2.1 Осман империясының құрылуы XI ғасырдың аяғына қарай Кіші Азияда қуатты мемлекет Түрік Осман империясы құрыла бастады. XI ғасырда қыпшақтар күшейіп, оғыздарды ығыстырды. Оғыздардың басым көпшілігін құраған салжұқтар Шығыс Еуропа мен Кіші Азияға көшіп кетуге мәжбүр болды. Салжұқ Тоғрыл-бек Хорезмді, Иранды, Әзірбайжанды, Күрдістан мен Иракты басып алып, өз билігін орнатты. 1071-1081 жылдар аралығында салжұқтар Кіші Азияны жаулап алды. Оғыздардың Қынық тайпасынан шыққан әскербасшысы, Салжұқтың немересі Тоғрыл-бек 1040-1060 жылдары Кіші Азияда Салжұк түріктерінің мемлекетін құрды. Монғолдар шапқыншылығынан кейін ыдырап кеткен Салжұқ мемлекетінің орнына 1299 жылы желтоқсанда Осман түріктерінің мемлекеті келді. Оның негізін 1220 жылы Сырдария маңынан қоныс аударған түріктердің басшысы Ертоғрылдың баласы Осман сұлтан (1258-1326) қалаған еді. XIV ғасырдың екінші жартысында Осман империясы көрші елдерге жорықтар ұйымдастыра бастайды. 1352-1354 жылдары түріктер Дарданелл жағалауын, Галлиполь және бірқатар калаларын басып алады. Бұдан кейін осман түріктері Балкан түбегінде тұрып жатқан оңтүстік славян тайпаларынан құрылған Болгар патшалығы мен Серб мемлекетіне қарсы соғыс бастайды. 1363 жылы сұлтан I Мұрад Андрионопольды алады да, өз астанасын сонда көшіреді. Андрионопольды жаулап алуы Балқан түбегіндегі славян мемлекеттерін бағындырудың негізгі базасына айналады. Бұл кезде Балқан түбегіндегі Болгар және Серб феодалдық мемлекеттері өзара қырғи қабақ болып, бытыраңқылықты бастан кешіріп жатқан еді. 1389 жылы түріктер Сербияға шабуыл жасайды. Шешүші ұрыс 15 маусымда Косово даласында болады. Серб королі Лазарь мен түрік сұлтаны I Мұрадтың арасында болған шайқаста түрік әскерлері ірі жеңіске жетеді. Серб сарбазы Милош Обилич I Мұрад отырған шатырға кіріп келіп, оның ту сыртынан қанжар салып өлтіреді. Соғыста Лазарь тұтқынға түсіп, өлтіріледі. Балқан түбегін бағындыру I Мұрадтың баласы Иылдырым Баязит (1360-1403) кезінде жалғасты. Соғыс майдандарында көрсеткен ерлігі үшін оған Иылдырым (Найзағай) деген ат берілген. Түрік әскерлері Баязит сұлтанның басшылығымен бөлшектеніп кеткен болгардың Тырнова патшалығын бағындырады. Балқан түбегіндегі славяндар айтарлықтай қарсылық көрсете алмайды. Содан соң түріктер Византия мемлекетінін; астанасы Константинопольге жорық бастайды. 1453 жылы сәуірдің басында II Мехмед сұлтан 200 мың түрік әскерімен Константинополь қаласын қоршайды. 1453 жылы 29 мамырда түрік әскерлері Константинополь қаласын жаулап алады. Византия мемлекетінің соңғы императоры Константин XI Палеолог (1444-1453) шайқас үстінде қаза табады. Константинопольдің құлауы Византия империясының өмір сүруін тоқтатты. Константинополь Стамбул (Истанбул) атымен Осман империясының астанасына айналдырылды. Түркия Осман империясы болып жарияланады. Осман түріктері XIV-XVII ғасырдың бірінші жартысында ұлы империя құрды.