Тақырыбы: Коммуникативтік үрдіс, коммуникативтік дағдылар туралы түсінік. Мейірбикенің кәсіби жұмысындағы коммуникативтік дағдылардың маңызы. Дәріс тезисі



бет3/8
Дата27.04.2023
өлшемі43,45 Kb.
#87444
1   2   3   4   5   6   7   8
Қарама-қарсылықты қатынастар негiзiнде толық үйлесiм болмағанымен, оған қатысқан адамдар бiр-бiрiнiң əрекетi мен ниетiн түгелдей шектемейдi. Бiрде келiссе, бiрде қарсы тұрып, алға қойған мақсатқа жетуi жолында қажеттi қатынасын үзбейдi. Қатынас түгелдей елемеу мен дау-дамайға бармайды. Кейде екi адам бiр ортада бола тұрып, бiр-бiрiне деген ыстық та, суық та шырай сезiнбейдi, яғни өзара қатынас жасауға ешқандай қажеттiлiктi таппайды, мұндайда олар арасындағы қатынас бейтараптық сипат алады. Қоғамдық-əлеуметтiк жағдайларға байланысты бiр ортаға түсiп қалған адамдардың бiрi екiншiсiнен өзiн алшақ ұстау қажеттiгi де туындап қалады. Мұндай кезде адамдар бiр-бiрiне тiкелей жек көрушiлiк танытып, арадағы мəселе бойынша ешбiр келiсiм мүмкiндiгiн таба алмайды да, iздемейдi де. Мұның бəрi ортадағы жанжалды қатынастың ушығуынан. Адамдар арасындағы жəне бiр ерекше қатынастар түрi - бұл екi ұшты, амбиваленттi қатынастар. Мұндай ара байланыстың себебi бiр адамдағы екiншiге деген өзара тiкелей қарсы екi бiрдей эмоцияның: жек көрушiлiк пен құрметтiң қосарлана жүруi. Осыдан мұндай қатынастағы адамдар өздерiнiң көңiл төркiнiнде жатқан ниеттерiнiң нендей жағдайда екенiн айырып алуында бiраз қиналады. Адамдар аралық қатынастар негiзiнде адамдардың бiрiмен-бiрi өзара əрекетке, тiлдесуге болған өмiрлiк қажеттiлiгi жатыр. Тұрмыстық не қоғамдық қажетсiнуден бiрiн-бiрi керексiнген адамдар өзара қатынасқа келiп, ал ол болмаса бiр-бiрiнен бейтарап қалады. Өмiрлiк маңызды қажеттiлiктерi бола тұрып, оларды қанағаттандыруда кедергiлiк ететiн қалыптар да болады. Бұл жағдайда да қатынастар үзiлмейдi, бiрақ мұндағы қатынастар өшпендiлiк не жек көрушiлiкпен ұштасады. Адамдар қажетсiнулерiнiң арасында өз мəнi бойынша iзгi адамгершiлiк сипатты байланыстар да болады. Мұндайды психологияда альтруистiк қатынас деп атайды. Альтруист адамдардың барша ойы, iс-əрекетi əрдайым тек жақсылыққа, қай жағдайда да жəрдем етуге бағышталады. Адамдар арасындағы үйлесiмдi қатынастар өмiрде сирек кездеседi, сондықтан мұндай қатынастарды адамдардың мəнгi арман еткен мұраты ретiнде қарастырған жөн. Бұл қатынастар типiне тұрмыста кезiгетiн "сүйiспеншiлiк" қатынасты жатқызуға болады. Егер бiр адамның екiншiсiне психологиялық тартымы болса, бiрiн бiрi адамгершiлiк сезiммен қабылдаса, екiншi адамға қолынан келген жақсылығын аямаса, мiне мұндай қатынасты - үйлесiмдi қатынас деп бағалау əбден жарасымды. Адамдар аралық қатынастар сипатына ықпал етушi факторлардың бiрi психологиялық үйлестiк (үйлесiмсiздiк). Көп жағдайда адамдар өз қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн бiрiн-бiрi керек етедi, бiрақ көзқарас, ниеттерiндегi болмашы айырмашылықтардан өзара қатынастарын қалыпқа түсiре алмайды. Мұндай толық психологиялық үйлесiм таба алмаған жандар арасында бiршама ұнамды қызметтiк қатынас болғанымен, уақыт өтумен бiрте-бiрте өрiм түскен арақатынастағы жеке психологиялық үйлеспеушiлiк олардың ресми байланыстарының кедергiсiне айналады. Адамдар арасындағы қатынастардың өзгеруiне мүмкiн болар себеп - бұл нақты адамдар