Тақырыбы: Кеңестік тіл білімі


«Тіл туралы жаңа ілімнің»



бет2/3
Дата09.11.2022
өлшемі41,87 Kb.
#48864
1   2   3
Байланысты:
Кеңестік т б

«Тіл туралы жаңа ілімнің» негізгі программалық концепциялары болып есептелетін бұл тұжырымдардың қай-қайсысы да қоғам жөніндегі маркстік-лениндік ілімнің мәніне жете түсінбей, оны тіл мәселелеріне теріс қолданудан туған жаңсақ қорытындылары еді. Бірақ осы қате тұжырымдар 1950 жылға дейін совет тіл білімінде үстем болып келді. Совет лингвистері өз зерттеулерінде осы концепцияларды басшылыққа алуға міндетті саналады. Оған қосылмау — маркстік тіл білімін қолдамау деп жарияланды. Неліктен бұлай болды?
Лингвкстикалық бұл мектепті қалыптастырушы бұрыннан да ғылыми беделі, үйымдастырушылық тәжірибесі бар Н. Я. Марр 20-жылдар ішінде-ақ көрнекті марксшіл лингвист ретінде танылды. 20-жылдардың аяқ кезінен бастап онын ілімін жақтаушы лингвистер тобы құрыла бастады. Бұл топ өздерін Н. Я. Маррдың шәкіртіміз деп санады. Елдегі лингвистикалық басқару органдары бірте-бірте «Тіл туралы жаңа ілімді» жақтаушылардың қолына көшті. Олар советтік тіл біліміндегі істің жайын аздап та болса сынауға, тіпті тіл біліміндегі «жаңа ілім» дегенді сынау жөніндегі болмашы әрекеттің өзіне тиым салып, Н. Я. Маррдың мұрасына сын көзімен қараған, оның ілімін мақұлдамаған қызметкерлер мен зерттеушілерді қуғындап отырды. Бұл совет тіл білімінің дамуын кенжелетіп, тұйыққа тірей бастады.
Бұл жағдайды партия мен үкімет көрмей тұра алмады. Партиямыздың орталық органы «Правда» өзінің 1950 жылғы 5 майдағы санында сын және өзара сын арқылы совет тіл біліміндегі тоқыраушылықты жойып, бүл саладағы ғылыми жұмысқа дұрыс бағыт сілтеу үшін еркін айтыс жариялайтынын хабарлады. Айтыс мақалалары «Правданың» 4 июльге дейінгі 9-санында жарияланды. Айтыс бүкіл совет интеллегенциясының, әсіресе барлық совет лингвистерінің назарын аударды.
Айтысқа өздерін Н. Я. Маррдың шәкіртіміз дейтіндер де, оларға қарсылар да бірдей дәрежеде қатысты. Пікірлер таласы тіл білімінің ең негізгі, өзекті мәселелерінің айналысында болды. Ол тіл білімінің ең маңызды мәселелері жөніндегі көзқарастардағы жөнсіздіктерді, оны әшкерелеуге талаптанушылардың «жаңа ілімді» жақтаушылар тарапынан қысым көргендігінің бетін ашты. Айтысқа партия мен үкіметтің сол кездегі басшысы И. В. Сталин де қатысты. Ол өзінің кейін де «Марксизм және тіл білімі мәселелері» деген атпен кітапша болып шыққан еңбегінде Н. Я. Маррдың жоғарыда айтылған концепцияларыныц марксистік ілімге қайшы келетін қате пікірлер екенін қатты сынады.
Лингвистикалық айтыстан кейін совет тіл ғылымы серпіліспен ұйымдық, басқарушылық жағынан қайта құрылды. Бұл кезде лингвист ғалымдарымыздың ерекше назар аударған мәселесі «Тіл туралы жаңа ілімнің” қателіктерін, оның тигізген зиянды зардаптарын жан-жақты ашып көрсету болды. Бұл іс мақалалар жариялау арқылы да, орталықта болсын, одақтас республикаларда болсын тіл мәселелеріне арналған кеңестер өткізу арқылы да жүргізіліп жатты. Бұлай болуы табиғи да еді. Өйткені 20—25 жыл бойы тамырын терең жайып, барлық оқу орындарында ғылыми зерттеу мекемелерінде үстем болып әбден қалыптасқан, жас лингвист ғалымдар санасынан берік орын алған көзқарастың зиянды жақтарын талдап ашып, көз жеткізбейінше, совет тіл ғылымын жаңа арнада дамыту мүмкін емес еді.
Осы жұмыспен қатар қолға алынған тағы бір маңызды мәселе «Тіл туралы жаңа ілім» үстем болып тұрған кезде көпшілікке теріс түсіндірілген салыстырмалы-тарихи әдістің шын сипатын, тіл зерттеуде тигізетін пайдасын, оны қолданудың жолдарын саралап түсіндіру болды. Бұл бағытта жазылған көпшілік қолды біраз мақалалармен қатар А. В. Десницкаяның «Үнді-европа тілдерінің туыстастығын зерттеу мәселелері» (1955) мен бірнеше авторлардың бірігіп жазған «Үнді-европа тілдерін салыстырмалы-тарихи жолмен зерттеу методикасының мәселелері» (1956) атты екі монографиялық зерттеу жарық көрді. Ол кезең үшін мұндай еңбектер қажет еді.
Даму жолында кездескен үлкенді-кішілі қайшылықтарға, сәтсіздіктерге қарамастан совет тіл білімі бүкіл әлемдік тіл білімінің даму тарихына елеулі үлес қосып отырды. Совет лингвистері ең алдымен, тіл біліміне жаңа философиялық принцип — диалектикалық материализм принципін енгізді. Бұл принципті тіл білімінің өзекті мәселелерін зерттеуде қалай қолданудың жолын, үлгісін көрсетті. Осы принцип негізінде тіл мен ойлаудың тіл мен қоғамның байланысы жөніндегі проблемаларды жаңаша қойып, қайта қарады. Көп ұлтты совет халықтарының тілдерін зерттеуде, олардың типологиялық ерекшеліктерін айқындауда совет лингвистері ұлан-ғайыр жұмыстар істеді: ондаған халықтардың жана алфавиті жасалды, олардың дыбыстық грамматикалық құрылымдарын айқындауға арналған жүздеген сипаттама және ғылыми грамматикалар, салыстырма, тарихи грамматикалар алуан түрлі сөздіктер жасалды. Солар арқылы жалпы тіл білімін құрылымы жағынан алуан түрлі тілдердің жаңа фактілерімен байыта түсті.
Елуінші жылдардың аяқ кезінен бастап совет тіл білімінің теориялық проблемаларына, оның даму перспективаларына арналған бірсыпыра еңбектер жарияланды. Еліміздегі сан алуан ұлттар тілдерінің даму заңдылықтарына, олардың өзара жақындасу, бір-біріне әсерін тигізу проблемаларына байланысты мәселелер де соңғы кездерде кең көлемде зерттеле бастады. Осылармен қатар, бүкіл әлем тілі көлемінде соңғы 40—30 жыл шамасында пайда болып, қызу айтыстар туғызып жүрген әр түрлі лингвистикалық мектептер (структуралық, математикалық) совет лингвистері арасынан да қолдаушылар тауып, пікір таластарын туғызды.
Қазіргі совет тіл білімі әлем тіл білімі алдында тұрған күрделі проблемаларды шешу ісіне өз үлесін қоса бастады. Тілдің құрылымы, жүйесі, тілдің таңбалық сипаты, ішкі, тысқы лингвистикалық факторлардың тіл өмірінде алатын орны, тіл зерттеудегі сандық және сапалық тәсілдер, тілдердің грамматикалық құрылысы мен типологиялық классификациясы мәселесі; тіл мен ойлау; тіл мен қоғам; тіл мен мәдениет, тілдердің даму заңдылығы т. б. осылар сияқтылар қазіргі совет лингвистикасы алдында тұрған күрделі теориялық проблемалар болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет