Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстан аумағында таралуына сүбелі үлес қосқан шоқтығы биік тұлғалардың бірі - Қожа Ахмет Ясауи. Өйткені оның еңбектері мен даналық хикметтерінің маңызы күні бүгінге дейін төмендеген емес.
Қожа Ахмет Яссауи (1093-1166) — қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер. Арыстан бабтан тәлім алған ол жасы жиырмаға келгенде соплылық ілімді үйрену үшін Яссыға барып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет етеді.
Қожа Ахмет фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының,толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды.
Қожа Ахмет Ясауидің өз хикметтеріне Алла Тағаланың пенделеріне деген кеңшілігі мен олардың жасаған күнәларын кешудегі қайырымдылығы арқау етілген. Соған жету үшін негізінен төрт нәрсеге аса көңіл бөлінеді. Олар: шариғат, тарихат, хақихат, мағрифат. «Шариғат» — ислам дінінің заңдары мен әдет ғұрыптарының жинағы «тарихат» — сопылықтың идеясы, сопылық мүддесіне жеткізген жол, «хақихат» — құдаймен бірігу оған жақындау, «мағрифат»— дін жолын танып, оқып білу. Ахмет Ясауидің пікірінше «Шариғатсыз», «Тарихатсыз» «Мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес.
Қожа Ахмет Ясауидің айтуынша, әр іске төзімділік, шүкірлік етіп Құдайға жалбарыну, одан шапағат күту, дүние-мүлік, байлық үшін жанын жалдап, өтірік-өсекке ұрынбау тәрізді мәселелер күнәдан арылудың басты талаптары делінеді.