2. Хорезмшах мемлекеті мен Моңғол империясы арасындағы қарым-қатынас. Хорезмшах мемлекеті мен Моңғол империясы арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті. Өзінің кезекті елшілері өлтірілгеннен кейін Шыңғысхан көрші елге соғыс ашуды шешті, ал бұл кезде Хорезмшах ел шекарасының қорғанысын күшейте бастайды.
Жорыққа дайындық «Моңғолдардың құпия шежіресіндегі» деректерге сәйкес, 1206 жылға қарай моңғол әскерінің саны 95 мыңға жеткен. Солтүстік Қытаймен ұзаққа созылған соғыс Шыңғысхан әскерінің өсуіне мүмкіндік бермеді, алайда, «орман тайпалары» (буряттар мен бұрғыттар) мен ойраттарды қосып алуға мүмкіндік берді. Қытайда қалдырылған Мұқалай өз жорықтарына бағынышты тайпалардан басқа 23 моңғол әскерін қатыстырды. Осы кезде Моңғол империясының солтүстік бөлігінде Хорчи ноянның 30 қыз-келіншекті Шыңғысханға сыйлау шешіміне қарсы болған хори-тумат және құрықан тайпаларының көтерілісі бұрқ етті. Хори-тумат тайпасының басшысы Ботохай-Тарғын бастаған бүлікшілерді басу үшін Шыңғысхан 20 мың әскер бөледі. Қалған әскерОрта Азияға жорық үшін жеткіліксіз еді, сол себепті Шыңғысхан ұйғыр, қарлұқ және басқа да жергілікті тайпаларды өзіне шақырды. Айта кетерлігі, Шыңғысхан жорыққа тарғұттарды да шақырған, бірақ тарғұт бурханының елшісі: «Егер жорыққа әскерің жетпесе, онда қаған болмай-ақ қой»,-деп, өрескел жауап береді. Шыңғысхан бұны жадына түйіп алады. Жиналған әскерді Шыңғысхан шөл дала арқылы Хорезмшахтар державасының шекарасына жеткізуі керек болды. Шыңғысхан әскері Керулен өзенінің жағасына қозғалып, Ертіске дейін жетеді, одан әрі қазақ даласы арқылы Хорезмшахтар державасының шекарасына қарай ілгерілей түседі. Бұған түгелдей 1219 жыл кетті. Моңғолдардың негізгі күші келе жатқанша, Мұхаммед Ала ад-Динді моңғолдардың жоспарынан жаңылдыру үшін Шыңғысхан Хорезмшахтардың шекарасына қарай әртүрлі бағыттан бірнеше отряд жібереді.
Алғашқы қақтығыс Моңғол әскерімен болғалы тұрған шайқас Хорезмшах үшін бірінші шайқас емес еді. Ол 1216 жылы қазіргі Қазақстан территориясына қашқан меркіттердің тайпасын ізінен қалмай қуып келе жатқан Сүбідейдің әскерімен қырда кездескен еді. 1216 жылға қарай меркіттер этноәлеуметтік топ ретінде ыдырап, көпшілігі моңғол әскерінің құрамына кірді немесе қыпшақ тайпаларымен араласып кетті. 1216 жылы Тоқта бектің ұлдары бастаған меркіттердің тобын моңғолдар ойсырата жеңеді. Меркіттер жеңілгеннен кейін Жошы мен Сүбедей өздеріне жақындап қалған Хорезмшах мұхаммед Ала ад-Диннің әскерін көреді. Хорезмшахты моңғол әскеріне тиісуге не итермелегені белгісіз, бірақ, хорезм билеушісі меркіттерге өзі соғыс ашқпақшы болып, олардың тұрағына жақындағанда моңғол әскерін көрді деген болжам бар. Ол өзіне тиесілі олжаны моңғолдар иемденіп алды деп, әскерін моңғолдарға қарай бұрады. Өздеріне әжептәуір көп Хорезмшахтың әскеріне моңғол қарсы моңғол әскері түн батқанға дейін ашына шайқасып, екі жақ та бір-біріне беріспеді. Түнде, моңғолдар алдын ала көптеп от жағып, шайқас алаңынан жайлап кетіп қалады. Таңертең тұрып, моңғолдардың қашып кеткенін көрген Мұхаммед Ала ад-Дин өзін жеңімпазбын деп жариялайды.