Тақырыбы: Этнопедагогика пәні, зерттеу әдістері. Жоспар



Дата10.03.2022
өлшемі18,05 Kb.
#27462
Байланысты:
1 такырып



Тақырыбы: Этнопедагогика пәні, зерттеу әдістері.

Жоспар:

1.Этнопедагогиканың обьекті және пәні.

2.Этнопедагогиканың міндеттері, қызметі.

3. Этнопедагогика зерттеу әдістері.

Халықтық тәрбие адам баласының дүниеге келген күнінен бастап бірге жасасып келеді.Оның қағазға жазылып түспеген, бірақ халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, ағида болып келген білім-білік, тәлім-тәрбие беру тағылымдары бар. Халық өзінің өмір сүруінің барлық жақтарына да халықтық білімді жинақтаған. Халық педагогикасы қоғам дамуының барлық сатыларынан өтіп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы болды. Қазақ халқының өте әрідегі ата-бабаларының өмір сүрген кезінен (ҮІғ. Түрік қағанаты) бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рухани мұраның бірі – халықтық педагогика. Халықтық педагогика тәрбие жөніндегі халықтың педагикалық білім тәжірибесі. Халық педагогикасының зерттеу негізіне педагогикалык мазмұнмен бағыттағы халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, жанұя тәрбиесінің тәжірибелері т.б. жатды. Халық педагогикасының негізгі түйіні еңбек тәрбиесі және өндірістік білім, дағды, шеберліктерді ұрпақтан ұрпаққа қалдыру .

Халық педагогикасын зерттеуге орасан үлес қосқан ғалым-педагог Г.Н. Волков халық педагогикасына анықтама беріп қоймай, педагогикалық әдебиеттерге ең бірінші болып “этнопедагогика” деген ұгымды енгізді. Оның анықтамасы бойынша, «Халық педагогикасы – халықтың ауыз әдебиетінде, салттарында, әдет – ғұрыптарында, ырымдарында, балалар ойындары мен ойыншықтарында мәңгі сақталып қалған білім, педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы. Бұлар, әдетте, ауызша таралады. Халық педагогикасы – халыққа қажет қасиеттерді қалыптастыру үшін пайдаланылатын педагогикалық мақсатының, міндеттерінің, мазмұнының, әдіс-құралдарының, тәсілдерінің жиынтығы мен өзара байланысы дей келе» … бұл білім мен мағлұматтар, әдетте, ауызша таралады. Оның зерттеу тақырыбы – тәрбие, ал тәрбие объектісі – адам, тұлға - дейді.

«Этнопедагогика - халықтың жасөспірім тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы, тұрмыс, отбасы, ру, тайпа, ұлт педагогикасы туралы ғылым. Этникалық педагогика тарихи жағдайда қалыптасқан ұлттық мінездегі ерекшеліктерді зерттейді.

Этнопедагогика - әлеуметтану және білім беру саларын зерттеудегі бағыт. ХХ ғ. екінші жартысында этнологиялық және психологиялық-педагогикалық ғылымдарының тоғысындағы пәнаралық бағыт ретінде қалыптасты.

Профессор И.Т. Огородников Г.Н. Волковтың “Этнопедагогика” атты еңбегіне жазған кіріспесінде “Егер халық педагогикасы мен этнопедагогикаға арналып екі хрестоматия жасалған болса, оның біріншісіне бала тәрбиесі жөніндегі ауыз әдебиеті үлгілері мен салт-дәстүрлеріне арналған этнографиялық тәлімдік жазбалары енгізілген болар еді де, ал екіншісіне халық педагогикасы халықтың тәлім-тәрбиелік ойларын зерттеуге арналған педагог ғалымдардың еңбектері енген болар еді” деп, халық педагогикасының таза тәжірибеге негізделген тәрбиенің эмпирикалық түрі екенін және оның этнопедагогиканың ғылыми зерттеу объектісі болып саналатынын ашып көрсетеді.

Халық педагогикасы халықтардың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиелеу тәсілдеріне негізделген тағылымдарының бай тәжірибесінің эмпирикалық жиынтығы, ал этнопедагогика – халық педагогикасының ұрпақ тәрбиелеудегі тағылымдарын ғылыми жүйеге келтіріп зерттейтін, оны тәжірибеде қолданудың әдіс-тәсілдерін теориялық тұрғыда сөз ететін ғылыми педагогиканың бір саласы.

Этнопедагогиканың объектісін анықтау үшін халық педагогикасы мен этнопедагогиканың анықтамаларын салыстырып қарауымыз керек. Егерде халық педагогикасы халықтың педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы болса, этнопедагогика – халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы ғылым. Демек, халықпедагогикасы этнопедагогиканың зерттеу объектісі болып табылады.

Этнопедагогиканың пәні – халықтың бұқаралық педагогикалық мәдениетінің аясы болады. Этнопедагогиканың мақсатын, міндеттерін, ұстанымдарын және қызметін анықтағанда К. Қожахметованың “Казахская этнопедагогика методология теория практика” (1998) монографиясын пайдаландық (4 145). Этнопедагогиканың мақсаты – жетілген тұлғаны тәрбиелеу, оның дамуы ақылмен, еңбексүйгіштікпен және ізгілікпен жүзеге асады.

Міндеттері:

  • халық педагогикасының ерекшелігін, оның пайда болуын, дамуын, казіргі жағдайын, оның халық өміріндегі орнын және оның адамзаттың педагогикалық мәдениетінің дамуындағы рөлін зерттеу;


  • халық тәрбиесінің негізгі категорияларын және заңдылықтарын анықтау;


  • ұлттық мінездің қалыптасу процесін зерттеу, оны этникалық кауымдастыққа тән тәрбие жүйесінің әсерінің нәтижесі ретінде қарастыру;


  • халық педагогикасының педагогикалық ғылыммен байланысын анықтау;


  • халықтық педагогикалық мәдениетінің ерекшелігін талдау.



Этнопедагогиканың ұстанымдары табиғатқа сәйкестілік – бүкіл өзінің іс-әрекеттерін табиғатқа үйлесімділік жағдайына келтіруді талап етеді, яғни бейбітшілік, гармония, үйлесімділік. Жастық кезеңде табиғатқа сәйкестілік басым болады. Жеке мен жалпының, ұлттық пен жалпы адамзаттың бірлігі - бір жағынан этникалық ерекшеліктері зерттеледі, екінші жағынан халықтардың педагогикалық мәдениеттерінің ортақтастығы анықталады. Халықтық принцип.

Этнопедагогиканың қызметі:



  • тарихи қалыптасып,ұлттық тәрбие жуйесінің арқасында сақталып келген ұлттық мінез ерекшеліктерін зерттеу;

  • құнды педагогикалық мұраның, оның педагогикалық ғылымда меңгерілуі мен қайта өңделуіне, тәрбие практикасында қолданылуына мүмкіндік беру;

  • халықтық педагогалық дәстурдің жандану себептерін және қазіргі қоғамның рухани өміріне ену механизмін анықтау;

  • үлкен және кіші халықтардың тәрбиелік тәжірибесінің ерекшеліктерін мұқият зерттеу.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Батурина Г.И., Кузина Т.Ф. Народная педагогика в современном учебно-воспитательном процессе. –Москва, 2016.



Қосымша электрондық оқулық:

http://dot.kostacademy.kz/bible/files/249816894.pdf


Үй тапсырмасы:

Б.Мұқанов, Р.Ильясова. Этнопедагогика.Астана 2014ж. 6-14беттер



С.Қалиев, Ж. Молдабеков, Б.Иманбекова. Этнопедагогика Астана 2007ж.7-11б

  1. Этнопедагогика пәні туралы ақпараттар жинақтау

  2. Глоссарий жазу

Глоссарий - дегеніміз , қажетті термин сөздерге белгілі анықтамалар жиынтығы.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет