Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат
дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері
– металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі.
Ежелгі заманда-ақ
Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің
ошақтары
пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары
алына бастады.
Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік
металдар өндіру ісін дамытып, олардың
жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты.
Қазба жұмыстары барысында
табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары,
ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр
шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің
жеріміздегі дала өркениеті
технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.
КІРІСПЕ
Шынымен де, сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургияның алғашқы ошағының бірі. Бұл
адамзат даму барысына түбегейлі өзгеріс енгізді. Тарихшылардың пікірінше, «Ұлы Жібек жолынан»
бұрын «Мыс жолы» болған әрі керуен дәл сол Ұлытау жерін басып өткен. Жезқазған маңындағы өндіріс
ошақтарының барлығында ежелгі заманнан орта ғасырларға дейін 1
миллион тоннадан астам мыс
рудасы алынған деген дерек те бар.
Қалай десек те, әсемдік-сәндік өнердің бастамасы болған сан түрлі әшекей бұйымдар қара және түсті
металлургияның қайнар көзі болғанын да айғақтайды. Қазақстан әлі күнге дейін түсті металлургияның
қарашаңырағы. Еліміздің ұлттық мақтанышына айналған материалдық құндылық – жаңа өмірдің рухани
дүниесімен бірге жаңарып, жалғаса бермек.
Түркістандағы тайқазан – түркі даласындағы металлургия өндірісінің мұрасы екені сөзімізге толық дәлел.
Үш мың литр су еркін сиятын екі тонналық алып қазан жеті түрлі металдан қорытылып құйылған. Әрине,
бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, бұл тайқазан қазақ жеріндегі дала
өркениетінің технологиялық
тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығандығын көрсетеді. Ұлтымыздың мақтанышына айналған мұндай
мәдени-рухани жауһарлар – металл өндіріп, технологиялық ілгерілеуге жол ашқанына айғақ. Қазақстан
әлі күнге дейін түсті металлургияның қарашаңырағы. Менделеев кестесіндегі түсті металдың 74 түрі
өндіріледі.