қатынастарының туындап, дамитын əлеуметтiк-психологиялық орта сипатының ауысуы. Екi немесе одан да көп адамдар бiрiн-бiрi өте қажетсiнедi, орталарында толық психологиялық үйлестiк болған, бiрақ кенеттен өзгерген əлеуметтiк-саяси жағдай оларды əртүрлi партиялар мен ағымдарға енуiнен екi жiкке бөлiп тастайды. Мұндай жағдай жастарда кездесiп тұрады: өзара келiсiмдi жас жұбайлардың өмiрi кенет олармен психологиялық үйлесiм таппаған жақын туысқандарының ықпалынан құрдымға кетедi. Мейлi, бұл жас жұбайлар арасындағы қатынас кейiн ресми бекiгенiмен, тату-тəттi туысқандық қатынастар арасындағыдай шапағатты жалғасын табуы қиын. Адамдар қатынасының орнығуы немесе өзгеруiне жəне бiр себепшi фактор – бұл адамдардың жас деңгейi. Өмiр бойы топтаған тұрмыстық-əлеуметтiк тəжiрибе адамға, оның төңiрегiндегi жандарға, болып жатқан оқиғаларға əсерiн тигiзбей қоймайды. Жас деңгейi əртүрлi адамдардың бiр оқиғаға болған бағасы бiрiнен бiрi алшақ болуы əбден ықтимал, жастық айырма неғұрлым үлкен болса, психологиялық келiспеушiлiк те соншама болады. Мысалы, жастардың киiмi, өнер талғамы үлкендерге ұнай бер-мейтiнiне бəрiмiз де куəмiз. Бұл жағдай əулеттер арасындағы қатынастардың мəн-мағынасына өз əсерiн бiлдiрмей қоймайды.
Ал осы төңiрегiндегiлермен болған өз қатынасының сипатын адам өзi сезе ала ма, не сезбей ме? Бұл сұраққа жауап бiрнеше жағдайларға тiреледi. Бiрiншiден, бұл нақты адамның ой-өрiс (сана-сезiмi) даму деңгейiне байланысты. Ақыл-есi бiршама жетiлген адамдар өздерiнiң төңiрегiндегi-лермен қатынасын жақсы түсiнiп, дұрыс қабылдайды. Адам аралық қатынастарды орынды сезiну жəне бағалау жоғары дамыған рефлекстiк қабiлеттi керек етедi (қоршаған ортадан келiп түскен ақпараттық сигналдарды жан-жақты мəндiк байланысымен қабылдап, жауап бере алу). Екiншiден, бұл адамның жасына тəуелдi. Егделер балаларға қарағанда өзара қатынасты дəлiрек пайымдайды, ұнамды не бiржақты келеңсiз қатынастарды оңай бағалап, бейтарап қатынасты да орынды сезiнедi. Өмiрде екiұшты немесе амбиваленттiк жəне өз iшiне ұнамды да, жағымсыз да сипаттарды бiрдей қамтыған қарама-қарсылықты қатынас-тарды бағалау күрделiрек келедi.
Адамдар арасындағы қатынастар сол қатынастардың нақты адам өмiрiндегi маңызына қарай да бағаланады. Қарым-қатынас адам үшiн неғұрлым маңызды болса, оның бағалануында соғұрлым дəлсiздiктер жiберiлуi мүмкiн. Өзiнiң төңiрегiндегiлермен байланысына аса үлкен мəн берген адамдар, арақатынастарының ұнамды тараптарын асыра мақтауға бейiм келедi. Керiсiнше, кiмде кiммен ұнамсыз қатынаста болса, адам ондайда қарсыласын түбiн түсiре жамандауға ниеттенедi де тұрады. Əрқилы адамдардың өзара қатынастарын тануда көптеген жеке дара ерекшелiктер бар. Кейбiр ой-сезiмi толысқан, парасатты адамдар өзара қатынастарды жан-жақты пайымдаумен, дұрыс қабылдауға қабiлеттi, екiншi бiреулердiң жалпы оң пiкiр айтуға тiптi өрiсi жетпейдi, ал үшiншiлер төңiрегiндегiлердiң өзiне деген бағасын бiрде дұрыс түсiнсе, бiрде оған сана-сезiмi жетпей қалады. Адам аралық қатынастар толық қалыптасып, орнық-қаннан былай бiркелкi тұрақты қалыпқа келедi. Егер де қатынастарға тəн осы қасиет болмағанда, адамзаттық қауымдар: мемлекет, мекеме жəне топтар түзiлмес едi. Себебi қауымдық бiрлестiктердiң негiзi жалпы адамдардың өзара қатынасының тұрақтылығымен бiртектi болжамға келуiнде. Ал жеке тұлғалар арасындағы өзара байланыстар тұрақтылық дəрежесiнiң бiршама кемдiгiмен ерекшелiнедi. Үлкен əлеуметтiк топтардағы қызметтiк, ресми қатынастар өзiнiң күштi мызғымастығымен байқалады, кiшi топтағы байланыстар да бiршама осылай. Iрiлi-кiшiлi қауымдастықтардағы қарым-қатынастар көптеген өмiрлiк маңызы зор факторларға тəуелдi, сондықтан адамдар мұндай жағдайдағы қатынастарды өзгерте бергендi онша құптамайды. Егер күнара субъектердiң ниетiне орай төңкерiстер бола берсе, қоғам аласапыраны таусылмай кетерi баршаға аян. Жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастар өте нəзiк те үзiлгiш келедi, себебi нақты тұлғалар арасындағы қатынастар сол қатынас иелерiнiң құбылмалы көңiл-күйiне тəуелдi. Уақыттың өтуiмен, жастың егде тартуымен аралық қатынастар тұрақтала түседi, балалық пен жас өспiрiм шақтағы адамдар арасындағы бұрқасын жол таңдау бұл кезде сабасына келе бастайды, адамның iшкi дүниесi сабыр тауып, кездейсоқ қатынас, байланыстарға құлай түспей, өз қалауын таңдай алу қабiлетiне жетедi. Қатынастардың тұрақталуының жəне бiр жөнi адамдар бiрiн бiрi жете танып, бiрiнiң қылығына екiншiсi көнiгiп, өзара үйлесiмге бейiмделуi. Адамдардың алғашқы танысуынан олар арасындағы бұдан былайғы қатынастардың қай сипатта боларын аңғара салу өте қиын. Көп жағдайда, тым жақсы басталған таныстық қапелiмде үзiледi, ал кейде тiптi басқаша да болады: алғашқысында əйтеуiр бiрдеңеден ұнатпай жүрген адамына бара-бара үлкен құрметпен қатынас көрсеткендер де аз емес. Мұндай жағдайлар адамдардың бiр бiрiне алғашқы танысуда берген бағалары мен қабылдауына байланысты психологиялық заңдылықтарға орай туындайды. Нақты мезеттегi адамдар арасында болатын қатынастардың сипаты көптеген шарттарға тəуелдi, мысалы, адамның денсаулығы мен психологиялық кейпi. Ден сау, көңiл көтерiңкi болса, төңiрегiндегiлермен қатынас та əп-əдемi, үйлесе түседi. Көңiл-күйге жайлы жағдай болса, қатынасың одан əрi беки түседi, ал қандай да əбiгер күйде түзiлген қатынас көбiне баянды болмайды. Адамдар арасындағы қатынастар олардың жеке мiнез-құлығына да байланысты. Əрдайым ұнамды арақатынас-тардың орнығуына адамдағы қайырымдылық, ақ көңiлдiк, үйiршеңдiк, достық пен ұжымшылдық қасиеттер пайдалы. Ал сенiмсiздiк, күмəншiлдiк, өшпендiлiк, тұйықтық пен өзiмшiл-дiк - қалыпты қатынастар орнығуына керi əсерiн тигiзедi. Ой-өрiсi кең дамыған, тəжiрибесi бар адамдар өз қатынас-тарын меңгере алады, бiрақ бұл көптiң қолынан келе бермейтiн iс, себебi көп жағдайда аралық қатынастардың мəнiн соларды түзушi адамдардың өздерi де түсiне бермейдi, ал түсiнбеген затты саналы басқару мүмкiн емес. Жас ұлғайған сайын қатынастар тек тұрақталып қана қоймастан, адамның оларды басқару қабiлетi де артады. Мұндайда адамға жəрдемге келетiн оның даралық ерекшелiктерiне қосымша өмiрлiк тəжiрибесi. Əрқашан адам аралық қатынастарды жеңiл де ұтымды реттейтiн - адамдар арасында кəсiби қызмет бабымен жұмыс жүргiзетiн, сендiре əңгiме айта бiлетiн, əлеуметтiк жетекшiлiкке ыңғайлы мамандар болады, мысалы: саясаткер, мекеме жəне өндiрiс басшылары, мұғалiмдер, дəрiгерлер мен актерлер. Адам аралық қатынастарға ықпал жасай бiлу қабiлетiн қатынастар психологиясын үздiксiз үйрену арқылы жетiлдiре, дамытып баруға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет