ФАУЗИЯ ШӘМСИҚЫЗЫ ОРАЗБАЕВА – ӘМБЕБАП ҒАЛЫМ
Б. Қалиұлы
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан жоғары мектебінің Ұлттық Ғылым Академиясының академигі
Э/п: kalieb-bk@mail.ru
Түйіндеме: Мақалада профессор Ф.Ш.Оразбаеваның адамдық, ғалымдық және әншілік өнері жайында
сөз болады.
Тірек сөздер: адам, ғалым, әнші, сын есім, синоним, тілдік қатынас, қатысымдық бірліктер, т.б.
Аннотация: В статье рассказывается о гуманистическом, научном и вокальном искусстве профессора
Ф.Ш.Оразбаева.
Ключевые слова: человек, ученый, певец, имя прилагательное, синоним, коммуникация, языковая
единица и.т.д.
Я, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық унивеситетінің профессоры, педагогика
ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корр. мүшесі, Шоқан Уалиханов атындағы І дәрежелі сыйлығының
лауреаты, ҚР Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі Фаузия
Шәмсиқызы туралы ойласам, ең алдымен оның осы үш қасиеті есіме түседі. Бірінші кезекте Фаузияның
адами болмысы жайында сөз қозғайын.
Фаузия – ашық жүзді, ақ жарқын жан. Оған парасаттылық, ақылдылық, сабырлылық тән. Мінезге бай,
сыпайы, биязы. Жаны ізгілікке, қайырымдылыққа құмар. Күнделікті өмірде қарапайым, кішіпейіл,
мәдениетті. Кішіліктің, кісіліктің жолын жақсы біледі. Үлкендердің алдынан қия өтпейді. Пенделіктен,
күйкі тірліктен биік тұрады.
27
Фаузия Шәмсиқызы шынжыр балақ, шұбар төс дөкейдің немесе байлыққа, барлыққа семіріп,
кісімсіген, кекірелеген жуанның тұқымы емес. Бар болғаны көген көз ауыл балаларын оқытып, оларға
сапалы білім беріп, адамгершілікке тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздың қызы. Мектепті медалмен
бітіріп, дәм айдап Алматыға келді. Оқу оқып, білім алды. Жар тауып, мамандығы бойынша қызметке
кірісті. Ғылым қуып, докторлық диссертация қорғады. Міне, енді әкесі құсап, үздік ұстаз болып, жастарға
(студенттер мен аспиранттарға) білім беріп, өзі де ағартушылықпен айналысады. Адал еңбек етіп, табан
ақы, маңдай терімен тапқан табысымен ел қатарлы мамыражай тіршілік етіп жүр. Қазір Фаузияның
басында үйі, бауырында балалары, қасында жары, айналасында туыстары мен жолдастары бар. Ол еш
нәрседен кенде емес. Үріп ішіп, шайқап төгіп отыр десек те болғандай.
Бұрын Фаукеңді екі-ақ нәрсеге алаңдататын. Бірі – қызы мен ұлдары, екіншісі – жан жары Нұрекең.
Қазір балалары ер жетті. Қызды қияға, ұлды ұяға орналастырды. Оның ендігі алаңдайтыны – сенімді
серігі Нұрекеңнің денсаулығы мен абырой-атағы. Осы тұрғыдан Фаукеңді Нұрлан ініміздің үйіндегі
ұйтқы мен береке-бірліктің бастау көзі екендігін әркім іштей сезеді.
Фаузия Шамсиқызы қара орманы, туған жері, ата мекені – Көкжыра ауылына (Шығыс Қазақстан
облысы, Самар ауданы) жиі-жиі барып тұрады. Олар да Фаукеңді құрметтеп, реті келгенде ауданға,
ауылға шақыруды ұмытпайды. Барған сайын бала кездегі ойнаған, есейгендегі асыр салып қыдырған
жерлерін, туған-туыстарын, жолдастарын көріп, көңілі көтеріліп, сергіп, демалып қайтады.
