Тақырыбы: Интонация компаненттерінің қызметі Мазмұны Кіріспе


Интонацияның компоненттері



бет3/13
Дата06.01.2022
өлшемі0,5 Mb.
#12212
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Интонацияның компоненттері
Қай халықтың болса да, оның сөйлеу тілінің өзіне тән интонациясы бар екені анық. Ол интонацияның өзінің ішкі сипаты мен ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер мынадай төмендегі компонентерден тұрады: әуені (мелодикасы), қарқыны (темпы), ұзақтылығы (длительность), паузасы, интенсивтілігі, тембрі. Интонацияның компоненттерін кейде просодикалық тәсілдер (просодические средства) деп атайды. Сөйлеу тілінде интонацияның аталған компоненттері бірімен-бірі тығыз байланысты болатыны сөзсіз. Бірақ олар сөйлемнің барлық түрлерінде әр уақытта бәрі бірдей орын алады және бәрі бірдей тыңдаушыға анық естіледі деп айту қиын. Себебі олар өзара түрлі қарым-қатынасқа түсіп, сөйлемнің әр алуан түрлерін түзуде, оларды бірінен-бірін ажыратуда қызмет атқарады.

Барлық тілдердегі интонацияның ең басты да универсалды компоненті әуен (мелодика) деп есептеуге болады. Себебі қай тілдің болса да басқа тілдерден айырмашылығын білдіруде сол тілдің өзіне ғана тән әуені үлкен роль атқарады да, ол тілдің бірден-бір өзгешелік белгісі бола алады. Жалпы әуеннің сөйлемдегі атқаратын қызметі әр алуан. Біріншіден, сөйлеу тілінің ағысын неше түрлі бөлшектерге мүшелеп жіктейтін де, олардың басын қосатын да әуен және онымен қоса пауза. Екіншіден, сөйлемдердің коммуникативтік түрлерін анықтауда, яғни олардың айтылу мақсатына қарай (хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті) бөлінуінде үлкен қызмет атқарады. Үшіншіден, грамматикалық және лексикалық тәсілдермен қосылып сөйлемдердің жалпы мағынасын беруге, оның нюанстарын анықтауға қатысады. Төртіншіден, оның сөз тізбектерінің синтагмалық акценттелуімен қосылып, сөйлемнің логикалық және эмоциялық мазмұнын жеткізуде үлкен орын алады.

Тілдің әуені кейде сөйлеу тілдерінің индивидуалды сөйлеу ерекшеліктеріне қарай құбылуы мүмкін. Бірақ та мұндай жағдайда ол құбылу сол тілдің әуенінің негізгі формаларынан тыс өзгеше ауытқи алмайды. өйткені ондай кезде сөйлемнің негізгі мазмұны өзгеріп, тыңдаушы түсінбей қалуы мүмкін.

Акустикалық жағынан қарағанда, әуен сипаты әр уақытта өзгеріп тұратын негізгі тонның жиілігімен сәйкес. Сөйлеу тілінің негізгі тон жиілігінің бір өзгешелігі-оның сөйлеу процесінде ұдайы өзгеріп тұруында. Тілдегі негізгі тонның обсолюттік мазмұны сөйлеушінің дауысының жоғары не төмен болуымен байланысты деп есептеледі. Бірақ дауыс аппаратының (голосовые связки) ерекшеліктерімен байланысты еркектердің жуан, яғни төмен дауысының немесе әйелдердің жіңішке, яғни жоғары дауысының интонациялық мазмұның да өзара лингвистикалық айырмашылығы жоқ екені анық. Мұндай интонациялық және лингвистикалық мазмұны шамалы фактордың тағы бірі – қазақ тіліндегі үндестік заңына бағынатын ашық, жуан дауыстылар мен қысаң, жіңішке дауыстылардың негізгі тонының жиілігі арасындағы айырмашылығының елеусіз болуы.

Жоғарыда айтылып кеткен факторлар сөйлеу тіліндегі интонацияның жалпы тональды контурын айтарлықтай өзгерте алмайды. Қазақ тіліндегі интонацияның жалпы тональды контурына әсер ететін фактордың біреуі – ол синтагманың ең соңғы логикалық маңызды сөзіне түсетін екпін, басқаша айтқанда, синтагманың соңғы сөзінің акценттелуі, екіншісі – сөйлемдегі негізгі тон жиілігінің өсуі адамның эмоциялық жағдайына, яғни қызулану, әсерленуіне байланысты болуы.

