Тақырыбы: Ұлттық мемлекет құру жолындағы азаттық қозғалыстар. Дәрістің мақсаты


Алаш қозғалысының қызметінде ұлттық мемлекеттілік идеясының қалыптасуы



бет2/5
Дата19.05.2022
өлшемі57,87 Kb.
#35011
1   2   3   4   5
Байланысты:
ЛЕК 1

2. Алаш қозғалысының қызметінде ұлттық мемлекеттілік идеясының қалыптасуы. XX ғасырдың бас кезінен өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық қозғалыс өз алдына буржуазиялық-демократиялық мәні бар жалпыұлттық мақсат-міндеттерді: ұлттық тең құқылық, халықтың мәдениетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, көшпелілерді отырықшыландыру сияқты міндеттерді қойды. Басқа сөзбен айтқанда бұл істің басы-қасында болған жаңадан қалыптаса бастаған қазақтың ат төбеліндей аз ғана тұңғыш интеллигенттері жалпы ұлттық сұраныстарға жауап беруге және оларды шешуге тырысты. ХХ ғасырдың алғашқы екі он жылдығы ұлттық идея тарихына терең із қалдырды. Саяси мәдениетті әлемдік деңгейге көтерген, кәсіби даярлығы заманның сұранысына сай, адамгершілік-имандық қасиеттері ұлы даланың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен суғарылған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, С. Лапин, Б. Қаратаев сияқты ұлт зиялылары бастапқыда осынау қозғалыстың тұлғалық-интеллектуалдық әлеуетін сомдаса, іле-шала Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, Ж. Аймауытов, М. Шоқай, тағы басқалар әрлендірді.
1917 жылы 27 ақпанда Ресейде Ақпан буржуазиялық демократиялық революциясы жеңіске жетті. ІІ Николай патша тақтан құлатылды. Патша тақтан құлатылғаннан кейін елде қос үкімет орнады. Оның бірі жұмысшы – солдат депутаттарының Кеңесі болса, екіншісі уақытша үкімет еді.
Ресейде болып жатқан оқиғалар Қазақстанда да қанат жайды. Уақытша үкімет өзінің Қазақсандағы билігін сақтап қалу үшін бұрынғы облыс басындағы генерал-губернаторлардың орнына комиссарлар тағайындады. 1917 жылғы сәуір айында Түркістан өлкесін басқару үшін Түркістан комитеті құрылып, бұл комитетінің құрамына қазақтардан Мұхамеджан Тынышбаев, Әлихан Бөкейханов кірді. Әлихан Бөкейханов сонымен бірге Торғай облысының комиссары болып тағайындалды. Уақытша үкімет органдарымен қатар Қазақстанда екінші үкімет - жұмысшы, солдат депутаттардың Кеңестері өмір сүрді.
Сөйтіп, Қазақстандағы губернаторлардың, уезд бастықтарының, болыстардың үкімет билігі барлық жерде жойылды.
Қазақстанның облыстары мен уездеріндегі уақытша үкіметтің сенімді тірегі Сібір, Орынбор, Орал және Жетісу Казак әскерлерінен құралған «Казак комитеттері» еді. Қазақ халқының көпшілігі патша құлатылғаннан кейін ұлттық езгі де құриды, уақытша үкімет Ресей халықтарының теңдігі мен туысқандығын қамтамасыз етеді деп сенді.
Қазақстандағы қос үкіметтің орталық аудандарға қарағанда әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты, аймақтық отар ретіндегі саяси жағдайына байланысты және көп ұлттылығына байланысты өзгешелігі болды.
1917 жылғы көктем және жазғы айларда қазақ еңбекшілерінің ұйымдары құрылды. «Қара жұмысшылар одағы» Верный қаласында, «Жұмысшылар одағы» Жаркентте, «Мұсылман еңбекшілерінің одағы» Түркістанда құрылды. Сонымен бірге қазақтың демократиялық интеллигенциясын біріктірген «Жас қазақ» ұйымы Ақмолада, «Талап» Қызылжарда, «Жанар» Семейде, Тұрар Рысқұлов басқарған «Қазақ жастарының революциялық Одағы» Меркеде құрылды. Елдегі революциялық қозғалыстың өсуіне байланысты бұл ұйымдардың кейбіреулері большевиктер жағына шықса, кейбіреулері «Алаш» партиясын қолдап, автономия идеясын жақтады.
Ақпан революциясы ұлт мәселесін де шешкен жоқ. Қазақстанды отар деп білген буржуазиялық уақытша үкімет қазақ халқына ешқандай право да берген жоқ. Керісінше мектептерде оқыту ісі және мекемелерде кеңсе ісі бұрынғыша тек орыс тілінде ғана жүргізілді. Ал Уақытша үкімет бұрынғы патша үкіметінің жер жөніндегі саясатын жүргізіп отырды. Өнеркәсіпті бұрынғыша шетел капиталистері мен орыс капиталистері билеп төстеумен болды.
Қазақстанда құрылған жұмысшы солдат депутаттары кеңесінің жұмысына келетін болсақ олар жергілікті халықтың мұң-мұқтажын ескермей Қазақстанда революциялық ұрандармен ойларына келгендерін істеді. Алғашқы кезде құрылған Кеңестер тек орыстардан тұрды. Аудандардағы билікті қолына алған жұмысшылар мен солдаттар ауылдарға келіп, үйлерді тінтіп, «революция мен оның құрбандарының» пайдасына деп халықтан көптеген салық алып, жақсы ат, қымбат кілем, алтын-күміс сияқты заттарды тартып алып кетіп отырған. Алғашқы кезде құрылған қазақ партияларымен қоғамдарының жұмысшы-солдат депутаттары Кеңесіне жақындаудан тартынғандығының басты себебі осы еді.
Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде халқымыздың көзі ашық азаматтары елді осы қиындықтан алып шығу үшін әрекет жасады. «Шорай Исламия», «Ғұлама қоғамы», «Алаш» партиясы, «Үш жүз» саяси партиясы осы кезеңдерде пайда болған еді. Осы ұйымдар мен партиялардың ішіндегі халқымыздың тарихында елеулі орын алатыны «Алаш» партиясы.
Соған байланысты мұрағат қорларынан мынадай деректер келтірсек: Жалпы сол кездегі Құрылтай Жиылысына сайлау мерзімін күзге белгіленіп, І-ші жалпықазақ съезінің (1917 ж. шілде) жедел шақырылуына сол съездегі «Алаш» ұлттық-саяси партиясының тұсауын кесу рәсімін тездетуге себепші болған еді. Аталған сайлау науқанының күзгі уақытта белгіленуі Ресейдегі болсын, Қазақстандағы болсын тарихи үдерістерді жеделдете түскенмен, қазақ ұлты үшін өміршең мәселелер аяқсыз қалған болатын. Құрылтай жиылысының ақыры құзырына дейін жабық күйінде қалуы қазақ мүддесі үшін саяси күрес жүргізуде батыл іс-әрекеттерге баруына кедергі жасады. Бұл қолбайлау болған жағдайлар қандай мәселелер бойынша көрініс берді десек, саяси билік мәселесінде облыстық-уездік Атқару комитеттері өзекті мәселелер бойынша үкім шығарғанда қазақ халқының талап-тілектері ескеріле бермеган еді. Соған байланысты және де орыс пен қазақ арасындағы жер дауы мен барымта мәселесі әрдайым саяси пікірталастарға алып келді. Сондықтан да, осындай шешімін таппай жатқан көкейкесті мәселелердің заңдық негізін, байламын жасату үшін қазақ зиялылары Құрылтай жиылысының ашылуына иек артты. Осыған орай ұлт зиялыларының қоғамдық өмірдегі маңызды іске ұйымдасқан түрде жұмылуы, идеологиялық жұмыстарды белсенділікпен жүргізуіне, автономия ісі мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік сезімі итермелегені ақиқат. Құрылтай жиылысына сайлауға даярлық патша үкіметі құлап, Уақытша үкіметтің орнаған алғашқы айларында-ақ қоғамның негізгі заңдық бастауларының тағдыры Құрылтай жиылысының құзырына берілгені айқындалған соң Ә. Бөкейханов бастаған зиялы қауым өкілдері елдегі беделді тұлғаларға, жаңа құрыла бастаған қазақ комитеттеріне берген жеделхатында Құрылтай жиылысының сайлауына даярлық жұмыстарын бастауды тапсыра отырып: «Қазақтың мойнына міндет: патшалық құрылысын кеңесетін жиылысқа даярланып, соған баруға жарарлық адамдарды белгілеу» қажеттігін атап көрсетті. Осындай нұсқауларға орай сайлауға даярлық жұмыстарын ұйымдастыру және идеологиялық жұмыстарды сапалы жүргізу мақсатында бұл істерді кешіктірмеу үшін Омбыдағы Ақмола облыстық қазақ комитеті зиялы қауым мен білімді жастарды жұмыс орындарынан немесе білім алып жатқан оқу ордасынан сұрап алып, қазақ ұлтының мүддесі үшін қызмет етуге жұмылдыра бастады. Қазақ зиялылары алдымен Құрылтай жиылысының мәні туралы, сайлау тәртібі жөнінде «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде анықтамалық мәліметтер жариялап, бұл жиылыстың қазақ халқына не бере алатынын, оның маңыздылығын да түсіндірумен болды. Сондай-ақ, Құрылтай жиылысына байланысты облыстарда өткен қазақ съездері де оның қоғам өміріндегі маңызды тарихи оқиға екенін дәріптей отырып, сайлаудың демократиялық сипатта өту қажеттілігін талап еткен қаулылар қабылдап отырған болатын.
Алаш партиясының бағдарламасының жобасы дайындалып, партияның атынан сайлауға түсетін азаматтардың тізімі белгіленгеннен кейін ұлт зиялылары тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жедел жүргізіле бастайды. Мысалы, «...Құрылтай жиылысына депуттаттар сайлау шарасына дайындық барысында ....Ақмола облыстық «Алаш» партиясы Комитеті ...әр уезге Учредительное Собрание сайлауын халыққа түсіндіруге кісі шығарды. Бұлар Ақмола облысының 5 уезінде «Алаш комитетін ашты» - деп, «Қазақ» газеті хабар таратты.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Қазақ даласында съезд шақыру туралы мәселе қайтадан көтеріліп, 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында жалпықазақтық съезд өткізуге, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 11 маусымдағы санында арнайы мәлімдеме жасады. Онда съезге әр уезд екі кісіден өкіл жіберілсін делінген болатын, бірақ бұл аталған күн мен депутаттар саны көп ұзамай тағы да өзгеріске ұшыраған еді. Сонымен жоғарыда аталып өткендей Бірінші жалпықазақ съезі 1917 жылы 21 шілде Орынбор қаласында ашылып, 26 шілдеде қайта жабылған болатын. Алайда аталған съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстары және Бөкей ордасынан барлығы 20-дан астам өкіл қатысқан да еді. І-ші жалпықазақ съезд төрағасы Халел Досмұхамедов, ал төрағаның серіктері: А. Байтұрсынов, А. Көтібаров, хатшылары М. Дулатов пен А. Сейітов болды, сонымен бірге әр облыстан қатысқан кандидаттар тізімі «Қазақ» газетінде жарияланды, олар:
Ақмола облысынан:
1) Айдархан Тұрлыбаев; 2) Асылбек Сейітов; 3) Ережеп Айтбаев; 4) Сейілбек Жанайдаров; 5) Жұмағали Тілеулин; 6) Рақымжан Дүйсенбаев; 7) Мағжан Жұмабаев; 8) Сұлтан-Махмұд Абылаев; 9) Садық Мешелбаев; 10) Салмақбай Күсемісов; 11) Хайыралдин Болғанбаев; 12) Сәдуақас Сейфуллин.
