызған аттар жұлдыздай ағып өте шықты.
– Келіп қалды!–деді Бүркітбай, семинариядан өткен кезде, артына қарап.
– Не кеп қалды?–деді Итбай елегізіп:
– Тырнадай ербеңдеген ана бір ұзын сирақ ат, әлгінде көлденең көшеден ағызып келе жатыр еді, енді артымызға түсті. Екпіні сұмдық! Атты айдайын ба?
Итбай артына қараса, сүттей жарық көшемен танауынан бу құшақ-құшақ бұрқырап, жіліншігін ақпен ораған арғымақ, аяқтарын көсілте басып, зымырап келеді екен. Шанасы – биік, өзі жеңіл.
– Алдыңды берме!– деді Итбай.
Сырылдаған шана мен сықырлаған тұяқтың дауысы естілген соң, қос боз ат елеңдеп келе жатыр еді.
«Қырдағы малдың, желгіші еді,– деген ой келді Асқарға, Бүркітбай аттарды айдай жөнелгенде,– «чистокровный» арғымақтарға сыр бермесе жарар еді!..»
Аттардың жарысы Асқарға қаланы ұмыттырды. Омбының Кадетский корпусы бар үлкен көшесін бойлай желген қос боз ат, ой қаладан дең қалаға шығатын көпірге шейін арғымаққа оздырмады. Арғымақ иесі алдындағы пар аттың жарыса жөнелгенін біліп, атын бастырмалап мазақ қылайын деген ойға кіріп еді, қос боз ат жеткізбеді.
Бүркітбайға салса, сол қалпымен тарта беріп, арғымақ кейін оралғанда бірақ тоқтау еді.
– Ағай!– деді Асқар Итбайға, көпірге жақындағанда,– енді жетер жарысқанымыз. Кейін оралайық. Пәтерге түсу керек қой. Түн боп кетті.
– Әй, Бүркітбай! Тарт аттың басын!
Қызып алған аттар Бүркітбайдың қолын қарыстырып зорға саябырлады.
– Қалай жүрейін?–деді Бүркітбай аттарын тоқтатып.
– Кейін бұрыл, Сарыбастікіне барайық.
Сарыбас Итбайдың гимназияда оқып жүрген баласы. Асқар оны естігенмен, көрген жоқ еді. Өткен жаз, оқу біткеннен кейін Сарыбас ауылына барғанда, Асқар демалысқа кетіп жолықпаған. Кенжетайдың айтуынша, ол мұрнын көкке көтерген тәкаппар. Тірі пендені менсінбейді. Амандаспайды. Жаздың ыстық күнінде қолынан ақ перчатканы түсірмейді. Үстіне ылғи хош иіс құяды. Қарға адым жердегі ауыл қонаққа шақырса, пәуескеге пар ат жеккізіп барады. Сөйлеген сезінің жартысы орысша, әйел құмар. Өзі ептеп өлең шығарады.
Желіккен аттардың божысын ұстап, қалай жүр, былай жүр!» деп Итбайдың сілтеуімен жүріп отырған Бүркітбайға:
– Тоқта!– деді Итбай бір үйдің қақпасының алдында.– Жаңылмасам, осы үй. Сен кіріп шық. Осы үйдің қабаған иті болатын. Қолыңа құнт ал, қауып алмасын. Қақпаға кірсең, қора ішінде, оң қолда биыл салынған бір ұзыншалау, тапал ақ үй тұрған шығар. Орта есіктен кipсең, Сарыбас сонда.
Кеткен Бүркітбай көп кідірмей қайтты. Үстінде қамзолша қасқыр ішік киген, сақалды біреу онымен ере келді.
– Жаңбырбаймысың?–деді Итбай.
– Я, Итекеңбісің? Мал-жан аман ба? Әкелші қолыңды.
Екеуі қолдасты.
Аттар қақпадан кіріп, тапал ақ үйдің алдына келгесін, жолаушылар үстін сілкіп, шанадан түсті.
– Үйге кіріңіздер.
«Сарыбас үйде жоқ шығар?»–деп ойлады Асқар, коридорда Итбаймен бірге сырт киімін шешіп жатып, Жаңбырбайдан басқа ешкім көрінбеген соң,– бар болса әкесін қарсы алар еді ғой!»
Сыртқы киімін тастаған қонақтарды, Жаңбырбай ішіне кілем төсеген, жүгі ауылша жиналған кең, бөлмеге кіргізсе, төрдегі айна алдында бір жігіт теріс қарап, галстугін байлап тұр екен.
– Әкең келді, Сарыбас!– деді Жаңбырбай.
Салмақпенен бетін бұрып кейін қараған Сарыбасқа, Асқардың көзі түссе: көнтек ауыз, домалақ мұрын, тұз көз, бет пернесі татарға ұқсас, шашын «ёжик» қып қырыққан, тапал бойлы, талдырмаш сары жігіт екен. Асқардың естуінше, оның жасы 17–18-де болуы керек еді.
Бойына қарағанда 13–14-те дейтін.
Асқар Сарыбасты сағынған әкесіне шүйіркелесіп амандасар деп ойлаған еді, Сарыбас оны істемеді.
– Ә, саламатсыз ба?–деді ол әкесіне салқын леппен.
– Денің сау ма, шырағым?–деді әкесі.
Сарыбас қазақ әдетімен «шүкір» деген жоқ.
5 Жаңбырбай кеңесімпаз адам еді. Қонақтары шешініп жайланғаннан кейін, екі терезенің аралығына қойған сандықтың үстіне малдасын құрып алып, шай келгенше сөзден аузын жиған жоқ.
Кеңесінің бастапқы кезінде Асқар Жаңбырбайды ел жайын сұраған адам екен деп ойлап еді, аздан кейін оның кеңесін тыңдауға жалықты. Өйткені, Жаңбырбайдың сұрары да, айтары да ылғи сауда туралы ғана екен: «Өгіздің бағасы не? Тері-терсек қымбат па? Жылқы терісі, сиыр терісі неден? Мал терісін жинаушы көп пе? Көздеменің бағасы қалай? Еттің бағасы, ұнның бағасы, қант, шайдың бағасы не?..» Міне, оның сұраулары осылар.
Ал, өз жанынан айтар әңгімесі: биыл қай жердегі базарға барғаны, не сауда істегені, көрген пайда-залалы, Омбыдағы сауданың жай-күйі, тағы сондайлар...
Өзінің де сауданы жақсы көруінен бе, болмаса Жаңбырбайдың ажарына қарағандық па – Итбай да оның кеңесіне ұйыған кескінмен анда-санда тіл қатып қойып, тіл қатпағанда басын изеп қойып, Асқардай жалыққандық белгі көрсеткен жоқ.
Тоңазып қалғанын үйге кіріп шешінгеннен кейін білген Асқардың денесі шайдан кейін жылынды. Жол соқты боп шаршаған Бүркітбай атын жайғастырғасын шайға шейін шынтақтап жатып қалғып алып, шайдан кейін:
– Әй,– деді Асқарды санға түртіп сыбырлап,– сауда кеңесі бітетін емес қой, далаға шығып келсек қайтеді?
– Шықсақ шығайық.
Қора кең еді. Тысқа шыққан Асқар мен Бүркітбай кең қораның түкпіріне суытып қойған аттардың қасына барып, шананың үстіне отырды. Ол күні түн қараңғы еді.
– Анау бір тұрғандар да аттар мен шаналар ма?– деді Асқар, қораның басқа бір түкпірінде шоғырланған бірдемелерді нұсқап.
– Ие, аттар. Анау терезесі көшеге қараған, қақпанын, оң жағындағы үлкен қарасай үйде де толған қонақ. Кім екен деп мана ат ағытқанда сұрастырып ем, әр жерден келген болыс, билер дейді. Сол үйдің өзінің иесі де болыс деген сөзді естідім.
– Ә, солай де.
– Әй, Асқар!– деді Бүркітбай аздан кейін,– осы сен залым жігітсін, бе деп ойлаймын... Рас па?
– Қайдан білейін! Өзіме залым сықылды емеспін. Залым десең дәлеліңмен айт.
– Шыныңды айтпай-ақ қойдың-ау!
– Не шын?
– Тұяқтың қызын алатыныңды неге жасырасың. Мені дұшпан көресің бе?
– Неге дұшпан көрейін, дұшпан көретін қастығыңды көргем жоқ. Расымды айтқан едім, нанбайсың.
– Неге нанайын қарап отырып.
– Неге нанбайсың?
– Қалжыңбастығыма қарап, сен мені түк білмейтін есер деп ойлайтын шығарсың. Мен білмейтін жер үстінде не бар деп білесің?
– Білсең айт.
– Осы Омбыға сен не үшін келдің?
– Не үшін келдім?
– Тұяқтың қызы үшін келдің.
– Оны қайдан білдің?
– Біле-е-е-мін!.. Мен білмейтін жер астында. Амантайдың жұмысын орындап қайт деп Балтабек жұмсағанын мен білмейтін шығармын. Сен менен жасырма, несін жасырасың? Жасырсаң да білемін: Амантайдың жұмысын орындап қайтсаң, қыз сендік болады да қояды. Ол маған тайға таңба басқандай анық.
– Сенің бір жаман мінезің бар, Бүркітбай,– кісіге сенбейсің.
– Сенбейтінге неге сенейін, сенетінге сенем!
– Мен айттым ғой.
– Жоқ, сен айтқан жоқсың, сен маған сырыңды айт. Егер тісімнен шығарсам кәпір өтейін. Сенің ойыңды білемін, Асқар. Сен мені аузын басса, к... сөйлейтін, ішіне ас айналмайтын жігіт деп ойлайсың. Менің ішімде жан ашпаған сыр мен жан көрмеген ызбот көбін білмейсің. Мен дос болуға да жарайтын жігітпін.
«Ызботының ішіне сүңгіп көрсем қайтеді?» деген ниетпен Асқар Бүркітбаймен сырласуға ойлап, тамағын кенеп кеңес бастағалы ыңғайланып еді:
– Сендерді шақырады,– деді Жаңбырбай үйінің жігіті келіп.
«Қап!» деп өкінген Асқар, тағы бірде кеңесермін деп ойлап, шақырған жігітке еріп, үйге қарай аяңдады. Бүркітбай да соңынан ерді.
6 – Мынау жас қонаққа,– деді Жаңбырбай Асқар тыстан келгеннен кейін, әйеліне,– төсекті Сарыбастың бөлмесіне салып бер, жастар ойнап, күліп бірге жатсын.
Бұл сөз Асқарға жағымды тиді. Ол Сарыбасты оқыған азамат көріп, Ботагөздің басындағы ауыртпалықты жеңілдетуге жәрдемге шақырғысы келді.
Сарыбас жататын бөлме кішкене екен. Ішіндегі кереует біреу екен. Асқарға деген төсек кереует алдына, жерге салынды.
Оңаша бөлмеге кіргеннен кейін, Асқар Сарыбасты кеңеске ұйытпақ боп тамырын басып көріп еді, ажары өте сырғақ. Асқардың бірер сұрауларына ол жауап та берместен, кереуетіне шешініп жатып, шынтақтап роман оқуға кірісті. Бұл қылық Асқарға ұнамады.
«Қарай гөр, мына шынашақтай неменің нығызын!– деп кейіді Асқар ішінен,– қол тоқпақтай боп шіренуін!.. Қасқырдың бөлтірігінің қылығы осылай келеді!..»
Теріс қарап жатып қалған Асқар, ұйқыдан оянса, басы аздап ауырып қалыпты. Сарыбас жуынып кеп, бетін сүртіп жатыр екен. Құрысқан денесін жазғалы керіліп, ыңыранған Асқардың дауысына Сарыбас орамал астынан қарап еді, кешегі тәкаппарсығаны есіне түсіп, Асқар үндеген жоқ.
Асқар мен Сарыбас шайға да араз кісідей тымырайып, жауап қатыспаған қалыптарымен келді. Сол үндемеген қалпымен Сарыбас оқуына кетті. Асқар үйде қалды.
Шайға бірге отырған Бүркітбай, Итбайдың көзінше Асқарды біраз ажуалады:
– Қалай батыр?-– деді ол қылмыңдап,– түсіңе ел жақ кірді ме? Ондағы жұрт есен-сау ма екен?
«Ондағы жұрт» деген сөзден Ботагөзді жорамалдаған Итбай жымиып күлді. Ол күлкіге түсінген Асқар, Бүркітбайға тігін келді.
– Сен-ақ еріге береді екенсің!– деді ол.
– Е, ерікпей, әкем Көккөз жаңа өліп отыр ма? Үйде ерікпе, Омбыда ерікпе, енді қайда ерігеміз!..
– Қалжыңбастық не керек?
– Қалжыңдап мен саған не айттым? «Ел-жұрт аман ба екен?» деген сөз де қалжың болғаны ма?
– Қойшы өзің!..
– Мына байғұс неден қысылды?.. Қарап отырып танауын, қусырылғаны несі?..
Асқар шыдамай тысқа шығып кетті. Аздан кейін Жаңбырбай да шықты.
– Ағай!–деді тысқа шыққасын ашуын басқан Асқар,– осы қалада жақсы адвокаттар бар ма?
– Неге болмасын. Бұл қалада нелер жан жоқ дейсің.
– Қазақ адвокат бар ма?
– Бар.
– Фамилиясы кім?
– Құзғынбаев. Семейден бе, анығын білмеймін, әйтеуір бір жақтан келді. Жұрт осыны білгір деп тұр. Орыстар да мақтайды. Алған ісін іс қып шығарады.
– Адресін білесіз бе?
– Білем. Осы арада жақын. Жаяу баратын жер. Қазір үйінде де шығар. Немене, жұмысың бар ма еді?
– Жәй, әшейін, жолығатын азғана шаруам бар еді.
– Оған баратын болсаң, қақпадан шығасың да, оң қолға бұрылып екі квартал жүресің. Содан сол қолға бұрылып екі адым жүргесін, алдыңнан бір кішкене алап кездеседі.
Алаптың оң жақ бетінде терезесінің алдына қайың өскен, қызыл төбелі, жаңа қарағай үй бар. Сол үй. Жаңбырбай сілтеген жобамен Асқар жүріп келіп, терезесінің алдына ескен қайыңы бар, жаңа ағаш үйді тауып, сыртқы есіктің басқышымен көтеріліп, есіктің тұтқасына қолын салса, тұтқаның қасында алақандай жезге жазба қарыптармен ойған, «Кузгунбаев» деген жазу тұр екен.
Есіктің маңдайшасынан салбырап тұрған ілмегі бар сымды қоңыраудың, сабағы деп жобалаған Асқар, ақырын тартып қалып еді, қоңырау даусы шылдыр ете түсті. Аздан кейін есіктің ішкі жағынан ит абалап, есікті тырнап, коридорды басына көтерді.
– Перестань!.. Цит!..– деген әйел дауысы естілді ішкі жақтан.
– Мүмкін бе?– деді Асқар есік ашқан бұйра шаш, зор денелі, толық, ақшұбар орыс әйеліне.
– Сізге кім керек?
– Кузгунбаев.
Әйел, Асқардың бас-аяғын көзімен бір шолып өтіп, бар деуге де, жоқ деуге де білмей аз тұрды. Бұл Құзғынбаевтың әйелі – Антонина Евгеньевна еді. Адвокат болғаннан бері Құзғынбаевтың үйіне кісі көп келетіндіктен және келген кісілердің жүзден тоқсан бесі ылғи даумен келгендіктен, сол даушылардың қайсысының, қалтасы қалың, қайсысынікі жұқа болатынын Антонина Евгеньевна кескініне, киіміне қарап ұғатындай болған. Қалтасы жұқа адамдардың дауына кіргісі келмейтін Құзғынбаев, «үйде жоқ деп айтыңыз» деген сөзді Антонина Евгеньевнаның құлағына сіңірген. Бастапқы кезде өтірікке аузы бармаған Антонина Евгеньевна біртіндеп дағдыланып, аздан кейін «бар» деп айтатын кісіге де, «жоқ» деп қалатын күйге ұшыраған. Осындай «жоқ» деп қалу салдарынан үлкен даумен келген бай қазақтар орыс адвокатын жалдап, оны естіген Құзғынбаев артынан өкінген. «Сіз ойлап, түріне қарап жауап беріңіз» деген ол әйеліне. Содан бері әйелі кескініне, киім-кешегіне қарап, ойланып алып, «бар», «жоқ» дегенді содан кейін айтатын болған. Антонина Евгеньевнаның Асқарға іле жауап бере қоймағаны осы.
Келген кісінің қалталы, қалтасызын айырып беруге Құзғынбаевтың да, Антонина Евгеньевнанын, да бір көмекшісі иті – неміс овчаркасы еді. Құзғынбаев овчаркаға арнап сыртқы есіктің босағасынан кішкене тесік істеп қойған. Сырттан кісі тықырын естігенде овчарка үнсіз жүгіріп кім сығаланды да, келген адамның киімі жөнсу, кескіні жүдеу болса үреді; киімі бүтін, денесі толық адам болса, маңқ еткен бір ғана дыбыс беріп, артынан кісі шыққанша үндемей тұрады.
Асқардың кескін-кейпіне қараған Антонина Евгеньевна өз көзіне сенерін, я итінің көзіне сенерін біле алмады. Өз кезіне сенсе, Асқар онша жөнсу кісі сықылды емес, ал, егер жөндем кісі болса ит неге үреді? Ол қалай қаталасты? Антонина Евгеньевнаның жауаптан кідіруіне тағы бір себеп осы еді.
– Ғапу етіңіз,– деді Асқар, Антонина Евгеньевна тез жауап бере қоймағасын,– ол кісі үйде бар ма, жоқ па? «Жоқ» деген сөз шығып кетті Антонина Евгеньевнаның аузынан.
Осы кезде, Антонинаның өтірігін әдейі ашуға шыққан адамдай, денесі еңкектеу келген, зор мұрын, орта бойлы қара сұр кісі шыға келді.
– Сізге кім керек?– деді ол Асқарға, Антонинаның сасып қалғанынан аздап қаймығып.
– Құзғынбаев.
– Құзғынбаев мен болам,– деді орысшалап.
– Өте сүйкімді,-– деді Асқар да орысшалап,– менің сізде азғана жұмысым бар еді, мүмкін болса үйіңізге кіріп айтайын.
– Пожалуйста.
«Өтірігімді шығардың», деп ренжіген кескінмен Антонина Евгеньевна кетіп қалды. Құзғынбаев Асқарды кішірек бөлмеге кіргізді.
Оңашаланғаннан кейін Асқар Құзғынбаевқа ең алдымен өзін таныстырды. Содан кейін елдегі қалың бұқараның ауыр халын, үкімет адамдарының, болыс, билердің зорлығын айтып өтті. Бұл сөздерге Құзғынбаевтың жабайы кескінмен қарауы Асқарды қайран қалдырды. Асқардың сынауынша, Құзғынбаев ел тағдырына қайғырмайтын, өзіне-өзі тойған адамдай көрінді. Ел жағдайына Құзғынбаевтың бүйрегі бүлк етпейтінін көргесін, «қазақ» оқығанында да мұндай адамдар болады екен-ау!» деп таңданған Асқар, кеңесін қысқартып, Амантай уақиғасын айтты.
– Бұл өте ауыр жұмыс екен,– деді Құзғынбаев Асқардың кеңесін тыңдап болғасын,– губернаторға покушение жасау оңай емес.
– Покушение жасаған жоқ қой, шынында.
– Ол бізше ғой. Ал, губернатордың көзқарасынша, ол – покушение. Губернатордың пікірі – пікір. Мұндай жұмысқа адвокаттар аяғын байқап басады.
– Оңай деп өзім де айтпаймын,– деді Асқар Құзғынбаевқа біраз кеңескесін,– бірақ сіз осы жұмысқа кірісіңіз. Адамгершілік үшін кірісіңіз.
– Жарайды. Кірісейін,– деді Құзғынбаев аз ойланып.
Ендігі мәселе ақша. Жалданбай адвокат жұмыс алмайтынын Асқар көзбен көрмесе де, естіген. Күші келген жердей Асқардың тартынғысы да келмейді. Бірақ оның басына келген ой: «оқыған адам нашар кісіден ақша сұрай қоймас!..»
«Ақша аласыз ба? Қанша аласыз?» деген сұрақ, лықылдап жұтқыншағында тұрғанмен, Асқар ол сөзді айта алмады, айтуға ақшаны емес, Құзғынбаевты қимады.
– Жарайды, жақсы!..– деді Құзғынбаев қобалжып, Асқарға тарайық дегендей ғып.
«Ақша аласыз ба?» деген сөзді айта алмай, Асқар киініп есікке бара берді де, ұятын қайратына жеңдіріп алса, алмаса да бетін ашып кетейін деп ойлап, солғын қоштасып отырып қалған Құзғынбаевқа тағы келді.
– Ғапу етіңіз!– деді ол,– ұмытып барады екем. Жұмыс алғандығы үшін адвокатқа сый болуға тиісті ғой.
– Әрине.
– Ұят болса да сұраймын: ол қанша болады?
– Бұл сауда емес, тиісті заң бар.
– Мөлшерін білгім келіп еді.
– Мұндай ауыр жұмыс мың сом!
Асқардың төбе шашы тік тұрды. Қатты қаққанның өзінде, оның қалтасында ең көп дегенде, екі жүз сом шығатын еді, өзгесі жолға керек қаражат.
– Мың сомсыз мұндай істі алуға болмайды,– деді Құзғынбаев, Асқардың қысылғанын сезгендей,– бірақ оқыған азамат екенсіз, жеңілдік жасайын: жеті жүз сом.
Саудаласудың ретін таппаған Асқар, шынын айтты.
– Оған ретім келмейді,– деді Құзғынбаев.
«Бір есептен бар ақшаны осыған беріп, Петербург баруды қойып, елге қайтсам қайтеді?» деген оймен Асқар Құзғынбаевты қалта мөлшеріне қарай бұрмалайын деп еді. Құзғынбаев: «болмайды!» деп отырып алды.
Ренжіген Асқар Құзғынбаевқа қош айтыспастан үйден шығып, көшеде жүріп келе жатып ойға батты. Оны реніш теңізіне тұншықтырған бір ой: Құзғынбаев сықылды оқыған адамның мынадай қара ниеттігі. Оқығаннан мұндай ақшақұмар шығады деген ой Асқардың басына бұл күнге шейін келмеген еді.
«Жауыз, қара ниет!–деп сөкті ішінен Құзғынбаевты Асқар,– халықтың дұшпаны!.. Оқығаннан да мұндай арам ниеттер болады екен!.. Оқығанның да Итбайы болады екен?..»
– Мырза, тоқта!– деген дауысқа Асқар басын көтеріп қараса, Бүркітбай екен, Жаңбырбайдың үйіне келгенін білмей қапты.
– Неғып тұрсың?– деді ол Бүркітбайға.
– Сені аңдып тұрмын.
– Менің немді аңдисың?
– Ие, жолың болды ма?
– Не жол?
– Жәй, әлгі адвокатқа сөйлескеніңді айтам...
– Уа, қойшы, Бүркітбай. Сен-ақ дүниедегі бар пәлені тіміскілей береді екенсің...
– Рас айтам, келістің бе?
Асқар үндемей өтіп кетті.
– Қабағың тым түсіп кеткен екен,– деді Бүркітбай орнында тұрып қалып,– жемқор неме дейтін еді, аранын кең ашқан екен ғой. Менен, әзірге сырыңды жасыра тұр, түбінде ең пайдалы кісің мен болам... Осы сөзімді ұмытпа!..
7 – Һа-һа-һа-һ!..– деген өзінің қатты айқайынан шошып оянған Асқар, есеңгіреп, аз уақыт орнынан тұрмай отырды.
Қатты ұйқыдан зырқылдап ауырып қалған шекесін, екі жақтан саусақтарымен басып, шынашағымен кезін уқалап, аздан кейін есін жинаса, маңайындағы адамдардың бәрі шырт ұйқыда. Асқардың өз даусы өз құлағына өте қатты естілген еді. Сондай қатты дауысқа маңайында жатқандардың оянбауы оны қайран қалдырды.
Асқардың бұл жатқан орны – үшінші кластың вагонының іші еді. Омбыдан шыққандарына үшінші күн. Проводниктің айтуына қарағанда, алдағы таңда поезд Петербурге бармақ. Бұлардың келе жатқан составы – Маньчжуриядан Петербургке тура жүретін экспресс. Ол составта үшінші кластың вагоны әдетте болмайтын. Экспрестің, жұмсақ вагонына билет алуды шығынсынған Итбайдың тілеуі қабылданғандай, экспреске сирек тіркелетін үшінші кластың қатты вагоны Итбай билет алған күні тіркеліп, «Петерборға жеткізсе бәрібір емес пе?» деп, Итбай билетті қатты вагонға алған. Осы вагонның ішінде Асқар мен Итбай бір купеде қарсыма-қарсы жатады. Ұйқыдан шошып оянған Асқар, көзін кеңірек ашып, екінші купеде жанған май шамның әлсіреп келген жарығымен кескіні күңгірттеніп шалқасынан жатқан Итбайға қараса, демін біресе аузынан, біресе мұрнынан алып, бірде тамағы, бірде мұрны қырылдап, о да шырт ұйқыда екен.
Есін жиған Асқар, неге шошып оянғанын ойлады. Ол түс көрген еді. Түсінде: «Бурабай қаласына келіп Балтабектің үйіне қонған екен дейді. Сол үйде ұйқтап жатқанында біреулер тапыр-тұпыр үйге кіріп келген екен дейді. Асқар да, үй іші де ояна келсе, үйге келгендер – Итбай бастаған бір топ жігіт екен дейді. Сол арада Итбайдың жігіттері Балтабекті де, Асқарды да, Айбаланы да байлап тастап, Ботагөзді үйден сүйреп ала жөнелген екен дейді, басқа істер қайраты таусылғаннан кейін, байлаулы Асқар, көрші үйлер естір ме екен деп ойлап, қатты айқайлап жіберген екен дейді...»
Міне, Асқардың шошып оянған дауысы – осы дауыс. Купенің ауасы өте нашар, және ыстық екен. Тынысы тарылған Асқар пальтосын жамылып, дем алғалы вагонның буфері жаққа шықты. Вагонда ояу тірі жан жоқ. Бәрі де шырт ұйқыда. Буферге таяу купеде панарын алдына қойып, проводниктің өзі де қалғып отыр. Асқардың олай еткенін вагоннан ешкім сезген жоқ.
Вагонге кірер сыртқы есікті ашып, Асқар далаға қараса, алашұбар бұлты бар, айлы түн екен. Келе жатқан жерлері қалың орманның іші. Асқар есікті жаппай біраз тұрды. Оған поезд тоқтап тұрған сықылды, тоқтаған поездың астынан жердің өзі сырғып жүріп жатқан сықылды болды. Қасқыр тиген жылқыдай орманның қалың ағашы үркіп қашып бара жатқан сықылды көрінді.
Ботагөз туралы ойлағаны: «Алдында не күн күтіп тұр! Торлаған қасқыр көп. Тоқтыдай солардың аузына түсіп кете барасың ба? Бақыт сәулесін көресің бе?
Тамбурда бірсыпыра уақыт тұрып, дем алып, аздап бойы тоңазыған соң, Асқар вагонға кіріп, купесіне беттеді. Жатқан купесіне бұл жақындағанда екі адам қарсы келіп, қымсынып өте берді. Кескіндері күңгірт. «Бейсауат жүрген неғылған адамдар?» – деп ойлады ол.
Купесіне кеп, орнына отырғаннан кейін, Асқарға: «әлгі қан жауғырлар ұры боп, бірдемемізді сыпырып кетті ме?» деген ой келді. Сол ойдан кейін, ол түрегеп, өз чемоданын қараса, орнында тұр.
Итбайдың жолға алған сандықшасы төсегінің астында еді. Оның ішінде патшаға әкеле жатқан сыйлар бар.
«Итбайдың сандықшасы аман ба екен?» – деп ойлаған Асқар, еңкейіп көйке астына қолын тықса, дәнеңе жоқ! Асқардың жүрегі су ете түсті. Не қыларын білмей сасып қалды.
– Итеке! Ау, Итеке!– деді ол Итбайды оятып.
Итбай өте қатты ұйқтап жатыр екен. Дауыстап оятқанына тұрмағасын, Асқар қолын батыра түртті.
– Һа-һа!..– деді шошып түрегеп Итбай.
– Итеке!..
– Һа-һа!..
– Есіңді жинашы, ояншы, Итеке!..
– Һа-һа!.. Асқармысың? Немене?..
– Сандықшаңызды қайда қойып едіңіз?!
– Жамбасымның астында да. Оны неге сұрадың?
– Ендеше сандықшаңыз жоқ!
– Е, ол қайда?– деді Итбай атып тұрып, астын сипалап,– ойбай, жоқ!
– Жаңа осы арадан бір ыңғайсыз адамдар өтіп еді, солар ұрлады оны!
– Ойбай қуайық!– деді Итбай ұмтылып.– Ә, құдай, ә, жасаған, я бабам, я әруақ!.. Өзің жөн бер!–деді Итбай жалаң аяқ Асқардың артынан коридорды бойлай жүгіре басып.
Бұлар вагонның басына тақалғанда, көзін уқалап панарын көтеріп проводник өз бөлмесінен шығып келеді екен.
– Багажымыз ұрланды,– деді Асқар оған.
– Қашан?
– Жаңа. Ұры ұзаған жоқ. Жүріңіз!..
Проводник те сасқан болып, Асқар мен Итбайға еріп тамбурға шықты. Осы кезде ашық есіктің алдында тұрған екі адам қолдарындағы сандықты сыртқа лақтырып жіберіп, өздері де секірді.
– Қап!– деді Асқар мен Итбай қосынан.
Итбайдың көзі қарауытып, басы айналып кетті. Ол сол араға отыра қалды.