Сөйлеу тіліндегі тональды контурдың жалпы бағыты түрлі-түрлі болуы мүмкін. Олар көтерілу, бәсеңдеу, көтеріңкі-бәсең, бәсең-көтеріңкі немесе бірқалыпты болуы мүмкін. Тональды контурдың жалпы бағытынан басқа интонацияны сипаттауда орын алатын ерекшеліктер болып, оның интервалы мен диапазоны саналады. Бұлар ең алдымен интонацияның негізгі тонының жиілігімен тығыз байланыстылығының үстіне әуеннің (тональды контурдың) бәсеңдеу не көтерілу мөлшерін де қамтиды.

Мысалы, хабарлы сөйлемнің интонациясының негізгі тонының жиілігі бұйрықты және лепті сөйлемдердің интонациясының негізгі тонының жиілігімен бірдей болып басталғанымен, олардың төмендеу-жоғарылау диапазоны мен интервалының өзгешіліктері бар екені анық байқалады.

Интонацияның тональды интервалы болымды және болымсыз болып екіге бөлінеді. Егерде салыстырмалы өлшемнің біріншісінің интервалы оның екіншісінің интервалынан кем болса, онда тональды интервал болымды боп есептеледі. Егерде керісінше болса, онда-болымсыз болады. Синтаксистік ең маңызды шағын өлшемдер, яғни синтагмалар және сөйлемдер өзіне тән тональды диапазондармен сипатталады.

Тональды диапазон дегеніміз негізгі тонының жиілігінің ең үлкен және ең кішкентай мөлшерінің арасындағы айырмашылығы арқылы белгілі болады. Ол диапазондар көлемді (кең), көлемсіз (тар), орташа болып үшке бөлінеді. Эмоциялық мағыналы сөйлемдердің тональды диапазоны көбінесе көлемді сипатты болып келеді. Бұған лепті сөйлемдердің тональды диапазоны жатады. Мысал ретінде түрлі ұрандарды келтіруге болады. Синтаксистік өлшемдердің маңыздылығы немесе маңызының шамалылығы онің диапазонының мөлшеріне байланысты деуге болады. Мысалы, сөйлемнің ішіндегі қыстырма сөз болсын, сөз тіркестері болсын, тіпті үлкен қыстырма конструкциялар да, бәрі бірдей өзінің диапазонының көлемсіздігімен сипатталады. Олар сөйлеу тілінде тез, бірсыдырғы айтылып, олардың мазмұнының қосымша ғана информация беріп тұрғаны айқын байқалады.

Сөйлемді не басқа да сөйлеу тіліндегі синтаксистік сегменттер – фраза, синтагма, ритмикалық топтарды бейнелеуде жоғарыда келтірілген акустикалық ерекшеліктерден басқа оларға тән интонацияның тональды деңгейінің де (тональный уровень) мәні едәуір деуге болады. Мысалы, бұйрықты сөйлем мен хабарлы сөйлемнің тональды деңгейі жоғары болады деп есептеледі. Интонациялық контурдың тік не жайпақ болып келуі, тональды деңгейдің жоғары не төмен түсіп өзгеруінің құбылуының жылдамдығымен байланысты.

Интонацияның ұзақтылығы, яғни уақытқа байланысты сипаты сөйлемнің не сөйлеу тіліндегі басқа да синтаксистік сегменттердің іске асуы үшін олардың уақытпен байланысты болуы ақиқат, яғни олардың тілде орын алуы және тыңдаушының құлағына жетіп, оған түсінікті болуы үшін біршама уақыт қажет. Осы айтылу-тыңдау-түсіну процесіне керек уақытты интонацияға байланысты уақыт ұзақтылығы дейді (временная протяженность). Әрине, сөйлемнің әр түрлі сегменттерінің өзіне ғана тән уақыт ұзақтылығы болуы және оның неше түрлі факторлармен байланысты екені анық. Синтаксистік сегменттің физикалық ұзақтылығы оның құрамына кіретін дыбыстарыдң артикуляциялық ерешеліктерімен байланысты екені дәлелденген. Мысалы, жақтың төмен түсуі арқылы жасалатын ашық дауыстылардың өзіне тән ұзақтылығы мол болады да, тілдің жоғары көтерілуінен пайда болатын қысаң дауыстылардың ұзақтылығы одан кем болатыны белгілі. Сол сияқты дауыссыздардың да артикуляциялшық ерекшеліктеріне байланысты ұяң дауыссыздардың, әсіресе ызың дауыссыздарыдң қатаң дауыссыздармен салыстырғанда ұзақтылығы көбірек болады. Бұл жоғарыда келтірілген дауысты, дауыссыз дыбыстар өз ұзақтылық ерекшеліктерімен сөздерде, сөздерден құралған синтаксистік сегменттерде көрінеді де, солардың интонациялық ұзақтылығын бейнелеуге қатысады.

Интонацияның компоненттерінің бірі болып саналатын жоғарыда келтірілген ұзақтылығына әсер ететін, дәлірек айтқанда оны молайтатын факторлардың бірі ашық дауыстылардың ашық буында тұруы (ба/ма) болып табылады. Ал егер ол дауысты дыбыс жабық буында тұрса оның ұзақтылығы шұғыл кемиді (бас/пақ). Сонымен қатар сөздегі дауыстылардың ұзақтылығы сол сөздегі буынның санына кері пропорциялы болады, яғни неғұрлым буынның саны көп болса, солғұрлым олардың ұзақтылығы кемиді. Мысалы, мына екі сөздің ұзақтылығын салыстырып қарауға болады: ба/ла-ба/ла/лар/ға. Бұл екі буынды және төрт буынды сөздердің ұзақтылығы бір-бірінен көп алшақ емес деуге болады. Бір синтагманың ішіндегі сөздердің ұзақтылығына әсер ететін тағы бір фактордың бірі – сол синтагмадағы сөздердің біріне түсетін логикалық екпін, дәлірек айтқанда сөздердің біреуінің акценттелуі. Ондай логикалық екпін түскен, акценттелген сөз ең мол ұзақтылыққа ие болады.

Сөздегі, синтагмадағы, сөйлемдегі, яғни синтаксистік сегменттегі ұзақтылықтарыдң бәрі жиналып келіп жалпы сөйлеу тілінің қарқынын (темп речи) бейнелеуге қатысады. Қарқынның өзіне тән лингвистикалық мәні бар. Олай дейтініміз сөйлеу тілінің қарқынына қарап, ондағы мазмұнның қандай екенін, яғни мағынасы зор ма, немесе шамалы ма, соны анықтауға болады. Мысалы, мазмұны зор информацияны мазмұны болмашы информациямен салыстырғанда ол баяу да салмақты қарқынмен айтылады. Бұны жалпы түсіндіретін болсақ кез келген ситуациядағы мәні мен қажеттілігі шамалы нәрсемен салыстырғанда, мәні зор, өзі қажетті, жаңа нәрсе уақытты да, еңбекті де көбірек керек ететін әдеттегі универсалды жағдайды алға тартуға болады.

Хабарлы сөйлем мен бұйрықты сөйлемнің қарқынын салыстырып қарасақ, бұйрықты сөйлем баяу да салмақты айтылады. Оның себебі бұйырушы өзінің сөзінің тыңдау шыға жетуімен ғана қанағаттанбай оның орындалуында керек етеді. Лепті сөйлемдер де баяулау қарқынмен, ұзарыңқырап айтылады. Сөйлемдердің уақыт параметрі олардың коммуникативтік түрлерімен байланысты деуге болады. Сөйлемнің қарқыны эмоциалық жағдаймен тығыз байланысты. Мысалы, қуанышты, ашулы жағдайда ол жылдамдаса, ал депрессия жағдайында және салтанатты жағдайда баяулайды. Сонымен, сөйлеу тіліндегі интонацияның қарқыны сөйлемнің мазмұны және сөйлеушұінің эмоциясымен байланысты екені анық.

Интонацияның маңызды да белгілі компонентінің біреуі – пауза. Сөйлеу сөзінің ағысында болатын кідірісті пауза дейді. Пауза мағынасына қарай физиологиялық, эмоциялық ситуациялық, интеллектілік деген түрлерге бөлінеді. Паузаның лингвистикалық функциясы дегеніміз, оның бір бүтін тексті фразаларға, синтагма, ритмикалық топ, сөздерге бөлуі ғана болып қоймай,ғ сонымен бірге интонацияның басқа компоненттерімен қосылып сөйлемдердің түрлі мазмұндық, эмоциялық т.б. қарым-қатынастарын анықтауға қатысуы деп айтуға болады. Паузаның мөлшері сөйлеу тілінің қарқынымен тығыз байланысты. Әдетте оның мөлшері сөйлеу қарқынымен тура пропорциялы болады. Фраза мен синтагманың паузалары сөздердің арасындағы паузалардан көлемдірек деп есептеледі. Паузаның қай тілде болса да сөйлем мүшелерін анықтауда да, сөздердің функцияларын анықтауда да мәні зор. Сөйлемдегі паузаның орнына байланысты сөздердің өзара қарым қатынасы мен функциясы өзгеріп отыратынын Ә. Жүнісбеков өзінің мына мысалдарымен дәлелдейді.

Балапан / торғай ұясында отыр. Балапан торғай / ұясында отыр.

Бірінші сөйлем («Балапан» деген жалғыз сөздің паузамен бөлінуінің арқасында) «Балапан торғайдың ұясында отыр» деген мағына берсе, ал екінші сөйлем пауза арқылы екі ритмикалық топқа бөінген. («Балапан торғай» және «ұясында отыр»). Бұл сөйлем «Торғайдың балапаны өз ұясында отыр» деген мағына беріп тұр.

Жоғарыда келтірілген мысалға сүйене отырып Ә.Жүнісбеков қазақ тіліндегі паузаның ролі туралы мынадай тұжырымға келеді: «Қазақтың сөйлеу тілінде сөздерді ритмикалық топтарға бөлетін паузаның болуы міндетті түрде қажет. Бірақ оларыдң көлемі (ұзақтығы) біркелкі болмауы мүмкін. Эксперименттің нәтижесінде сызылған статистикалық көрсеткішке сүйенетін болсақ, ритмикалық топтарыдң арасындағы пауза ритмикалық топтардың ішіндегі паузадан 1,5 және 2 есе артық болып шығады.

Сөйлеу тіліндегі интонацияның паузасын синтаксистік сегменттердің арасында пайда болып тональды контурды шұғыл өзгертетін, паузалық мағынасы жоқ, алдамшы пауза (мнимые паузы) делінетін кейбір акустикалық компоненттерден ажырату керек.

Сөйлеу тілінде интонацияның нағыз паузасы мен алдамшы паузасынан да басқа хезитациялық вокалданған кідірістер кездеседі. Олар сөйлеушінің алдыңғы фразадан кейін келетін фразаны ойлауы үшін, немесе ол фразаның нәтижесін байқауы үшін қолданылатын сияқты. Мұндай вокалданған кідірістердің просодиканың семиологиялық функциясына байланыстылығы дәлелденген.

Егер вокалданған кідірістің тоны (тональность) төмен болса, ол келісушілікті, ал жоғарыдан кенет төмен түссе, ол эмоциялық дәрменсіздік келісін, керісінше төменнен жоғарыласа, - сұрақ пайда болғанын білдіреді.

Интонация компонентінің бірі оның интенсивтілігі деп есептеледі. Бірақ интенсивтіліктің дара өзінің интонациялық мәні шамалы. Ол интонацияның басқа компоненттерімен бірігіп біршама мазмұнға ие болады. Интенсивтілік көбінесе дыбыстарыдң негізгі тонының жиілігімен бірігіп, сөйлемдегі сөздердің акценттелуіне қатысады.

Сөйлемдегі сөз тізбектерінің бір үзігін (сегментін) акценттеу керек болса, сол жердегі интенсивтілікті күшейтіп үдетеді. Бірақ интенсивтіліктің күшейтілгені құлаққа көбінесе дауыстың қатты шыққанындай боылп естіледі. Дауыстың қатты шығуы тек интенсивтілікпен ғана емес дауыстың негізгі тонының көтерілуімен де байланысты. Сөйлемнің интенсивтілігі бірдей екі сегменттің біреуінің құлаққа қаттырақ естілетіні оның негізгі тонының жоғарысы болады. Дауысты дыбыстарыдың интенсивтілігінің абсолюттік мәніне әсер ететін факторларыдң бірі оның артикуляциялық ерекшелігі.

Қазақ тіліндегі қысаң дауысты дыбыстармен салыстырғанда ашық дауысты дыбыстардың интенсивтілігі, мол екені экспериментті әдіспен дәлелденген.

Интенсивтілікке әсер ететін екінші фактор – дауысты дыбыстың синтаксистік сегменттегі орны. Сөйлемдегі әр түрлі синтагмалардағы интенсивтілікті зерттеу барысында мынадай жағдай анықталды. Мысалы, синтагманың аяғындағы дауыстыларыдң интенсивтілігімен салыстырғанда, оның басындағы дауыстылардың интенсивтілігі мол екені байқалады. Дауыстылар неғұрлым синтагманың аяғына жақын тұрса, оынң интенсивтілігі солғұрлым азая түседі. Бұл жағдай сөйлемдегі интенсивтіліктің жалпы контурының әдетте жоғарыдан төмендейтінін көрсетеді. Егерде сол жалпы контурдың сызығында акценттелген сөздер болса, олар сонымен байланысты күшейеді. Сондықтан сөздің акценттелуі мен интенсивтілігінің арасында тығыз байланыс болады. Әдетте логикалық акценттелген сөзің интенсивтілігі де мол ьолады. Бірақ сөздің логикалық акценттелуін интенсивтілік қана көрсетпейді. Сөздің логикалық акценттелуіне әсер ететін басқа да фонетикалық тәсілдер бар. Оларға тонның көтерілуі мен ұзақтылығы да жатады.

Сонымен сөйлемдердің немесе қандай да бір синтаксистік сегменттердің интонациясының динамикалық контуры сол синтаксистік конструкциялардың семантикалық салмағы жөнінде де хабар бере алатыны анық. Мысалы, сөйлемдегі қыстырма конструкцияларыдң динамикалық деңгейі төмендеу және бірсыдырғы болуы сол конструкцияның семантикалық салмағының негізгі мағынаға қосымша болуынан ғана екенін білдіреді. Мысалы: сол кезде, неге екенін кім білсін, оның жайдан жай жылағысы келеді. (С.Мұқанов).

Сөйлемнің интенсивтілігінің молаюы оның жалпы эмонациялық бояуының қоюлануымен тура пропорциялы болады, яғни эмоциялықтың көбеюімен байланысты интенсивтілік те молаяды. Адамның көңіліне жағымды әсер ететін, көңілін көтеретін эмоция әрқашан интонацияның интенсивтілігінің көтеріңкі және мол болуымен сипатталады да, ал көңілге жағымсыз, адамның ұнжырғасын түсіретін эмоция интонацияның интенсивтілігі мен жалпы деңгейінің төмендеуімен сипатталады. Әдетте, бұйрықты сөйлем мен лепті сөйлемнің интонациясының интенсивтілігі мен жалпы деңгейінің көтеріңкі болатыны белгілі. Әсіресе біріншісіндегі бұйыру актысы неғұрлым күшті болса, интенситілігі солғұрлым жоғары болады.

Экспериментті – фонетикалық еңбектерде жиірек қолданылатын интонацияның динамикалық өлшемдері көбінесе төмендегідей болып келеді. Ол – интенсивтіліктің деңгейі (уроень интенсивности), интенсивтіліктің диапазоны және интенсивтіліктің ең жоғары мазмұны (максимальное значение интенсивности).

Интонацияның компоненттерінің біреуі тембр деп аталады. Тембр дегеніміз адамның әр түрлі көңіл күйін, эмоциясын білдіретін интонациялық тәсіл. Тембр арқылы қуаныш пен мысқыл т.б. сезімдер беріледі. Интонацияның басқа компоненттерімен салыстырғанда жалпы тіл білімінде тембр – оның ең аз зерттелген компоненті. Былай болудың себебі тембрдің сөйлемдегі таза семантикалық ролі жоқтың қасы. Ол көбінесе сөйлемнің сезімдік (эмотивтік) мазмұынын беруге қатысады. Ал акустикалық деңгейде алып қарасақ тембр спектрге сәйкес деп есептеледі. Тембрдың лингвистикалық функциясы әлі жете зерттелмегендіктен оны анықтау үшін оған арнайы жеке зерттеулер жасау қажет.

Түрлі халықтарыдң сөйлеу тілінде интонацияның компоненттері, басқаша айтқанда просодикалық тәсілдері әр түрлі қатынасқа түседі. Ал қандай жағдайда және қайсы тілде болсада аталған просодиклық тәсілдердің қайсысы қалай қолданылуы сол тілдің интонациясының спецификасына байланысты болады.

Интонацияның компоненттері тілдердің бәрінде қолданылатын универсалды просодикалық тәсіл болып табылады. Олар: әуен (негізгі тонның жиілігі), ұзақтылығы, интенсивтілік. Бұл компоненттер негізіне тілдердің қай-қайсысында да сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай дифференциялауға қатысады. Ал интенсивтіліктің молаюы қай тілде болса да шартты түрде сол тілдегі интонацияның негізгі тонының жиілігінің көтерілуімен байланысты. Бұның себебі қай тілде болса да интенсивтіліктің молаюы да, негізгі тонның жиілігінің көтернілуі де адамның артикуляциялық аппаратындағы дауыс желбезегіне түсетін физиологиялық әсердің механизмімен автоматы түрде (автоматически) байланысты болуы. Сондықтан да интонацияның жоғарыда келтірілген компоненттерінің барлық тілдерде универсалды болуының себебі адамдардың сөйлеу аппаратының жалпы физиологиялық қасиеттері бірдей болуына байланысты болса керек. Алайда барлық тілдердегі синтагмалар арасындағы мағыналық қарым-қатынасты білдірудің универсалды әдісі болып интонацияның, яғни просодикалық тәсілдердің әуені, қарқыны, паузасы саналады. Мысалы, синтагманың соңғы сөзіне түсетін тонның бәсеңдеуі барлық тілдерде аяқталу, яғни тиянақтылық әуені болып табылады, ал фразаның соңындағы тонның көтерілуі аяқталмағандықты, тиянақсыздықты білдіреді деп саналады. Сол сияқты барлық тілдерде де қарқынның баяу, байсалды болуы информацияның мңыздылығынан хабар береді, ал қарқынның жылдам, тез болуы оның маңызының, мәнінің шамалы екенін білдіреді.

Тілдердің басым көбіне бірдей интонацияның қарама-қарсылықты (противоположность), түсіндіру-анықтауды (пояснение), санамалауды (перечисление), логикалық белгілеуді (акценттеуді), қыстырмалықты (вводность) көрсететін просодикалық тәсілдер бар екені белгілі. Оларыдң қолданылуында әр тілдің өзіне тән ерекшеліктері де болуы мүмкін.

Интонацияның эмоциялық түрлерінің әуені де тілдердің көпшілігінде біркелкі не ұқсас болатыны белгілі. Бұған мысал ретінде, жағымдылық пен жағымсыздықты, қуанышпен ренішті білдіретін интонацияның әуенін алып қарауға болады. Тілдердің барлығында деуге боларлық қуанышты, жағымды эмоцияның әуені жоғары регистрлі тонды болады да, ал ренішті, жағымсыз эмоцияның тоны төмен, ызғарлы болып келеді. Бірақ, әрине, әр тілдегі просодикалық тәсілдердің көрінісі сол тілдің интонациясының жалпы спецификасына байланысты болатыны анық. Мысалы, орыс тілінің интонациясының әуеніне әсер ететін, оның спецификасын түзетін орыс тіліне тән барлық сөздерде орын алатын екпін (словесное ударение) бар екені белгілі. Орыс тілінің бұл «подвижное разноместное ударение» деп аталатын әмбеорынды жылжымалы сөз екпінінің сөздердің морфологиялық формаларын дифференциялауда ғана емес, олардың негізгі мазмұнын (семантика) ажыратудағы, анықтаудағы мәнін айтуға болады.

Ал қазақ тілін алатын болсақ мұнда әр сөзге түсетін екпін жоқ екені белгілі. Қазақ тілінде, француз тілінгдегі сияқты синтагманың соңғы сөзіне түсетін «ритмикалық екпін» (ритмическое ударение) бар екені экспериментті түрде дәлелденген жағдай.

Қазақ тілінің интонациясына қатысты мәселелерді зерттеу соңғы кезде қазақ тіліндегі үндестік заңына байланыстырыла қарастырылып жүр. Ә.Жүнісбеков өзінің осы проблема жайындағы еңбегінде былай дейді: «Сингармаонизм действует не только внутри слова, но и в группе слов, объединенных ритмически».

І. Кеңесбаев та сөйлемдегі сөздердің фразалық не ритмикалық екпінін акценттелу деп атап, оны сөйлем мүшелерінің функциясымен байланыстыра қарастырған болатын: «...из двух или нескольких слов, подчиненных одному ударению, создается единый акцентуационный комплекс. Подобное ударение называется фразовым или ритмическим».

Ә.Жүнісбеков өз еңбегінде қазақ тіліндегі сөздердің ритмикалық топтарын түгендей келе, осы ритмикалық топтарға кірген сөздер бір интонациялық комплекс құрайды да, ондағы ритмикалық екпін оның бір сөзіне ғана түсіп тұрақты орынға ие болады дейді. Бұған қосымша, егерде сөйлем жалғыз сөзден тұрса да, ол сөздің соңғы буынына ритмикалық екпін түсетінін де ескерген жөн. Біздіңше, бұл жағдай орыс тіліндегі әмбеорынды жылжымалы екпіннің орыс тіліндегі сөздердің морфологиялық формаларын және олардың негізгі мағынасын анықтаумен қатар орыс тілінің интонациясының жалпы әуенінің спецификасын түзетіні сияқты, қазақ тіліндегі ритмикалық екпіннің сөйлемдердегі сөздердің синтаксистік функциясын дифференциялаумен қатар қазақ тіліндегі интонацияның спецификасын да түзетіні анық.

Ә.Жүнісбеков бұл туралы былай дейды: «Думается, что преобладающее в тюркологии мнение о связанном словесном ударении в конце слов относится как раз к ритмическому ударению, так как отдельно произнесеенное слово (имеется ввиду слово-предложение Б.З.) – тоже ритмическая группа и имеет усиление на последнем слоге».

Ә.Жүнісбеков қазақ тіліндегі сөйлемнің және ондағы сөздерідң ешбір өзгеріссіз, әрқайсысы өз орнында тұрып-ақ өзара ритмикалық топтану арқылы түрлі мағынаға ие болатынын айта келіп, соның дәлелі ретінде төмендегі мысалдарды келтіреді:

Ат / қора маңында жүр. Ат қора маңында / жүр.

Бұл келтірілген мысалдардың біріншісінде жалғыз «Ат» деген сөз өз алдына ритмикалық екпінге ие болып, басқа сөздерден паузамен бөлінуінің арқасында сөйлемнің бастауышы, яғни қимыл субъектісі (субъект действия) болып, ал баяндауыш тобы ол субъектінің қимылы (жүр) мен ол қимылдың қай жерде (ат қора маңында) болғанын білдіріп тұр. Екінші мысалды (Ат қора маңында» деген ритмикалық топ «жүр» деген баяндауыштан пауза арқылы бөлініп тұрған кезде, қора маңында жүрген «ат» емес басқа «белгісіз біреу» деген ұғым туады. Ендеше қазақ тілінің сөйлемдеріндегі сөздерідң ритмикалық топқа сөлінуінің сөйлемнің жалпы мағынасын ажыратудағы мәні зор. Сондықтан сөйлеу тіліндегі сөздерді мағынасына қарай ритмикалық топтарға дұрыс бөлу қандайда бір мағлұматтың дұрыс берілуінің шарты болса керек.

Ә.Жүнісбеков қазақ тіліндегі ритмикалық топтардың екпінін экспериментті зерттеу нәтижесінде ол топтардың соңғы сөзінің соңғы буыны ең көлемді ұзақтылыққа (длительность) ие екенін дәлелдейді.

Қазақ тілі интонация мәселелері жөнінде азды-көпті экспериментті-фонетикалық зерттеулер жүргізген авторлардың көпшілігі қазақ тіліндегі ең маңызды просодикалық компонеттер деп ұзақтлықпен қатар әуенді де атайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет