ХХ ҒАСЫР БАСЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АЛҒАШҚЫ
ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПРАКТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ДАМЫТУДАҒЫ
ҒАЛЫМ ҚАЖЫМ БАСЫМОВТЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Карабаев А.Т.
Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің докторанты
askhat.karabaev@mail.ru
Түйіндеме: Өткен ғасырдың 20-30 жылдары елімізде қалың бұқараны сауаттандыру науқаны кеңінен
жүргізілді. Науқанның жүргізілуіне сауатсыздықты жоюға қатысты 1919 жылы 26 желтоқсанда қабыл-
данған Декрет пен 1920 жылы маусым айында құрылған бүкілресейлік сауатсыздықты жою бойынша
комиссия себепші болды. Құрылған комиссияның жұмысына сәйкес елімізде 1925 жылы сауатсыздықтың
алдын алуға серпін берген «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы Бүкілқазақстандық бірінші съез өткізді.
Сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде сауат ашу курстары, мектептер ашылып, елді сауаттандыру
шарасы мәдени-көпшілік сипат алды. Екінші жағынан аталған міндеттерді орындау үшін қазақ тілінде
оқу құралдары мен грамматикалық анықтағыштар, ұстаздарға арналған әдістемелік көмекші құралар,
сөздіктер шығару сияқты сан-салалы істер кезек күттірместен қолға алынып жатты. Қазақ тілін білім мен
ғылым тіліне айналдыру үшін бірнеше әдіскер ғалымдарымыз өздерінің алғашқы ізденістерін, тың
идеяларын ортаға салып, көпшіліктің мүддесінен шығу үшін аянбай еңбек етті. Қазақ тілінің алғашқы
теориялық және практикалық мәселелері сөз бола бастаған кезеңде бірнеше әдіскер-ғалымдарымыз тілді
оқыту әдістемесінің негізін қалап, тың идеяларды ұсына білді. Солардың бірі әдіскер-ғалым Қажым
Басымов та халықты сауаттандыру ісіне белсенді қатысып, халықты сауатты жазуға үндеген 30-дан астам
мақала жариялады әрі тілді оқытудың әдістемесінде өзіндік қолтаңба қалдырды.
Қорыта айтқанда, мақалада өткен ғасырдың басында елімізде жүргізілген сауаттандыру ісі, соған
сәйкес қазақ тілін оқытудың теориялық және практикалық мәселелері кеңінен сөз болады. Сондай-ақ
аталған проблемаларды қолға алу барысында әдіскер-ғалым Қажым Басымовтың азаматтық қыры мен
ғалым ретіндегі қолтаңбасына қысқаша сипаттама беріледі.
Тірек сөздер: сауатсыздықты жою декреті, сауатсыздықты жою міндеттері, қазақ тілінің алғашқы
теориялық және практикалық мәселелері.
Достарыңызбен бөлісу: |