Некеге тұру некеге тұрушы ері мен әйелдің өзара ерікті келісімі және олардың неке жасына жету болып табылады. Егер неке күш көрсету, алдау, қорқыту жолымен қиылған болса, онда ол жарамсыз деп танылуы мүмкін. Некеге тұру келісімін некені тіркеу рәсімінің барысында некеге тұрушы адамның тікелей өзі ауызша білдіреді және оның қолын қойғызу арқылы расталады. Соның өзінде ата – аналарының немесе туыстарының келісімі талап етілмейді. Дей тұрғанмен, қай жағынан алып қарағанда да ата – анасының құптауы болашақ отбасы үшін өте маңызды екендігі күмәнсіз. Отбасын құру үшін неке жасына жетудің үлкен маңызы бар. Некеге тұрушылар белгілі бір рухани және күш – қуат кемелділігіне ие болуы керек, ол белгілі бір жаспен байланысты. Біздің заңымызға сәйкес неке жасы – 18 жас. АХАТ органдары дәлелді себептері болған жағдайда неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендете алады. Неке жасына жетпеген адамдардың некеге тұруына ата – аналарының келісімі бойынша ғана рұқсат етіледі.