Мақыш Қалтаев (1869-1916). Ақмола маңында туып өскен. М.Қалтаев шығармаларында діншілдік сарын өте басым болып келеді. Жалпы адамзаттық имандылыққа көбірек үндейді. Дінді – адам жанының рухани тазаруы ретінде ұсынады. Кейде пәни дүниеден жақсылық таппай, бақидағы қызықты жырлау арқылы қайшылыққа ұрынатын тұстары бар. 1907 жылдан бастап шығармашылықпен айналысып, 1907-1913 жылдар арасында сегіз кітап шығарған. М.Қалтаев ХХ ғасырдың басында ең көп кітап жазған ақынның бірі болып табылады. М.Қалтаевтың “Қалтайұлының қазақ ахуалынан бәхас еткен манзұмасы“ (1907) “Қазақтың айнасы (1910), “Біраз ғибрат сөз“ (1910), “Насихат қазахия“ (1911), “Бар оқиға“ (1912), “Тура жол“ (1912) атты жинақтарының тақырыптары ортақ, бір сөзбен айтқанда, қазақ жайы. Татар ақындары З.Кәрими мен Ғ.Рашидиден аударған “Айна“, “Сақсұқ“ өлеңдер жинағы бар. Бұл аудармаларда ақынның өзіндік қолтаңбасы айқын сезіліп тұрады.