Кіріспе Он тоғызыншы ғасырдың аяғында тарих майданына реформаторлардың жаңа буыны – жас түріктер шықты. Ағылшын-француз ықпалынан босауға ұмтыла отырып, жас түріктер сыртқы саяси бағытты өзгертті де елді Германияны жақтап бірінші дүниежүзілік соғысқа килігуге ұрындырды. Мұның өзі Еуропа мен Осман империясының мың жарым жылға созылған текетіресі тынуының бастауы еді. 1918 жылы Мудрос уақытша бітіміне қол қойылған соң ел өзінің жерінен түгел айырылды, Антанта әскерлері Анадолыны басып алды. Түркияны жаңғыртудың османдық кезеңі осылай аяқталды. Осман империясының соңғы соғысына айналған бірінші дүниежүзілік соғыстың басында-ақ Уинстон Черчилль: “Осынау зілзалада даудан басы арылмаған, қирап, қаусаған, қалтасы тесік Түркияның күні не болар екен?”, деген еді. Түркияның жеңілісі Осман империясы аумағының тез арада-ақ бөлініп алынуына әкеліп соқтырды. Антантаның әскери флоты Босфор мен Дарданелл бұғаздарына кірді. Ағылшындар мен француздар Мосул мен Искандерун маңайын басып алды. Италиялықтар Оңтүстік-Батыс Анадолыны және маңайлас жерлерді, соның ішінде Антальяны бақылауда ұстады. Антанта флотының көмегімен грек қарулы күштері 1919 жылдың мамырында Измир маңына келіп түсті де, Батыс Анадолыдағы гректерді қорғаймыз деген сылтаумен ашықтан-ашық соғыс интервенциясына кірісіп кетті. 1919 жылдың мамырында Эгей теңізіне жақын жердегі таулы өңірде партизан соғысы өріс алды. Қарсылықтың бастауында неғұрлым білімді және отаншыл топ – әскери кадрлар тұрды. Олардың көбі жас түріктердің жаңғыртушылық көзқарасын қолдайтын. Күресті таяуда ғана аяқталған соғыстың батыры, “Ыстамбұлдың құтқарушысы” атағына ие болған генерал Мұстафа Кемал басқарды. Әскер мен халықтың көмегіне сүйенген Кемал уақытша үкімет құрып, интервенттерге қарсы соғыс қимылдарын өрістетті. Кемалшылдық революциясы басталды. Сұлтан Кемал жасақтарына қарсы “ғазауат” жариялады. Ел азамат соғысының отына оранды.