ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ
Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалмақ.Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде ұйымдастырылуда.
Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылға 18 оқулық таңдалды. Жоспарға сай, бұл оқу құралдары қазақ тіліне аударылып, ЖОО-на тегін жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілді.
2018 жылы 30 оқулық аударылып басылды. Республика бойынша 130 ЖОО-на таратылды. Бүгінгі таңда жобаның келесі кезеңіне таңдалған оқулықтарды аудару процесі жүріп жатыр.
Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысып жатыр. Мәтіндер бірнеше лек әдеби және ғылыми редакциядан өтеді.
Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді.
Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды жүйелі мәселені шешуге жол ашады.
Біріншіден, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылады. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды.
Екіншіден, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады . Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады.
Үшіншіден, аса ауқымды аударма жобасы қазақстандық аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды. Аудармашы мамандар , ғалымдар мен оқытушылардың жаңа негізде жұмыс істеуіне алғышарт болады.
Достарыңызбен бөлісу: |