Семей облысынан:
1) Григорий Николаевич Потанин; 2) Әлихан Бөкейханов; 3) Әлімхан Ермеков; 4) Халел Ғаббасов; 5) Мұқыш Поштаев; 6) Жақып Ақбаев; 7) Биахмет Сәрсенов; 8) Ахметжан Қозыбағаров.
Торғай облысынан:
1) Ахмет Байтұрсынов; 2) Міржақып Дулатов; 3) Ахмет Бірімжанов; 4) Есенғали Тұрмағамбетов; 5) Әлжан Оразов; 6) Тел Жаманмұрынов; 7) Сейітәзім Кәдірбаев.
Орал облысынан:
1) Халел Досмұхамедов; 2) Жаһанша Досмұхамедов; 3) Нұрғали Бимағамбетов; 4) Сәлімгерей Қаратілеуов; 5) Ғабдолла Әлімбеков; 6) Ғабидолла Бердібаев; 7) Ғұмар Есенғұлов.
Жетісу облысынан:
1) Мұхамеджан Тынышпаев; 2) Ибраһим Жайнақов; 3) Ғабулкәрім Сыдықов; 4) Отыншы Әлжанов; 5) Базарбай Мәметов; 6) Мырзахан Төлебаев; 7) Түбек Есенғұлов; 8) Садық Аманжолов; 9) Дүр Сауранбаев; 10) Саттарқұл Жанқорашев; 11) Сүлеймен Келгенбаев.
Сырдария облысынан:
1) Мұстафа Шоқаев; 2) Санжар Асфендияров; 3) Әзімхан Кенесарин; 4) Садық Өтегенов; 5) Әлмұхамет Көтібаров; 6) Хұсаин Ибраһимов; 7) Дуалқарнин; 8) Сейдалин; 9) Ибраһим Қасымов; 10) Башабек Болатмұқанов; 11) Сегізбай Айзанов; 12) Аямберген Табынбаев; 13) Сұлтанбек Қожанов; 14) Ғабдолла Қожаев; 15) Ғұмар Жанғалинов.
Ферғана облысынан:
1) Қыңырқожа Хашеков; 2) Ғабдулрахман Оразаев; 3) Жәмшид Кәрібеков; 4) Ерғұлай Ағабаев; 5) Серікбай Ақаев; 6) Вадим Шабкин; 7) Тасболатбек Нарботабеков; 8) Әлімхан Төре; 9) Нәзір Төреқұлов; 10) Шәймерден Қапсаламов; Ц) Заһиралдин Мырзақасымов; 12) Шөкір Дибаев; 13) Оразбай Кішкембаев; 14) Құлнәзір Қалыбаев; 15) Жәнібек Сағымбаев.
Самарқанд облысынан:
1) Алдабек Мангилдин.
Амудария бөлімінен:
1) Мұстафа Шоқаев; 2) Ғабдуләсім Мәмбиев; 3) Ғайсы Қашқымбаев.
Бөкейліктен:
1) Бақыткерей Құлманов; 2) Уәлидхан Танашев; 3) Батырқайыр Ниязов болды» [240, 407-408 б.].
Сонымен Орынбор қаласында болып өткен І жалпықазақ съезінің күн тәртібіне барлығы он төрт мәселе қойылылды:
Мемлекетті билеу түрі;
Қазақ облыстарында автономия;
Жер мәселесі;
Халық милициясын құру;
Земство;
Оқу мәселесі;
Сот мәселесі;
Дін мәселесі;
Әйел мәселесі;
Учредительное собрание сайлауына даярлану һәм қазақ облыстарынан депутаттар;
Бүкіл Россия мұсылмандарының кеңесі («Шуро-и Исламия»);
Қазақ саяси партиясы;
Жетісу облысының оқиғасы;
Киев шаһарында болатын бүкіл Россия федералистерінің съезіне һәм Петроградта болатын оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберу.
Бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселенің бірі - қазақ саяси партиясын құру болды. Осы мәселе жөнінде съезде мынадай қарар қабылдаған еді, яғни, «Қазақ халқынаң өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шуро-и Исламияға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырған болатын. Осы жаңадан құрылған партия «Алаш» деген атқа ие болып, аталған жобаның негізіне сүйене «Алаш» партиясының жұмысын жалғастырды. Ә. Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды-демократиялық ұлт зиялары құрған «Алаш» партиясының құрамында әуел бастан-ақ қазақтың беделді ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдері – М. Тынышпаев, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, Ғ. Қарашев, С. Торайғыров, М. Дулатов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, Х. Ғаббасов және тағы басқа өкілдері топтасты. Аталған ұлт зиялыларының көпшілігі 1917 жылдың жазында қалыптасқан социалистік идеологияны таптық принциптерге негізделген күрес бағдарламасын қабылдаған еді. Оған себеп, олар жалпы ұлттық мүддеге негізделген бір күштің астына бірігіп ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясына топтасуға негіз алды. Әрине, ұлт зиялыларының басты құралы Бірінші жалпықазақтық съезде дүниеге келген «Алаш» партиясы екенін көреміз. «Алаш» партиясының төрағасы Ә. Бөкейхановтың 1917 жылғы 23 желтоқсанда Қазақ газетінің № 256 санында «Ғалихан» деген атпен «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласы жарияланды. Онда былай делінген: «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық. Француз, орыс, һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молла хукметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Біздің қазақ ісін көрсететін болсақ, хукімет ісін бөліп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от государства» дейді. Кадет партия менің бұл пікіріме өзгеше қарайды. Мен содан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мен мұны шілдедегі жалпықазақ съезінде айтқан едім» - деп жазды. Бұл мақаладан байқағанымыздай Ә. Бөкейхановтың Уақытша өкіметке арқа сүйемей және оған деген сенімсіздіктің туындағанын көруге болады. Әуел баста Ә. Бөкейхановтың кадет партиясымен бірге бір шаңырақтың астында жеке-жеке ұлттық мемлекет құрамыз деген сеніміне алданғанынан кадет партиясынан кеткендігін көреміз. Өз алдына ұлттық-территориялық автономия болуы жөніндегі мәселені мемлекеттік деңгейге көтереді деген идеяны Уақытша өкімет оған қарсы бағытта болған еді және оны аяқ асты етті. Бұл Уақытша өкіметтің уәдесіне сенбей Ә. Бөкейханов осындай қадамға барды деп тұжырым жасай аламыз.
Алаш партиясының көсемі Ә. Бөкейхановтың көздеген мәселесі ұлттық-территориялық автономия құру еді. Ал большевиктік партия «Алаш» партиясын контрреволюциялық партия деп сынға алып, «Алаш» партиясы құрған бағдарлама шындыққа жанаспайды, қоғамға сай келмейді деген айыптар тақты.
«Алаш» партиясы және оның қайраткерлері Кеңес өкіметіне әлеуметтік-ізгілік қағидаларды танымайтын, халықтарды, ұлттарды таптық белгілері бойынша ғана бөлетін саяси ұйым ретінде ғана қарсы шықты. Айталық оған негіз «Алаш» партиясының өз мақсаты мен алға қойған идеясы болған еді. Олардың ойынша бүкіл халықтың мүдделері бірдей екендігін көрсетіп қана қоймай өз идеясында жүзеге асырған ұлттық-демократиялық партия болатын. Ә. Бөкейханов «Қазақ» газетінің 1917 жылғы № 225 санындағы «Алаш ұлына» атты мақаласында «Азаттық таң атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін, қорлықта, құлдықта ұстаған үкімет өзгеге қазған көрі қор болып түсті. Қайтпас қара сапарға кетті» - деп патшалық Ресейден құтылып жаңадан келетін үкіметтің ендігі кезекте қазақ халқына теңдік береді деген ойын өз мақаласында жариялады. Бірақ большевиктік билік қазақ халқына тарих көрсеткендей ауыр қасірет алып келген еді. Жетпіс жылдан астам үстемдік құрған кеңестік билік патшалық биліктен де озбыр болды. Ал кеңестік билікпен салыстырғанда патшалық билік әлдеқайда гуманизм саясатын ұстанғандай болып көрінді. Алайда Ә. Бөкейхановтың мақсаты қай билік келседе өз алдына дербес тәуелсіз мемлекет құру идеясы болатын.
Ал кейін осы І-ші жалпықазақ съезі туралы М. Шоқай өз «Естелігінде» былай деп келтіреді: «Құрылтайды Торғай облысының комиссары Ә. Бөкейханов ашты. Құрылтайға кең байтақ қазақ сахарасының жер-жерінен сайланып келген делегаттармен бірге, бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығынан Ташкенттегі «Шуро-и Исламия» қоғамы тарапынан жіберілген Мунаввар Қари, Абдусәме Қари, Сарықұл Аллабергенұлы мен Жүсіпбек Басықараұлы қатысты. Мунаввар Қаридың: «өзбек бауырларыңыздың сәлемін ала келдім», - деп бастаған құтықтау сөзі қазақ сахарасынан келген делегаттарды қатты тебіренткені әлі есімнен кетпейді. Мунаввардың ыстық лебізін түрегеп тұрып қарсы алған жұрт оған қайта-қайта алғыс жаудырды. Қарт делегаттар мұны жылап тұрып тыңдады. Олар: «түбіміз бір туысқандығымызды бұдан артық қалай айтып жеткіземіз»,-деп көздеріне жас алды. Құрылтайды жалпы татарлар атынан Фатих Карими мырза құтықтады. Сөйтіп, құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан, үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды».
Мұрағат деректері бойынша Орынбор қаласында 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында ІІ-ші жалпықазақ съезі болып, оны ұйымдастыру комитеті жасаған тәртіп бойынша әр уезден ел сыйлаған екі ақсақалдан, әрбір облыстық қазақ комитеттерінен келетін екі өкілден тыс 30-ға жуық делегатқа арнайы шақыртулар жіберілді. Орынборда болып жатқан бұл съездің жұмысы туралы газет беттерінде көптеген мақалалар да жазылып жатты. Мәселен, Ташкенттік журналистің ақпаратынан үзінді келтірер болсақ 1918 жылы «Свободный Туркестан» газетінде мынадай ойлар айтылады: «Съезге он облыстан - Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Ферғана, Самарқан, Сырдария, Закаспий және Астрахань губерниясына қарайтын Бөкей ордасынан - келген 80-ге жуық делегат қатысты. Делегаттардың көпшілігі орысша жақсы сөйлейді: еуропаша киінген жоғарғы және орта білімділер де аз емес».
Съездің күн тәртібінде жоғарыда айтылып кеткен Алаш партиясы бағдарламасының жобасының талаптарынан және елде қалаптасқан қоғамдық-саяси өзгерістерден туындаған мәселелер талқыланды. Съезде талқылап және қабылдауға он мәселе ұсынылды: Сібір, Түркістан автономиясы және Оңтүстік-шығыс одағы туралы; қазақ автономиясы; милиция туралы; ұлт кеңесі; ұлт қазынасы; муфтилік мәселе; халық соты; ауылдық басқару және азық-түлік мәселелері болатын [46, 165 б.]. Күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер болып тұрған автономия, милиция, үкімет құру туралы Ә. Бөкейханов, Х. Ғаббасов, М. Шоқай, Ж. Досмұхамбетов және т.б. баяндамалар жасап, съез жұмысынада белсенділік танытты. Жалпы алғанда ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялы қаумы өкілдері, яғни Алаш балалары өз елінің ұлттық мемлекетін құру әрекеті, сол заманның талабынан туындаған тура шешім болды. Мұрағат деректеріне сүйенсек съез қазақ автономиясы мен милиция туралы Халел Ғаббасов жасаған баяндаманы тыңдап, осы мәселе бойынша қаулы қабылдайды, яғни съез тоқталған қарарлардың негізгілері мынадай:

  1. Тегі бір, тарихы және тілі бір Қазақ-қырғыз халқы басым тұтас аумақ болып табылатын Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарының, Ферғана, Самарқан уездерінің, Закаспий облыстары қырғыздарының, Алтай губернясының жапсарлас жатқан қырғыз болыстарының аумақтық-ұлттық автономиясы құрылсын.

  2. Қырғыз-қазақ облыстарының автономиясына Алаш атауы берілсін.

  3. Автономиялы Алаш облыстарының аумағы жер бетінде жатқан барлық байлықтармен, суымен, оның байлықтарымен, сондай-ақ жер қойнауларымен қоса Алаштың меншігі болып табылады.

  4. Алаш автономиясының Конституциясы Бүкілресейлік құрылтай жиналысы бекітеді.

  5. Қырғыз-қазақтар арасында тұратындардың бәріне азшылық, құқықтарына кепілдік беріледі. Алаш автономиясының барлық мекемелеріне барлық ұлттар өкілдері пропорциялы түрде болуға тиіс. Алаш автономиясы шегінде жері жоқтарға ерекше аумақтық және мәдени автономия да беріледі.

  6. Алаш облыстарын анархияның жалпы күйзелтуінен құтқару мақсатында 25 мүшеден тұратын Алашорда Уақытша Халықтық Кеңесі ұйымдастырылып, оның 10 орны қазақ-қырғыздар арасында тұратын орыстар мен басқа да халықтарға берілсін. Алашорданың орталығы ретінде уақытша Семей белгіленсін. Алашорда қазақ-қырғыз халқының бүкіл атқарушы өкімет билігін дереу өз қолына алуы тиіс;

  7. Алашорда милиция құруға жігерлі шаралар қолдануға міндеттенеді.

  8. Алашорда Жалпы Ресей Құрылтай Жиналысының сайлауын өткізу туралы қолданылып отырған ережелерге сәйкес өзі әзірлеген негіздерде таяудағы уақытта Алаш автономиясының Құрылтай Жиналысын шақыруға міндетті.

  9. Съез Алашордаға: 1) шарттар жасауға; 2) басқа да автономиялы көршілермен блоктар туралы келіссөз жүргізуге уәкілдік береді, бұл ретте шарттар жасасудың өзі Алаштың Құрылтай жиналысына беріледі;

  10. Алаштың Құрылтай Жиналысына Халықтық Кеңес Алаш автономиясы Конституциясының өзі әзірлеген жобасын ұсынуға міндетті.

Съезде бірауыздан қабылданған қаулы туралы Әлімхан Ермеков былай деп жазды: «Декабрьдің 12 күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш автономиясы» келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді... Үлкен ауылдарға қоңсы қонып шашылып жүрген қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды болды.
Алаш автономиясына құран оқылып, ат қойылған жалпықазақ съезінде, ел ішінен көптеген қария ақсақалдардың еңіреп жылағаны болып еді. Өзгелер ұмтылып жергілікті автономия алып жатқанда, 6 миллион қазақ халқы, тұтас жері бар қазақ жұрты қарап отырып қалса, жұрттығын жоғалтып, өзін-өзі тірідей көмгені.
Ал Міржақып Дулатұлының 1918 ж. «Сарыарқа» газетінде «Жалпқазақ съезі» атты мақаласында автономия мәселесіне қатысты былай дейді: «Автономия ағлан айту мемлекет болды дегенмен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз, бірақ «боламыз» бен «болудың» екі арасы жер мен көктей. Сондықтан «боламыз» деген соң болуға аянбай қам қылу керек. Боламыз деп бола алмай қалсақ, дүниеде одан артық қорлық жоқ, кез келгеннің қолында кеткеніміз. Егер біз осыны ойлап, бүгіннен бастап кәріміз, жасымыз, молдамыз, қарамыз, байымыз, жарлымыз Алаш туының астына жиналсақ, иншаллаһ, дегенімізге жетерміз, жұрт қатарына қосылармыз. Дегенмен Алашорда жүріп өткен жол қандай демократиялық ұрандарды жамылғы етпесін, бірақ ұлтаралық қатынаста, ұлттық мәселелерге келгенде ұлыдержавалық, империялық мүдделерден асып кете алмаған саяси билік жағдайында ұлттық автономия мен өзін-өзі басқару мұратының іске аспайтындығының айқын көрінісі еді. Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тәжірибесі көрсетіп берген ең негізгі тұжырым осы болды. Сонымен бірге бұл қозғалыс берген келесі сабақ, ұлттық бостандық пен тәуелсіздік жалғыз ұлт зиялыларының жанқиярлық еңбегі арқасында ғана емес, жалпыұлттық, барлық әлеуметтік күштердің түпкі мақсат үшін ұйымдасқан қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Сонымен жоғарыда атап өткендей алашордалықтардың ұстанған саясаты автономиялы-демократиялық республика еді. Алашордашылар жікке, таптық негізге бөлінгендікті қаламады. Қазіргі тілмен айтқанда басты мақсаты, мұраты егеменді қазақ ұлтының мемлекетін құру. Алайда, «Алаш» партиясының ізденістері мен талпыныстары өздерінің жасаған ойлары Алаш Орда мемлекеті құрылды. Өкініштісі алашордашылар көзі тірісінде тәуелсіздіктің дәмін тарта алмады. Керісінше олардың жемісі қазір міне егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет