түсіп: «Келін бір бәйбіше болғандай денелі, жүрісі сабырлы адам
екен» деп ойлады. Келін ноғай емес, естек қызы дегеннен бері,
ақсақал естектің бір атасын қазаққа жақын қып алып еді. Сара
Төлегеннің кішкене Күлікенін көтеріп, тысқа шығып еді, ақсақал:
— Бері әкелші, қарағым!— деп алдырып немересін иіскеді. Көңілі
тағы бір қарыс көтерілгендей:
— Ей, құдая шүкір тоба!— деп тәубе келтірді. Пәлтелерін
жамылып, қалпақтарын шекесіне салып, сымдай болып Төлеген
мен Балташ шыққанда; «Заманына қарай бұ да жарастықты
екен!» деп ойлады. Мынау екі төре баласы тұрғанда, өле-өлгенше
кемқор болмастай көрді.
Балалар шайын ішіп жатқанда, ақсақал жеті биесінің сабасын
пістіріп, ыдыс-аяқты жуғызып, өз үйін сыпыртып, төрге көрпе
салдырып:
— Ақбілектерге әне жерге сал! — деп қатынына оң жақты нұсқап
жатыр еді.
Шәй ішіп жайланған соң, Әмірді жіберіп, балаларын өз үйіне
шақыртты.
— Жоғары шығыңдар! — деп Төлеген мен Балташты төрге
шақырды.
— Е, со жаққа отырыңдар! — деп келіні мен Ақбілекті өзіне қарсы
оң жаққа отырғызды.
Қымызды бәйбішесіне сапыртып, балаларына қызыл кесемен
қайта-қайта бергізіп, ауыл кісілеріне де, бала-шағаға дейін құр
тастатпай, өзі қадағалап отыр.
— Келіннің аяғын
11
ұста, келіннің,— деп қояды. Келіннің дөп-
дөңгелек қара көзі, маңқиып отырғаны, атасынан әнтек именгені
қолайына жағып отыр. Өрік Ақбілекке қарауға беті шыдамай:
— Ақбілектің аяғы,— дегенде аяқшыға бұғып қана сыбырлайды.
— Неге ішпедіңдер? Қымыз жақсы ғой!— деп ақсақал Балташ
жаққа қарап қояды.
— Болғанымыз со ғой!— деп Балташ кесесін қайырғанда:
— Қалалы жер адамның ішін қуырып тастайды ғой!— дейді.
Ақсақалдың көңілі тасқын. Тамағын кенесе бүкіл ауыл естиді.
Түкіріп жіберсе, есіктен өтіп сары иттің тұмсығына жалп етеді.
Кешке таман Төлегенді оңаша шақырып, ақсақал құрмалдық беру
жайын ақылдасты. Ақсақалдың көңілі: ірі жылқы сойып, үлкен
той қылуда еді. Төлеген тай да жетер деген соң, бала да бірдеңе
білетін шығар деп мақұл көрді.
Ақсақал тай сойды. Көңілі жетер ағайын он шақты қой сойды.
Недәуір үлкен той болды. Жұрт сабалап қымыз әкелді. Тай, құнан
жарыстырып, күрес қылып, көкпар тартып, ерігіп жатқан ел бір
кенеліп қалды.
Көл басындағы төрт-бес ауыл жас төрелерді кезекпе-кезек
қонаққа шақырысты. Дырду басылған соң, аз күн болса да, қарап
жүрмейік деп, Ақбілек пен жеңгесі бес ауылдың ортасына қызыл
отау орнаттырып, жас әйелдерді бір мезгіл оқытып, хат
танытпақ болды.
Кейде еркектерді де шақырып, Балташ пен Төлеген газет-журнал
оқиды. Тазалық, денсаулық, мал дертін емдеу, каперәтіп жайынан
әңгіме құрып қояды. Қызмет адамдарына жол жоба көрсетеді.
Елге керекті уақ кітаптардан ала барған еді. Оның пайдасы тиді.
Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған,
әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған,
мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қызығын, ісін көргенде
ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті
Достарыңызбен бөлісу: |