Тақырыбы: Армысың, әз Наурыз! 1-жүргізуші. Бағыма көктемменен еніп едің
Іздедім шуағыңнан көңіл емін.
Бір мезгіл жоғалғаным табылғандай
Шаттанды шашуыңнан төңірегім
Көркейтсін баспасын да даланы мұң
Тербетсін табиғатты дана жырың
Қош келдің төрімізге төрлет бүгін!
2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бәріміздің көптен күткен Наурызымыз да келді!
Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді боп, тілектеріңіз қабыл боп, аман-есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда, жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы ұлыстың ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз есігін қуанышпен ашсын. Барлық жақсы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын! Сұлужон мектеп оқушылар ұйымы дайындаған «Армысың, Әз Наурыз» атты мерекелік кешіне қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Уа, жараңдар, жараңдар!
Бәрің бері қараңдар,
Наурыз думан басталды,
Бір сәт зейін салайық.
Ұштасқан оймен мәңгілік
Біздерде бар сан ғұрып,
Ғасырлардан ғасырға
Келе жатқан жаңғырып.
2-жүргізуші: Күттіріп келген жыл басы,
Бізбен бірге жырлашы.
Елімнің дастарханына
Береке, ырыс сыйлашы.
Ата-бабам тойлаған
Наурызымыз армысың!
1-жүргізуші Наурыз байланысты тағы қандай ерекшеліктер бар, халықтан сұрап көрейікші. (Дайындалған карточкаларды алып, сұрақтарға жауап береді).
Наурызшешек – наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі түсті гүлді, қауашақты әсем шөп. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазакстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. «Наурызшешек» «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін бағалы өсімдік.
Наурызек – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурызегім келдің бе?» деп шақырып жем шашады. Наурызекті ешкім қумайды, үркітпейді.
Наурызнама – шат-шадыман, ойын – сауық. Тойда ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт сайысы, айтыс, түрлі ойындар өткізіледі, көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Наурызнамада қыздар жиналып бас қосып, ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз – келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды.Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна пәктікпен жастықтың, тарақ әдемілік пен сұлулықтың, иіссу - бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.
Бұл күні қарттарға арналып жылы – жұмсақ тағамдардан «белкөтерер»
деп аталатын дәм дайындалып таратылады.
Наурызша. Наурыз айында жұп – жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атайды.
Наурызкөже – Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен( сүт,ет,су,тұз,тары,құрт,жеміс,т.с.с.) жасап, оған қазы,шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурызкөженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор.
2-жүргізуші: Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Жас балаша нұрланып,
Жадырасып бәріміз.
1-жүргізуші: Құт береке, Наурыз айым келді деп,
Жер түледі, жасыл желек желбіреп,
Айналайын атамекен кең далам.
Толықсиды нұрға толып, елжіреп
2-жүргізуші: Уа жараңдар, жараңдар!
Көңілің бар алаңдар
Ата менен анаң бар
Үлкен кіші ағаң бар
Наурыз тойын тойлаймыз
Бәрің бері қараңдар!
Жігіттердің орындауындағы «Қазақ осы» әнін қабыл алыңыздар. 1-жүргізуші: Қош келіпсің, Наурыз!
Арман тойы халықтың,
Қуанышы халықтың,
Құтты болсын қадамың!
Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік біз сізге!
2-жүргізуші: Жүріңдер Наурызға басып аяқ,
Қалыс қауым болмасын некен саяқ.
Ән шырқап, би билейтін қауым болып,
Тұрмайық, уақыт келді өнерді аяп.
«Қара жорға биі» 1-жүргізуші. Жарқырасын Сұлужондай жеріміз!
Асып-тасысын байлығымыз, кеніміз
Ел сүйсініп дәулетіне елімнің,
Малға толып жатсын барқыт беліміз!
2-жүргізуші: Тойла бүгін тауларым мен боз далам,
Тойла бүгін қарттарым мен бозбалам.
Мереке боп келген бүгін Наурызым!
Береке бол ешқашанда тозбаған!
Осымен дайындаған шағын мерекелік концертіміз аяқталды. Келесі Наурызда аман сау кездесуімізге алла нәсіп етсін. Хош сау болыңыздар!