Фаузия өзі істейтін Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі
теориясы және әдістемесі кафедрасында біраз уақыт меңгерушілік қызмет атқарды. Осы кезеңде ол жөн-
жосықты білетіндігін, өзінің білімділігі мен біліктілігін, ұйымдастыру қабілеттілігін көрсете білді.
Сабырлы мінезімен көзге түсті, салмақты ой қозғады. Бір нәрсе айтқысы келсе, бірден дүңк еткізіп қойып
қалмай, жұртқа тартымды әңгіме, тағылымды сөз айта білді. Сонысымен ол елге ұнады.
Бұл айтылғандардан Фаузия Шәмсиқызының қызметтес мамандастарына айтатын келіспейтін
тұстары, даулы пікірлері жоқ екен деп ойлап қалуға болмайды. Неге болмасын?! Болады. Мұндай
жағдайда кейбіреулер құсап, езеуреп шыға келіп, «айттым бітті, кестім үзілді» демейді. Өз
тұжырымдарын баппен бастап, түрлі мәнбілер келтіре отырып, асықпай-саспай дәлелдеп береді.
Енді Фаузия Шәмсиқызының ғалымдық жағына көшейін.
Бүгінгі таңда Фаузияның 350-ге тарта ғылыми еңбектері жарық көріпті. Бұл жерде олардың барлығына
тоқталып жату мүмкін емес екендігі белгілі. Сондықтан мен сол еңбектердің ішінен басты-басты деген
бір-екеуіне ғана аздап тоқталайын. Олардың біріншісі – «Қазақ тіліндегі сын есім синонимдер» деп
аталынатын монографиясы (1988, 2005).
Өз еңбегінде ғалым тіліміздегі сын есім синоним сөздерді «жасалуы» және «топтастырылуы» деп екі
тарауға бөліп алады да, оларды зейінділікпен, құнттылықпен зерттейді. Бұл тақырып Фаузияның алғашқы
зерттеуі болатын. Соған қарамастан ол қазақ тіл білімінің ең басты мәселелерінің бірі – синоним сөздер,
олардың мағыналары, пайда болу, өсу, даму жолдары жан-жақты әрі түбегейлі қарастырған.
Зерттеушінің айтуынша, синоним сөздер – жалпылай алғанда бір ұғымды білдіретін мәндес сөздер
екен. Олардың мағыналары бір-біріне өте жақын. Бірақ бірдей емес. Синоним сөздер бір-бірінен аздап
болса да мағыналық жағынан, экспрессивтік, эмоциялық мәні жағынан және стильдік бояуы жағынан
айырықшаланады. Осыған орай ғалым синоним сөздерді (сын есім синонимдерді) мағыналық синоним
сөздер, экспрессивтік-эмоциялық синоним сөздер және стильдік синоним сөздер деп, үшке бөледі (223-
бет).
Синонимдік қатарлардың жасалуына келгенде «синоним сөздер көп мағыналы сөздердің негізгі
мағыналары арқылы жасалады» дей келіп, сонымен бірге, олар «сөздердің ауыспалы мағыналары арқылы
да жасалатындығын» баса айтады. Сөйтеді де, оларға мысал ретінде көп мағыналы тура, т.б. сөздерден
жасалған синонимдік қатарларды келтіреді. Айталық, негізгі мағынасында тура сөзі түзу – тік – тіке
сөздерімен синонимдік қатар құраса, ауыспалы мағынасында ол тура – дұрыс – жөн сөздерімен және
тура – дәл – шақ сөздерімен синонимдік қатар құрайды екен [1, 156].
Сөйтіп синоним сөздер заттардың әр түрлі қасиеттерін, сапасын, сыр-сипаттарын және сөз
мағыналарының реңктерін айқындап береді де, айтар ойды дәл, нақтылы, мәнерлі түрде жеткізеді.
Тіліміздің сөз байлығын, олардың қолданылу икемділігін арттырады. Әдеби тілдің әр тарапты болуына
септігін тигізеді.
Фаузия Шәмсиқызының екінші монографиялық еңбегі – «Тілдік қатынас негіздері» (1995, 2005) деп
аталады. Мұнда автор: Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Сондай-ақ ол – тіршілік етудің
тірегі, қызмет істеудің кепілі. Тіл арқылы адамдар бір-бірімен сөйлеседі, әңгімелеседі. Нәтижесінде
қоғамдағы адамдар тілдік қарым-қатынасқа түседі, бірінің ойын екіншісі ұғады, - деген тұжырымдарды
айтады.
28
Бұл пікір сонау Швейцария ғалымы Ф. де Соссюрден бері қарай айтылып келе жатқан шындық.
Әртүрлі халықтардың бір-бірімен байланысы күшейген үстіне күшейе түскен қазіргі заманда
халықаралық тілдік қарым-қатынастың маңызы бұрынғыдан да арта түсетіндігі сөзсіз.
Фаузия Шәмсиқызы – қазақ тіл білімінде осы мәселені шындап қолға алған алғашқы зерттеушілердің
бірі болатын. Зерттеу нәтижесінде Фаузияның «Тілдік коммуникация негіздері» деген кітабы бірінші рет
1995
жылы жарық көрді. Осы кітап толықтырылып, кейіннен «Тілдік қатынас тоериясы» (2000), «Тілдік
қатынас негіздері» (2005), «Тілдік қатынас» (2005) деген атаулармен төрт-бес рет басылып шықты.
Зерттеушінің дәлелдеуінше, тілдік қатынастың екі түрі бар. Олар: ауызша тілдік қатынас және
жазбаша тілдік қатынас. Ауызша тілдік қатынас - «дыбыстық тілдік қатынас» деп аталады. Бұл қатынас
кітапта құлақпен естуге негізделіп, «айту» және «тыңдау» деп аталатын екі бөлікке бөлініп
қарастырылады. Ал жазбаша тілдік қатынас - «таңбалық тілдік қатынас» деп аталынады да, ол көзбен
көруге негізделіп, «оқу» және «жазу» деген бөліктерге бөлініп зерттелінеді [4, 235].
Тілдік қарым-қатынас болу үшін екі түрлі тірек (шарт) қажет екен. Оның бірі – тілдік қарым-қатынасқа
түсуші адамдар, екіншісі – сол қарым-қатынасты қамтамасыз ететін тілдік бірліктер. Тілдік бірліктерді
автор «қатысымдық бірліктер» деп атайды. Ал қарым-қатынасқа түсуші адамдар: 1) хабар беруші
(зерттеуші мұны баяншы деген термінмен атапты) және 2) хабарды қабылдаушы болып екіге бөлінеді.
Хабар беруші – сөйлейді, хабарды қабылдаушы – тыңдайды (естиді). Осы екі тіректің арқасында
тілдесушілер бір-бірімен тілдік қарым-қатынасқа түседі.
Зерттеушінің пікірінше, тілдік қарым-қатынас дұрыс болу үшін мынандай үш түрлі міндеттердің
дұрыс орындалуы қажет екен. Олар: 1) Хабар беруші хабарды дұрыс жеткізуі керек; 2) Тілдік бірліктер өз
орындарында дұрыс қолданылуы қажет; 3) Хабарды қабылдаушы оны дұрыс қабылдап, дұрыс түсінуі
керек. Ол үшін (яғни жоғарға міндеттер дұрыс орындалу үшін) әдеби тіл ұлт тілі ретінде нормаланған,
қалыптасқан болуы қажет және тілдік қарым-қатынасқа түсушілер тілдік тұлғалар болуы шарт.
Тілді зерттеуші ғалымдардың айтқанына қарағанда, тілдік қарым-қатынас мынандай кезеңдерді
басынан өткеретіндігі айқындалған. Олар: 1) Хабардың пайда болуы, 2) Хабардың сыртқа шығуы
(айтылуы немесе жазылуы), 3) Хабардың тіл арқылы, тілдік бірліктер арқылы тыңдаушыға жеткізілуі, 4)
Хабардың қабылдануы (түсінуі), 5) Хабардың жауабы, яғни хабарға жауап берілуі (5, 180).
Бұл айтылғандар – зерттеуші Фаузия Шәмсиқызының түйіндеген тілдік қарым-қатынастың ғылыми
негіздері мен теориялық қағидалары. Ол өз еңбегінде бұлармен ғана шектеліп қалмайды. Ф.Ш.Оразбаева
зерттеулерін ары қарай жалғастырып, тілдік қарым-қатынасты сапалы болу үшін білім беру мен
оқытудың теориялық мәселелерін, оның тиімді әдіс-тәсілдерін айқындады. Тілдік қарым-қатынас арқылы
қазақ тілін оқытудың бағдарламаларын, әдістемелік нұсқауларын жасады. Деңгейлеп оқытуға арналған
оқулықтар жазады, әртүрлі көмекші құралдар мен жаттығу жинақтарын дүниеге келтіреді, бақылау
тестерін түзеді. Нәтижесінде қазақ тілін тек лексикалық, мағыналық және грамматикалық жағынан ғана
оқытып қоймай, оны айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым тұрғысынан да оқытудың маңызды
екендігін дәлелдеп береді.
Бұл тәсіл мемлекеттік тілді оқытуды жетілдірудің жаңа бір жолы болып табылады. Оның осындай
басқа тәсілдерден ерекшелігі – мемлекеттік тілді күнделікті қарым-қатынас жасау үшін ғана үйретіп қана
қоймайды, сонымен бірге қарым-қатынас тілі арқылы қазақ халқының сөз байлығын, сөйлеу шеберлігін
арттыруда да айырықша рөл атқаратындығында.
Фаузия Шәмсиқызы – ғалым ғана емес, сонымен бірге, ол – әнші. Әншілік Фаузияға алла тағаланың
қалауымен дарыған өнер. Мұндай өнерді жаратушы әркімге бере салмайды. Фаузия сияқты жаны таза,
ниеті ақ, көңілі пәк адамдарға ғана іріктеп береді.
Өзінің талғамына сай Фаузия кез келген әнді айта бермейді. Ол әнді алдымен әуеніне, сазына,
иіріміне, содан кейін ән сөзінің мәніне, мағынасына қарай таңдап, талғап алып, содан кейін барып, әлгі
әнді айтады. Сондықтан болар, Фаузияның тамылжытып тұрып салған халық әндері тыңдаушылардың
бәрінің көкейіне қонады. Шындығын айтсақ, ұнатпасыңа қоймайды. Өйткені оның орындаған әндері
сазды әуенімен, сәнді ырғағымен, нәзік нақысымен, ұлттық бояуымен ерекшеленіп, еркіңді еріксіз билеп
алады. Халықтың көңілін көтереді, жаныңды рақатқа бөлейді.
Қорыта айтқанда, Фаузия Шәмсиқызы адам ретінде өз ортасына жаны жайдарлы, пейілі кең,
парасатты да пайымды жан екендігімен танылды. Оның сыпайылығы мен тәрбиелілігіне қайран қаласың.
Ғалым ретінде жазған еңбектерінен өзіндік ерекше ойларын, тиянақты тұжырымдарын, байыпты
байламдарын байқау қиын емес. Оған мысалға қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың 6 деңгейлік
жаңа жүйесін қалыптастырғандығын және Фаузияның тікелей басшылығымен шыққан мемлекеттік тілді
өз бетінше оқып-үйренуге арналған 36 кітаптан, 6 электронды оқулықтан тұратын оқу-әдістемелік
кешенді еңбектерін келтіруге болады.
29
Егер Фаузияның өзіне зерттеу нысаны болған синоним сөздермен айтар болсам, құрметті, ардақты,
қадірлі Фаузия Шәмсиқызы! Өзіңді біз жақсы көреміз, мақтан тұтамыз. Жеті онның басын құрап, оның
шыңына шықсаң да, сені біз жігері қайтпаған, ақылы асқан, ойы тасқан, халқы үшін аянбайтын жан деп
білеміз. Саналы ғұмырыңды ғылымға жұмсадың. Тынымсыз еңбектену арқылы талай жетістіктерге қол
жеткіздің. Ендігі тілеріміз: Абыройың арта берсін! Беделің өсе берсін! Алған, алатын атақтарың көбейе
берсін! - дегім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |