Жалпы түркілер шымыр болатты қылыш, семсер, найза, жебе ұшы, айбалта т.б. секілді
қару жасауға пайдаланғаны белгілі. Ол үшін жоғарыдағы технологияға ұқсас өзгеше әдіс
қолданған. Бұл туралы Таласбек Әсемқұловтың «Қылыш жеткеру» мақаласында да жан-
жақты мәлімет беріледі. Алғашқы кездерде өзге елдің темір өндірушілері темірді өте
қарапайым әдіспен от шоғында балқытатын. Мұндай қарадүрсін әдіспен темірдің
қорытылуы үшін жеткілікті температураға маңайлай да алмайтын. Ал көшпенділер бұл
тығырықтан шығу үшін арнайы пеш пен көрікті пайдаланды. Ең алдымен темір рудаларын
арнайы структурамен салынған «қоза там» деп аталатын биік пешке көмірмен бірге қалап,
көріктермен ауа үрлеу арқылы балқытады. Көріктердің де бірнеше түрі белгілі. Біріншісі –
жай көрік. Бұл көріктің басты кемшілігі – үздіксіз ауа жібере алмайтындығы. Одан кейін –
қос көмей көрік. Мұнда екі жай көрік біріктіріліп, аталған кемшілікті жоюға тырысқан.
Яғни, бір көрік ауа сорып жатқанда, келесі көрік ауа үрлеп тұрады. Ең жетілген түрі –
желбуазда бірнеше көрік біріктіріліп, үздіксіз ауа үрлеуге ыңғайластырылған. Бүгінгі
компрессорлардан кем түспейтін желбуаз – далалық металлургияның теңдессіз жетістігі
десек артық айтқандық емес.
Достарыңызбен бөлісу: